22 Тамыз, 2015

Инвестициялар және даму министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ: «Дағдарысқа қарамастан біз инвесторлармен белсенді жұмыс істеуді жалғастырамыз»

252 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
  ИсекешевИнвестициялар және даму министрлігі, «барлық туындаған қиыншылықтарға қарамастан, Елбасы айтқандай, индустрияландыру саясатын жаңа жағдайларға бейімдей отырып, жалғастыруы қажет», деп есептейді. Министр Әсет Исекешевтің пікірінше, бүгінде инвесторлар мен технологияларды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыру өте маңызды; әр тартылған миллион теңге, әр құрылған жұмыс орны басымдық берілген бағыт. Жұмыстың бір бағыты – қайта инвестициялау. Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлар өндірісті кеңейтуді жалғастыруы, өнім желісін кеңейтуі, жаңа өнімдер шығаруы және өндірім­ділік деңгейі жоғары жаңа сапалы жұмыс орнын ашуы қажет. Осыған байланысты министрлік атқарған жұмыс нәтижелерінің біріне жаңа жобаларға қайта инвестициялау бойынша ин­­вес­­торлармен қол қойылған 20-дан аса жасалған келісімдер жатады. Оған мысал ретінде Алматы облысындағы қайта инвестициялау есебінен ашылған төрт өндіріс орнының іске қосылуын атап өтуге болады. Атап айтқанда, BTM Group компаниясының зауыты. Инвестициялардың жалпы көлемі 30 млн. АҚШ долларын құрайды, 2017 жылы мұнда 120 жұмыс орны ашыл­ады. Биыл BTM Group жабын гидрооқшаулағыш мембраналарды (бағытталатын битумдық рулондық гидрооқшаулағыш) өндіруден түскен алғашқы пайданы қайта инвестициялайды. «Біз Қазақстанда 8 жылдан бері жұмыс істеп келеміз және екінші өндіріс орнын ашып отырмыз. Өткен жылы экструзиондық пенополистиролдан жылу оқшаулағыш тақталар өндірісі бойынша екінші желіні орнаттық, ал бүгінде жабын гидрооқшаулағыш мембраналар өндірісін бастадық. Тағы да осы жылы гофрленген жабын табақшаларының және битум эмульсиясының өндірісін бастауды жоспарлап отырмыз. Біз осымен тоқтап қалуға ниетті емеспіз. Қазақстанда шетелдік инвесторларға бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалған, біздің компания Орталық Азиядағы өңірлік өндірістің жетекшісі болады деген үміттеміз» – деп атап өтті BTM Group Басқарма мүшесі Фырат Оран. Екінші нысан – сүт өнімін шығаратын Danone зауыты, ҚР ҮИИДМБ іске асыру жылдарында (2010-2015 жж.) кәсіпорынның қуаты 5 есеге артып, жылына 2 398 тоннадан 11 000 тоннаға дейін өнім шығарады. Алдыңғы салынған қаражатты ескергендегі инвестициялардың жалпы көлемі 19 млн. АҚШ долларын құрады. «Danone Berkut компаниясы сүт өнімінің өндірісі көлемін ұлғайта отырып, бүгінде сүт қышқылды өнімдерді іске қосты. Олар – «Био Баланс Тан» және «Био Баланс Сладкий». Қазақстандағы көптеген тауар өндірушілер сүт өнімін өндіру үшін импорттық құрғақ сүтті сатып алуға шешім қабылдайды, себебі осындай шикізаттар қаймағы алынбаған сүтке қарағанда арзанға түседі және сәйкесінше құны да төмен. Осылайша жергілікті фермерлердің табиғи шикізат өнімі қажетсіз болып қалады. Бүгінгі күні біздің өнімнің өндірісіне қажетті барлық шикізат Қазақстанда жасалады. Danone Berkut 2300 жеткізушімен ынтымақтастықта. Олардың 1800-і қазақстандық компания, оның ішінде 11 фермерлік шаруа­шылық бар. Нарыққа жаңа өнімдерді енгізу жергілікті фермерлік шаруашылықтан сатып алынатын шикізаттың