(Астана – Алматы – Азиада)
Осы күндері елімізде тұңғыш рет алауы тұтанатын қысқы Азия ойындары жақындаған сайын оған деген дайындық қыза түсуде. Келесі жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында өтетін Азиаданың басталуына, бүгінгі, 16 шілде күнін есептегенде, 196 күн қалып отыр. Осы уақыт аралығында Қазақстан Азия ойындарын алғаш рет өткізетін ел ретінде төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеге дайындық жұмыстарын лайықты жүргізуде ме деген мәселе қазір Азия олимпиялық комитетін ғана емес, біздің өзімізді де ара-тұра алаңдатып қоятыны жасырын емес.
Сәрсенбі күні осы мәселеге байланысты Туризм және спорт министрлігі мен қысқы Азиаданы ұйымдастыру комитеті атқарушы дирекциясының бірігіп өткізген жиынында Астана және Алматы қалаларында өтетін келесі жылдың басты бәсекесіне дайындық барысы туралы жан-жақты мәлімет берілді десе болады. Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияевтің айтуынша, бүгінгі күні ойындарды өткізетін нысандардың 75 пайызының құрылысы бітті. Оларды салуға, қайта жөндеуге бөлінген қаржы толығымен игерілуде. Соның нәтижесінде негізгі нысандарды тапсыру күзге жоспарлануда. Қазір биатлон стадионы, шаңғы тебу трассасы, “Табаған” спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, олар жарыстарға тас-түйін дайын отыр. Сонымен бірге оның айтуынша, Алматыдағы әйгілі “Шымбұлақ” спорттық базасының қаржылық мәселесі шешілді. Жақында оған байланысты Қаржы министрлігінде өткен жиында “Шымбұлақ” базасының қазіргі жағдайы туралы көп айтылып, ол мәселе дер кезінде шешімін тапты. Ал “Медеу” айдынының құрылысы қыркүйек айында бітеді деп жоспарлануда. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы болса, нысандардың ішіндегі ең соңғысы болып желтоқсан айында тапсырылады делінуде.
Жиында Астанадағы спорт алаңдарына байланысты вице-министр “Қазақстан” спорт кешенінің құрылысына 3 млрд. теңге бөлінгенін, қазір соның қаржысы игеріліп, нысанның 70 пайызы аяқталып қалғанын айтса, соңғы үлгідегі салынып жатқан велотрекке 18,5 млрд. теңге бөлінгенін, оның құрылысының 75 пайызы біткенін жеткізді. Ал коньки мұз айдынына келгенде ол қазір оның құрылысы техникалық өзгерістерге байланысты кешігіп жатқанын, алайда, қаржыға қатысты ешқандай мәселе тіреліп тұрмағанын мәлімдеді. Осы жиында белгілі болған тағы бір нәрсе, қазір Азия ойындарына қатысуға 21 мемлекеттен өтініш келіп түсіпті. Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, бір аптаға созылатын Азиадада жарыстың 11 түрінен 69 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болса, келетін қонақтар саны 3,5 мың адамға жетеді деп күтілуде. Сонымен бірге ол ойындарға қатысушылар мен қонақтарды орналастыруға арналған қонақ үйлер тізімі түпкілікті бекітілгенін мәлімдеді. Ойындардың жеңімпаздарын марапаттау медальдерінің дизайны да бекітіліп, ол Елбасы келісіміне ұсынылды. Ал қысқы Азиаданы ұйымдастыру жөніндегі атқарушы дирекция директорының орынбасары Евгений Никитинскийдің пікірі бойынша, Азиадаға арналған әрбір спорт нысаны – өз алдына бір сәулет туындысы болып саналады. Қазір коньки тебу стадионының дизайны көпшілікті қызықтыруда. Оның жасыл шатыры мен үш сары түсті әкімшілік блогы қысқы қарлы пейзажбен ұштасып – орман алқабы сияқты көрініс береді. Ал велотректің дизайны “Астана” велокомандасы жеңісіне арналып, спортшылардың шлемінің стилінде жасалған. Қазіргі кезде бірқатар ұлттық және шетелдік компаниялармен демеушілік бағдарламаларға қатысу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Алдағы жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны арасында жарыстар ішінде шайбалы хоккей ойыны “Қазақстан” спорт кешенінде, тау шаңғысы жарыстары “Шымбұлақ” базасында, допты хоккей “Медеу” мұз айдынында, фристайл бәсекелері “Табаған” спорттық-сауықтыру кешенінде, әйелдер арасында өтетін хоккей ойындары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, тұғырдан секірушілер әлемдегі үшінші халықаралық шаңғы трамплиндерінің бірегей спорт нысанында өтетін болады.
Осы кезге дейін қысқы Азия ойындары Жапония, Қытай және Оңтүстік Кореяда өткізілді. Алғаш рет ол 1986 жылы Күншығыс елінің Саппоро қаласында жалауын көтерді. Мұнда 7 мемлекеттен келген 425 спортшы 7 спорт түрі бойынша сынға түсті. 1990 жылы тағы да осы жерде ойындар болып өтті. Бұл жолы оған қатысқан 10 елдің 414 өкілі 6 спорт түрінен жарысты. Келесі Азиада 1996 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтіп, онда 16 елден келген 660 спортшы жарыстың 7 түрін сарапқа салды. Одан кейін осы ойындардың алауы 1999 жылы Кореяның Кангвон қаласында тұтанды. Сол кезде мұнда жиылған 21 елдің 799 өкілі 7 спорт түрінен бәсекелесті. 2003 жылы Жапонияның Аомори қаласында өткен кезекті Азиадаға 17 елдің 641 саңлағы қатысып, 11 спорт түрінен сынға түсті. Ал соңғы рет 2007 жылы Қытайдың Чанчунь қаласында өткізілген жарысқа 45 мемлекеттің 1100 өкілі қатысып, спорттың 10 түрінен бақ сынасты.
Дастан КЕНЖАЛИН.