31 Наурыз, 2015

Дауысымыз – қуатты Қазақстан үшін

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Павлодар облысының  өндіріс объектілерінде болып, аймақ белсенділерімен кездесті. Делегацияның құрамында Респуб­ликалық қоғамдық штабтың басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» пар­тия­сының төрағасы Серік Сұлтан­ғали, Халық банктің директорлар кеңе­сінің төрағасы А.Павлов, Парламент Мәжі­лісінің депутаттары, ҚХА мүшелері Олег Дымов, Роман Ким, Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері М.Пішембаев, М.Бегентаев, А.Нұркина  және т.б. болды. Павлодар қаласында Н.Ә.Назар­баев­ты қолдаушы – Қазақстан электролиз зауытының металлургтерімен, «Қа­зақ­стан Алюминийі» АҚ энерге­тиктерімен, Ақсу ферроқорытпа зауы­тының, Еуразиялық энергетикалық корпо­рация жұмысшыларымен, сондай-ақ, «Екібастұз қаласында «Богатырь-Көмір» АҚ кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесулер  болды. Бұдан басқа, РҚШ мүшелері Пав­лодар облысының үкіметтік емес секторы­ның өкілдерімен және Лу­ганск ауы­лындағы Мәдениет үйінде «Луганск» өн­дірістік коо­перативінің жұмыс­шыларымен кездесті. Алғашқы кездесудің Қазақстан элек­тролиз зауытында өткені есте қаларлықтай, мұнда осыдан 7 жылдан астам уақыт бұрын Елбасы осы кәсіпорынды ашқан кезде былай деген болатын: «Мен металлург ретінде осындай зауыт туралы армандаған едім. Енді Қазақстан шикізат өндірумен және сатумен қатар, оны әлемдік нарыққа шығарады». Мәселен, 2009 жылы Қазақ­стан алюминийі Лондонның метал­дар биржасында ресми тіркелген болатын, ал 2010 жылы әлемдік деңгейдегі  «Еу­ропалық сапа» наградасына ие болды. Республикалық қоғамдық штабтың басшысы М. Құл-Мұхаммед өз сөзінде атап өткеніндей, Елбасының тұрақты қолдауының арқасында Павлодар облысы Қазақстанның жаңа индустриялық-инновациялық экономикасының көш басынан табылды. «Қуатты алюминий өндірісі, жаңа мыс қорыту алыбы, Ақсу ферро­қорыт­па зауыты, сондай-ақ, мына сіздер еңбек ететін электролиз зауыты әр­бір пав­лодарлық отбасының жайлы тұр­мысына сенімді негіз болуда. Сондықтан, мен сіздердің осынша қамқорлық жасаушы Елбасына дауыс беретіндеріңізге сөзсіз сенімдімін!», – деді Республикалық қо­ғамдық штабтың басшысы. Павлодарлықтар жеделдетілген ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасы үшін Н.Ә. Назарбаевқа алғыстарын білдірді, аталған бағдар­ламаның шеңберінде ғана соңғы 5 жылда облыста 94 жоба іске асырылып, 11 000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылды. «Елбасы өзінің еңбек жолын қара­пайым металлург болып бастады. Сон­дықтан, сіздердің еңбектеріңіздің баға­сын, сіздердің арман-мүдделеріңізді, сіздердің маңызды проблемаларыңызды сөз жүзінде ғана емес, өз тәжірибесінен жақсы біледі. Еңбек адамы – Мемлекет басшысы саясатының, Бірлік, Бейбітшілік пен Келісім саясатының тұғыры! Алдағы болатын сайлау біздің бірлігіміздің және Көшбасшымыздың төңірегіне топтасатынымызды тағы да көрсететініне сенімдіміз! Елбасына дауыс бере отырып, біз тұрақты, өсіп-өркендеген және қуатты Қазақстан үшін дауыс береміз!», – деді Екібастұз қаласындағы «Богатырь-Көмір» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесу барысында «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. Ақсу электрстансасындағы энергетиктер әулетінің өкілі Светлана Махмудова өз энергетиктер әулетінің жалпы еңбек өтілінің 100 жылдан асатынын айтты. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері кәсіпорынға жаңа технологиялар енгізілуде, өндіріс жаңартылуда. Осының бәріне Елбасы саясатының, экономикамыздың өсуінің, Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында қол жетіп отыр, деді ол. Н.Ә. Назарбаевтың кандидатурасын қолдау үшін саяси партиялардың басшылары – «Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев, «Бірлік» партиясынан Серік Сұлтанғали және Патриоттар партиясынан Ғани Қасымов сөз сөйледі.   Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.