31 Наурыз, 2015

Адамзат үшін ең маңызды сала – экология

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Алматыдағы «Белкамит» ЖШС кәсіпорнында болып, №7 қалалық балалар емханасы жұмысшыларымен кездесті. Кездесу кезінде Әбілғазы Құ­сайынов кездесуге қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Кандидаттың бағдарламасында экология мәселелеріне басымдық берілген. Ә.Құсайыновтың сөзіне қарағанда, бүгінде адамзат баласының ең көкейкесті проблемасы Жер климатының өзгеруі, ауа бассейнінің кірлеуі, озон қабатының бұзылуы, тұщы су қорының азаюы мен Әлемнің мұхит суларының ластануы, жердің былғануы, топырақ қабатының бұзылуы, биологиялық әртүрліліктің азаюы, т.б. болып табылады. Бұл проблемаларды дереу шешу – адамзаттың қазіргі кездегі ең басты міндеті. Өйткені, бұл – одан арғы өмір сүру мен табысты даму кепілі. Ә.Құсайыновтың атап өткеніндей, ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басы бұған дейін болып көрмеген экономикалық өсу кезеңі. Алайда, жедел экономикалық өсім қоршаған ортаның мүмкіндігі есепке алынбай жүзеге асырылып жатса, бұл өз кезегінде табиғатқа аса үлкен салмақ салуда. Осының салдарынан қоршаған табиғат ортасы барынша тозып барады. Табиғат байлығын орынсыз пайдалану, табиғи ортаны қалдықтармен былғау, генофонд пен биологиялық әртүрліліктің қарабайырлануы қоршаған табиғи орта мен адам өмір сүретін ортаның тозуына алып келуде. Табиғи байлықтарды тиімсіз пайдалану салдарынан қоршаған ортаның тозуына мысал ретінде Ә.Құсайынов жер ресурстарының аса азайып кетуін кел­тірді. Сөйтіп, жыл са­йын шамамен 7 миллион гектар құнарлы жер әлемдік ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалуда. Бұл үдерістің негізгі себептері өсе түсіп отырған урбанизация, су және жер эрозиясы, сондай-ақ, химиялық (ауыр металдармен, химиялық қосындылармен былғану) және физи­калық (тау, құрылыс және басқа да жұмыстар кезінде жер қыртысының бұзылуы) тозу болып табылады. Ә.Құсайыновтың пікірінше, ауа­ның шаң және газ түріндегі қалдық­тармен былғануы үлкен алаңдату­шылық туғызады. Өйткені, аталған шығарындылар минералды отындар мен биомассаның, сондай-ақ, таулы және құрылыс, сонымен қатар, басқа да жердегі жұмыстар кезіндегі тұтанулармен тікелей байланысты. Кандидат қоршаған орта проб­лемаларының ең басты қырларының бірі ретінде биологиялық әртүрліліктің азаюын атады. Жердің биологиялық әртүрлілігі 10-20 млн. түрмен баға­ланады. Аталған салаға зиян қазірдің өзінде айқын сезіліп отыр. ХХ ғасырдың екінші жартысында генофондтың қысқару үдерісі тез жеделдесе, осы үрдіс сақталған жағдайда ХХІ ғасырда бүгінде Жер планетасында тіршілік ететін барлық түрдің бестен бірі жойылып кетуі ықтимал. Ә.Құсайыновтың пікірінше, бү­гінде адам баласы, тұтастай алғанда, пла­нетаның экологиялық дамуын басқару функциясын толықтай өз қолына алуға қабілетті. Кандидат экологиялық тепе-теңдікті сақтауға алғашқы қадам ретінде Жер сағаты акциясын қабылдау керектігін ұсынды. Жер сағаты акциясының мақсаты бүкіл планета бойынша жекелеген электр көздерін бір сағатқа сөндіру болып табылады. Бұл аса зор көлемдегі электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, табиғатты адамның шаруашылық қызметінің залалды ықпалынан қорғауға жағдай туғызады. «Біздің команда осы акцияға қосылуға дайын», деді өзінің сөзінде Ә.Құсайынов. «Белкамит» ЖШС мен №7 қа­ла­лық балалар емханасының еңбек ұжым­дарымен кездесулерде, сондай-ақ, Ә.Құ­сайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі. Р.Жоламан кандидаттың жоспарларында Қазақстанның бірқатар өңірлерінде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізу және оларға өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын жеткізу бар екенін атап көрсетті. «Қазақстан Республикасы прези­денттігіне кандидат Әбілғазы Құ­сайыновтың адам өміріндегі аса маңызды мәселелерге – экологияны сақтау мен планетамыздағы биологиялық әртүрлілік мәселелеріне назар аудару ниеті бар екенін тағы да қайталап айтқым келеді», деді өзінің қорытынды сөзінде президенттікке кандидаттың Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламанов. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.