21 Тамыз, 2015

Қиындықтан сабырлылық пен төзімділік алып шығады

483 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
Бүгінде әлем экономикасы өте күрделі жағдайды бастап кешіп отыр. Оған белгілі бір дәрежеде бірқатар шикізат көздерінің құнсыздануы, атап айтқанда, мұнай бағасының құлдырауы да себепкер болуда. Бұл ахуалдың әлемдік рынокқа өз тауарларын шығаратын біздің елімізді де айналып өте алмасы анық. Осыған орай Қазақстан Үкіметі ел экономикасының одан арғы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңге бағамының еркін айналымын қамтамасыз ету сияқты нақты қадамдарға барып отыр. Бұл мәселені қалың жұртшылық қалай қабылдауда? Редакция төменде осы оқиғаға қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдірген отандастарымыздың сөздерін жариялап отыр. заставка-1   Ой. Пікір. Ұсыныс «Қазцинк» компаниясы Ұлттық банк пен Үкіметтің шешімін елдің дағдарысқа қарсы саясатындағы уақтылы және тиімді шара деп есептейді. Инфляциялық таргеттеу бойынша шешім қабылдауды кешіктіру әлемдегі экономикалық ахуал аясында отандық экспортты рубльдің құнсыздануынан өнімдері арзандап отырған ресейлік өндірушілермен тең емес жағдайға қояр еді. Экспортқа бағдарланған компаниялар бұл жағдайды теңестіруді қамтамасыз ететіндіктен аталған экономикалық шараны толық қолдайды. Осылайша, біздің өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігі артады, оған қосымша сыртқы рыноктардағы табыс молаяды. «Қазцинк» компаниясы кәсіпорындағы әлеуметтік жобалар бойынша өз міндеттемелерін орындауды одан әрі жалғастырады. Алынған табыс өндіріс пен персоналды қысқартпауға жағдай жасайды. Александр ХМЕЛЕВ, «Қазцинк» ЖШС бас директоры. «ҚазАзот» ЖШС компаниясы бүгін Үкімет жариялаған шешімдерді толық қолдайды. Бұлар өте уақтылы және дұрыс шешімдер. Бүгінде әлемдік экономика рецессия сатысында тұр, әлемнің жетекші экономикаларында экономикалық өсу қарқыны төмендеуде, сондай-ақ, шикізат пен тауарлы рыноктарда әлемдік бағалардың құлдырауы жалғасуда. Біздің кәсіпорын Қазақстанда азотты минералды тыңайтқыштар өндіретін бірден-бір кәсіпорын болып табылады. Қазіргі уақытта ішкі рынокқа өнімнің 60 пайызы жеткізіледі. Өндірілетін өнімнің 40 пайыздан астамы таяу және алыс шетелдерге экспортқа шығарылады. Рубль бағамының құлауына байланысты біздің алдымызда Қазақстанға селитра мен аммиак импорты үлесін ұлғайту проблемасы туындады. Бүгінде біздің өнімдеріміз ресейлік ұқсас өнімдермен салыстырғанда бәсекеге қабілетті емес, қазақстандық тұтынушылар баға айырмашылығына байланысты сырттан әкелінетін импорттық өнімге басымдық береді. Осылайша, баға айырмашылығына байланысты біз импорттық өнімді ысырып шығаруға қауқарсызбыз. Сондықтан, біз бүгін айтылған шараларды толық қолдаймыз. Олардың біз ұшырасқан қиындықтарды еңсеруге жағдай жасайтынына сеніміміз мол. Біз бүгін айтылған шаралар кешенін жүзеге асыруды бұрында және бірнеше рет сұраған болатынбыз. Соңғы кездері ахуал мейлінше күрделене түсті. Өз кезегінде біздің компания жұмыс орындарын сақтау, кәсіпорын қызметшілерінің еңбекақыларын қысқартуға жол бермеу және еңбекшілер алдындағы барлық міндетті әлеуметтік кепілдіктерді орындау жөніндегі Мемлекет басшысының үндеуін толық қолдайды. Оның сыртында біз барлық қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсетуде қосымша шаралар қабыл­даймыз, біздің кәсіпорын барлық қажетті әлеу­меттік кепілдіктерді орындауға ұмтылатын болады. Тахмина НҰҒМАНОВА, «ҚазАзот» ЖШС бас директорының орынбасары. Автомобиль саласы кәсіпорындары аты­нан ағымдағы эконо­микалық жағдайда теңге бағамын түзету жө­нінде қабылданған шаралардың маңыз­ды­лығын атап көрсетемін. Егер бұл шаралар бұдан да бұрынырақ қа­былданғанда біздің өндірісшілеріміздің шы­ғындары айтарлықтай азырақ болар еді. Мысал үшін, бүгінде біздің қоймаларда 29 мыңнан астам автомобиль тұр. Біздің көршілеріміз өз валюталарын күрт әлсіреткен кезде ол машиналардың бәрі бәсекеге қабілетсіз болып шықты. Ресей рублінің айтарлықтай құнсыздануы Ре­сей­ден автомашина импортының бұрын-соңды бол­маған дәрежеде өсуіне соқтырғаны баршаға мәлім. Үсті­міздегі жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Ресей­ден тіркеу есебіне 170 мыңнан астам автомобиль жеткізілді. Осының салдарынан біздің сала бүгінде өте ауыр экономикалық ахуалда тұр. Теңге бағамына түзету енгізу біздің компа­ния­ларымызға ресейліктермен және бүтіндей шетелдің автоөндірісімен бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Біз барлық қабылданған әлеуметтік міндет­темелерді сақтап қана қоймай, сонымен бірге, жаңа ақша-несие саясаты режімі жағдайында әлеумет­тік төлемдерді ұлғайту үшін бүкіл күш-жігерді жұмсайтын боламыз. Андрей ЛАВРЕНЬЕВ, «AllurGroup»  автомобиль компаниялары тобының президенті, директорлар кеңесінің мүшесі. заставка-2   Әлімжан ҚҰРТАЕВ, «Оңтүстік Құрылыс-Сервис» ЖШС директоры:

