Түбегейлі өзгеру тек қазіргі барды одан әрі жетілдіру емес, сондықтан сол түбегейлі өзгертуші адамның, алдымен өзінің санасын, ойы мен ақылын, қоғамдық істің мәніне, мазмұнына кәсіби қатынасын түбірлі өзгерту қажеттігі болып тұр. Барлық мәселе аталған түбегейлі өзгеріске қатынасы бар тұлғалардың әлеуметтік санасына, ой-өрісі мен іс-әрекет шеберлігіне келіп тіреледі.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында, ғылыми еңбектерінде қоғамның дамуының болашағы және халықаралық қауымдастықпен үйлесу мәселесін жан-жақты қарастырып келеді. Соның ішінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет алдына қойылған Бес реформа мен оны іске асырудың нақтыланған 100 қадамы ерекшеленіп тұр. Бұл, біріншіден, қазіргі жаһандық қатынастардың сынына төтеп берудің жауабы болса, екіншіден, елді уақыт талабына сай дамыта отырып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылудың нақтыланған шаралары. Оның бәрі Қазақстанның осыған дейінгі стратегиялық міндеттерінің заңды жалғасы, «Қазақстан-2050» бағдарламасының нақты және заман талабына сай тезірек іске асырылуының тактикалық бағамдалуы. Алайда, бүгінгі ұсынылып отырған ұлттық міндеттердің мәні тек елді қарқынды дамытуда болып отырған жоқ, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуде болып тұр.
Айталық, кәсіби жинақы мемлекеттік аппаратты құру бүкіл басқару жүйесін қағазбастылықтан, көптеген қайталанулардан, жеке мүддені көздеуден бас тартуды талап етеді. Санада қалыптасып қалған дағды мен тәжірибеден бас тарту оңай емес.
Қазақстан азаматтарының басым бөлігі мемлекеттік заң нормаларын оқып таныса да бермейді, бірталайы оны білгенімен айналып өту жолдарының молдығына сенім артады. Ал заңның үстемдігін қамтамасыз ету дегеніміз – тек қатардағы азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениеті емес, ең алдымен, заңды біле тұра оны бұрмалауға мүмкіндігі барлардың әлеуметтік, қоғамдық санасының түбегейлі өзгеруі. Бұл да оңайшылықпен орнына келе қоймайтын іс және тікелей ой-сана, ақыл, ар-ұят мәселесі. Сондай-ақ, Парламенттің заң шығару мәдениеті мен ой-өрісі.
Ал индустрияландыру мен экономикалық өсім мәселесіне келетін болсақ, ең алдымен отандық іскер ортаның аса зор қоғамдық сын алдында тұрғанын байқаймыз. Тәуелсіз мемлекеттің рыноктық қатынас пен капиталистік өндіріске бет бұруына байланысты бой көтерген отандық бизнес пен іскерлік біртіндеп қалыптасып қана қоймай, есейді, кейбірі шетелдік трансұлттық компаниялармен қатарласа бастады. Бірақ, елінің мол шикізатын жоғары технологиялар мен білікті кадрларды тарту арқылы әлемдік рынокқа сапалы тауармен шығу ісінде әлі де әлсіздік танытуда. Отандық іскер ортада туып әрі дамып, озық өндіргіш күшке айналып жатқан озық ойлы идеялар жеткіліксіз. Бұл орта өндірістік пайданың басты көзі білім мен ғылымда екенін түсінуде де баяулық байқатуда.
Ал уақыт болса күтіп тұрмайды. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мемлекет тек ауыр өнеркәсіп саласына ғана емес, жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласына да шетелдік стратегиялық маңызды іскер ортаны шақыруға мәжбүр. Қалыптасқан жағдай отандық іскер ортаның қоғамдық санасын, әлеуметтік мәдениетін, инвестициялық мүмкіндігін ел мүддесіне жоғары мәдениеттілікпен бағдарлау тәжірибесін қалыптастыруға зор мән беруді қажет етеді. Бұл бағытта қоғамтанушы ғылымдар да өз үлесін қоса алады.
Аталған бес реформаның үшіншісінің – «Индустрияландыру және экономикалық өсім» мәселесінің қойнауында мектеп пен жоғары білім мәселесінің қойылуы заңды құбылыс. Бүкіл білім, ғылымның, мәдениеттің, әлеуметтік қатынастардың басты іргетасы – мектеп, мектептегі адами қатынастар, азаматтық белсенді қатынастардың негізінің қалануы. Байқағанымыздай, жоғары сыныпқа жанбасылық қаржыландыруды енгізу бұл салаға жекеменшік субъектілерінің қызығушылығын арттырады. Алайда, барлық мәселе оқу стандарттарының негізділігіне, соған сай оқу құралдарының даярлануына және мұғалімдердің кәсіби шеберлігіне, мектептердің ғылыми-техникалық жабдықталуына келіп тіреледі. Дәл осы тұста білім стандарттары мен оқулылықтарды даярлайтын ғалымдардың қоғам мен ұрпақ, ел болашағы алдындағы жауаптылығы еселеп артады. Мектеп тіршілігінен өте алыс тұрған ғалымдардың стандарттар мен оқулық жазуға тартылуын тоқтату, шынайы білікті, әлеуметтік-қоғамдық ой-өрісі толысқан мамандардың интеллектуалдық еңбегін ұйымдастыру, мемлекеттің мектепке бөлген қаржысының орынды жұмсалуы – бірінші кезектегі әлеуметтік-қоғамдық сана мен мәдениет, сондай-ақ, ар-ұят мәселесі.
Әлемдік бәсекелестікке апарар жолдың бірі ретінде еуразиялық кеңістік қарастырылуда. Ол халықаралық тілдің бірі ретінде орыс тілінің рөлін арттырады. Білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру мақсатында жоғары сынып пен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқыту жолға қойылады. Осының бәрі жастар үшін игілік. Дегенмен, Қазақстанның мемлекеттік тілі үшін бәсекелесу аясының артып және тереңдеп келе жатқанын аңғару қиын емес. Тарихи тұрғыда жақында ғана жаңғырып, аяғына тұрған қазақ тілін ендігі жерде ел аумағында қуатты, ықпалды, тартымды тіл етіп бекіте түсу мемлекет үшін де, ұлт зиялылары үшін де жауапты іс. Басты міндет, біздіңше, осы тілде жазылған әрбір мемлекеттік құжаттың, әрбір оқулықтың, әрбір аударманың, әрбір шығармашылық еңбектің сапасын қадағалау, білікті сараптамадан өткізіп отыру, ел аумағындағы қолданысының сапасын қадағалау.
Тілді дамыту ғылымымен шұғылданатын орта халықаралық ортадағы айналыстағы терминдерді аударуды тиімділік тұрғысынан қарап, қазақ тілінің өзінің табиғатын, табиғатындағы болмысын сақтап, нығайтуға баса назар аударса. Тәуелсіз елдің 24 жылында ғылыми орта мектеп оқушылары мен кәсіби мектептердің, жоғары оқу орындарының студенттері үшін қазақ тілінде (әрине, бәрін ешкім жоққа шығара алмайды) сапалы оқулық жазып бере алмай келсе, кімге өкпе арта аламыз? Қазақ мектептерінің, қазақ тілінде оқытатын жоғары оқу орындарының тартымды болып қала беруі оқытушылардың жоғары біліктілігі мен мәдениетіне де тікелей байланысты. Байқап қарасаңыз, бұл салада да бар мәселелер тағы да ой-өріс, сана мәдениетімен тікелей байланысты.
Бес реформаның төртінші бөлімі – «Бірегейлік пен бірлік» тұтасымен алғанда, қоғамдық сана мен мәдениет мәселесі, өскелең ұрпақ пен аға ұрпақ арақатынасы мәселесі. Алайда ұлттық, мәдени, рухани бірегейлік пен бірлік тек осы деңгейлер теңелген жағдайда, теңдікке негізделген өзара сенім жағдайында ғана мүмкін болады. Физикалық бірегейлік рухани-мәдени санаға негізделген бірегейлікті бере алмайды.
Әңгімені еріксіз келеңсіз көріністерден бастауға тура келеді. Діни сенім еркіндігін пайдалану өлшемі бұқара арасында, әсіресе, жастар арасында шегінен тыс асып кетті. Қаптап кеткен миссионерлік пен халқымызға жат діни бірлестіктердің саяси-идеологиялық стратегиясының мәніне көпшілік үңіле бермейді. Айналасындағы адами ортадан адамгершілікке сусыны қанбаған жастар оны басқа жақтан, мистикадан, алдамшы болжамдардан іздеуді дағдыға айналдырып алды. Бірқатар діни ұйымдар мен оқу мекемелерінің о дүниенің жақсылығын насихаттауы, жердегі өмірдің мәнін екінші дүниедегі өмірдің мақсаттарына бағындыра мадақтауы әлі буыны қатпаған жүздеген жастардың өзінің жер бетіндегі өмірінің мәнін жоғалтып алуына алып келуде. Осыдан келіп, бұл өмірден өз еркімен тезірек кетіп қалуға асығушылар қатары өсіп келеді.
Жалпы алғанда, әртүрлі діни насихаттың күшімен көптеген ел азаматтарының санасында екі түрлі танымдық стандарт қалыптасты. Басқа ірі саяси ойыншыларды қойып, жақын көрші ел шіркеудің көмегімен Қазақстандағы өзінің әлеуметтік базасын күшейту саясатын ұстанады. Ал қарапайым халық болса, саяси ойыншылардың елді іштей әлсірету үшін жаппай психологияландыруға зор үміт артып отырғанын аңғара бермейді. Халықтың көзін ашуға тиісті зиялылардың елеулі бөлігі өзі адасып жүр. Сол себепті діни сенімнің қай аспектісі бірлікке қызмет етеді, ал қай аспектісі халықты, соның ішінде мемлекет құрушы ұлтты іштей ыдыратуға қызмет ететінінің басын ашып алатын уақыт келген сияқты. Жалпы, бұқараның діни сенім мәдениетін тәрбиелеп қалыптастыру – елімізді мәңгілік етудің аса маңызды алғышартының бірі.
«Менің мекенім – Кеңес Одағы», деп тіршілік еткен халықтардың 1991 жылы бір түнде 15 егемен мемлекет пайда болған сәтте әбден абыржып қалғаны белгілі. Өткен жылдар бәрін де орнына қойған сияқты. Ересек ұрпақ өткен қоғамның санадағы таңбасынан әлі біржола айыға қоймағанымен, тәуелсіз Қазақстанда тәрбиеленген көпэтносты және интеллектуалдық қабілетті жастар бүгін «Мен Қазақстан азаматымын!», «Қазақстан – менің елім!» деп кеуде қағып айта алады. Бұл – үлкен рухани, мәдени жеңіс. Бұл дегеніміз, жалпыға бірдей еңбек қоғамына енудің шешуші факторы. Алайда, осы өсіп келе жатқан әлеуметтік әлеуетті шашыратып алмау, өзіне қызығушылық тудырып отырған алыс шетелдер жетегіне жіберіп қоймау мемлекет пен қоғам алдына бірқатар жауапкершілік жүктейді. Ол дегеніміз, білім алушы және білімді жастардың тұрмыстық мәселесінің шешілуі, қабілетіне сай еңбекпен қамтамасыз етілуі, еңбегіне қарай өсу жолын қамтамасыз ету. Бұл – жастардың өз өмірін және қоршаған орта өмірін ұйымдастыруға, басқаруға кең мүмкіндік ашып, сенім білдіру деген сөз. Жастардың азаматтық көзқарасы мен әлеуметтік мәнді істерге шеберлігін өз іс тәжірибесінде қалыптастырып, есеюіне кең жол ашу.
