18 Шілде, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОТ ЖҮЙЕСІ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ЗАҢДЫ МҮДДЕЛЕРІН ҚОРҒАУДЫҢ КЕПІЛІ

1967 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Конституция қорғайды және міндеттейді Қазақстан Республикасы егемендігін жариялаған кезден бастап жүзеге асырыла бастаған саяси, әлеуметтік және эконо­ми­калық өзгерістер ұлттық құқықтық жүйе­нің, соның ішінде сот құрылымы мен сот ісін жүргізудің қалыптасуына жол ашты. Сол жылдардан бастап сот саласында мем­­­­ле­­кеттік биліктің өз алдына дербес бір тар­­­мағы – сот билігінің қалыптасуына жол салған түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Қазақстан өзін әлемдік құқықтық ке­ңістіктің субъектісі ретінде орнықтыруы, халықаралық экономикалық қатынастар жасауы, экономиканың жаңаша сипа­ты­ның қалыптасуы сот жүйесінің түбірімен өзгеруінің негізгі алғышарты болды. Бұл кезеңде сот жүйесінің заңнамасын негізінен КСРО Конституциясы, сот құрылымы, судьялардың мәртебесі туралы заңдар құрады. Осы заңдар бойынша сот төрелігін жалпы юрисдикция соттары мен төрелік соттар атқарды. Кадрларды іріктеу және соттардың жұмысын материалдық-қамтамасыз ету, сот төрелігін жүзеге асыру, сот қаулыларын орындау жөніндегі көмекші қызметтер, статистиканы қалып­тастыру және басқа да мәселелер әділет органдарына жүктелді. Жекелеген – санаттағы істерден басқа істер бірінші сатыдағы сот – аудандық соттарда қаралды, олардың шешімдеріне кассациялық тәртіппен облыстық соттың алқасына, ал қадағалау тәртібімен – облыстық соттың төралқасына, Жоғарғы Соттың алқаларына, төралқасына немесе пленумына шағым беруге (наразылық келтіруге) болатын еді. Тәуелсіздік жылдарында сот жүйесінің қалыптасуына жасалған талдау, оның қалыптасу серпіні мемлекеттің құқықтық жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын бағдарламалық құжаттар­дың қабылдануына байланысты болғанын көрсетеді. Әдетте мұндай құжаттарға мемлекеттік бағдарламалар, құқықтық саясат тұжырымдамалары жатады. Тұтастай алғанда, егемен Қазақстан­ның сот жүйесін дамытуды мынадай кезеңдерге бөліп қарастыруға болады. 1-кезең. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясының қабыл­дануы. Ол сот билігінің ұйымдастырылуы мен қызметінің негізгі қағидаларын бе­кітіп берді. Осы Конституция бойынша Конс­титуциялық сот, Жоғарғы Сот, Жо­ғары төрелік сот пен төменгі сатыдағы сот­тар сот төрелігі органдарына жатқы­зыл­ды. Қандай да болмасын өзге орган­ның немесе лауазымды тұлғаның сот би­лігі функцияларын өзіне алуға құқылы емес­тігі, соттар мен судьялардың мәрте­бе­сі конституциялық заңдармен белгіле­не­тіндігі, нақтылы істер бойынша сот тө­релігін жүзеге асыру мәселелері жөнінде судь­ялардың есеп бермейтіндігі, судья­ларға ешкімнің тиіспеуі және тағы басқа мәселелер атап көрсетілді. Негізінен 1993 жылғы Конституция құқықтық жүйенің қа­лыптасуына және қоғамда демокра­тиялық үрдістердің дамуына маңызды ықпал етті. Конституцияның қағидаларын іске асыру мақсатында 1994 жылғы 12 ақпанда Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Онда жас мемлекеттің жаңа қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономика­лық және халықаралық мәртебесіне ана­ғұрлым толық сай келетін сот жүйесін одан әрі дамытудың басым бағыттары ай­қындалды. Бағдарламаның басты ұста­ны­мы сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді қайта құруға, материалдық және іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге негізделді. Сот ісін жүргізудің шын мәнінде жа­рыспалылығын орнықтыру, сотты дәлел­демелерді жинау міндетінен босату, сот қызметінен айыптаушылық белгілерін алып тастау, соттарды бір жүйеге біріктіре оты­рып, барынша мамандандыру көз­дел­ді. Халық заседательдері институтының таратылатыны, судьяларды конкурспен іріктеуге жол берілетіндігі белгіленді. Жоғарғы Сот бірыңғай сот жүйесіндегі жоғары сот сатысы деп танылды. 2-кезең. 