Жаңаша ойлау машығын игерген дұрыс

– Біздің компания жеке үй салып жатыр, деп бастады әңгімесін ЖШС директоры. – Негізгі құрылыс материалдары бетон, темір-бетон сияқты заттар өз кәсіпорынымызда дайындалады. Қолжетімді тұрғын-үй салу мақсатында мемлекеттен үлкен көлемде теңгемен несие алғанбыз. Бүгінде несиемізді жартылай жаптық. Доллардың аяқ астынан еркін айналымға түскендігі халықтан бөлек барлық кәсіпкерлерді қатты ойландырып тастады. – Несиені теңгемен алып дұрыс жасапсыздар. Үй са­луға қажетті құрылыс мате­риалдарының біразы шетелдерден тасымалданады. Ендігі ахуал қалай болмақ? – Біздің Ресей және Қытай мемлекеттерінде әріптестеріміз бар. Ал олардан құрылыс материалдарын алғанда теңгемен есептесе алмайсың. Қазір оларда да жағдай мәз емес. Елбасы біздің негізгі серіктестеріміз Ресей мен Қытай тарапынан сұраныстың азаюынан Қазақстан өнімдерін өткізу нарығының аясы тарыла түседі деді ғой. Біз салып жатқан тұрғын үйіміздің шаршы метрін 900 доллардан белгілегенбіз. Бұрынғы жағдайда қолжетімді баға еді, енді теңгенің әлсіреуіне байланысты үй құны көтеріледі. Біз Қазақстанның азаматымыз, халық күйзеліп жатқанда қарпып қалайық деген қарау ниет қанымызда жоқ. Бірақ, банкротқа ұшырамаудың жолын да ойластыруымыз керек. Былай айтқанда, өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын кезең туды. – Әлемді қамтыған дағда­­рыстың Қазақстанды айналып өтпейтіндігі белгілі. Мұның ауыр салдарын Елбасы: «Бұл жолғы дағдарыс – іс жүзінде Қа­зақстанның барлық өнер­кәсіптік кәсіпорындарын қам­титын секторалдық дағдарыс», деп атап көрсетті. 160-тан астам адамға жұмыс тауып беріп отыр­ған үлкен кәсіпорын­ның бас­шысысыз. Халық қайтпек керек? – Ресей бір емес екі рет доллар бағамын еркіне жібергенде Қазақстан Үкіметі елдің жағдайын ойлап қолдағы бар қаржымен мейлінше ұстап отыруға тырыс­ты. Ал неге солай ұстап отыра бермейсің деу – өз мемлекетіңе кедейлік қамытын кигізіп, қиындату деген сөз. Мұны қиын да болса халқымыз терең түсінуі керек. Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз. Біз екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі халықтың қиыншылықта өмір сүргенінің шет жағасын көрген ұрпақпыз. Қазақ 1932 жылдары аштан қырылғанда нан тауып жей алмай аштан өлуге айналған әйел дорба толы асыл заттарын «алтын-күміс тас екен, арпа бидай ас екен» деп суға лақтырғанын әке-шешемізден естіп өстік. Құдайға шүкір, ел аман, мемлекетіміз мықты, несібесіз емеспіз. Тәубе керек. Теңге еркін айналымға кеткенімен Елбасы министрлерге Қазақстанның ішкі экономикасын әлсіретпеуді тапсырды. Өндіріс орындарын қолдау, шағын және орта кәсіпті мемлекеттік ынталандыру жалғасып жатыр. Шикізатқа бағаның төмендеуі бес-алты жылға дейін сақталады дейді сарапшылар. Бұл – ұзақ мерзім емес. Мұндай жағдайда азаматтарымыз сарыуайымға салынбай жаңаша жұмыс жасауы керек деп ойлаймын. Қиын болары сөзсіз. Бірақ алдағы жақсы күндерге жету үшін Елбасымыздың төңірегіне топтасып, бәсекелестікті нығайтып, жаңа реформалардың жүзеге асуына атсалысуымыз керек. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.

Психологиялық жағынан тас-түйін дайындық керек

Теңгенің еркіндікке жіберілуіне байланысты «Фармация» акционерлік қоғамының төрағасы Рашид НАДИРОВПЕН жедел сұхбат жүргізген едік – Рашид Надирұлы, Үкімет пен Ұлттық банктің теңге баға­мын еркін айналымға жіберу жөніндегі шешімін жұртшылық әрқилы қабылдап отыр. Бұл жөнінде сіз не айтар едіңіз? – Сауалыңызға орай Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовтің 19 тамызда сатып алу-сату бағамын түзеткені үшін айырбас пункттерін жазалауға уәде бергені есіме түсіп отыр. Қарақан басының ғана қамын ойлап, күйттейтіндердің мұндай өрескел іс-әрекеттері ел ішіне неше түрлі қауесет таратып, алатайдай бүлдіретіні анық. Ақпараттың құпия ұсталуының орнына жайылып кетуінде осындай гәп жатыр. Әсіресе, инфрақұрылым агенттері тәулік ішінде сатып алу-сату бағамын ауыстыруға құқығы жоғын біле тұра, заң бұзушылыққа қасақана баруы салдарынан дүрлігулер мен жайсыздықтардың орын алып жататыны өкінішті-ақ. Ұлттық банктің жергілікті филиалы мамандарымен хабарласқанымда сатып алу-сату бағамын негізсіз ауыстыру фактілері тіркелмегенін, сатылымда доллардың жеткілікті қоры барын мәлімдеді. Меніңше, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, жаңа ақшалай-несиелік саясаттың бірқалыпты, кезең-кезеңмен іске асса, қобал­жуға, дүрлігуге еш жол берілмесі анық. Екіншіден, теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі мен құнсызданудың аражігін ажыратып алу керек. Өйткені, жұртшылық Үкіметтің бұл ше­шімін басқаша ұғынып, ада­сушылыққа бой алдырып жүр. Эмоциялық көңіл күйге берілген адамның ақылдан, сабырдан айырылып, әркімнің жетегінде кетіп қалуы оп-оңай. Қазақстан халықаралық қоғам­дастықтың бір бөлшегі бол­ғандықтан, бірыңғай экономи­калық кеңістіктен томаға-тұйық болуы мүмкін емес. Алда ел эко­номикасына ықпал етудің теріс фактілері сақталуы ықтимал. Жағдайдың қашан түзеле­рін ешкім болжап білмейді. Мұнай баррелінің 30-40 доллар деңгей­індегі бағамына қалай бейімделу керек деген мәселе Үкіметтің валюталық саясат шараларының басты ұстанымы болуы тиіс. Өйткені, сарапшылар әлемдік нарық ахуалы күрделене түсетінін айтып отыр. Сондықтан да, психологиялық жағынан тас-түйін дайындық көп нәрсені шешері сөзсіз. Тығырықтан шығу жолдарын Үкімет пен жергілікті билік ор­гандары талмай қарастыруы қажет. Әсіресе, күнделікті тұты­натын азық-түлік тағамдары мен қызметтер бағасының негіз­сіз көтерілмеуі, әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған топтарға қамқорлықтың күшейтілуі шарт. Атаулы көмектер беру, арнайы штабтар құру бірлескен мораторийлер қабылдау тәжірибелерін кеңінен пайдалану керек. Теңге бағамының еркін қоз­ғалыс режіміне амалсыз көш­сек те, бұл процеске ұзақ уа­қыт дайындық шаралары эконо­ми­калық құрылымымызды әлсірет­пейді, халықтың тұрмысын тө­мен­дет­пейді деген сенімдерге жетелейді. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.

