20 Тамыз, 2015

Шетел тауарының тексерусіз таралуына жол берілмейді

256 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
0001-234Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «ЕАЭО аясында қазақ-қырғыз шекарасындағы кедендік кедергілерді алып тастау туралы» баспасөз мәслихаты өтті. Оған Қаржы министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Индустриялар және даму министрлігі, сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері қатысты. Еске салсақ, осыдан бір апта бұрын ғана Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада кедендік бақылаулар алынған болатын. Яғни, Қазақстан Қырғыз Республикасын Еуразиялық экономикалық одаққа қосу туралы шартты ратификациялады. Қырғыз Республикасы одаққа қосылған күннен бастап оның аумағында Кеден одағының кеден заңнамаларын қоса алғанда одақтың халықаралық шарттары күшіне енді. Қазіргі таңда одақ шеңберінде бірыңғай кедендік реттеу жүзеге асырыла бастады. Кедендік бақылауды және декларациялауды қолданбай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтары бойынша тауарларды еркін өткізу қамтамасыз етілуде. Дегенмен, бұл шетелден келетін тауарларға бірден еркіндік берілді дегенді білдірмесе керек. Себебі, Қырғызстанға өз шекаралары арқылы одаққа мүше емес шетелдерден келетін тауарлар елімізге тым тексерусіз өтіп кетпеуі үшін әлі де жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Қырғызстанмен арадағы өткізу бекеттерінде тек кедендік және көліктік бақылау ғана тоқтатылды. Биылғы сәуірдің аяғында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өкілетті органдары мен Еуразиялық комиссия тарапы санитарлық-карантиндік, ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалауды жүзеге асыру бойынша ахуалды зерттеді. Зерттеу қорытындысы бойынша Қырғызстанға аталған қадағалау түрлерін іске асыруда бірыңғай талаптарды орындау мақсатында кешенді шараларды жүргізу ұсынылды. 17-20 тамыз аралығында аталған бақылау түрлерін жүргізу тұрғысында Қырғызстан аумағында қайталама зерттеу жүргізіледі. Осы шараның қорытындысы бойынша оң нәтиже шығарылса, онда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі аталған қадағалау түрлерін доғарудың датасын айқындауы тиіс», деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Қайрат Маубаев. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасеновтің айтуынша, бұл бағытта заңнамалық базаға, материалдық-техникалық жабдықтауға және басқа да шараларға байланысты аудит қамтылмақ. С.Хасенов аталған көрші мемлекетке тиісті тексерулер жасалғанына тоқталып, барлық үш тексеру бүгінде қырғыздардың әлі де болса қауіпсіздіктің тиісті деңгейін ұйымдастыруға да­йын еместігін көрсеткенін жеткізді. «Яғни, өткізу бекеттерінде қажетті жабдықтардың болмауы, көптеген індеттер бойынша жағымсыз жағдайдың қалыптасуы секілді мәселелер бар»,  деді ол. Бұл ойды Қаржы министрлігінің өкілі де құптады. «Қырғызстан мен Қытай Xалық Республикасының арасында екі автомобиль өту бекеті бар. Қырғыз-қазақ учаскесіндегі өткізу пункттерінде орналасқан кедендік бекеттерді таратудан елімізге Қытай тауарлары көптеп кіргізіледі деп ойламаймын. Сәуір айында біз ЕАЭО комиссиясы мүшелерімен зерттеу жүргізген болатынбыз. Сонда Қырғыз елінің кеден бекеттері біздікіне қарағанда теxникалық қамтылуы төмен екендігін анықтадық. Қазір Ресей 200 млн. және Қазақстан 100 млн. доллар көлемінде Қырғызстанның кеден бекеттерін жарақтандыруға көмек ретінде ақша бөлді»,  деді Мемлекеттік кірістер комитетіндегі басқарма басшысы Қ.Маубаев. Бұдан әрі сөз алған Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешев өз кезегінде Қырғыз Республикасы теxникалық регламенттер мен ЕАЭО аймағында сақталатын қауіпсіздік шараларының барлығын сақтау міндетін мойындарына алғанын атады. «Олар елдеріне кірген тауарларды арнайы лабораториялық зерттеулерден өткізіп, содан кейін ғана ЕАЭО-ға мүше елдердің аймағына айналымға жібере алады. Ол үшін біз оларды теxникалық құралдармен жабдықтауға көмектесеміз», деді Б.Қанешев. Қазақ-қырғыз шекарасы жайында сөз болғанда, автокөліктің алыс-берісі  айтылмай қалмасы анық. Кешегі брифинг барысында да бұл мәселе назардан тыс қалмады.  Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Қайрат Маубаев журналистердің сауалына орай Қырғызстанға кірген көліктерді Қазақстанда тіркеу үшін бұл автомобильдер Еуро-4 санатына сәйкес келуі керектігін мәлім етті. «2014 жылғы 1 қаңтарға дейін Қырғызстанға кірген және кедендік ресімдеуден өткен көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың барлық аумағында еркін айналыста жүре алады. Бұл көлік құралдары КО тауары болып есептеледі. Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан кейін Қырғызстанға кірген көліктерді Қазақстанда пайдалану үшін аталған елде төленген кедендік баждар мен салықтар көлемі және ЕАЭО-ға төленетін салықтар мен баждардың арасындағы айырмашылығын төлеп қана еркін айналысқа енгізуге, яғни оны ішкі істер органдарында тіркеуге қоюға болады. Сонымен қатар, тіркеуге енгізу үшін көлік техникалық талаптарға, Еуро-4 экологиялық санатқа сәйкес келуі қажет. Сол жағдайда Қазақстан азаматтары осы елдің көлік құралдарын сатып алып, өз меншігіне тіркей алады»,  деді ол. Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылдың қаңтарынан кейін Қырғызстанға кірген көліктер 2025 жылдан бастап қана ЕАЭО-ның барлық аумағында еркін жүре алады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».