01 Шілде, 2015

Қазіргі әлемде жалғыз жүріп жол табу мүмкін емес

756 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
ВТО-2Көрінген таудың алыстығы жоқ екен. Он тоғыз жылдан бері Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретіндігіміз туралы айтылып келген еді. Бірақ бертінге дейін оның нақты уақыты белгісіз болатын. Енді, міне, осы күнге де жетіп отырмыз. Қазақстан мемлекеті үшін 22 маусым еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына 162-мемлекет болып кірген тарихи күні болып қалмақ. Ендігі сұрақ – ол одаққа кіргенде біздің ел неден ұтады, неден ұтылады? Осы мәселеге орай Қазақстан мұнай-газ са­ласы сервистік компаниялар одағы төралқасының төр­ағасы Рашид Жақсылықовты әңгімеге тартқан едік. – Рашид Хасенұлы, қазір елі­міздің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, дамылсыз айтып жатқан Дүниежүзілік сауда ұйымы дегеніміз қандай ұйым? Мұндай ұйымның дүниеге келуіне не түрткі болды? ДСҰ-ға қосылуға байланысты отандық экономиканы не күтіп тұр? Неге қамдануымыз керек? Фото Рашид Жаксылыков– Бұл сұрақтар қазір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың барлығын мазалап жүргені белгілі. ДСҰ тарихының тамыры екінші дү­ниежүзілік соғыспен байланысты. Әлем астан-кестен болған сол кезеңде дүниежүзі екі үлкен лагерьге бөлінді. Осындай текетірес салдарынан екі жақ бір-біріне әртүрлі экономикалық кедергілер ұйымдастыра бастады. Сол себепті, тың, көп қырлы жүйелі сауданы жеңілдету жолдарын ойластыру қажеттілігі туындады. Ұйым алдына екі нақты міндет қойылды: Біріншісі – сан қырлы сауда жүйесін оңтайландыратын жолдарды ойлап тауып, жұмысын үйлестіру және кедендік баж салықтарын қысқартып, жеңілдету. Екіншісі – кедендік тарифтер мен сауданы жеңілдету үшін мемлекеттер арасындағы келіссөздерді ұйымдастыруға жәрдемдесу. Міне, осындай шаралар түптеп келгенде ДСҰ-ның бет-бейнесін айқындай түсті. Сөйтіп, бұл халықаралық үлкен ұйым, экономикалық сыртқы сауданы жеңілдету талаптарының іргетасы сияқты болып қалыптасты. Көпжақты сауда жүйесінің құқық­тық және институттық негізі саналатын ДСҰ 1995 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастады. Алғашқы кезде оған 77 мемлекет кірсе, қазіргі таңда Қазақстанды қоспағанда, 161 ел мүше болып отыр. Ұйымға мүше елдердің үлесі әлемдік тауар айналымының 95 пайызын құрайды. Мұның сыртында, ДСҰ-ның бүкіләлемдік ықпалы мен маңы­зы бар екі алпауыт қаржы инсти­тутының ортасынан орын тепкен­­­дігін де атап өтуіміз қажет. Алпауыт қаржы институттары деп отыр­­ғанымыз – Халықаралық валюта қоры мен Халықаралық даму банкі. Міне, осы екі алпауыттың қар­жысына қолжеткізу арманы барлық мемлекеттерді ұйымға мүше болуға ынталандырады. Ал олар мүше болған жағдайда жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз мемлекетінің индустриясын дамытуға мүмкіндік алады. Оның үстіне, халқымыздың «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген аталы сөзі де бар емес пе? Әрине, бұл мақал­дың қашан шығарылғандығы, қалай шығарылғандығы белгісіз. Бәлкім ол кезде жалғыз жүріп жол табуға мүмкіндіктер болған болар. Ал қазіргі біртұтас геосаяси және экономикалық кеңістіктің қалыптасуы, яғни елдердің жақын­дасып, шекаралардың ысырылуы, адамзаттың бір-бірімен мидай араласып кетуі тұрғысынан қарастыратын болсақ, қазіргі заманда жалғыз жүріп жол табу мүлдем мүмкін емес деп айтқан болар едім. Жаһандану үдерісінің күшеюі алдағы уақытта әлем елдерінің тіршілік ету мәселесінде ешбір елді бөлек-салақ қалдырмасы анық. – Енді ДСҰ атқарып жатқан жұ­мыс­тар мен іс-шараларға тоқтала кет­сек. Ол іс-шаралар қандай мақсат көздейді? – Жалпы, ДСҰ-ның өз басына келгенде ол мынандай жетістіктерге қол жет­кіз­гісі келеді деп айтуға келмейді. Өйт­кені, оның әлем елдерінен бөлек алып қарас­тыратын ешқандай бір мүддесі жоқ. ДСҰ-ның ең басты ұстанымы – «Еркін сауда» теориясы. Яғни, ол дүниежүзілік сауданы же­ңіл­детуге, сауда жасаушы мем­ле­кет­тер арасындағы кедергілерді еңсе­руге, олардың арасында тең мүм­кін­дік­тер қалыптастыруға ұмты­лады. Былайша айт­қанда, кімнің тауа­ры сапалы, бағасы арзан болса, соған жол ашылуы керек. ДСҰ ұстан­­ған қағидаттар осыған жәрдем­деседі. ДСҰ мынадай келісімшарттар аясында ауқымды жұмыс атқарады, олар: Сауда және тарифтік бас ке­лісім; Сауда және қызмет көрсетудің бас келісімі; Сауда жүргізу жолдары және зияткерлік меншік құқығын қорғау келісімі; Инвестициялық келісім; Ауыл шаруашылығы өндірісі жөніндегі келісім; Тоқыма немесе жеңіл өнеркәсіп келісімі; Субсидиялық жәрдем мен көмек каржы жөніндегі келісім; Дем­пингке қарсы күрес келісімі; Қаржы нарығындағы келісімшарт; Санитарлық және фитосанитарлық келісімшарт; Саудаға әдейілеп техникалық кедергілер келтірмеу жөніндегі келісімшарт. Міне, осы келісімдер мен қағидат­тарды жүзеге асыру барысында мынадай міндеттер пайда болады: Олар – жаппай жұмыссыздықты жою, ха­лықты жұмыспен қамта­масыз ету; монополияға қарсы күресу; ішкі нарықты қор­ғау мен сақтаудың келі­сім­ді жолдарын белгілеу. Міне, осыларды жүзеге асыру барысында сау­да­ны жеңілдету немесе ырық­тан­­дыру арқылы жаңа ин­дус­трияға бет бұрған мем­лекеттердің өндірісін дамы­туға мол мүмкіншіліктер пайда болады. Өйт­кені, осындай жолға түскен дамушы мемлекеттер үшін ДСҰ-ға кіру – дүние­жү­зілік нарыққа есік ашумен пара-пар болып шығады. Жалпы, ДСҰ-ға қосылу әлем халықтарына өздерінің орналасқан орнын, атқаратын негізгі кәсіптерін, өз жерлерінде бар дүниелерді тиім­ді пайдалану, оларды шетелдік нарықтарға шығарып, саудалау мүмкіндігін береді. Мәселен, біздің Қазақстанда мұнай мен уран көп дейміз. Ал оларды өзімізге өзіміз сата алмайтынымыз түсінікті ғой. Өйткені, жеріміз үлкен болғанымен халқымыздың саны шағын. Сондықтан әлем бойынша үлкен сұранысқа ие мұндай тауарлар, егер біз әлемдік рыноктарға шықпасақ босқа жата берген болар еді. Әрине, біз бұл тауарларды ДСҰ-ға қосылмай тұрып-ақ саудалап келдік. Енді біз ДСҰ-ға қосылу арқылы оларды сыртқы рыноктарға еркінірек шығаруға мүмкіндік алдық. ДСҰ-ға мүше мемлекеттер бұл өнімдерді кедергісіз қабылдауға, басқа елдерден кіріп жатқан тауарлармен қатар олардың саудасына тең мүмкіндіктер тудыруға міндетті. Басқа да өтімді тауарларымыз жө­нінен де осылай деп айтуға болады. Сондықтан әлемнің «мен» деген алпауыт мемлекеттерінің өзі де экономикаларын дамыту үшін осы жолды таңдап, осы жолмен жүріп келеді. Олармен әріптес болу арқылы