Григорьевка, Ефремовка, Заря, Красноармейка, Луганск, Мичурин, Рождественка, Ольгинка, Чернорецк, Черноярка, Сычевка, Розовка, Новочерноярка, Набережное, Богдановка, Березовка, Заозерное аталатын ауылдары бар Павлодар ауданының әкімдігі облыс орталығында орналасқан. Аудан қарамағына қазір 40-тай ауыл қарайды, бұл күндері осы ауылдарда 30 мыңдай халық тұрады. Ендігі мәселе неде? Осыған келейік.
2009 жылы 17 қаңтарда біз «Егемен Қазақстан» газетінде «Айтайын дегенім...» айдарымен «Орталығы жоқ аудан» деген шағын ғана ойсалар мақала жаздық. Содан бері 7 жылдай уақыт өтті. Павлодар ауданы әкімдігі әлі күнге дейін облыс орталығында, бірақ, аудан орталығын ауылға көшіру жөнінде аздаған болса да қозғалыс байқалады. Кеңес өкіметі жылдары Кенжекөл ауылы Павлодар ауданының орталығы болды. Кейіннен ауылды облыс орталығына қосып жіберді. Кезіндегі басшылар асығыс өзгеріс жасамағанда Кенжекөл ауданы болып тұрар ма еді. Кенжекөлдің де, Мойылдының да, Ленин атындағы ауыл, Павлодар ауылдарының қалаға қосылған деген аты ғана, соншалықты бір өзгеріс жасалып, басқа ауылдардан артықшылық көріп отырғаны байқалмайды. Екіншіден, Павлодар ауданының тұрғандары – ауылдықтар, яғни ауылда, ал, аудан әкімдігі басшылары – қалада, аудандық әкімдік құрылымдары облыс орталығында орналасқан, қалада қызмет етеді.
Бір облыста Павлодар қаласы, Павлодар ауданы, Павлодар ауылы бар.
Біз 14 ақпан күнгі жазған «Ауыл да, мектеп те Красноармейка атында» деген ойсалар мақаламызда Шаңды ауылының тарихын бекер қозғаған жоқпыз. Ауыл, аудан орталығының аттары дұрысталу үшін ономастика тәртібі бойынша тұрғындар жиыны, олардың пікірлері тыңдалады, дауыстары жиналады, ортақ дауыс дегендей, әрі қыруар құжат қажет екенін де білеміз.
Дегенмен, ойсалар ұсыныстардың соңы бір нәтижесін берер деп ойлаймыз. Өйткені, өмір өзгерді. Елге ел қосылуда. Қала іргесіндегі аудан деп оралман ағайындарымыз, шалғайдағы ауылдардағы отбасылары бірін-бірі сағалап келіп, жер алып, үй тұрғызуда. Ауданның жері де, құсы да, малы да жетеді. Шаруашылықтары бүкіл облысты қысы-жазы көкөніспен және картоппен қамтамасыз етеді. Азық-түлік белдеуі, облыс орталығын көкөніспен, картоппен асырап отырған аудан орталығы ауылда болуы керек.
Егер аудан орталығы, мысалы, Красноармейка ауылына көшетін болса, біріншіден, жуырда біз жазғандай, ауыл өзінің бұрынғы атауы Шаңдыны қайтарып алар еді. Я, болмаса басқа мағыналы атау таңдар еді. Ауылдарына ел тірлігіне сай қандай атау беруін тұрғындардың өздері ұсынады. Екіншіден, аудан орталығы облыс орталығына жақын, үшіншіден, үлкен жолдың үсті, Шарбақты ауданы арқылы Ресейдің аудандарына баратын халықаралық маңыздағы жолға жалғасады. Аудан орталығына ауылдардан келетін халық жолдың қиындығын көрмейді. Автобустар да әрлі-берлі жүріп жатыр.
Аудан әкімдігі бұған қуанбасақ, аудан орталығының Красноармейка ауылына көшуіне еш қарсылығымыз жоқ. Өзіңіз көргендей, жиын-кездесулердің денін қазірдің өзінде сол жерде өткізіп жүрміз, дейді аудан әкімі Нұрлан Әутәліпов.
Расында да, Нұрлан Қабыкенұлы айтқандай, бұл аудан халқының Красноармейканың аудан орталығы болатынына дайын екендіктерін білдіреді. Ауылдың өзі, орналасқан жері аудан орталығы болуға сұранып-ақ тұр. Бұл жерде «ҚазАгроИнновация» АҚ құрамындағы егіншілік және өсімдік шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ауыл шаруашылығы институты және Красноармейка атындағы агроколледж бар. Красноармейка аталатын мектептің 400-дей оқушысы бар. Колледж студенттері жатақханада тұрады. Күндізгі және сырттай оқитындарды қосқанда 540 студент оқиды. Жатақханада 150 бала тұрады. Олар мал дәрігері, агроном, ауыл шаруашылығы машина-техникаларының механигі және бүгінгі талапқа сай өз кәсіптері бағытында информатика, электронды техникаларды меңгеруде. Ал, Красноармейка агроколледжі, Красноармейка атындағы мектептің атаулары бүгінгі күн саясатына сай келмейді. Балаларымызға елдік мақсат-мүдде, патриоттық тақырыптарда тәрбие беру үшін мектептің, колледждің аты-жөндерінің мән-мағынасын дұрыстап берейік. Мәңгілік Ел, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Елбасы Жолдауларынан туындайтын отансүйгіштік мақсат, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мектеп, колледж оқытушылары мен мұғалімдерін, оқушылар мен студенттерді ойландырмағаны ма, сонда? Ауылдағы мектептің Красноармейка аталуы облыстық, аудандық білім басқармаларына мүлде ой салмағаны ма?
Қазір ауылда мешіт те бой көтерді. Жаңа пошта үйі де салынды. Осы заман үлгісіндегі емхана да тұрғызылды. Шаштараз, тігін цехтары, 12 дүкен жұмыс жасайды. 3 мыңдай халық тұрады. Жоғарыда біз жазып отырған институт, колледж, жатақхана, басқа да орындардың бәрі де нақты жұмыс орындары, ауыл түгел жұмыспен қамтылған. Әрі қала да жақын, барып-келіп қызмет жасайтындарды қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, дайын тұрған аудан орталығы. Көк қақпалы, аулалары толы ағаш, ақ шаңқан үйлері бар ауылдың үлкен жол үстіндегі кіреберісі көңіл көтереді. Ағылған көлік. Тынымсыз тіршілік. Аудан орталығының Красноармейкаға көшуі экономикалық-әлеуметтік, әлеуеттілік, рухани жағынан тиімді екенін ескеріп Үкімет назарына ұсынып, тұрғындардың өтініш тілектеріне назар салып, аудандық әкімдікті енді ауылға көшірген жөн деп ойлаймыз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы, Павлодар ауданы.