22 Тамыз, 2015

Мектеп – кеме, білім – теңіз

695 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
04-2 Алматыдағы Республика сарайында қала ұстаздарының жыл сайынғы тамыз кеңесі «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» деген атпен болып өтті. Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Есенғазы Иманғалиев және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Қаладағы қызмет көрсету меке­­мелерінің басшылары, аудан әкімдері мен жоғары оқу орын­дарының ректорлары, білім басқармасының қызметкерлері мен қала мектептерінің ұстаздары қатысқан келелі кеңестің ашылу салтанатында Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева «Білім беру жүйесінің жағдайы» тақырыбында баяндама жасап, 2014-2015 оқу жылында қала мектептері қол жеткізген жетістіктер мен жалпы білім жүйесінің өзекті мәселелеріне тоқталды. Басқарма басшысының есе­біне сай өткен оқу жылы барысында информатикадан өткен әлемдік олимпиадада ел намысын қорғаған 4 оқушының 2-уі, яғни, халықаралық білім додасының күміс және қола медалін иеленген қос шәкірт алматылық болса, 2009 жылы халықаралық және республикалық білім жарыстарында оза шауып жүрген дарынды шәкірттерді ынталандыру мақсатында қала бас­шы­лығы тағайындаған «Үркер» төсбелгісіне осы уақыт аралы­ғында 1338 оқушы ие болған. Қазіргі таңда қала мектептері мен бала бақшаларында 22 мың оқытушы мен тәрбиеші, кәсіптік колледждерде 4 мыңнан аса тәлімгер қызмет етсе, олардың 1062-сі республикалық, ал 160-ы шет елдерде тәжірибе деңгейін көтеру курстарынан өткен. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша Алматы қа­ла­­сының бітірушілері қол жет­кізген орташа көрсеткіш 92,1 балл болып, республикалық орташа көрсеткіштен 12,7 балл жоғары болған. 28 мектептің шәкірттерінің орташа көрсеткіші 100 және одан да жоғары балл болса, 120 балл жоғары көрсеткішке 78 оқушы қол жеткізген. Ең жоғары 125 балды 1 оқушы, 124 балды 5 оқушы алып, қала шәкірттерінің 35 пайызы 120-дан жоғары балға ие болған. Бұл республикалық көрсеткіштен 17 пайызға жоғары жетістік. Қала мектептерін бітіруші шәкірттер арасында 225 оқушы «Алтын белгі» иеленіп, бұл межеге 1 балл жетпей қалған 19 шәкіртке «Үздік бітіруші» куәлігі тапсырылған. Бұдан өзге, қалалық білім басқармасының басшысы қала­ның жекелеген мектептері мен колледждерінде халықаралық санатқа сай тәжірибелік білім беру бағдарламалары енгізіліп отырғандығы мен шәкірттерді отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстарының жаңа серпінге ие болатындығын айтты. Жаңа оқу жылының бас­талуымен қала мұғалімдерін Қазақстанның Еңбек Ері, ардагер ұстаз Аягүл Миразова, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дәмир Шыныбеков, «Белкамит» біріккен кәсіпорнының бас директоры Павел Беклемишов құттықтап, алдағы оқу жылында ұстаздар қауымына жемісті еңбек, шәкірттерге ғибратты білім иегері атануды тіледі. Дәстүрлі ұстаздар кеңесіне жиылған көпшілікті алдағы оқу жылының басталуымен құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбек алқалы кеңес алдағы білім беру жылының негізгі бағыт-бағдарын айқындау мақсатында алар орыны мен берер тәлімінің зор екендігін атап өтті. Өткен оқу жылында қол жеткізген жетістіктер мен кейбір міндеттер ретін, сондай-ақ алдағы жылға жасалар жоспарлар барысын сөз ете келіп қала басшысы білім берудің халықаралық тәжірибесін Назарбаев зият­керлік мектебі тұрғысынан сатылап енгізу, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан мектеп құрлыстарын жандандыру, қалалық оқытушылардың білім және тәлім беру деңгейін көтеру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру керектігіне тоқталды. Қаланың білім беру жүйесінде мұғалімнің беделін көтеру, педагогтардың материалдық жағдайын арттыру мақсатында Кембридж университетінің бағдарламасы қолданылып, жаңа форматтағы 3 