біз халқымызды сапалы тауарлармен қамтуға қол жеткіземіз, әрі өз өнім­дерімізді сыртқа жеңілдікті жолдармен шығарамыз. Оның үстіне, солармен тайталасқа түсу арқылы экономикамызды шыңдай түсеміз. Бізге бұдан басқа жол да жоқ. Өйт­кені, бүгінгі жаһандану заманында басқалардан бөлектеніп, есігімізді тас бекітіп алып отыра алмаймыз. Ондай жағдайда өзімізден өзіміз томаға-тұйықталу арқылы әлем көшінің соңында қалып, құрып кететін боламыз. – Дегенмен «таяқтың екі ұшы бар» екендігін ұмытпайық. ДСҰ-ға қосылу арқылы енді біз сыртқа тауарларды кедергісіз шығару мүмкіндігімен қатар, сырттан тауар­­­ларды кедергісіз кіргізу мін­де­тін де қоса алғандығымыз түсінік­­ті. Дүниежүзілік сауда ұйымы – бәсекенің ордасы. Онда мықты­лардың мықтысы ғана қалады. Мемлекет беріп отырған иен-тегін көмекті дұрыс пайдалана алмайтын кейбір отандық кәсіп­керлерді ертең алпауыт компания­лар жұтып жібермесіне кім кепіл? – «Адамнан жақсылықты іздеу керек, жамандығын өзі-ақ көр­сетеді» деген қағида бар. ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің аштан өліп, көштен қалып жатқаны жоқ. Бірақ «сақтансаң, сақтайды» деген даналық сөзді есімізден шығар­мағанымыз да жөн. Қалай айтсақ та, ДСҰ – эконо­микалық ойынның ордасы. Ал экономиканың негізгі қағи­дасы – табысыңды ұлғайтып, еселей түсу. Осыны ескере отырып, ДСҰ-ға то­лық­қанды кірмес бұрын, отандық экономикамызды қорғау және сақтандыру жолдарын қарастырып келдік. Ұйымның «ойын» тәртібі қатал. Сон­дық­тан өзіміздің күш-жігерімізге сенім арту керек. ДСҰ-ға мүше мемлекеттер біз­дің кәсіпкерлерді өзінің нарығына еркін кіргізе салады деген жалған сенімнен арылуымыз керек. Қазіргі бірінші мәселе – отандық ком­панияларды қорғап қалу. Отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға күш салу керек. Олай бол­мағанда шетелдік алып компанияларға төтеп бере алмайды. Бұлай болмаған жағдайда шағын және орта кәсіпкерлік саласында миллиондаған отандасымыз жұмыстан қағылмақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­­баевтың алға қойған маңызды мәселе­лердің бірі – өндірісімізді өркендету. Ол – экономикамызға инвестициялық тарты­­лым­дардың ұлғаюы арқылы қол жет­кі­зілетін киелі іс. Сондықтан елі­мізге кірген қаражаттың барлығын өн­ді­ріс­тің кластерлік дамуына бағыттау керек. Мұндай қадам бізді шикізат өндіруші мемлекетінен терең өң­­­дел­­ген, дайын тауар шығаратын өн­ді­­­рістік мемлекетке айналдырады. Бір өкініштісі, 19 жыл бойында біз, қарапайым азаматтар Қазақстан мен ДСҰ-ның арасында жүріп жат­қан келісім-шартты талқылауға атсалыса алмадық. Осыған дейін Қазақстан ДСҰ-ға кіру керек пе, жоқ па деп пікір таластырдық. Қоғам үшін бұл дұрыс. Өйткені, кейбір мем­лекеттер сияқты «бәлен жерде алтын бар» дегенге ойланбай мүше болған жоқпыз. 