Соңғы күндерде қазақ боксының төңірегінде елді елең еткізіп, жанды жадырата түсетіндей төрт бірдей жағымды жаңалық орын алды. Төменде соларды рет-ретімен қысқаша баяндап берейік.
Бірінші жаңалық – бокстан Қазақстан құрамасы алдағы күзде халықаралық әуесқой бокс федерациясының (АІBA) бастамасымен өмірге келгелі тұрған Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) сапында өнер көрсете бастайды. Бұл аталмыш қауымдастықтың жақында Лондонда өткен кезекті конференциясының қорытындысымен белгілі болды. Құрамына кәсіпқой және әуесқой былғары қолғап шеберлері қоса алынатын оған жер-жаһан бойынша бар-жоғы 12 елдің құрама командалары ғана қатысады. Бұл вакансиялар Еуропа, Азия және Америка сынды үш конференцияға бөлінген құрлықтардың әрбіріне 4 орыннан тең бөліп берілген. Олардың қатарында боксы бұларға қарағанда кенжелеу дамып келе жатқан Африка және аумағында бір ғана дәулет орналасқан Австралия континенттері жоқ. Ал Азияға берілген төрт орын біздің жігіттерден басқа, Қытай, Үндістан және Әзірбайжан сайыпқырандарына бұйырды. Бірақ, бізге соңғы олимпиадаларда, әлем және құрлықтар чемпионаттарында осы тізімдегі кейінгі екі елге қарағанда жүлделерді әлдеқайда көбірек алып жүрген өзбек және моңғол гүрзі жұдырықшыларының неге есепке алынбай қалғаны түсініксіздеу болып көріне береді.
Енді қалған құрлықтар атынан шығатын елдер құрамалары жайына келсек, Еуропада бұл жолдама Ресей, Түркия, Франция және Италия боксшыларының еншілеріне тиіп отыр. Осы төрттіктің кейінгі жылдары төрткүл дүниеде топ жарып жүргені рас. Соның ішінде орыс боксшыларының Одақ тарағаннан бергі аралықта Еуропа чемпионаттарында қол жеткізіп жүрген орасан зор табыстарына тек қол соғып қана қоймай, қатты қайран қалуға да болады. Мұндай зор жетістіктерге кезінде бұдан да күшті дүрілдеп тұрған шағында Куба қабыландары ғана ең таға алған еді. Сол Бостандық аралының жайсаңдары көшбасы болып табылатын Америка құрлығында ғана әзірге одан бөлек тағы кімдердің жарысқа жалын қосатыны белгісіз болып тұр.
Әлем құлақ түрген дүбірлі дода алдағы қараша айының 19-ында сөреден шықпақшы. Мұнда әр конференцияға енген құрамалар алдымен бір-бірімен үйде және түзде матчтық кездесулер өткізеді. Мәселен, Қазақстан боксшылары осы күні өзінің бірінші шайқасын Үндістанның астанасы Дели қаласында сол елдің құрамасымен өткізеді. Әр команда осылай 6 кездесу өткізіп болған соң, олардың арасындағы жеңімпаздары басқа конференциялардан озып шыққан елдердің шеберлерімен ұшырасып, дүние жүзіндегі ең мықты жасақтың атын айғақтайды. Содан кейін әр салмақта мықты көрінген боксшылар тағы өзара қолғап түйістіріп, сол дәрежелердегі жеңімпаздың есімін анықтайды. Міне, осы жеңімпаздар 2012 жылы Лондонда өтетін жазғы Олимпия ойындарына бірден жолдама алады.
Тағы бір айтатын жәйт, бұл жолы боксшылар АИБА ұсынып отырған жаңа формат бойынша шаршы алаңға шыққалы отыр. Ол жаңалықтар, ең алдымен салмақ мөлшерлерінің өзгеруінен байқалады. Бұл байрақты бәсекеде боксшылар сол өзгерген 5 салмақ дәрежесі (54, 61, 73, 85, +91 кг.) бойынша бой көрсетеді. Әрбір құрама осы 5 салмақ бойынша 15 боксшыны тізімге енгізуі тиіс. Ереже сонымен бірге сол тізімдегілердің кем дегенде екеуі легионер, яғни басқа елдің боксшысы болуы керек екенін талап етеді. Бүкіләлемдік бокс сериясының Қазақстан бокс федерациясындағы үйлестірушісі Болат Манкеновтің айтуынша, “Astana arlans”, яғни “Астана арландары” деген атпен күш сынасатын еліміз командасына қазірдің өзінде 4 шетелдік боксшы сатып алынған. Олар – 85 килоға дейінгі салмақтағы колумбиялық Джейсон Маррей Лорелло мен ганалық Максвелл Энтонзан, 91 кило ауыр салмақтағы мадияр Иштван Беррера мен серб Милутин Станкович. Ал өз елімізден Қанат Әбутәліпов, Бағдат Әлімбеков, Нұрлан Сейсембетов (54), Мерей Ақшалов, Ержан Мұсафиров, Азамат Смағұлов (61), Бақыт Сәрсекбаев, Дәурен Елеусінов, Мирас Баянханов (73), Марат Молдагереев (85), Қанат Әлтаев (+91) осы құрамаға кіруге келісім беріп отыр. Дегенмен, мұның өзінің де әлі түпкілікті тізім бола алмайтынын айта кетейік. Ал құраманы жарысқа белгілі мамандар Бейбіт Есжанов пен Марат Мәзімбаев дайындайды.