Абыржуға негіз жоқ

Әлемдік экономикада өз­герістер болып тұратыны қа­шаннан белгілі. Біз өзге елдермен экономикалық байланыста болғаннан соң оны сезінетініміз де шындық. Мұнай бағасы төмендеп, теңгенің АҚШ долларына, Ресей рубліне шаққандағы бағамы арзандағаны да біраз қиындықтар туындатуда. Дегенмен, біз осындай дағдарыстар мен күрделі кезеңдерді еңсеріп келеміз. Біздің серіктестік ауыл шаруашылығы ыдырап, тарап жатқанда да ешқандай әбі­гершілікке бой алдырмай, тура бағытын анықтаған-ды. Бұған шаруашылықтың саланы қайта құрудың барлық өткелектерінен сәтті өтіп, нарықтық қатынастарға тоғы тарқамай түсуі де ықпал еткені сөзсіз. Біздің өңір жағдайында егіншілік ауыл шаруашылығының кірпияз саласы болып табылады. Егіншіліктің тәуекел аймағына орналасқандықтан бұл салаға ғылыми жаңалықтарды, озық технологияны енгізбесе, өнімділігі жоғары техникаларды пайдаланбаса қайтарым беруі екіталай. Сондай-ақ, ала жаздай алашапқын болып өсірген астығыңды дайын өнімдерге айналдырмай шикізат күйінде өткізу де тиімсіз. Біздің шаруашылықтың 40 мың гектарға дейін егіс салуға мүмкіндігі бар. Алайда, көлем қуатын кез емес. Сондықтан, агротехникалық талаптарды сақтай отырып, мейлінше жоғары өнім алынады-ау деген алқаптарды игеруге бағыт ұсталуда. Жалпы, серіктестік егін алқабында бидайдың қатты сорттарын өсіруге басымдық беріп келеді. Ол бидайдың жұмсақ сорты­на қарағанда, нарықта жоғары сұранысқа ие. Осыншама астықты өңдеу қажет болғанда Чехияның «Прокоп» диірмен кешеніне таңдау түсті. Жоғары технологиялдарды орнатуға, сол фирмамен есеп айырысуға тура үш жыл кетті. Дегенмен, бұл өзін ақтады. Диірмен кешені тәулігіне 50 тонна ұн тартады. Астықты ұндай өткізу өз қайтарымын берді. Пайданың көзі өңделген өнімде екенін түсіндік. Шаруашылықта макарон цехын, Бадамшада тәуліктік қуаты 3 тонна наубайхананы іске қостық. Ақтөбе қаласында нан-бөлке шы­ғаратын жоғары технологиялы «Атамекен» нан зауыты пай­да­лануға берілді. Оған Италия қон­дырғысы орнатылған, бәрі автоматты жүйемен басқарылады. Жылына 17 мың тонна өнім өнді­ретін «Атамекеннің» нан-бөлке бұйым­дарына сұраныс жоғары әрі өзгелерге қарағанда арзан. Өз кезегінде аудан орталығын­дағы нау­байхана мен Ақтөбе қала­сындағы нан зауыты нан бағасын тұрақ­тандыруға елеулі үлес қосудамыз. Ауыл шаруашылығы құры­лымдарына бірінші репродукциялы сапалы элита тұқымдық астығын сатып, пайда көзін толықтырудамыз. Егіншілікте ылғал сақтағыш технологияны енгізуге байланысты өнімділігі жоғары жаңа техникалар сатып алдық. Осы заманғы өнімділігі жоғары АҚШ-тың, Канаданың үш «FLEXICOIL STX-425», Кана­даның бір «John Deere-1830» маркалы егіс кешендері бір мезгілде тұ­қым себеді, тырмалайды, нығыз­дайды және тыңайт­қыш енгізеді, еңбек өнімділігін арт­тыра түседі. Қазақстан ынтымағы мен бірлігінің арқасында үлкен белес­терді алып келеді, дү­ниежүзілік сауда ұйымына кірге­німіздің өзі экономикалық тұ­ғырымызды бекіте түседі. Біз­дің шаруашылық Ресейдің көршілес өңірлерімен тығыз байла­ныста. Біз еңбеккерлерімізге еңбекақысын уақытында беріп, әлеуметтік қолдауды жал­ғас­тырып келеміз. Бүгінгі қиын­шылықтар да өтпелі деп ойлаймын. Оны Елбасының өзі жасырмай айтып, жақсы түсіндірді. Біз осындай қиындықтар арқылы шынығып,ширығып өсуіміз керек деп ойлаймын. Аманғос Төлеуов, «Степное» ЖШС директоры. Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы.