19 жыл бойы келісімшарт­ты талқылау – еліміздің бұл қадам­ға жүйелі зерттеу жүргізіп барып, бел шешкендігінің айғағы. Әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси шеберлігі ДСҰ-ның қойып отырған талаптарын Қазақстанға пайда әкелетіндей келісімшартқа негіздегеніне сенеміз. Сол себепті, ДСҰ-мен арада қабылданған келісімшартта Қазақстан халқы мен эко­номикасының мүддесін толы­ғымен қорғау шаралары нақты белгі­леніп, мемлекетімізді орасан табыс жол­дарына шығарады деп ойлаймын. – Алысқа бармай, 1998 жыл­дан ДСҰ-ға мүше болып кірген Қырғызстанның қазіргі жағдайын қарастырып көрейікші. Қырғызстан осы қадамы арқылы неден ұтты, неден ұтылды? – Иә, кейбір мәліметтерге көз жүгіртсек, бастапқы кезең­­де Қырғыз­станның үшінші мемлекеттермен сауда көлемін күрт төмендетіп алған­дығына көз жеткіземіз. Бұл көр­сеткіш 1999 жылы – 10,6 пайызға, 2000 жылы – 5,9 пайызға төмендеген. Қырғыз ұлттық статис­тика коми­тетінің дерегіне сүйенсек, өндіріс өнімдерінің көлемі 2003 жылдың бірінші жартыжылдығында 9 пайызға құлдыраған. 2005 жылдың басында 203 өндірістік кәсіпорын өз жұмыстарын тоқтатты. Бұл – сол елдегі бүкіл өндірістің 33 пайызы. Құрылыс өндірісіндегі инвестиция көлемі 17,8 пайызға төмендеді, инфляция өршіді, азық-түлік қымбаттады. Бұл жерде қырғыз ағайында­ры­мыздың жіберген өз қателіктері де баршылық. Бірінші қателігі – ол ДСҰ-мен келісім-шартқа тұр­ған кезең­де тиянақты түрде өз мем­леке­тінің экономикасын қорғау бел­беу­лерін дамытпады, әрі дүние­жүзілік нарық экономикасын толық зерттемей, қызбалық танытқан күйде атал­ған ұйымға мүше ретінде кіріп кетті. Екіншіден, – ішкі мем­лекетаралық саяси толқыныстарға жиі бой алдырды. Тәуелсіздік алған бойда, қабыр­ғасы қатаймаған отандық компанияларын дүниежүзілік бәсекелестік бәйгесіне аямай-ақ қосты. Бірақ, ДСҰ-ның Қырғызстанға берген жақсылықтары да жоқ емес. Мәсе­лен, Қырғызстанның жеңіл өнеркәсіп өнімдерін алайық. Қазір олардың бұл саласы біршама дамып, шығарған өнімдері Қазақстан рыногында бәсекеге қабілетті болып отыр. Керісінше, біздің кәсіпкерлер мемлекеттің қаншама көмегіне сүйеніп отырса да, қырғыз кәсіпкерлеріндей жанкештілікпен жұмыс істей алмай келеді. Міне, көрдіңіз бе өмірілік күрес жолында бәсекенің кәсіпкерді қалай шыңдайтындығын. Дегенмен, менің ойымша, Қа­зақ­стан кәсіпорындары ДСҰ-ға қосыл­ғанда дәл қырғыз кәсіп­керлеріндей қиналысқа түспейді. Өйткені, біз бұл үдеріске үлкен дайын­дықтармен келдік. Екіншіден, қазақстан­дық кәсіпкерлердің артында қуатты мем­лекет тұр. Шикізат көздеріміз де баршылық. Әрине, өндірісі дамыған елдер біздің мемлекетті шикізат қоры ретінде пайда­ла­нуға тырысады. Осындай келеңсіз жағдай­ларға жол бермеу – біздің негізгі ұста­ны­мымыз болуы қажет. ДСҰ-ға кір­геннен кейін жеңілдік кезеңін тиімді пайдаланғанымыз жөн. Осы тұста қа­зақстандық мазмұнға жататын салалардың тізімін әзірлеп алғанымыз жөн. Өтпелі кезеңнің жаңа тәртібін орнатуымыз керек. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, салалық ассоциациялар және ДСҰ елдеріндегі кәсіпкерлермен және олардың одақтарымен қарым-қатынасты айқындайтын тетіктерді ойлап табуы керек. Біріккен кәсіпорындар, консорциумдар құру жұмысын дамыту қажет. Себебі, бұл отандық компаниялардың өсуіне ықпал ететін жолдардың бірі болып есептеледі. Жақсылыққа қол жеткізу үшін қажет қасиеттердің бірі – сабырлылық екенін барлығымыз жақсы білеміз. Сон­дықтан бұл кезең­ді ұлттық эконо­микамызға кел­ген сын сағаты деп қана қабыл­­дамай, керісінше оны эконо­мика­мыздың өрлеуіне пайдалана­тын баспалдақ деп ұғынуымыз керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».