30 Маусым, 2015

Астанада зорлық экстремизмге қарсы өңірлік конференция жұмысын бастады

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
30-06-2015-konf 01АСТАНА. 30 маусым. Кеше елордада Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің зорлық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференциясы өз жұмысын бастады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Оның жұмысына 24 елден келген делегациялар, АҚШ, Еуроодақ және Ресейдің уәкілетті органдарының жетекшілері, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы жетекші сарапшылар қатысуда. Конференцияны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев ашты. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі Кеден-шекара қызметінің жетекшісі Гил Керликовски басқосуға қатысушыларға құттықтау сөз арнады. Сондай-ақ, Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Нұрлан Ермекбаев және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Нұртай Әбіқаев сөз сөйледі. Астанадағы конференция ағымдағы жылдың ақпан айында Вашингтонда өткен зорлық экстремизмге қарсы күрес жөніндегі саммиттің заңды жалғасы іспетті. Бұл форумды өткізу идеясын Орталық Азия өңіріндегі интеграцияның белсенді бастамашыларының бірі ретінде Қазақстан ұсынған болатын. Республика БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жөніндегі негізгі конвенцияларына қосылған, елімізде ұлттық терроризмге қарсы күрес орталығы құрылған және ол халықаралық және өңірлік осындай құрылымдармен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасасуда. ТМД, ШЫҰ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім жөніндегі ұйымның терроризмге қарсы күрестегі неғұрлым тиімді халықаралық-құқықтық институттарға айналып келе жатқан құрылымдары аясында шаралар қабылдануда. Өз сөзінде Асхат Дауылбаев экстремизм мен терроризм қаупінің ғаламдана түсуі барлық әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін неғұрлым терең шоғырландыруды, оған қарсы күрестің тиімді стратегиясын әзірлеуді талап ететіндігін атап көрсетті. Бұл өте күрделі міндет және әлемдегі қауіпсіздіктің тағдыры оның сәтті болуына тікелей байланысты. Сондықтан бірлескен күш-жігер ең алдымен радикалдық идеологияның таралуын ескертуге және оның жолын кесуге, зорлық экстремизммен күресуге дайын барлық сындарлы күштермен өзара тиімді қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Конференцияның күн тәртібінде зорлық экстремизмнің белең алуын болдырмау, оның қозғаушы күштерінің тамырына балта шабу жөніндегі тиімді саясатты қалыптастырған байланысты өзекті мәселелер тұр. Алғашқы күні қатысушылар экстремизмді туғызушы себептер мен алғышарттарды, радикалды топтардан болатын қауіптерді, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде және интернетте экстремистік идеяларды таратуға, азаматтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысуға азғырып көндіруге қатысты мәселелерді талқылады. Экстремизмге тосқауыл қою жөніндегі ұлттық стратегиялар мен жоспарларды әзірлеу мәселелерін талқылау барысында қызу пікірталастар болды. Экстремизм мен радикализмнің әртүрлі формаларымен күресу жөніндегі мемлекеттік стратегиялар, терроризмнің қаржыландырылуын, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымын анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі бірлескен шаралар, радикалдық көріністердің профилактикасы саласындағы жұмыс тәжірибесі мен ақпарат алмасу мәселелері талқыланды. Мемлекеттің экстремизммен күрес жөніндегі күш-жігерін қолдаудағы жұртшылық пен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, осы жұмысқа азаматтық қоғам көшбасшыларын, соның ішінде жастардың, әйелдердің және діни ұйымдардың өкілдерін белсенді түрде тартудың маңыздылығы ерекше аталып өтілді. Конференцияның арнайы сессиясы осы саладағы жұмыстарға инновациялық тәсілдерді қолдану мәселелеріне арналды. Әртүрлі елдердің құқық қорғау органдарының алдыңғы қатарлы тәжірибелеріне, қоғам өкілдерін тарту әдістеріне, азаматтық қоғам бастамаларын жүзеге асырудың тиімді тәжірибесіне жасалған шолу жиналғандардың назарына ұсынылды. Сондай-ақ, қатысушыларға үкіметтік емес ұйымдардың Ыстамбұлдағы зорлық экстремизмге тосқауыл қою жөніндегі конференциясының қорытындылары таныстырылды. Форум жұмысының бірінші күнінің нәтижелері бойынша қорытынды құжат қабылданды, оны Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жария етті. Мәлімдемеде делегаттар зорлық экстремизмге қарсы күреске ұжымдық күш-жігер бағыттауға, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге әзір екендіктерін мақұлдады. Осы мақсаттарда терроризмге қарсы тиімді стратегияны жасауға бағытталған жан-жақты қамтылған өңірлік бағдарлама әзірлеу қажет деп танылды. Аталған бастамалар ағымдағы жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында көрініс табатын болады. Жиынның қорытындылары бойынша Бас Прокурор Асхат Дауылбаев,  АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі Кеден-шекара қызметінің жетекшісі Гил Керликовски, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, БҰҰ Бас Хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивтік дипломатия жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының басшысы Петко Драганов қатысқан баспасөз мәслихаты болып өтті. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі. 30-06-2015-konf 02