Дер кезінде қабылданған шешім

АҚШ долларының бағамы бір күнде өсіп кетті. Бұған не себеп? Алдағы уақытта бұдан залал шекпейміз бе? Өндіріс пен өнеркәсіпке әсері қандай? Қарапайым халықтың қалтасына артық салмақ түспей ме? Бүгінде жұртшылықты осындай сауалдардың мазалайтыны анық. Осы сұрақтарды біз Ұлттық банктің Қызылорда облыстық филиалының директоры Ернар ЖҰМАБЕКОВКЕ қойдық. – Өзіңізге белгілі, кеше Үкімет пен Ұлттық банк бірігіп брифинг өткізді. Басты тақырып – Қазақстанның жаңа экономикалық саясатқа көшу жағдайы болды. Біз осыған дейінгі валюталық дәліз жүйесінен шығып, инфляциялық таргеттеу тәртібіне негізделген жаңа кредиттік-қаражат саясатын жүзеге асыруды бастаймыз. Сол бойынша теңге еркін жылжитын айыру бағамына көшеді. Ендігі жерде валютаның бағамын Ұлттық банк емес, нарық­тың өзі реттеп отырады. Бұл біз ашып отырған жаңалық емес. Да­­мыған елдердің барлығы осы жолдан өткен. Мұндай жағдай­да валю­таның бағамы басты нәрсе болып саналмайды. Ең басты мәселе – бағалардың тұрақтылығы. – Жаңа экономикалық сая­сатқа көшудің себебі неде? – Бұл бір күнде қабылданған шешім емес. Экономикалық саясаттың жаңа жүйесіне көшуге Ұлттық банк бірнеше жыл бойы дайындалды. Дегенмен, әлемдік нарықтағы жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты аталған жұмыс тезірек жүзеге асып жа­тыр. Мұндай жүйеге Ресей Федерациясы көшіп кетті. Оның сыртында алпауыт мемлекет саналатын Қытайдың өзінде экономикалық өсімнің саябырсуы байқалады. Ал біздің алыс-беріс, барыс-келіс жағдайымыз аталған екі елмен тығыз байланысты. Негізгі экономикалық қарым-қатынасымыз Қытай және Ресеймен болғандықтан біздің жаңа экономикалық саясатты кезек күттірмей атқаруымызға тура келді. Және бұл дер кезінде қабылданған шешім деген ойдамын. Әрине, алғашқыда біршама қиындықтар болады. Дегенмен, болашақта біз бұл жүйенің пайдасын көреміз. – Мысалы, мұның қандай пайдасы болуы мүмкін? – Ең алдымен, біздегі өнер­кәсіп саласының бәсекеге қабі­леттілігі артады. Мәселен, ауыл­шаруашылық саласын алайық. Аталған салада біздің басты бә­секелесіміз Ресей мен Қырғыз­стан болып есептеледі. Енді қараңыз, егер валюта бағамы біз­де бұрынғыдай тұра берсе, онда біздің базардағы баға да қымбат күйін сақтап қалады. Есесіне Ресей мен Қырғызстанда баға арзандайды. Өйткені, оларда валютаның құлдырауы бар. Мұндай жағдайда ет, күріш, бидай, тағы басқа ауылшаруашылық тауарларын Қазақстаннан сатып алғанша, Ресейге немесе Қырғызстанға барып сатып әкелген оңай болады. Бұл дегеніңіз біздің өнеркәсіпті қолмен құлатумен тең деген сөз. Заттың бәрін арзан деп сырттан әкеле берсек, онда өзіміздің тауарлар өтпей, ақыр соңы оны өндіретін компаниялар шығынға ұшырап, банкротқа ұшырайды. Ал жаңа экономикалық саясат жағдайында барлық мемлекеттердегі бағалар бір қалыпта тұрады. Өз тауар­ өндірушілерімізді шығынға ұшыратпай, аман ұстап тұрудың өзі үлкен пайда деп ойлаймын. Егер біздің кәсіпкерлер жұмысын одан сайын жандандыра түсетін болса, онда Ресей нарығына еркін шыға алады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғанымыздың негізгі себебі де осы емес пе?! Сосын тағы бір мәселені ескеруіміз керек. Біз айлықты, салықты, түрлі әлеуметтік көмектерді доллармен төлемейміз ғой. Барлық қаржы­лық қатынастар теңгемен жасалады. Сондықтан, доллар бағамы­ның көтерілуі немесе төмендеуі теңгенің құнсыздануына әкеліп соқпайды. – Дегенмен, халық доллар­дың бағасына қарап нарықты бағамдайды ғой... – Біз Қазақстанда тұрамыз. Өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміз бар. Осында жұмыс істейміз. Тұрмыс кешеміз. Табысымызды доллармен емес, өзіміздің ұлттық валютамыз теңгемен табамыз. Енді неге біз доллардың бағамына бағынышты болуымыз керек? Осының өзі дұрыс емес. Сондықтан, адамдардың ой-санасындағы долларға деген түсінікті өзгертетін кез келді. – Ал енді жаңа жүйе қара­па­й­ым халыққа қалай әсер етпек? – Күнделікті тұрмысқа қажет­ті тауарлардың бағасы қатаң бақылауда болады. Оның үстіне, азық-түлік өнімдерін, киім-кешекті, тіпті кеңсе тауарларына дейін өзімізде өндірушілер бар. Ал олардың бағаны бірден өсіріп жіберуге ешқандай негізі жоқ. Бұл ретте, алыпсатарлардың пайда табу жолында бағаға өзгерістер жасауы мүмкін. Дегенмен, оның өзін бақылауға болады. Жалпы, бір жыл бойына инфляцияның өсу болжамы 5-6 пайызды ғана құрайды. Сондықтан, қарапайым халықтың да қалтасына артық салмақ түспейді деген сенімдемін. Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.

Шыдауға, төтеп беруге бекініп отырмыз

Әлемдік экономикадағы шырғалаңның біздің еліміздің экономикалық, сол арқылы әлеуметтік ахуалына өз әсерін тигізетіні анық. Алып елдер арасындағы қырғи-қабақ текетірес, салынған түрлі санкциялар қыспағы мен көрші елдер валюталарындағы тұрақсыздық Қазақстанның нарықтағы ырғағына өз ықпалын тигізе де бастады. Қазіргі таңда туындаған доллар бағамының көтерілуі мен теңгенің еркіндікке жіберілуін жұртшылық қалай қабылдауда? Осы мақсатта Ақтау қаласындағы  «Пожстройсервис» ЖШС директоры,  «Самур» лезгин этномәдени бірлестігінің төрағасы   Гаджы СЕЛИМОВПЕН  жолыққан едік. – Гаджы Назаралыұлы, елімізде қаржылық ахуалға қатысты орын алып отырған жағдайды қалай бағамдайсыз? – Сөзімді былай бастайын. Ең бастысы – еліміз тыныш, ішкі бірлігіміз бекем. Бізде орын алып отырған мұндай жағдайлар – сыртқы ортаның әсері. Сіз бен бізді толғандыратын, нақтырақ айтсам, мазалайтын да осы мәселе. Қазақстан – жер бетіндегі сан мыңдаған елдердің бірі болғандықтан, олармен нарық алаңында, экономикалық қарым-қатынаста болатыны белгілі. Сондықтан, басқа елдерде орын алатын жаманды-жақсылы жағдайлардың бірқатары бізге үлкенді-кішілі әсерін тигізіп өтеді. Мен дәл қазіргі таңда орын алып отырған қаржылық ахуал мен оның әлеуметтік-экономикалық болуы ықтимал әсеріне осы тұрғыда қараймын. – Демек, ішкі тыныштық бізді сабырлы болуға шақырады дейсіз ғой. – Иә, дүрлігудің, абыржудың қажеті шамалы. Доллар баға­мы­ның көтерілуі, мұнай, металл бағаларының төмендеуі, экс­порт мәселесі көкжиегінің күң­гірттенуі, ұлттық төл валю­тамыз – теңгенің еркіндікке жібе­рілуі қазақстандықтарды біраз алаңдатып отыр. Әсіресе, «екпіні түйе емес, тау қопарғандай дағдарыс орын ала ма?» деп сес­кену бар. Қазір дағдарыспен бет­пе-бет келіп тұрғанымыз жоқ, сабыр етейік. Ал бола қал­ған жағдайда, бұған дейін де өзіндік екпіні бар бірқатар экономи­калық қиындықты көрген кезде­ріміз болды, демек тәжірибе бар. Ел тізгінін қолына алған азамат­тардың ұтымды жол бас­тауы, қиын­дықты еңсерудегі табанды­лығы арқасында одан қисайсақ та сынбай шыққанбыз. Бұл да бір өткінші сын деп ойлаймын және іс басындағы азаматтарға сенім мол. Әрине, экономикасы енді аяқтан тұрып, өзінің мүмкіндігіне қарай түрлі алып жобаларды алдына қойып отырған елімізге бұл жағдайдың оңай соқпасы анық. Әйтсе де біз сабырлылық, шыдамдылық танытумыз қажет. – Сіз айтып отырған сабыр, шыдамдылықпен бірге, қандай жағдайда да өндірісті тұралатпау мәселесі де аса маңызды деп ойлаймыз. – Әлемдік экономикадағы жағдайдың шатқаяқтауы салдарынан мұнай, металл өнім­де­рінің шетелдік нарықтағы бағасы төмендеп кетті. Бұлар біздің еліміздің сыртқа экспорттайтын негізгі өнімдері ғой. Бұл жағдай да ел экономикасына өз әсерін тигізді. Осы мәселелер бізге әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ұқтырды. Ел Үкіметі мен Ұлттық банк 2015 жылдың 20 тамызынан бастап жаңа ақша-несие саясатын іске асыруға кірісу туралы шешім қабылдады. Аталмыш шешімнен біз экономика өсіміне, жаңа жұмыс орындарының құ­рылуына, инфляцияның төмен­деуіне қол жеткіземіз. Жеке кәсіпкер болғандықтан, біздің де кә­сібімізге ықпалы болады деп ойлаймын, неде болса көруге және тек көріп қана қоймай, шыдауға, жеңіп шығуға бекемденіп отырмыз. «Сабыр түбі – сары алтын», дейді ғой қа­зақ халқы. Осы сабырлылық біз­дің сенімді серігіміз болуы тиіс. – Рахмет, іске сәт! Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.

Бәрімізге сын болғалы тұр

Соңғы жылдары конденсатор өнімдеріне сұраныс айтарлық­тай төмендеді. Оған әлемдік нарықтағы түрлі жағдайлар әсер етіп отыр. Осыған дейін біздің өніміміздің 70 пайызға жуығы Ресейге тасымалданатын. Одан кейінгі орындарда Беларусь, Украина елдері, еліміздің ішкі нарығы тұр. Кейінгі кездердегі рубль курсының құлауына байланысты кәсіпорынның курстық айырмашылық бойын­ша шығыстары өткен жылы 109,5 млн. теңгені құраған болатын. Биыл алғашқы жарты­жылдықта былтырғы баламалы уақытпен салыстырған­да­ғы табыс көлемінің төмендеуі 285 млн. теңгеге тең болды. Өнім бағасының Ресей Федерациясының нарығында бәсекеге қабілеттілігі азайды. Бұл 2015 жылдың алғашқы 6 айында шығарылған өнімді сату деңгейінің төмендеуіне байланысты болып отыр. Яғни, 2014 жылдың баламалы уақытымен салыстырғанда өнімді сату деңгейі 60 пайызға дейін төмендеді. Сондықтан, кәсіпорын өндірісін тұрақтандыру және шығыстарды мейлінше азайту үшін мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуы тиіс. Біріншіден, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы­ның үшінші бағыты бойынша кәсіпкерлердің төлейтін қайтарым қаржысының үстемесін 6 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетуді ұсынамын. «KAZNEX INVEST» АҚ және «Жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ бағдарламасы бойынша экспортты көтеру шығындарының 50 пайызын субсидиялау­ды жалғастыру, экспорттың көліктік шығындарының бөлігін өтеу бағытын кеңейту, электр қуатына жұмсалатын шығынның 50 пайызға дейін орнын толтыру, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС-ның конденсатор құралдарын еліміздегі ұлттық компаниялардың кепілді сатып алуын қамтамасыз ету, 100-500 кВТ кернеу класындағы желілерге арналған трансформаторлар түрін орнату жобасына инновация­лық грант бөлу, рубль курсы­ның төмендеуіне байла­нысты кәсіпорынның шығындарын жабу сынды кешенді шаралар қолға алынып, қолдау көрсетілсе құба-құп. Елбасы индустриялық-инно­вациялық қызмет көрсету саласын ұлғайтуды және өсім мүмкіндіктерін табуды қажет ететін жаңа жағдайға бейімделуді тапсырды. Сол себепті, ішкі және сыртқы экономикалық әсерлерден жол тауып шығуды  қарастыратын боламыз. Владимир АКСЕНЕВ, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС бас директоры. Шығыс Қазақстан облысы. заставка-3

