20 Тамыз, 2015

«Біз ұлттық дәстүрді пір тұтқан отбасымыз»

408 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Алма Нұрманова – дейді өнегелі шаңырақтың отанасы Алма Нұрманова Алма сонау 70-ші жылдардың аяғында Қыздар педагогика институтының кітапхана ісі факультетін бітіргеннен кейін, өзі туып өскен Аманкелді ауданына келді. Осы ауданда мамандығымен еңбек жолын бастады. Сүгірбайды кездестіріп, екі жас шаңырақ көтерген. Ол келін болып түскен Нұрмановтар отбасы халқымыздың әдебиетіне «Құланның ажалы» романымен тамаша үлес қосқан Ақан Нұрмановтай жазушыны берген текті әулет екен. Сүгірбайдың да, Алманың да ата-анасы сыйластығы жарас­қан құдалар болды. Қаймағы бұзыл­маған қазақы салт-дәстүр­дің ортасында өскен Алма мен Сүгірбайдың жас отбасында да халықтық тәрбиенің шуағы үзілмеген еді. Олар үйленген соң Сүгірбайдың ата-анасымен бірге тұрды. Үлкенді сыйлау, қайын атаның алдынан кесіп өтпеу, ененің пікірімен санасып отыру секілді қанға сіңген тәрбие Нұрмановтар отбасы берекесінің тұма бұлағындай болып келеді. – Біздің балаларымыз, әсіресе, үлкендері балабақшаға барған жоқ. Үйде атасы мен әжесінің бауы­рында өсті. Жарықтықтардың балаға берген тәрбиесіне бүгінге дейін ризамын әрі таңқаламын. Енем балаға тыйым сөздерді көп айтатын. «Табалдырыққа шықпа», «Үлкенге қарсы қарап отырма», «Адамға қарап есінеме», «Үл­кеннің сөзін бөлме, жарысып сөйлеме» деген секілді тыйым сөзді айтпайтын күні болмайтын. Қарап отырсам, осының барлығы да балаға тәрбие екен. Ата-ана­ның тиым сөзі оның құлағында қалады, құлағында қалған әңгіме жүректен, санадан да орын алады. «Келін қайын ененің топырағынан жаратылады» дегендей, кейін осы артық ауыз сөздерді айтпау керектігін балаларымның құла­ғына өзім құя бастадым, – дейді Алма Жақсылыққызы. Сүгірбай мен Алма Нұрмановтар екі қыз, екі ұл тәрбиеледі. 90-шы жылдары Аманкелді ауданынан Арқалық қаласына қоныс аударды. Балаларының барлығы да осы қаладағы №6 қазақ орта мектебінде оқыды. Әрине, ол кезде Алма мен Сүгірбайдың бала­лары компьютерді білген жоқ. Олар кітапқа үңілетін. Алма­ның өзі кітапханашы болған­дықтан, балалардың кітапқа қызы­ғушылығына ықпалы мол болды. Баланың үлкені – Айдосы оқуға өте ынталы болды. Ол жоғары сыныпта «ХХІ ғасыр көшбасшысы» тележобасына қатысып, жеңімпаз атанды. Соның арқасында жоғары оқу орнына қиналмай түсті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің институтын жақсы бітіріп, отбасын құрып, Орал қаласында қызмет істеп жүр. – Кітапхана жұмысы көзге көрін­бейтін, бірақ дамыл таптырмайтын жұмыс. Мектепте ата-аналар жиыны болатын күні мен қандай жағдайда да сұранып кететінмін. Сынып жетекшісі шақырған күні бармай қалған уақытым жоқ. Балаларға ұстаздары мектепте білім берсе, мен оларды үйден қадағаладым. Күн сайын балалардың күнделігін тексермей, олардың сабақты қалай айтқанын сұрамай, менің көзім ұйқыға кеткен емес, – дейді Алма. Сонысына қарай балалары тек сабақпен айналысып қалған жоқ, үйірмелерге, спортқа