санын арттыра отырып, тұтынушыға Қазақстанда өндірілген сапалы өнімді береді. Осының барлығы шетелдік инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайдың арқасында мүмкін болып отыр және ол жылдан жылға жақсарып келеді. Danone компаниясының ұзақ мерзімді жоспарлары бар екендігін және өзінің өндірістік қызметін кеңейтетіндігін атап өткіміз келеді» – деді Danone Berkut компаниясының бас директоры Рено Шамональ. Ал «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС-де (АЖЗ) аумағында «LG Electroniсs Almaty Kazakhstan» АҚ-пен біріккен АЖЗ іске асыратын орталықтандырған кондиционерлер өндірісі басталды. Жоба Қазақстан аумағында 3 сатыдан тұратын LG Electronics  бренді арқылы шығатын құралды өндіруді жоспарлап отыр. Оған салынған инвестициялардың жалпы көлемі 3,7 млн. АҚШ долларын құрайды. «Индустрияландырудың пре­зи­денттік бағдарламасы біздің зауыттың жаңаруына және заманауи құралдарды сатып алуға, алдыңғы қатарлы технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіншілік берді. Осының нәтижесінде біз технологиялық әріптес ретінде LG Electronics компаниясын тарта алдық. Осыдан кейін корей тарапының заманауи технологиялары базасында орталықтандырылған кондиционерлер өндірісін бастаймыз», – деп атап өтті «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Марат Баққұлов. Төртінші жоба – Galaksi Group компаниясы. Бүгінгі күні онда «Rossi» брендімен пластикалық терезе жақтаулары мен штапиктер өндірісі іске қосылды. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында (2010-2015жж. арналған ҚР ҮИИДМБ) Galaksi Group компаниясы барлық өнім желісі бойынша өндірістік қуатты екі есеге арттырды: 12846 тоннадан 20500 тоннаға дейін және 2016 жылдың аяғында жаңа өндірісті ескере отырып, 28000 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Мұндағы өндірістік қуатты арттыру жұмыс орнының санына да оң әсер етті. Егер 2010 жылы компания 178 жұмыс орнын қамтамасыз етсе, 2013 жылы  563 адамды жұмыспен қамтыды. Ал ағымдағы жылы 658 адам Galaksi Group компаниясында тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Фатих Узуноғлы, Galaksi Group компаниясының құрылтайшысы, бас директоры: «Galaksi Group компаниясы 50 миллион АҚШ долларынан артық қаражатты инвестициялады. Әр уақытта өзінің өндірістік қуатын кеңейтіп келеді және өнімнің жаңа түрлерін игеруде. Біз өз сегментімізде жетекші болатындығымызға талпынып келеміз және жылдан жылға жаңа жобаларды қайта инвестициялаймыз. Осы жылдың соңына дейін біз терезе және есік бөлшектері мен латун таяқшалар өндірісін бастауды жоспарлап отырмыз. Осы бастамаларды іске асыру Қазақстанда инвесторлар үшін тартымды инвестициялық климатты жасаудың, мемлекет тарапынан қолдаудың және индустрия­ландыру бағдарламасының аясында жасалған жалпы жағдайға байланысты мүмкін болып отыр», –  деп атап өтті. Жалпы алғанда Инвестициялар және даму министрлігінде атап өтілгендей, Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібінде 126 шетелдік инвес­тор жұмыс істейді. Олар 6 млрд. АҚШ доллары сомасына 150 жобаны іске асырып отыр және 20 мың жұмыс орнын қамтамасыз етуде. Осы 126 шетелдік инвестордың ішіндегі 40, яғни әр үшіншісі өзінің өндірістік қызметін кеңейту үстінде немесе жаңа жобаларға қайта инвестициялауға дайын. «Егемен-ақпарат».