Баязит Аягөз ауданы, Шынқожа ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәтбай Келшібекұлы Семейде Ахмет Риза – медресесінде дін оқуын оқып, өз жерінде молдалық құрған адам. Баязит 12 жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, отбасы жағдайы ауырлап, тұрмыс тауқыметін тартқандықтан 1883 жылы 13 жасында шешесі Тұштыбаланың төркініне, Семейге жақын Белағаш деген жерге қоныс аударады. Отбасында төрт жан болады. Баязит жалдамалы жұмысқа кіреді. Татар байының жалшылығында болады. Иванов деген орыс байының қолында құрылыста жұмыс істеген уақытта үй тұрғызу, қоғамдық құрылыстар салу ісімен танысып, оның жазуы мен сызуын оқудан бастап, өзі сызып үйрену дәрежесіне жетеді. Алдымен тасқалаушы мамандығын алып, кейін дербес құрылыстар салып, оны басқару дәрежесіне жетеді. Кейіндеп Иванов бірталай құрылыс нысандарын Баязитке сеніп тапсырады. Шешесі жағынан Бозқозы деген кісінің Қадиша атты қызына үйленеді. Қалың мал, той шығынын Иванов көтереді.
1890 жылы Семейдегі мешіт құрылысын салуға мүфти түрік архитекторы Абдолла Эфендиді Стамбулдан шақыртады. Баязит сол мешіт құрылысына қатысып, шығыс сәулет өнерінің қыр-сырына қаныға түседі. Осы жылдары ол орыс архитектурасы мен шығыс сәулет өнерін қабыстырып айшықты ғимараттар салу жоспарларын жүзеге асыруды ойлайды. Отбасында шешесі, інісі Нұрмұхамбет, немере інісі Құмар Қамысбайұлы, әйелі Қадиша Бозқозықызы бес адам болады. Жездесі Әлімжан мен апайы Қалима екеуі бірдей қайтыс болып, жетім қалған Нұрқожа, Айтқожа Әлімжанұлдары Баязиттің қолына қарап, тәрбиесінде болып, тас қалаушы, құрылысшы мамандықтарын игереді. Сәтбаевтардың шеберлік жолындағы атағы туған жері Аягөзге де жетеді. 1897 жылы туыстары: Жапар, Әбдірасыл, Сүлеймен, Арықмолла, Елшібек оларды Аягөзге көшіріп алады. Аягөзде біраз уақыт жергілікті ауқатты адамдардың тапсырысымен үй тұрғызып жүргенде, Ресей мен Қытайдың арасындағы өткел – Зайсан қаласында құрылыс істері ерекше қанат жайып, Баязит Сәтбайұлы Зайсанға шақырылады. Артынан інісі Нұрмұхамбет, немере інісі Құмар Нұрмұхамбетұлы, жиендері Нұрқожа, Айтқожа Әлімжанұлдары Аягөзден Зайсанға қоныс аударады. 1900-1906 жылдары Зайсан казак-орыс әскерінің штаб үйін, Никольск шіркеуін, әскерлер казармасын салады. Одан кейін сол заманғы Қазақстандағы мешіт ғимараттарының ішіндегі көрнектілерінің бірінен саналатын татар мешіті бой көтереді. Оған тапсырыс беруші Үлкен қажы атанған Тұхпатолла Бекчентаев екен. Саудагер Ерзин Қалелдің, Мұсабектің, Бидахмет Бобкиннің үйлерін салады. Бидахмет Бобкин – қазақтан шыққан алғашқы саудагерлердің бірі ретінде Нижний Новгородта сауда дүкені болғанын, орыс фабриканты Савва Морозовпен араласып тұрғанын, қызы Қалима белгілі қазақ тарихшысы Ермұқан Бекмахановқа тұрмысқа шыққанын еске сала кетсек дейміз. Сол Б.Бобкин тұңғыш отырықтанған қазақ ауылы Қуаныштың бас жобасын Баязитке жасатқан. Жобада мешіт, медресе, мектеп ғимараттары ауылдың көрнекті жерлеріне орналасуына назар аударған. 1915-1917 жылдары Шыңжаңдағы татар капиталисі Рамазан Чанышевтің шақыртуымен Шәуешек қаласында мұсылмандар гимназиясы ғимаратын, Шәуешек қаласының төртбұрышына төрт азан шақыратын мұнара салады. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Мәрсеков Зайсан қаласына келіп, Алашорданың шығыс бөлімшесін Баязит салған үйде құрған еді. Сол басқосуда Б.