Сүйінші!
Орталық Қазақстанның жер шоқтығы – Қарқаралы өңірі тұнып тұрған тарих қой. Осы өңірдегі бірнеше жылдан бері жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының зерттеу қорытындысының өзінен том-том кітап жазып шығаруға болады. Өзінің мәдениеті, өнері мен табиғатының кереметтілігімен дүйім жұртты тамсандырып келе жатқан бұл өлке қазба байлықтарымен де жер-жаһанға танылуда. Күні кеше, яғни сәрсенбінің сәтті күні... Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Арман Бейсенов бастаған археологтар көп жылғы зерттеу, қазба жұмыстарының нәтижесінде Орталық Қазақстан аймағынан табылған тұңғыш алтын адамға кездесті.
Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов ауылының шетіндегі Талды қорымдарында 20 қорған болатын болса, оның 8-і арғы ата-бабаларымыз сақтардың қорғандары. Бұл қорғандарға қарапайым адамдар жерленбеген. Осы қазба жұмыстарын жүргізген қорғандардан тек қана ел билеуші адамдарға ғана тән бұйымдар табылуда.
Күні кеше ғана ашылған қорғаннан табылған алтын бұйымдарды көре отырып, сол дәуірдің керемет бір ханы ма, ханзадасы ма – әйтеуір айрықша белгілі адам жерленген жер екеніне көз жеткізуге болады. Өйткені экспедиция жетекшісі Арман Бейсеновтің айтуынша, бұл Орталық Қазақстан аймағынан табылған алтын адам деп айтуға толық негіз бар. Себебі қазба жұмыстары толық аяқталмаса да күні кешеге дейін 8 үлкен белдіктің әшекейі, одан кішірек 82 белдіктің әшекейі, 8 құйма арыстан белгісі, Астанадағы Хан Шатырдың формасындай 20 құйма алтын, 6 алтын орама, бұдан басқа да 30 шақты түрлі формада құйылған алтын әшекейлер, өте жұқа алтын қаңылтыр деп айтуға болатын затқа ойылып жасаған айдаһар, секірейін деп тұрған қабан, осындай жұқа металға ойылған Елтаңбамызда белгіленген пырақтардың көріністерімен қатар өте ұсақ алтын моншақтар мыңдап саналады, әртүрлі дөңгелек көлемдегі киімге жапсырылып тігілетін алтын әшекейлер, қымбат тастардан істелінген түрлі бояудағы моншақтар, жиырма шақты садақ жебелерінің қоладан құйылған ұштары кімді болсын таңғалдыратыны сөзсіз.
Бұдан басқа да таза алтыннан құйылған заттардың қазіргі тұрғыдан қарағанда сақина мен әйелдерге тән киім әшекейлеріне ұқсағанымен, олар Арман Бейсеновтің айтуынша, сол кездегі ел басқарған, әскер басқарған тұлғалардың әшекейлері болып табылады.
Мұның барлығы біздің дәуірімізге дейінгі VІ-V ғасырдың дүниелері болуы мүмкін дейтін болжам бар. Бұл керемет байлық табылып жатқан қорған сол замандарда қатты тонауға ұшыраған екен. Бұдан да керемет құнды дүниелерді алып кеткенге ұқсайды. Тоналған қорғаннан осындай дүниелер табылып жатқанда бас кезінде қандай болғанын көзге елестету қиын. Осыған қарап-ақ қорғанда тегін адам жерленбегеніне көзіміз жетіп отыр. Бұл қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жер жай ғана төбешік емес. Қазба кезінде анықталғандай ортадаға қабірдің айналасында 6 шұңқырдың орны анықталды. Бұл діңгектердің орны екен. Өйткені ағаш үгінділері табылып отыр. Археолог Арман Бейсеновтің айтуынша, қабірдің айналасына діңгектер орнатылып төбесі жабылған болуы керек. Кезінде тонауға ұшырағанда бәрін бұзып тастаған. Ал қазылған жердегі көрініске қарайтын болсақ, қабірдің айналасы құйылған кірпіштермен қаланып, бір қабатқа ағаш салынған. Үстіне құм төселіп, құмның үстіне тас қаланып, оның үсті топырақпен көмкерілген. Конустың пирамида түрінде қаланғаны көрініп тұр. Сайып келгенде бұл, жай ғана топырақ үйіндісі емес, үлкен архитектуралық ескерткіш. Яғни Орталық Қазақстан аймағындағы ерте сақ дәуірі мәдениетінің бір көрінісі деп білеміз. Амандық болса келесі жылы туғанына 100 жыл толайын деп отырған дауылпаз ақын Қасым атамыз ауылының іргесінен табылып отырған осынау баға жетпес құнды дүниелер қазақ тарихына алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз.
Рымбек СМАҒҰЛОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Суреттер автордікі.
Редакциядан: Кеше Қарағандыдағы меншікті тілшіміз археолог Арман Бейсеновпен кең отырып әңгімелесті. Ол сұхбат газеттің алдағы нөмірлерінде жарияланады.