Қоғамдық түбегейлі реформаның төртінші саласы, тұтастай алғанда, зиялы ортаның интеллектуалдық күш-қуатына, танымдық және шығармашылық өрісіне, шынайы патриоттық сезіміне, өрелі санасына есептелген. Бұл салада жаттандылыққа, немқұрайдылыққа, енжарлыққа орын жоқ. Елбасы «Мәңгілік Ел», «Менің елім», «Нұрлы Жол» бағдарламасын жасауды, оның құндылық негіздерін, идеологиялық арқауын анықтай отырып, іске асырудың нақты тетіктерін қамтамасыз етуді ғылыми және шығармашылық интеллигенция алдына қойып отыр. Кезінде Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов туған елін өрге сүйреу үшін қаншалықты қоғамдық сана мен саяси мәдениетке мән берсе, дәл қазір Қазақстан басшысының алдында дәл сондай жағдай туып тұр.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құру және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру міндеттері ел әлеуметі алдындағы мемлекеттік биліктің атқаратын рөлін және оның әлеуеттік қуаттылығын нығайта түседі. Мемлекеттік жоспарлаудың ықшамдалуы бүкіл әлеуметтік-экономикалық қозғалыстардың мақсаттылығын, оңтайлылығын және нақтылығын қамтамасыз етпек. Бүкіл басқару тетіктері осы принциптерге көшетін болады. «Ашық үкіметтің» енгізілуі ашықтықтың тетіктерін жетілдіртеді. Соның бірі жергілікті қауымдастықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік шешім қабылдауға және оның орындалуын қадағалауға кеңінен қатынасуына жол ашады.
Аудиттің және аппарат жұмысын бағалаудың жаңа жүйесі енгізілмекші. Бұл бағытта да ғылыми ортаның қосатын үлесі мол болады ғой деп сенемін. Мысалы, мен қызмет істейтін саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасында «Әлеуметтік аудиттің» ғылымы мен оны нақты істерде қолдану технологиясы жасалуда. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қолдауымен отандық іскер ортаның әлеуметтік бағдарлануы мен мәдениетіне және өңірлік әлеуметтік-экономикалық, білімді-мәдени бағдарламаға, мектеп өміріне әлеуметтік аудит жасау практикасы тәжірибеленген. Бұл бағытта кафедра ізденісін жалғастырады. Мәселе мемлекеттік жүйе жұмысының әлеумет тарапынан, азаматтық және ғылыми орта тарапынан біліктілікпен бақылануында болып отыр.
Мемлекет басшысы ұсынған бес реформалық бағыт пен оны іске асырудың айқындалған 100 қадамы Астанада өткен 8-ші халықаралық экономикалық форумда тағы бір талдау сараптамасынан өтті, мақұлданды. Жарияланған күннен бастап әр қазақстандықтың жүрегіне жол тартты. Себебі, бұл реформалардың орындалуымен Қазақстанның саяси, экономикалық әрі рухани тәуелсіздігін сақтап қалу, қазақстандық мемлекеттілікті нығайту тікелей байланысты. Елбасының осы 100 қадамы іске асырылса, халқымыздың, еліміздің алдыңғы 30 елдің қатарына көтерілетіні сөзсіз. Бұл – еліміздің дамуының нақтыланған даңғыл жолы. Сондықтан ел азаматтарының басты міндеті – жарияланған бағдарламаны бас шұлғып мақұлдау емес, санаға салып ойлану, ең алдымен өзінің осы ұлы іске, елдіктің тағдырын шешетін іске қосатын үлесін айқындау деп білеміз.
Тыныштық ҚАЛДЫБАЕВА,
әлеуметтану ғылымдарының докторы.