ҚОСТАНАЙ. 15 мамыр. Қостанай облысының Таран ауданында Кеңес Одағының Батыры Сейтхан Темірбаевқа ескерткіш орнатылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Таран ауданының тумасы Сейтхан Темірбаев соғыс жылдары басқарған рота Донбасты, Одессаны, Беларусь мен Польшаны азат етуге қатысты. Осындай қырғын ұрыстардан кейін Берлинге алғаш жеткен ротаның бірі болды. Берлин қаласын алуда көрсеткен ерлігі, қайсарлығы үшін 23 жастағы капитан Ленин орденімен және Кеңес Одағының Батырының Алтын жұлдызын кеудесіне таққан болатын. Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне орай жерлестері батырдың ескерткішін орнатты. Бұл кейінгі жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне де қызмет ететін болады.
Батырдың мүсіні аудан кәсіпкерлері құрған «Победа» қорының қаржысына тұрғызылды.
Кәсіпкерлердің Қостанай облыстық ұлттық палатасы Таран аудандық филиалының директоры Наталья Руднева: «Республикалық «Атамекен» ұлттық палатасының «Ұрпақтар алғысы» жобасын біздің ауданның кәсіпкерлері осылай қолдады», деді. Таран ауданында мерекеге орай жүргізілген жұмыс тек бұл емес. Аудандағы бұрын орнатылған ескерткіштер мен обеликілдердің барлығы жөндеуден өтті және соғыс ардагерлерінің үйіне осы қордың есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz