Фото: Конститутциялық сот
Қай елдің Конституциясын алып қарасаңыз да, ең алдымен мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершіліктің кепілі ретінде биік тұрады. Біздің жаңа Ата заңның да әрбір нормасының түпкі мақсаты – адамның құқығы мен бостандығын қорғау. Ашығын айтсақ, қазіргі басты құжатта адамға қатысты құқықтар мен нормалар біршама түсініктірек, әрі нысанына жақындай түскен. Бір сөзбен айтқанда, нақтылық бар.
Осы ретте еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаевтың жаңа Конституцияның жобасын талқылау кезінде сөйлеген сөзі ойға оралып отыр. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты бірқатар маңызды норма нақтылана түскен.
Атап айтқанда, күзетпен ұстау тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылатыны бекітілген. Ал соттың санкциясынсыз ұстау мерзімі заңмен айқындалады. Сонымен қатар Конституцияда әрбір адамның өз құқықтары мен бостандықтарын заңды тәсілдермен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғау құқығы сақталған. Қылмыстық қол сұғушылыққа заң аясында қарсы тұру мүмкіндігі адамның өмір сүру құқығын толықтыра түседі. Өйткені бұл тетік адамның өмірін заңсыз және негізсіз қиюдың алдын алуға бағытталған.
– Цифрландыру үдерісінің қарқынды дамуына байланысты Конституцияда жеке өмірге қол сұқпаушылық, заңмен қорғалатын құпиялар мен дербес деректердің қорғалуы жөніндегі кепілдіктер де нақтыланған. Сондай-ақ сөз бостандығына қатысты нормалар халықаралық құқықтағы қағидаттарға сәйкес жетілдірілген. Қазіргі ақпараттық кеңістікте пікір білдіру еркіндігі мен жария айтылған сөз үшін жауапкершілік арасындағы теңгерімді сақтау ерекше маңызға ие. Мұндай тепе-теңдік өзге азаматтардың құқықтарын қорғауға әрі қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әлемдік құқықтық тәжірибеде бұрыннан қалыптасқан қағида бар: бір адамның құқығы екінші адамның құқығы басталатын жерде аяқталады. Яғни бұл – халықаралық құқықтың мойындалған алтын стандарты. Аталған қағидат жаңа Конституциямызда да нақты көрініс тапқан, – деді ол.
Уәкілдің айтуынша, Конституция жобасындағы адам құқықтарына қатысты нормалар халықаралық құқықтың негізгі құжаттарымен де үндеседі.
– Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтары әркімге туғаннан тиесілі, абсолютті әрі ажырамас құқықтар ретінде танылады. Халықаралық құжаттардағы құқықтық ұғымдармен сабақтастықтың сақталуы құқықтық реттеудің жүйелілігін қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, құжат сапалы, жан-жақты сараланған. Онда халықаралық стандарттар, ұлттық ерекшеліктер, мемлекетті одан әрі дамытудың озық қағидаттары ескерілген, – деді А.Ластаев.
Әрине, бұған дейінгі мемлекет ретінде өмір сүруіміздің құқықтық өзегі болып келген Ата заңымызды тым осал дей алмаймыз. Дегенмен қоғам бір орында тұрмайды. Экономика өзгереді, қоғамдық қатынастар жаңарады, түрленеді, азаматтардың талап-тілегі де жаңа сипатқа ие болады. Мұндай жағдайда Конституцияның да заман сұранысына жауап бере алуының маңызы өте зор.
Жаңа Конституциямыздың адамға жақындай түскеніне тағы бір мысал келтіре кетсек, балалардың құқығы мәселесі де жүйеленген. Мәселен, еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева Конституция жобасын талқылау барысында азаматтардан келіп түскен балалардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты өтініштер мен ұсыныстарды ерекше назарда ұстағанын айтады.
– Атап өткім келетіні, балаларға қатысты Конституциялық нормаларды түбегейлі қайта қарау қажеттігі жөнінде ұсыныстар іс жүзінде болған жоқ. Керісінше, азаматтардың басым бөлігі, яғни қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қолданыстағы балалар құқықтарын қорғауға бағытталған негізгі кепілдіктерді сақтауды қолдады. Маңыздысы, бұл кепілдіктердің барлығы Конституцияда толық көлемде сақталған. Сонымен қатар қоғамдық талқылау барысында балалардың игілігі мен дамуына тікелей әсер ететін өзге де бірқатар норма бойынша ұсыныстар айтылды және олар Ата заңымызда көрініс тапты, – дейді Д.Зәкиева.
Осылайша, Конституциямыз балалардың негізгі құқықтық кепілдіктерін толық сақтай отырып, қоғам сұранысына сай келетін және өскелең ұрпақтың мүдделеріне бағытталған заманауи даму бағдарларын айқындап берді.
Ал заң ғылымдарының докторы, Мәжілістің экс-депутаты Үнзила Шапақ Конституциядағы халықаралық шарттарға қатысты нормалар еліміздің халықаралық міндеттемелерін сақтай отырып, оларды ұлттық құқық жүйесінде қолданудың тәртібін нақтылайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл өзгерістер құқықтық тұрақтылық пен айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған. Қысқасы, Қазақстан халықаралық құқықтан бас тартып жатқан жоқ. Керісінше, онымен біте қайнасып азаматтарды құқықтық қорғау ауқымын кеңейте түсті.
– Конституция мен халықаралық құқықтың ара-қатынасын белгілеу Ата заңның еліміздің тұтас құқықтық жүйесінің іргетасы болатындығын, оның өзге де міндеттемелерін қоса алғанда, барлық қолданылатын құқығына қатысты жоғары заңдық күші бар екенін көрсетеді, – дейді Ү.Шапақ.
Әділетті Қазақстан құру бағытындағы саяси өзгерістердің алғы шебінде тұрған жаңа Ата заңымыздың қабылдануы түптеп келгенде құқықтық базасы, заңды сыйлау мәдениеті қалыптасқан классикалық құқықтық мемлекет құру жолындағы бастамамыз деуге болады. Шынтуайтында, құқықтық мемлекет құру бір күнде немесе бір ғана реформамен реттеле қоятын жедел әрі оңай шаруа емес. Бұл – үздіксіз жалғасатын үдеріс. Ал осы жолдағы елдің ең сенімді тұс-бағдары Конституция болуы керек. Себебі ол қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етіп, адам құқығының берік қалқаны болып қала бермек.