деңгейлі курста 2300-ге жуық қала мұғалімдерінің ұстаздық деңгейін көтергенін жеткізумен қатар, қала басшысы үздік мұғалімдерді ынталандыру барысында қала қазанынан арнайы қаражат бөлдірудің де жақсы дәстүрге айналғандығын және аталмыш үрдісті одан әрі жалғастыратындығын айтты. Бұл дегеніңіз 500 үздік мұғалім мен 1000-нан аса жас педагогтің әрқайсысына 150-300 мың теңге көлемінде қосымша сыйақы төленеді деген сөз. Алматы қаласының әкімі еңбек жолында ерекше көзге түсіп, шәкірт тәрбиелеу ісінде зор жетістіктерге қол жеткізген 32 мектеп директорына «Алматы» шипажайында ем қабылдап, дем алуы үшін жолдама табыстап, қаладағы ең үздік білім беру мекемесі ретінде үлгілі дәрежеге ие болған М.Мақатаев атындағы мектеп ұжымына 17 миллион 91 мың теңгенің арнайы сертификатын тапсырды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Алматы қаласының ұстаздарына басталғалы тұрған оқу жылының табысты да жемісті болуын тілей келе, елімізде білім-ғылым саласына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, толайым қолдау көрсетіліп отырғандығын баса айтты. – Әрбір мемлекеттің дамуы – оның білімді азаматтарына тікелей байланысты. Егемендік алған күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің білім саласы жақсы дамуы үшін ерекше көңіл бөліп келеді. Қандайда бір дағдарыстар мен қиыншылықтар болмасын, мемлекетімізде білім саласын қаржыландыру еш төмендеген емес, – дей келе Үкімет бас­шысының орынбасары Қазақ елінің әлемде алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына ену жолында Елбасы біздегі білімді жастар мен тәжірибелі ғалымдарға үлкен үміт артып отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, Вице-премьер Алматы қаласы даму жолына түскен Қазақстан үшін айрықша дәрежеге ие екендігін, мәдениет пен кәсіпкерліктің орталығы ретінде әлі талай биіктерді бағындырып, отандық ғылым мен бизнесте толайым табыстарға қол жеткізетін жаңа буын өкілдерін тәрбиелеп шығаратындығына сенім артты. Үкімет тарапынан «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде жаңа мектептер салу үшін қаржының толассыз бөлініп отырғандығын, 2020 жылға дейін еліміздегі барша мектептерге Назарбаев зияткерлік мектептеріндегідей заманауи жаңа бағдарламаны енгізу, үш маусымдағы оқу жүйесі мен апатты жағдайдағы мектептерді жаңа оқу ғимараттарын салу арқылы алмастыру секілді бірқатар міндеттердің алға қойылғандығын тілге тиек етті. Мектепке дейінгі тәрбие мәселесіне қатысты Алматы қаласының әкімімен ақылдаса отырып алдағы уақытта қалада бой көтеретін жаңа санатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында балабақшалар салу, 2020 жылға дейін қалада балабақша кезегін күту проблемасын жою мәселелерімен кеңескендігін айтты. Еліміздегі мектеп жасындағы жасөспірімдер мен балалардың тәрбиесіне ерекше тоқталған Бердібек Сапарбаев бала тәрбие ісіне ерекше көңіл бөлу баршаға ортақ міндет екендігіне баса назар аударып, ауылдық жерлердегі білім беру мен ауыл мектептерін бітіріп келген түлектердің ертеңіне ұдайы алаңдаулы болуға, әрбір қазақстандық шәкірттің ертеңгі маман, ел экономикасы мен саясатына орасан зор үлес қосатын тұлға ретінде қарауға барлық тәрбие ісі өкілдерін шақырды. Премьер-Министрдің орынбасары 2014-2015 оқу жылында үлгілі қызмет атқарған мұғалімдерді Ы.Алтынсарин атындағы мәртебелі төсбелгімен марапаттап, барша ұстаздар қауымының еңбегіне табыс тіледі. Алматы қаласына арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Ми­нистрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Сұңқар» трамплинінде, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, республикалық Қан орталығында болып, болашақта универсиада өткізілетін бірқатар жаңа спорт нысандары мен ғимараттардың дайындық жұмыстарымен таныс­ты. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.  
Соңғы жаңалықтар