Сәтбаев келген қонақтарға Зайсанды аралатып, өзі салған татар мешітінен бастап, Никольск шіркеуіне дейінгі құрылыстарды көрсетіп, ризалығын алған екен. Қытайдағы Алтай аймағының губернаторы Шәріпхан Жеңісханұлының шақыртуымен Сарысүмбе қаласына көшіп барған. Ол туралы: Баязиттің ұлы Мұқатай былай дейді: «...1933 жылы Қытай жеріне өтіп Алтай облысы Сарысүмбе қаласына қоныс аудардық. Алтай облысының бастығы Зайсандағы төре тұқымдары Дайыр Көгедай ұрпағы Жеңісханұлы Шәріпхан деген кісі төраға екен... Абыройлы, өте келбетті адам еді. Омбыда оқыпты. Он ұлттың тілін білем деуші еді. Мен Алтай қазақ-монғол мектебінде оқыдым, бізге келіп дәріс сөйлеп тұратын. Өлең үйрететін. «Орнық, отырықшы бол! Айтқан өсиетім, сол», деп бастайтын сөзі әлі есімде. Әкемізді қарсы алып өз қарамағына алды да, неше түрлі кірпіш өртетіп, өкіметке көп үйлер салғызды. Совет консул орындарын, совет орыс ауруханасын салды». Қытай жерінде Баязиттің салған құрылыстарының ішінде жеке адамдарға салған мавзолейлері ерекше танылады. Олардың қатарында Жәке би Қойтанұлының, Өміртай Нашынұлы белгілері Баязит шығармаларының алтынның сынығындай, алмастың буындай десе болады. «Шебердің қолы ортақ», дегендей, Баязиттің салған құрылыстарының көпшілігі әлі күнге дейін пайдаланылуда. Зайсанда салған әдемі мешіттің 1930-жылдары дінмен күрес кезінде мұнарасы мен күмбезі құлатылып, мәдениет үйіне айналдырылды. Зайсан мешіті 1985 жылы республикалық дәрежедегі архитектуралық мұралардың қатарына кірген еді. Құрылыстың негізгі өлшемдері де алынып, қалпына келтіру жобасы қолға алына бастағанда 1990-шы жылдардағы сапырылыста тоқталып қалды. Архитектуралық ерекшелігі бөлек бұл мешітке арнаулы республикалық дәрежедегі реставрация қажет-ақ. Осы тұрғыдан алғанда, Шәуешектегі гимназия үйі мен қос азан шақыратын мұнаралардың тағдыры дұрыс шешімін тауып отыр. Біріншіден, құрылыс Қытай мемлекетінің сәулет мұраларының тізіміне кірген. Екі рет мемлекет тарапынан жөндеу-реставрация жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Қазір Тарбағатай аймақтық мұражайы болып тұр. Мұнараларда күрделі жөндеуден өткен. Қаланың ортасында, шығыстық-мұсылмандық сәулет өнерінің ескерткіші болып бірден көзге шалынады. 1960 жылдары мәдени төңкерістен аман қалған Өміртай Нашынұлының күмбезіне де 1990-жылдары қалпына келтіру жұмыстары мемлекет тарапынан жүргізіліпті. Сонымен қатар, кесененің әр кірпішіне дейін өлшеніп, макеті жасалынып аймақтық музей санатында бейнебір сырлы ойыншықтай – көруші көзінің жауын алады. Баязит Сәтбаевтың қазақ мәдениетінде, ұлттық өнерімізде орны қандай деген сұраққа берер жауап ол: бейіттің басында, кесененің көлеңкесінде, мазардың мөлшерінде қалмай, өзінің сәулеткерлік өнерін орыстың, шығыстың құрылыс ісімен ұштастырған кәсіпқой маман ғана емес, таланты сәулеткер дәрежесіне көтерілген хас шебер деуге болады. Демек, Б.Сәтбаев Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтан шыққан тұңғыш профессионал-сәулетші. Сөз жоқ, оның парасаттылықпен салған құрылыстары, қазақ архитектура тарихынан өз орнын алары сөзсіз. Тек жан-жақты зерттеу қажет. Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.Мемлекет басшысы Ынтымақ ауылындағы мектепті аралап көрді
Президент • Бүгін, 18:21
Биыл Жетісу облысында 250 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген
Президент • Бүгін, 17:48
Президент «Талдықорған» индустриялық аймағына барды
Президент • Бүгін, 17:36
Елімізде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылады
Қоғам • Бүгін, 17:16
ТЖМ автопаркі заманауи көліктермен толықты
Қоғам • Бүгін, 17:15
Мемлекетке тіркелген алтын қоры 522 тоннаға ұлғайды
Қоғам • Бүгін, 17:02