белсене қатысатын, барлығына үлгеретін. Құралайы Арқалық қаласына, одан тыс жерлерге белгілі болған «Ақбота» балалар би ансамблінің белсенді бишісі еді. Биді өте жақсы көрген баласына Алма мен Сүгірбай да қолдан келген көмегін жасап бақты. Қарап отырса, би деген баланың нәзік, көркемдік талғамын қалыптастыратын тәрбиенің бірі екен. Бірақ Құралайы өмірде өнерді емес, медицинаны таңдады, Алматы медицина институтына грантпен түсті. Тәрбиелі қыз оқуды жақсы оқуымен қатар, тұрмысқа шығып та үлгерді. Құда-құдағиы келінінің білім алуына түсіністікпен қарады. Құралайдың қайын енесі бөпесін бақса, өзі білім ошағының резидентурасында оқып жүр. Онан кейінгі Қарлығашы жақсы оқумен қатар, мектепте спортқа әуес болды. Ол дзю-додан болған жарыстардың талайында топты жарды. Өзі Астанадағы Ауылшаруашылығы университетін бітірді. Өмірлік серігін де тапты, қазір баласын өсіріп, үйде отыр. Алма мен Сүгірбайдың сүт кенжесі Нұрсұлтан да ата-ана көңілінен шығатындай бала болып өсті. Ол да мектепте жақсы оқыды, спортпен айналысты. С.Сейфуллин атындағы Ауыл шаруашылығы университетін бітіріп, бұл күнде Арқалық қаласында астық инспекторы қызметін атқарып жүр. Отбасында баланың кішісі болған соң, қара шаңырақта өзі қалуды ойлады. – Нұрсұлтанмен бірге тұрамыз. Келініміз, Қарақат атты немереміз бар. Нұрсұлтанның біз үшін Ар­қалыққа келуінің өзі де біздің отбасында қалыптасқан ұлттық тәрбиенің ықпалы деп ойлаймын. Баланың кішісі ата-анамен бірге тұруы керек деген сөзді бала кезінен естіп өскендіктен болар. Енді атасы екеуміздің құрметті міндетіміз бар, ол – немерелерге тәрбие беру, онда да ұлттық тәрбиені бойына сіңіру, – дейді Алма Жақсылыққызы. – Ата-анасынан, қайын ене­сінен естіген әңгімелерінің бар­лығын Алма жадында сақтай берген. Ол отбасында әкенің айбыны болуы керек, ер адам сырттың адамы, үйде негізінен ана бала тәрбиесімен айналысуы тиіс деген ұғымды жас кезінен санаға сіңірді. – Қазір уақыттың ерекшелігін түсінуіміз қажет. Өйткені, ақпарат ағыны күшті. Мысалы, интернет, оның ішінде балаға керегі де бар, керек емесі одан да көп. Сондықтан үйдегі тәрбие қазығы мықты болуы үшін алдымен ұлттық дәстүр-салттың бояуы солғын тартпауы тиіс, – деп әңгімесін нықтай түсті бақытты шаңырақтың отағасы Сүгірбай Әбдіхамитұлы. Айтса айтқандай, одан жаман болған жоқ. Балаларды зиялы етіп өсірген бұл отбасын Арқалықта барлығы да құрметтеп, жастарға үлгі тұтады. «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық сатысынан бірінші орынды алған оларды бүгінде облыс өңірі де танып отыр. Олар облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында екінші орынды иеленді. Олар үшін әңгіме байқауда, одан оза шапқан бәсекеде емес, баланың, ұрпақтың, одан қалды халқының болашағында. Дегенмен, жақсының аты жеткен жердегі жүректерге бір сәуле еріп барғандай болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ. Суретте: Сүгірбай мен Алма шаңырақ иесі ұлы Нұрсұлтан, келіні Айдана және немересі Қарақатпен.