Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым вице-министрі Е.Иманғалиев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықовтың қатысуымен «Индустрияландыруды кадрлармен қамтамасыз ету» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Конференция барысында вице-министр Е.Иманғалиев жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында жобаларды заманға сай кадрлармен қамту инновациялық сипаттағы білім беру бағдарламалары есебінен жүргізілетіндігін айтып, 2015-2017 жылдары білім беру бағдарламаларын әзірлеуге әр жыл сайын 962,1 млн. теңге қаржы қарастырылғандығын алға тартып, республикалық бюджет есебінен 2015 жылы шетелдік ғалымдарды шақыруға 998,8 млн. теңге мөлшерінде, сондай-ақ академиялық ұтқырлыққа 590 млн. теңге бөлінгенін мәлім етті.
«2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу процесіне енгізілетін оқу бағдарламаларын келісу бойынша жұмыс берушілермен, кәсіподақтармен байланыс артуда. Он іріктелген колледждердің алтауы Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен іске асырылатын техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту жобасы бойынша грант алушылар болып табылады. Осы жоба аясында колледждер 425 млн. теңге тұратын жабдықтармен жарақталған», – деді Е.Иманғалиев.
«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын және Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында базалық жоғары оқу орындарының және колледждердің даму бағдарламасы әзірленгенін де атап өтті.
Осы бағдарламаға және елімізді индустрияландырудың екінші бесжылдығының басымдықтарына сәйкес 2015-2017 жылдары білікті кадрлар даярлау іске асады екен. Мемлекеттік бағдарламаның басым салалары: металлургия, мұнай-газ химиясы, электрэнергетика, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, информациялық-коммуникациялық технологиялар, тағы басқа.
Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректеріне сәйкес, 2015-2019 жылдары аралығында жалпы саны 257 өңірлік және республикалық жобалар іске асырылатын болады. Мұндағы кадрларға деген жалпы қажеттілік бүгінгі күнде 46,6 мың адамды құрап отыр екен. Мәселен, техникалық және кәсіптік білім беру саласында «Кәсіпқор» холдингі мен 10 колледж арасында дамыту ісі бойынша шарттар жасалған.
2017-2018 жылдарда 10 колледжге әрі қарай енгізу үшін жұмыс берушілердің қатысуымен тағы 16 оқу бағдарламасы әзірленбек. 2015 жылдан бастап 2 колледж осы бағдарламаларды оқу процесіне енгізеді.
2015-2016 оқу жылының басынан бастап базалық жоғары оқу орындарында магистранттар жаңа білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын болады. Зертханаларды құруға 10 млрд. теңге қарастырылса, оның 3 млрд. теңгесі соңғы екі жылда, 4 млрд. теңге 2017 жылы игерілетін көрінеді.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.