1995 жылғы 30 тамызда қа­былданған Қазақстан Республикасының Конституциясы судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудің қажетті кепілдіктерінің болуын қарастырды. Төрелік соттар жүйе­сі таратылып, олардың функциялары жалпы юрисдикция соттарына берілді. Ал Қазақстан Республикасы Прези­дентінің “Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі тура­лы” Конституциялық заң күші бар Жар­лығы соттар қызметінің негізгі қағида­ла­рын, соның ішінде судьялардың құқық­тық және әлеуметтік кепілдіктерін ай­қындап берді. Бұл Жарлық еліміздегі сот жүйесін реформалау мәселесіндегі көп жыл­ғы пікірталастың қорытындысы іс­петтес болды. Онда: судьяны құрметтемегені үшін жауапкершілік енгізу, судьяларға еш­кім­нің тиіспеуі, судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұрудың және тоқтатудың негіз­де­рін орнықтыру, судьяның тәртіптік жауапкершілікке тартылу жағдайларынан басқа кезде мәні бойынша қаралған немесе өндірісінде тұрған істер бойынша қандай да бір түсініктеме беруге міндетті еместігі, судьяға соттан тыс функциялар мен міндеттерді жүктеуге тыйым салу қарастырылды. Судьялардың заң жүзінде осындай мәртебеге ие болуы олардың тәуелсіздігін нығайтып, беделін бекітті. Азаматтардың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлес­тіктер мен лауазымды тұлғалардың заңға қайшы шешімдері мен іс-әрекеттерін сотта даулауға бет бұруы – сотқа деген сенімнің өсуін көрсетті. Жергілікті сот судьяларын ел Президентінің тағайын­дауы, Жоғарғы Соттың судьяларын Пар­ламент Сенатының сайлауы енгізілді. Та­рихта алғаш рет судьялар тұрақты мер­зім­ге тағайындалды, бұл олардың тәуел­сіз­дігінің кепілдігін анағұрлым күшейтті. Сонымен қатар, әділетті де бұлжымас сот шешімдерін шығаратын білікті, тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыру тетігі жасалды. Сот жүйесінің одан әрі дамуы 2000 жыл­ғы 25 желтоқсанда “Қазақстан Рес­публикасының сот жүйесі мен судьяла­рының мәртебесі туралы” Конституциялық заңның қабылдануына орай жаңа қарқын алды. Конституциялық заң сот-құқықтық реформасының кезекті кезеңіне жол ашты. Заңда республикадағы сот құрылы­мы­ның принципті жаңа нормалары, сот­тардың қызметін ұйымдастыру тәртіптері белгіленді. Атап айтқанда, Жоғарғы Сот­тың шаруашылық және азаматтық істер жөніндегі алқалары біріктіріліп, әскери алқасы таратылды, мұның өзі іс жүргізу заңнамасында қарастырылғандай, сот ісін жүргізуді белгілі бір ізге түсіруге мүм­кін­дік берді. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында сот жүйесі туралы Конституциялық заңның қабылданғанына 10 жыл толаты­нын да атап өткен жөн. Судьялардың тек сот төрелігін жүзеге асыруын, сотқа тән емес қызметтермен соттардың айналыспауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасы сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы” 2000 жылғы 12 қазандағы Жарлығымен Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет (бұдан әрі – Комитет) құрылып, соттардың қызметін және атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету функциялары Әділет миинстрлігінен алынып, осы Ко­митетке берілді. Комитет пен облыстардағы соттар әкімшілері ұйымдық, қаржылық және материалдық-техникалық функцияларды орындай отырып, жергілікті соттардың жергілікті атқарушы билік органдарынан тәуелсіздігін қамтамасыз етті. 3-кезең. 2002 жылы сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған мемлекеттік Құ­қықтық саясат тұжырымдамасы қа­был­данды. Тұжырымдамада сот жүйесін же­тіл­дірудің, судьялардың тәуелсіздігін нығай­тудың негізгі критерийлері тағы да айқындалды. Сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында экономикалық, әкімшілік, ювеналдық (кәмелетке толмағандар ісі бойынша) және басқа да арнаулы соттар институтын дамыту мәселесін қарастыру, сондай-ақ азаматтық-құқықтық дауларды шешудің балама әдістерін, мысалы, ара­лық соттардың қызметін заңмен реттеу, оларды халықаралық стандарттарға жа­қын­дата отырып, қарастыру көзделді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес, Пре­зиденттің Жарлықтарымен маманданды­рылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттар, Алматы қаласында ма­мандандырылған қаржылық сот және Астана және Алматы қалаларында кәме­летке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Жалпы алғанда, соттарды мамандандыру азаматтардың құқықтарын қорғау шегін кеңейтуге мүмкіндік берді. Сот жүйесіндегі құрылымдық өзгеріс­терге орай, сот ісін жүргізудің де заңна­малық тұғыры жасалды. 2006 жылғы 16 қаңтарда “Алқабилер туралы” және “Қа­зақстан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне алқабилердің қатысуы­мен қылмыстық сот ісін жүргізу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы” заңдар қабылданып, аса ауыр қылмыстар туралы істер бой­ынша қылмыстық істерді қарауға алқа­билердің қатысуы қарастырылды. Сонымен қатар, азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізу мақсатында 2004 жылғы 28 желтоқсанда “Аралық соттар туралы” және “Халық­­аралық коммерциялық төрелік туралы” заңдар қабылданды. Бұл заңдар дауларды соттан тыс шешу тәртібін қарастырады. 4-кезең. 2007 жылғы 21 мамырда Қа­зақстан Республикасының Конституция­сына түзетулер енгізудің нәтижесінде Қа­зақ­стан­ның сот жүйесі азаматтардың құ­қықтарын қорғаудың қуатты тетігіне, со­ның ішінде қамауға алуға соттың санкция беру құ­қығына ие болды. Сот жүйесінің жұмысын және сот төрелігін іске асыруды реттейтін жаңа заңдар топтамасы қабыл­данды. “Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы” 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізіліп, қамауға алуды санкциялауды соттың ерекше құзырына беру қарастырылды. “Қазақстан Республикасының Қыл­мыс­тық кодексіне және Қылмыстық іс жүр­гізу кодексіне өзгерістер мен толы­қ­­­ты­рулар енгізу туралы” 2009 жылғы 10 шіл­дедегі Қазақстан Республикасының За­ңына сәйкес, өлім жазасын қолдану ая­сы қысқартылып, ол тек адамдардың қаза болуына ұштасқан террорлық қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасал­­­ған аса ауыр қылмыстар үшін қолданы­латын болып шектелді. Анықтау мен алдын ала тергеудің сот пен прокуратурадан бөлінуін қарасты­ра­тын конституциялық норманың алынып тасталуы тергеу іс-әрекеттерін және аза­мат­тардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін жедел - із­дестіру шараларын санкциялауды сот­тардың құзыретіне беру жолымен қыл­мыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі саты­сында сот бақылауының шегін кеңейтуге мүмкіндік берді. “Қазақстан Республикасының сот жүйе­сі мен судьяларының мәртебесі ту­ралы” Конституциялық заңға 2008 жылғы 17 қарашада өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі республиканың сот жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Осы заң сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесінің негізін қалады. Сонымен қатар, 2009 жылғы 10 желтоқсанда “Қазақстан Республика­сы­ның Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бой­ынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылданып, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесі іске қосылды. Осы заңға сәйкес, аудандық сот – бірінші сатыдағы сот, облыстық сот – апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот, Жоғарғы Сот – тек қадағалау сатысының соты ретінде жұмыс істей бастады. Өзге де бірқатар оң өзгерістер жасалды. Міне, осылайша, жаңа тұрпатты сот жүйесін құру жөніндегі міндет бүгінгі таңда өз шешімін тауып, сот органдары елімізде заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытында ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Қорыта айтқанда, Құқықтық саясат тұжырымдамасының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналып белгіленген қағидатта­рын жүзеге асыру – елімізде сот жүйесін одан әрі дамыту деңгейін жаңа сатыға көтеруге және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сенімді қорға­луына кепілдік береді. Ғалымжан ҚОЗЫБАҚОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты басшысының орынбасары.