16 Шілде, 2010

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АЛҒЫС АЙТАДЫ

595 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың туған күні мен Астана күні мерекесі биыл ел өміріндегі аса айтулы оқиғалардың біріне айналды. Бұған осы күндері еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет мемлекеттерден Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесіне – Мемлекет басшысының атына толассыз түсіп жатқан құттықтау хаттарының легі куә. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін осы екі оқиғаға байланысты бір-бірінен ажырағысыз, өзара ұштастыра баяндалатын 5 мыңға тарта жеделхаттар, ашық хаттар мен құттықтау мазмұнындағы өзге де хаттар келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Құттықтаушылар арасында мек­теп оқушыларынан зейнеткерлерге, қарапайым еңбек адамдарынан қоғам және мемлекет қайраткер­лері­не дейінгі қоғамдағы барлық әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Түрлі өндіріс орындары мен меке­ме­лерден және қоғамдық ұйым­дар­дан да ұжымдық хаттар көптеп тү­суде. Құрамында мыңдаған адамдар еңбек ететін еліміздің ірі өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан, түрлі бюджеттік мекемелер мен жоғары оқу орын­дарынан, арнаулы және орта білім ұяларынан, ғылыми институттардан түсіп жатқан осындай ұжымдық құттықтаулардың аясы шамамен жарты миллионнан астам аудито­рияны қамтитыны байқалды. Мемлекет басшысының атына жіберілген осыншалық мол құт­тық­тау хат-хабарлардың “Нұр Отан” ха­лықтық-демократиялық партия­сы­ның атына да түскенін айта кет­кен жөн. Жекелеген азаматтардың, сондай-ақ кәсіпорындар, мекеме­лер мен ұйымдар ұжымдарының хаттары мен жеделхаттарында, атап айтқанда, қоғамның өзекті сұра­ным­дарына жедел ден қойып, бү­гін­гі таңдағы мемлекетіміздің ал­дында тұрған стратегиялық міндет­тер­ді іске асыруды қамтамасыз ету­ді мақсат тұтқан нағыз бүкілха­лық­тық саяси ұйымға айналған пар­тияның рөлі мен маңызы оның Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың биік беделі арқасында анағұрлым өсе түскені баса айтылған. Сондай-ақ, шетел басшылары­нан және есімдері әлемге танымал мем­лекет және қоғам қайрат­кер­ле­рі­нен түскен құттықтаулар да өте көп. Құттықтау жолдаушылардың бә­рі де тәуелсіздікке жаңа қол жет­кізген жас мемлекетімізде ұлт­ара­лық келісім мен саяси тұрақты­лық­ты қамтамасыз ете отырып, тарихи қысқа мерзім ішінде оны жоғары экономикалық қарқынмен дамып отырған елдердің қатарына қосқан, бұрынғы Кеңес Одағының құ­рамын­дағы көп республикалардың бірін әлемдегі танымал әрі беделді мемлекетке айналдыра білген Мем­лекет басшысының ұйымдастыру­шылық ұлы еңбегі мен кемеңгерлік басшылығын жоғары бағалап, өзде­рі­нің ақ тілектері мен жүрекжарды лебіздерін үлкен тебіреніс сезіммен жеткізеді. Хат иелері Елбасының әлемде алғашқы болып атом қаруынан өз еркімен бас тартқан, мемлекеттің шекаралық шептерін айқындап, алыс-жақын елдердің бәрімен өзара сыйластық пен экономикалық тиім­ділікке негізделген байланыс орнатқан, аз жылдардың ішінде әлем­ді таң қалдырған жаңа Астана салғызған, ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақ­стан халқы Ассамблеясы институ­тын өмірге әкелген, елімізді әлем­дік интеграцияға кіріктіріп, бейбіт­ші­лік пен ынтымақтастықты ны­ғайту үшін жаңа әрі аса маңызды халықаралық ұйымдардың табанды ұйымдастырушысы әрі белсенді жақтаушысы болған, “Болашақ” бағ­дарламасы бойынша шет мем­ле­кет­терде жаңа мамандар легін даяр­лат­қан, “Жасыл ел” бағдарламасын кең көлемде қолға алғызған, аса ауқымды индустриялық-иннова­ция­лық жобаны жүзеге асыруға кіріскен тарихи маңызы орасан зор әрі көрегендік шешімдерін үлкен қанағат сезіммен және мақта­нышпен, сүйсіне атап өтеді. Хат иелері сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлын Елбасы мәртебесіне ие болуымен шын жүректен құттық­тап, ел Парламентінің осы орайда қабылдаған тарихи шешімін қызу қуаттайтындықтарын мәлімдейді. Ең бастысы, хат жолдаушылар осы бастамалардың бәрінің де Қазақстан халқының әлеуметтік-тұрмыс жағдайының барған сайын жақсара түсуіне оң әсер етіп отыр­ға­нына және әлемдік қаржы дағ­дарысына қарамастан, біздің елімізде еңбекақы мен зейнетақы мөлшерінің ұдайы өсу үстінде екендігіне ризашылық танытады. Сондай-ақ құттықтаулар легінің үлкен бір бөлігін жақын көршіміз Ресей Федерациясынан келген хаттар құрайды. Осы елдің танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мен қарапайым азаматтары Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Пре­зидентінің өз елін қысқа мерзім ішінде әлемдегі беделді мемлекет­тер­дің біріне айналдырудағы жа­сам­­паздық еңбегін сүйсіне әрі нақты мойындап қана қоймай, оны барынша жоғары бағалайды. Әри­не, әсіресе Ресей саяси элитасының атынан айтылып жатқан бұл пікір­лердің белгілі бір дәрежеде осы ел халқының бүкіл қазақстандықтарға деген оң көзқарасының да көрінісі екені сөзсіз. Ал мұның өзі екі ел ара­сындағы тату көршілік, эконо­м­икалық, саяси және мәдени бай­ланыстардың одан әрі тереңдей түсуіне әрі азаматтардың өзара ынтымақта өмір сүруіне игі ықпал ететіні сөзсіз. Құттықтау хаттар сондай-ақ АҚШ, Австрия, Болгария, Гер­ма­ния, Грекия, Жапония, Корея, Израиль, Нидерланды, Түркия, Ұлы­британия, Франция, Эстония сияқты алыс шет елдер мен Әзір­байжан, Беларусь, Грузия, Қыр­ғыз­стан, Украина, т.б. мемлекеттердің азаматтарынан, саяси, қоғам және мәдениет қайраткерлерінен, сон­дай-ақ ірі бизнес өкілдерінен келіп түсуде. Президент Кеңсесі ол құт­тық­таулардың бірсыпырасын респуб­ликалық “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттері бет­терінде жариялауға ұсынып отыр­ды. Ал, жалпы, келген құттық­таулардың барлығы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Прези­дентінің мұражайында сақталатын болады. Өзінің атына келіп түскен ауқым­ды поштамен таныса оты­рып, Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зарбаев мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына, халықаралық ұйым­дардың жетекшілеріне, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, шетел азаматтарына, сондай-ақ отандас­та­ры­мызға олардың құттықтаулары мен жылы лебіздері үшін шынайы алғысын білдірді.