Екінші жаңалық – 2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиада ойындарына қатысатын боксшыларға кезекті жолдамаларды әперетін бір квалификациялық турнир қазақ жерінде өтеді. Бұған АИБА атқару комитетінің таяуда Мароккода өткен кезектен тыс мәжілісінде қол жетті. Ал осы орынға бізден басқа Қытай, Пәкстан және Моңғолия сынды елдер таласқан еді. Басқа конференцияларда мұндай іріктеу турнирлерін өткізу құқығына Әзірбайжан, Бразилия, Марокко және Австралия сияқты елдер ие болды.
Үшінші жаңалық – бұдан бірқатар уақыт бұрын елордада Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткізілген екінші халықаралық турнирдің аясында өткен төрешілер семинарында біздің елімізден бес бірдей рефери үш жұлдызды статус алды. Мұндай атақты алқалаған Рахымжан Рыспаев, Бақытжан Бекпенбетов, Әлішер Әлтаев, Әсия Аманбаева және Наталья Цой енді халықаралық ірі турнирлер мен чемпионаттарға қызмет көрсететін болады. Осы жерде Азияда мұндай мәртебеге жеткен басқа бірде-бір елдің жоқ екенін айта кеткеніміз ләзім. Ал жоғарыдағы қыздардың бірі алдағы қыркүйек айында Барбадоста әйелдер арасында өтетін әлем чемпионатындағы жекпе-жектерге төрешілік ететін болады.
Төртінші жаңалық – біздің елімізде де жоғарыдағы конференциялардың ізімен аймақтар боксшыларының матчтық кездесулері орын алғалы жатыр. Оның алғашқы турнирі күні кеше, шілденің 17-ісінде Ақтау қаласында басталып кетті. Бұдан кейін басқа қалаларда да осындай турнирлер өркен жаяды. Мұнда командалар жаңа ережеге сай 10 салмақ дәрежесі (49, 52, 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91, +91) бойынша рингке шықпақшы. Олар солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс деп аталатын 4 конференцияға бөлініп шайқасады. Бұлардың біріншісіне - Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, екіншісіне – Алматы, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, үшіншісіне – Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, соңғысына Астана, Павлодар, Өскемен, Талдықорған командалары топтастырылған. Олар барлығы 15 матч өткізеді. Командалар солардың әрбіріне жақын және алыс шетелдерден боксшы-легионерлердің қаншасын болса да қатыстыруға құқылы. Құрамаларды қалыптастырудың бұл схемасы 1/8 және Қ финалдық шайқастарда, яғни алғашқы екі кездесуде ғана қолданылады. Содан кейін һ финалдан бастап әр дивизионның командалары өзара ұшырасып, басқа жақтардан боксшы тартуға рұқсат етілмейді. Ал бұл жобаның басты мақсаты, Қазақстан боксының былтыр Миланда өткен әлем чемпионатынан кейін едәуір түсіп кеткен беделін күрт көтеріп, белсенділігін арттыру болып отыр.
Аталмыш матчтық кездесулердің бірінші айналымы биылғы 4 қыркүйекте мәреге жетеді. Осы тартыста жеңіске жеткендер 1/4 финалға жолдама алып, 18 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өзара кездеседі. Осыдан жеңіп шыққан әр аймақтың жеңімпаздары сосын жартылай финалда ұшырасады. Мұнда “Батыс” және “Оңтүстік” конференцияларының күштілері 13 қарашада, “Шығыс” және “Солтүстік” конференцияларының маңдайалдылары 24 қарашада күш сынасады. Ал финалдық айқас 16 желтоқсан күні Астана қаласының төрінде дүрілдеп өткелі тұр.
Айтатыны жоқ, төрт жаңалықтың төртеуі де бокс десе, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жанкүйер жұрттың жандарына жағатындай айтулы оқиғалар екені даусыз. Сөз соңында біз бұлардың барлығы белгілі азамат Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін Қазақстан бокс федерациясының тікелей араласуы және ынталы ықпалы арқылы жасалып жатқанын айта кеткенді жөн көрдік.
Серік ПІРНАЗАР, АСТАНА.