Ой. Пікір. Ұсыныс

«Қазақстанның Ма­шина жасаушылар ода­ғы» ЗТБ Үкімет пен Ұлт­тық банктің жаңа эко­номикалық сая­сат­қа көшу бойын­ша қабыл­даған шара­ла­ры­ның маңызды екенін қол­дай­ды және атап көрсетеді. Бұл, ең алдымен, әлемдік экономикадағы және ішкі валюта рыно­гындағы ахуалға сәйкес айырбас бағамын өзгерту. Бұл уақтылы және қажетті шаралар. Тек машина жасаушылар ғана емес, сонымен бірге, барлық отандық кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін қарапайым қазақстандықтардың бұл шешімге қолдау көрсететініне сенімдімін. Олар біздің экономика үшін қажет. Олар біз үшін қажет. Олар біздің соққыға төтеп беруімізге көмектеседі, оның сыртында дұрыс көзқарас болған жағдайда нығайып және жаңа тәжірибе жинақтап, тың көкжиектерге шығуымызға жағдай жасайды. Теңге бағамына түзетулер енгізу біздің ком­панияларымыздың ресейлік және бүтіндей шетелдің автоөнеркәсібімен бәсекеге түсуімізге мүмкіндік туғызады. Біз қабылданған барлық әлеуметтік міндет­темелерімізді сақтап қана қоймай, сонымен бірге, әлеуметтік төлемдерді ұлғайту үшін де барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Біз түрлі сынақтардан талай рет өттік, бұл сынақтан да өтерімізге сенім мол. Мұндай уақытта керегі сол, білек сыбанып, бұрынғыдан да бетер қажырлылықпен еңбек ету қажет. Мейрам ПІШЕМБАЕВ, «Қазақстанның Машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы. Аккумуляторлық батареялар шығарушы болып табылатын «Қайнар АКБ» ЖШС жаңа ақша-несие саясаты режімін енгізу жөніндегі Қа­зақ­стан Үкіметі мен Ұлттық банкінің шараларын толықтай қолдайды. Біз мұның бизнесті және бүтіндей алғанда, отандық экономиканы қолдау үшін маңызды екенін түсінеміз. Ресей мен Қытайдың көршілес алып рыноктарында өз тауар өндірушілеріне қолдау көрсету үшін рубль мен юаньның девальвациясы жүргізілді, оның өзі бізді олардың аккумуляторлар өндірушілерімен тең емес жағдайға қойды. Жаңа ақша-кредит саясаты режімі мен қабылданған шаралар біздің өнімдерімізге бағаны төмендетуге жағдай жасайды, ал ол бізге отандық және шетелдік компаниялармен тең бәсекелес болуға көмектеседі. Бүгінде қазақстандық рыноктағы барлық шетелдік аккумуляторлар маркалары бәсекелестік күреске бағытталған, қазір бағамға түзетулер енгізілуіне байланысты өздерінің жоғары бағалары жағдайында олардың өнімдері одан да бетер  қымбаттай түседі. Біздің зауытымыз – қала құраушы кәсіпорындардың бірі. Біздің жағдайымыздың жақсаруы бізге Талдықорған қаласы тұрғындарын қолдау жөніндегі әлеуметтік саясатты жүргізуге көмектеседі. Қабылданған шаралар бизнестің жағдайын жақсартуға, табысты ұлғайтуға жағдай жасайды. Осылайша, біздің зауытымыз әлеуметтік даму міндеттерін орындап шығатын болады! Қуаныш ӘЖМАҒАМБЕТОВ, «Қайнар АКБ» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы. Біз, бизнес өкілдері ретінде Ұлттық банк пен Үкіметтің шешімін қолдаймыз. Бүгінгі күні «Белкамит» ЖШС мұнай-газ саласы секторында өнімдердің кең ауқымды номенклатурасын жобалауды және дайындауды жүзеге асырады. Зауыттың өндірістік қуаты шамамен 2 500 тонна сыйымдылық жабдықтарды және 15 мың тоннадай металл құрылғыларын құрайды. Біздің өнімдеріміз ішкі рыноктың мұқ­та­­жына да, сол сияқ­ты­­ экс­портқа да бағ­дар­лан­ған. Ресей рублі мен Қытай юанының құнсыздануы, ал олар өңірдегі ең ірі импорттаушылар, біздің өнімімізді тіпті елдің ішінде де бәсекеге қабілетсіз етті. Шетелдік өндірісшілердің белсенді демпингтік саясаты бізді отандық рыноктан ысырып шығарды. Мұндай жағдайда экспорттық өнім жеткізу туралы айтуға да мүмкін болған жоқ. Бұл жағдай бізді жұмыс істеп тұрған өндірістер мен жұмыс орындарын қысқарту туралы ойлануға мәжбүрледі. Бірақ Ұлттық банк пен Үкімет қабылдаған шешім отандық бизнеске, соның ішінде, бізге де өз өнімдерімізді бәсекеге қабілетті етуге, экспорттық табысты ұлғайтуға жағдай жасайтын болады. Біз өз қызметшілеріміз алдында әлеуметтік жауапкершілікте екенімізді түсінеміз. Сондықтан, қазір барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалатынын толық сеніммен айта аламыз. Біздің кәсіпорын басшысы қазірдің өзінде қызметшілердің еңбекақыларын 10 пайызға ұлғайту жөнінде шешім қабылдады, ал олар 500-ден астам қызметшілер. Павел БЕКЛЕМИШЕВ, «Белкамит» ЖШС бас директоры. «Каустик» зауыты каустикалық сода, натрий гиплохлориті және тұз қышқылын өндірумен айналысады. Бұрын бұл өнімдерді қазақстандық рынокқа жеткізуші Ресейден, Өзбекстаннан және Қытайдан келетін импорт болып табылатын. 2011 жылы біздің кәсіпорын ашылғаннан кейін біз Қазақстанның ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз еттік және сыртқы рыноктарға да шыға бастадық. Мен жаңа экономикалық саясатқа және жаңа ақша-кредит саясаты режіміне көшу туралы шешімнің өте уақтылы екендігі туралы және көптеген жағдайда ресейлік, қытайлық және басқа да ұқсас химиялық кәсіпорындармен адал бәсекелес күрес жүргізуді жеңілдетеді деген қазақстандық әріптестерімді толық қолдаймын. Бұрын рубльдің құнсыздануына байланысты ресейлік бәсекелестер өз тауарларын біздің тауарлардан 30 және одан да артық пайызға арзан бағамен жеткізіп отырды. Ал ол бізді мейлінше қиын жағдайға апарып тіреді. Айырбас бағамын өзгерту біздің өнімдеріміздің өндірістік өзіндік құнын төмендетеді, қазірдің өзінде біз Қазақстанның химиялық өнімдер рыногындағы көшбасшы позициямызды қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен бірге, белгілі бір дәрежеде экспортқа бағдар ұстанған өндіруші бола алатынымызды сеніммен айта аламын. Атап айтқанда, қазіргі бар қуаттарды ұлғайтып, сонымен бірге, уран өндіру мен өңдеуде пайдаланылатын сутегі тотығы және сирек кездесетін металдар мен реагенттер өндірісі үшін хлор өндірісін іске қоспақпыз. Оның сыртында ауыз суды тазарту және дезинфекциялау үшін реагенттер өндірісін ашуды жоспарлап отырмыз. Осылардың арқасында біздің зауытымызда жұмыс орындары сақталып қана қоймай, сонымен бірге, жаңа орындар да ашылады. Теңгелік табыстан алынған пайданы біз еңбек ұжымының әлеуметтік міндеттерін шешуге бағыттайтын боламыз. Персонал қысқармайтын болады. Еңбекақы да қысқармайды, керісінше, біз еңбекақыны 10 пайызға өсірмекпіз. Ерлан ОРЫНБЕКОВ, «Каустик» АҚ басқарма төрағасы.