17 Шілде, 2010

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСУДЕ

490 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және аймақтық қауіп-қатерлер” атты дөңгелек үстел болып өтті. ҚР Сыртқы істер министр­лі­гімен бірлесіп ұйым­дас­тырылған жиында негізінен Еур­азия қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етудегі Еуропадағы қауіп­сіздік пен ынтымақтастық ұйымының атқаратын рөлі мен міндеттері кеңінен тал­қы­ланды. Сонымен қатар Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы­ның алғашқы қорытынды­лары туралы да сөз болды. Бас­қосуда ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко, ЕҚЫҰ департаментінің директоры, ерекше тапсырмалар бойынша елші Сержан Әбдікәрімов, ҚСЗИ-дің директоры Болат Сұлтанов және дипломатия­лық өкілдіктердің қызметкер­лері күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды. Биылғы жылдың маусым айында Қырғызстанда орын алған қайғылы оқиға бұл ел­мен көрші мемлекеттерді ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем­нің алаңдаушылығын туғызғандығы белгілі. Соған орай бұл басқосуда көрші мем­лекеттегі күрделіліктер төңі­регінде жан-жақты түрде баяндалды. ҚСЗИ-дің дирек­то­ры Болат Сұлтановтың ай­туынша, көпшілік назарын өзі­не аударып отырған бұл жағ­дай жан-жақты әрі терең талдауды қажет ететіндігі сөз­сіз. Өйткені, осы сараптамалар негізінде ЕҚЫҰ-ға нақты ұсы­ныстар даярлау қажет. Шын мәнісінде де, бұл жағдайдың ауыртпалығы мол екендігі айт­паса да түсінікті. Кездесуге қа­тысушылар хабарлаған ресми деректерге қарағанда Қырғыз­станда орын алған қайғылы оқиға кезінде сегіз жүзден астам адам қаза болған. Ал жүз­ге жуық қырғызстандықтар көршілес Өзбекстанға бас сауғаламақ ниетпен қашқан. Сөз реті келгенде атап айтар­лығы, олардың көпшілігі әйел­дер мен балалар және қарттар болатын. ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан келеңсіздік құрбанына айналып, қасіретке тап болған ел тұрғындарына кө­мек пен қамқорлық көрсе­туге ұмтылуда. Сонымен, ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанға көмек көрсетуге қатысты іс-шаралары, сондай-ақ қырғыз дағдарысының себептері де назардан тыс қалған жоқ. “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және аймақтық қауіп-қатерлер” атты дөңге­лек үстелге қатысып, сөз ал­ған­дар “Қазақстанның өзіне тапсы­рыл­ған істі атқаруда жоғары жауапкершілік таны­туы және мұның өзі ЕҚЫҰ тарихындағы ең бір табысты төрағалық” екендігін де атап айтты. Мәсе­лен, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, елі­міз­дің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың бүгінгі күнге дейін жиырмаға жуық мемле­кетке барғандығы көп нәрсе­ден хабар берсе керек. Халық­арал­ық сарапшылардың ЕҚЫҰ-дағы төрағалыққа оңды баға беруі де атқарылған іс-шаралардың талап деңгейіне сай екендігін айқын дәлел­дейді. ҚР Сыртқы істер ми­нистрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко “ЕҚЫҰ-ның басты мақсаты – бейбітшілікті ны­ғайтып, шиеленістер мен дау-жанжалдардың алдын алу екендігін ашып айтады. – Мемлекет басшысының би­ылғы жылы ЕҚЫҰ-ның сам­митін өткізу туралы ұсы­ны­сы Ұйымға қатысушы елдер үшін ауқымды кеңістіктегі қауіп-қатерлерге, күрделілік­тер­ге қарсы лайықты жауап табудағы тарихи үлкен мүм­кіндік. Ал мұның өзі Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғын­дағы негізгі әрі маңызды іс-шаралардың бірі болып есептелінуде. Еуроатлан­ти­ка­лық және еуразиялық қауіп­сіздікке жаңартылған страте­гия­лық көзқарастарды қалып­тастыру және өзге де бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәсе­ле­лердің өз шешімін табуының берері мол екендігі сөзсіз. Ашығын айтқанда саммит Еуразиядағы ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтуға қо­мақты үлес қосуға игі ықпал ет­пек, – дейді Роман Васи­ленко өз ойын ортаға салып. Сарапшылар пікірінше, Қазақстан – ЕҚЫҰ төрағасы ретінде қауіпсіздіктің еуразия­лық тиімді жүйесін құруда бірқатар жетістіктерге қол жеткізуде. Аймақаралық ха­лықаралық деңгейдегі ынты­мақ­тастық аясы кеңейе түсуде. Жиында “Kazakhstan Today” агенттігінің Еуропадағы қауіп­сіздік пен ынтымақтастық ұйы­мының қалыптасуы мен дамуы­на арналған моно­гра­фиялары­ның тұсаукесері бол­ды. Қазақ­стан стратегия­лық зерттеулер институтының жиналғандар назарына “Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығы қазақ­стандықтар көзі­мен” атты со­циологиялық са­рап­тамасы ұсы­нылды. Сауал­да­ма нәтижесінде респондент­тердің 65 пайызының тұжы­рымдауынша, біздің елі­міздің халықаралық миссиясы – ең маңызды оқиға. Бақыт БАЛҒАРИНА, АЛМАТЫ.