ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРДІ ДАМЫТУДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ
Балалар шығармашылығы үйінде “Бибі-Ана” мүгедек әйелдер республикалық қоғамының Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге арналған семинар өтті.
Семинарда алғашқы сөз кезегін алған “Бибі-Ана” мүгедек әйелдер республикалық қоғамының Павлодар облыстық филиалының төрайымы Нағима Багирова басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың басына түскен қасіретімен өзінің шағын әлемінде шектеліп қалуына жол бермеу, нұрлы болашаққа деген сенім ұялату, пайдалы ісімен шұғылдануына қолдау көрсету, ақыл-кеңес беру екеніне тоқталды. Бірлестік мүшелерінің қолынан шыққан ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдарынан әзірленген көрме туралы мәліметтермен таныстырған Елена Костелецкая ұлттық қолөнерді қайта жаңғырту, бүгінгі заманға сай жасалған бұйымдарға ұлттық өрнектердің элементтерін пайдаланумен қатар, өздігінен білімдерін жетілдіруге, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға зор мүмкіндік туатынын атап өтті.
Семинарға қатысушылар отырыс барысында өздерінің көкейлерінде жүрген ұсыныс-тілектерін ортаға салып, сауалдарына жауап алды.
“Бибі-Ана” мүгедек әйелдер республикалық қоғамының Павлодар облыстық филиалында әйелдер мен қыздарға көрпе, қоржын және тағы басқа ұлттық киімдерді тігу бойынша апта сайын сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, жыл бойы ұлттық киімдер мен бұйымдарды тігуді үйрету мақсатында Ертіс, Ақтоғай, Ақсу, Екібастұз қалаларында семинарлар өткізу жоспарланған. Семинардың соңында Нағима Багирова ағымдағы жылдың қыркүйек айында Павлодар қаласында ағаш пен киізден, былғарыдан, түрлі маталардан жасалған бұйымдардан өтетін көрмеге белсенді қатысуға шақырды. Сыйлық қорында ең таңдаулы жұмыстар үшін “Verіtas” тігін машинасы, тігін құралдарының жиынтығы мен көптеген тұрмысқа қажетті заттар бар.
Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА. Павлодар облысы, Ақсу қаласы.