22 Тамыз, 2015

«Инфляцияны 3-4 пайызға төмендетуге негіз бар»

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ACD_6055Теңгенің еркін айырбас алаңына жіберілуі қоғамды алаңдатып қойғаны анық. Бұған дейінгі экономикалық саясат, шындығында, көпшіліктің көңілінен шығатын. Дегенмен, әлемдік аренадағы түрлі өзгерістер мен түзілістер бізге де өз экономикамызды қайта бір қарауға, даму бағытын жаңаша айқындауға мәжбүрлеп отыр. Ондай болмаған жағдайда, дағдарыстан аман шығу-шықпауымыз екіталай. Елбасының өзі бұл мәселе жөнінде кешегі кәсіпкерлермен кездесуінде егжей-тегжейлі баяндады. Осы ретте біз Қызылорда облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле ҚҰЛЫМБЕТОВАҒА жолықтық. – Сәуле Ибрагимқызы, елі­міздегі соңғы экономикалық өзгерістер турасында не айта аласыз? – Қазақстан Президенті елі­міздің іскер топтарының өкіл­де­рімен болған кездесуде әлемдік экономикада қалыптасқан ахуалды жан-жақты талдау сүзгісінен өткізді. Өткен жылдың соңында басталған әлемдік дағдарыс бар­лық елдерге, оның ішінде Қазақ­станға да теріс ықпалын тигіз­ген болатын. Шын мәнінде, бүгін­гі күрделі жағдайда экономика заңдылығымен өмір сүру, сөй­тіп сұраныс пен ұсынысқа сәй­кес тіршілік ету қажет болды. Осы орайда Мемлекет басшысы бір­қатар елдердің экономикасы құлды­рағанын, оның ішінде біз­дің әріптестеріміз Ресей мен Қытай­дағы жағдайдың  біршама күр­делі сипатқа ие болғанын атап көр­сетті. Сонымен бірге, Қазақ­стан экспорты бірінші жарты жыл­дықтың өзінде 70 пайызға кеміді. Бұл айналып келгенде отандық кәсіпорындардың бәсе­кеге қабі­­леттілігін төмен­детті. Жұмыс орындары қысқарды. Әсіресе, отан­дық кәсіпорындардың Ресей­ге экспорты төмендеді. Елбасы бұл орайда ел алдында іс-қимылдың үш нұсқасының бірін таңдау міндеті тұрғандығын атап көрсетті. Бәрін елеп-екшеп келгенде теңгенің еркін айырбас бағамына көшу ең дұрыс шешім ретінде қабылданды. Мемлекет басшысы мұның мәжбүрлі қадам екенін айта отырып, оған қарсы жергілікті жерлерде атқарушы биліктің атқаратын міндеттерін жан-жақты саралап берді. – Жаңа экономикалық сая­саттың ерекшелігі неде? – Нарық заңдылығы бойынша экономика өз табиғатына сай үрдіспен дамуы қажет. Біз кезінде директивалық, яғни нұсқаулармен өмір сүретін экономиканың қандай зардаптарға әкеліп соққанын жақсы білеміз. Жоспарлы экономика кезінде, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарының алғашқы жылдарында бағаны қолдан ұстап тұру, тежегіш тетіктерін жиі қолдану тұтыну рыногына едәуір теріс ықпалын тигізді. Біз ол жылдардан қиындық болса да біршама тәуір өттік. Ендігі жерде жаһандық экономиканың бүгінгідей күрделі жағдайға тап болып отырған дағдарыс кезеңінде әлемдік сұраныс пен ұсыныстың тәртібімен өмір сүрмесе болмайды. Себебі, бұл бар­лығы үшін ортақ заңдылық. Үкімет пен Ұлттық банк тең­генің бағамын ұзақ уақыт бойы қолдан ұстап тұрды. Әри­не, оның белгілі бір уақытқа дейін нарықтағы жағдайды тұрақ­­танды­руға оңды ықпал жаса­ға­нын атап өтуіміз керек. Бірақ тең­генің нарықтық баға­мын қалып­тастырмайынша еліміз­дің ішкі жалпы өнім көлемі­нің төмендейтіні, отандық кәсіп­орындардың экспорттық мүмкін­діктері шектелетіні анық еді. Ендігі жерде теңгенің айырбас бағамы нарық сұранысы негізінде және сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып қалыптасатын болады. – Ал осыдан кейін баға өсіп кетпей ме? Оны тұрақтандыру үшін қандай жағдайлар жасалуда? – 20 тамызда Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төраға­лығымен өткен Үкіметтің селек­торлық мәжілісінде  теңгенің жаңа айырбас бағамы экономиканың сауығуына, несие және инвес­тициялық белсенділіктің артып орта мерзімді болашақта инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендетуге негіз қалайтыны атап көрсетілді. Осы орайда жергілікті атқарушы билікке тұтыну рыногындағы ахуалды тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді. Қызылорда өңірінде соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінде біршама тәуір көрсеткіштерге  қол жеткізіле бастады. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев саланы дамытуға  айрықша көңіл бөле отырып, болашақтағы өсуіміздің алғы шарттарын қалыптастыра бастады. Сайып келгенде, қосылған құны бар өнім өндіру біздің дамуымыздың кепілі болып табылады. Біз нарықтың заңымен өмір сүре отырып, Елбасының әрдайым атап көрсетіп жүргеніндей халық алдындағы әлеуметтік бағыттағы міндеттемелерімізді орындау үшін бар мүмкіндіктерімізді жұмылдыра беретін боламыз. Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда.