Соңғы кездері Мәжілістің жалпы отырыстарында депутаттық сауалдар жолдау кеми түскен еді. Бұл соңғы кездері қызу жүрген саяси науқанға да байланысты болса керек. Дей тұрғанмен, ара-арасында бірер сауалдар да жарияланып қалып жатты. Соның бірі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың атына депутат Төлеш Кенжиннің жолдаған сауалы болатын.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне жүгінген мәжілісмен әлемдегі ең дені сау ұлт ретінде жапондықтар, сингапурлықтар, швейцарлықтар мен испандықтар екендігін атап кетті. Осылай дей келе, депутат министр Тамара Дүйсенованың қаперіне Қазақстанда әрбір азамат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген мөлшерін ала алатынын да еске сала кетуді дұрыс деп тапқан. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 «Тегін медициналық көмек ауқымының кепілді тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, алдын алу, диагностикалық және емдеу медициналық қызметтерін қоса алғанда, ел азаматтары мен оралмандарға көрсетілетін тегін медициналық көмек бюджет есебінен жүзеге асырылады. Соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 6 есеге өсіп, 2004 жылғы 131 миллиард теңгеден 2013 жылы 838,2 миллиард теңгеге дейін артқан екен. Бұл ретте 2013 жылы бөлінген қаржы ІЖӨ-нің 2,4 пайызын құрағандығын да реті келгенде айта кеткен жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығын ІЖӨ-нің кем дегенде 4 пайызын құрауы тиіс көрінеді. «Тегін медициналық көмек ауқымының кепілдендірілген көлемі 2013 жылы 607,9 миллиард теңге болса, бұл қаржыны еліміздің әрбір азаматына бөлгенде 35,4 мың теңгеден келеді. Дей тұрғанмен, қажетті қаржылық қолдау көлемі айтарлықтай болып отырғанына қарамастан, медициналық қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпей келеді», – дейді Төлеш Әукебайұлы. Тұрғындар арасында дәрігерлер тарапынан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілуіне және дәрі-дәрмекке деген бағаның үнемі өсіп отырғандығына қатысты наразылықтар баршылық екендігін тілге тиек еткен Т.Кенжин, 2005 жылдан елімізде Тегін және жеңілдікті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы жұмыс істеп келе жатқандығына да назар аудартады. Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда тегін дәрі-дәрмектердің тізімі шектелген және де ауыр науқастарды емдеуде азаматтар өздерінің қаржысын жұмсауға мәжбүр. «Дәрінің сапалылығы мен шипалылығы оның құнына тікелей байланысты екені баршаға мәлім. Сондықтан да бірқатар мәселелерді шешуге тура келеді. Атап айтқанда, министрліктің 2008 жылғы 28 желтоқсандағы №764 бұйрығына тіркелген хаттамаға сәйкес, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негізіне барлық сырқаттарды емдеуге олардың емделу нәтижесіне де қарамастан 10-12 күн белгіленген. Сондықтан да емделу курсы уақытын арттырған жөн», – дейді депутат. Бұл ретте, халық қалаулысы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлердің жалпы саны 120 мың адамнан асатынын да көлденең тартады. «Емдеу процедуралары ақылы, ал дәрі-дәрмектердің қымбаттығына байланысты болмашы ақшаға «емделу» де мүмкін емес. Олай болса, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлерге емдеуді тегін етіп, ал қалған зейнеткерлерге және еңбек ардагерлеріне 50 пайыздық жеңілдіктер жасаған орынды», – дейді депутат мәселенің ашығына көшіп. Оның айтуынша, қазіргі таңда медицина саласы коммерциялық құрылымға айналып, тұрғындардың денсаулығын жақсартуды емес, керісінше, мәселенің қаржылық жағын күйттеуге кірісіп кеткен. Депутат бұл ретте «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, жазбаша жауапты заңда белгіленген мерзімде қайтаруды сұрайды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше