19 Шілде, 2010

БАЛА ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚҰРЫҒЫНА ТҮСПЕСІН

917 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Ойынның қайсысы болмасын адамды әрқашан рахат сезімге бөлейді, серпілтіп, дем алдырады. Ойын баласына қарап отырсаң, бір ойынды әбден жалыққанша ойнайды да, уақыт өте келе басқа ойын түрін тауып алады. Ал, біз сөз қылғалы отырған ойын автомат­та­ры­ның әсері керісінше, адамды жалықты­ру­дың орнына өзіне еліктіре түседі. Иә, бұл ойынды ойнағаннан кейін кейбір адамдар өз­де­рін тоқтата алмай­тын жағдайға жете­тін көрінеді. Тіпті,... қай­сібір ересек адам­дар да бар тап­қан таян­ғанын осы ойынға салып, үйді де, күйді де ұмытып, мәңгіріп қалатынын естіп жатамыз. Рас, ойын автоматтарына көбіне жас жеткіншектер ба­ра­ды. Алғашында қызығушы­лық­пен ойнап көрген олар келе-келе құмарланып, қызыға түсетін көрінеді. Сөйтіп ата-анасының жолына, тамағына деп берген бар ақшасын тағы да ойын автоматына жұмсайды. Осыдан барып бала бойына алдау, арбау, өтірік айту сияқты қасиеттерді сіңіре бастайды. Тіпті ата-анасынан ақша ұрлауды әдетке айналдырса керек. Ал кейін оны өзгелерден тартып немесе ұрлап алуға да барады. Мамандардың айтуы бойынша, құмар ойындарға деген құштарлық психологиялық тұрғыда артта қалушылық деп есептеледі. Медицина мен психологияда мұны кәдімгі аурудың бір түрі деп есептейді және оны лудомания деп атайды. Күн ұзаққа ойын автоматтарының алдынан тұрмай, нәр татпаған балалар жүрек, қан тамыр ауру­ларына да жиі ұшырайды екен. 2007 жылы 12 қаңтарда Қа­зақ­стан Республикасының “Ойын бизнесі туралы” Заңы қабылдан­ға­ны көпшілігімізге таныс. Осы заңға сәйкес ойын залдары жабы­лып, Қазақстанның тек екі же­рінде арнайы зоналар – Алматы облысындағы Қапшағай мен Бу­ра­­байға көшті. Осы заң күшіне ен­гелі үш жыл болса да, заңсыз жұ­мыс істеп жатқан ойын зал­да­ры әлі күнге барын да естіп жүр­міз. Жуыр­да ғана Қостанай қа­ла­сындағы Ғ.Қайыр­беков көшесін­де­гі “Меркурий” дүкеніндегі ойын залынан 14 ойын автоматы табылғанын да баспасөз бетінен оқыдық. Осыған ұқсас оқиға Солтүстік Қазақстан облысында да орын алған. “Ауыл шаруа­шы­лық техниканың қосал­қы бөл­шек­тері” деген бүркеншік атпен заң­сыз түрде жұмыс істеп келген алаяқ­тар ұсталыпты. Тәркілеу ба­рысында табылған 25 ойын ав­то­маты жойылған. Осы істің басы-қасында жүрген адам астаналық 45 жастағы әйел екені де анық­тал­ған. Еліміздің ірі қа­ла­ларында орын алған оқиғалар заңсыз әрі жасырын түрде жұ­мыс істеп жатқан ойын клубтарының әлі де бар болуы мүм­кін деген бол­жамға итермелейді. Тіпті Астана қа­ласындағы “Жасы­бай” қонақ үй кеше­нінде сыртына би­льярд деп жазыл­ға­нымен, бірақ ішінде ойын авто­мат­тары тұрғанын да құқық қорғау сала­сының қызметкер­лері ашып отыр. Аталған факті­лер­дің бәрі жасырын түрде жұ­мыс істеп жатқан ойын залда­ры­ның әлі де бар екенін және одан балаларды қорғау басты назарда болу керектігін көр­се­теді. Сон­дықтан балалары­ңыз­дың жүріс-тұрысына баса назар аударған дұрыс сияқты, әсіресе, оның қайда баратынын, не іс­теп, кіммен бірге жүргенін, тіп­ті өзін-өзі қалай ұстайтынына да көңіл бөлген артық емес. Себебі, мұндай жағдайда бала өз достарымен араласудан да қалып, ештеңеге құлшынысы бол­май, есіл-дерті ойын автомат­тарына ауады дейді мамандар. Ежелгі грек философы Демо­крит: “Ойынның еліктірге­ніне қарсы тұра алмаған адам бақытты бо­ла алмайды” – десе, атамыз қа­зақ “Асық ойнаған азар, доп ой­наған тозар” деп бекер айт­па­ған. Жастарымыз ойын автомат­та­рының құрбанына айналып, азып кетпесін десек, сол жолда бә­ріміз бірігіп, жұмыла күрес жүргізейік. Әспет ӘБДІРЕШОВА, СҚМУ студенті. ЖАЙНАП ЖҮРСІН ЖҮЗІҢІЗ Гүл өте нәзік өсімдік екенін бәріміз білеміз. Сондықтан да ол жайқалып өсу үшін оған бап пен ерекше күтім керек. Өз бабында өскен гүлді күтіп, баптамасаңыз ол солып қалады. Адам терісі де тура гүл сияқты. Оған да күтім керек. Бүгінгі күні толып жатқан сұлулық са­лон­дары да сол үшін қыз­мет атқарады. Алайда оның қызметіне жү­гінуге барша қыз-келіншектердің мүмкіндігі келе де бер­мей­ді. Сондықтан біз бүгін бетті сұлулық салон­дары­на бармай-ақ, үйде жүріп-ақ, күнделікті тірлігіңіздің арасында күтуге болатынын ескерте отырып, әрбір әйелдің тоңазыт­қы­шы­нан табылатын азық-түліктен-ақ бет күті­міне арналған тамаша маскалар мен кремдер жасауға болатынын еске сала отырып, оның бірнеше түрін назарларыңызға ұсынамыз. Жаз маусымында бетіңізді ағартатын крем жасау үшін бір стақан сүтті қайнатасыз да, оның үстіне үккіштен өткізілген қиярдың біреуін саласыз. Қайнаған сүтті суығаннан кейін тоңазытқыштағы арнайы мұз салғышқа құйып, қатыру керек. Содан кейін күніне біреуін алып бетіңізге жағып отырасыз. Бұл қарапайым тәсілді ұдайы қолдансаңыз, теріңізге өң кіріп, жасара түсетініне сенім мол. Қол жетімді азық-түліктен жасауға болатын тағы бір масканың түрі бар. Ол үшін сізге бір жұмыртқа, бір шай қасық ас содасы, айран, бір қасық сұйық май және сондай мөлшерде бал қажет. Осы аталғандардың бәрін жақсылап араластырып, бетіңіздің әжімдерін жоюға арналған маска даярлайсыз. Дайындалған масканы күніне бір мезгіл жағып, екі-үш апта бойы үзбей қолдансаңыз, бет теріңіз әрленіп, айтарлықтай оң нәтиже беруі мүмкін. ҚҰРБЫМ, САҒАН АЙТАМ... Халық түсінігі бойынша, текті жердің қызы әдепті, көргенді, инабатты, қиыншылыққа төзімді болып келуі тиіс. Соған орай, қыздың ата-анасы да өскен ортасы мен ата-анасының артынан жаманат сөз ергізбеуін оның құлағына құятын. Сол себепті бабалары­мыз “Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал” деп өсиет қалдырған. Мұның барлығы да өткен замандағы ата-бабаларымыздың түсінігі болатын. Енді бүгінгі таңдағы қыздарымыздың қандай болып бара жатқанын ой елегінен өткізіп көрелікші. Қазіргі қыздардың дені шыдамсыз, ашуланшақ, қиыншылыққа шыдай алмайтын әлсіз болып кеткен секілді. Осы күндері тіпті ер азаматтардан айырмашылығымыз қалмай бара жатқандай. Арақ-шарап ішуге, темекі тартуға әуес қыздардың көптігі бұл сөзімнің бір дәлелі. Иә, бүгінгі аруларымыздың көпшілігі әдет-ғұрпымыз бен ислами қағидаларды ұстанғаннан гөрі, Батыстың сәнін қуып, ашық-шашық жүруге бет бұрған. Қасиетті Құранда “Исламнан бұрынғы қылықтарыңдай сәнденіп, дене көріктеріңді көрмеге шығарушы болмаңдар” делінген. Әйтсе де қазіргі қыздардың дені денесін жалпақ жұртқа жарнамалауға көшкен. Тіпті аға буынды айтпағанда, кейбір құрбыларымыздың киім киісіне, қылығына қарап біздің өзіміз де ұялатын болдық. Адамның ішкі мәдениетінен туындайтын бойжеткенге тән сияқты қасиеттер де екінің бірінде жоқ десем де болады. Қыздарымыздың былайша өзгеріп бара жатуы шамасы тәрбиеден болар деп жобалаймын. Ендеше, “қызға қырық үйден тию” деген сөз нақ осы заманда аса қажет болып тұрғандай. Жаныңа ең бататыны, бүгінгі менің құрбыларым тілді шұбарлап сөйлеуге, тіпті өзге тілде сөйлеуге әуес. Байқайсыз, солардың басым бөлігі ана тілін тәп-тәуір біледі-ақ. Бірақ өз тілінде сөйлеуді ар көреді. Ашып айтпаса да, өз тілінен өзге тілді зор тұтатынын байқатып алады. Осы мен кімді кемсітіп жүрмін деп еш ойланбайды. Ұлттық намыстан жұрдай, өзінің кім екенін ұмытқан мұндай жастар өзінің ең сормаңдай жан екенін, көкірек көзі бітеу қуыс кеуде екеніне, ертерек ұғынса ғой, шіркін! Қызғалдақ ЗҰЛПЫХАРҚЫЗЫ, студент. “САЛАҚТАҒАН КІНДІГІҢДЕ СЫРҒАҢ-АЙ” Басқалардан сырт келбетімен ерекшелену үшін бүгінде жастар түрлі қадамдарға барады. Біреулері өзгеше стильде киіну немесе шаштарын түрлі түске бояу арқылы жұрт назарын өзіне аударса, тағы біреулері қастарын, мұрындарын, тіпті еріндерін тесіп, сырға, яғни пир­синг тағуды сәнге айналдырған. Тіп­ті, иығына, беліне, арқасына түрлі су­рет салып, өз де­не­сін өзі әлеміш­теп қоятын жас­тар­ды көргенде таң­ғалмайтын болдық. Тарихқа көз салсақ, татуаж бен пир­синг­ті мыңдаған жылдар бұрынғы адам­да­ры қолданған екен. Ал кейбір көне тай­палар жазаланған адамды масқаралау үшін осындай таңба салатын болған. Енді, міне, бүгінде жастар бұған басқа қырынан, яғни сәндік, әдемілік ретінде қарайтын болды. Алайда  теріге татуаж да, пирсинг те кері әсер етіп, ден­сау­лыққа айтарлықтай қауіп төндіретінін біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені, оның салдары өмірге қауіп төндіретін ауруларға  әкеп соғуы әбден мүмкін. Татуировка – бұл терідегі сурет. Тері­ні піскілеп тесу арқылы оған бояу жағып, сурет салады. Мұндай сурет сумен жуыл­майды және теріден өшпейді. Татуи­ров­каның уақытша және өмір бақи сақ­тала­тын түрі бар. Оның бәрі теріге енгізілетін бояудың химиялық құрамына байланысты. Пирсинг – жастардың көпшілігі ойлағандай, косметикалық процедура емес, бұл теріні тесу арқылы оған түрлі әшекейлер тағу үшін жасалатын кәдімгі ота (операция). Пирсингті бұрын құлаққа тағу кеңінен жайылған болса, соңғы жылдары қасына, мұрнына, ерніне, тіпті, одан да сорақысы – кіндігіне салақтатып сырға тағып алған қыздарды жиі көретін болдық. Ертеңгі күні ана атанар бұл қыздарды болашақ алаңдатпайтын сыңайлы. Әйтпесе есі бүтін адам бұлай жасамас болар. Пирсинг те, татуировка да адам терісіне зақым келтіреді, сондықтан оған баратындар өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарап, сау бастарына  сақина тілеп алады.  Мамандардың ай­туы­на қарағанда, теріні тесудің салда­ры­нан (егер де құ­ралдар таза болма­ған жағдайда) адам денесіне инфекция еніп, СПИД, гепа­тит, туберкулез сияқ­ты ауруларға шалдығуы мүмкін. Тіпті, татуаж жасаған кезде бояудың теріге аллергиялық әсер беруі де ғажап емес. Сол сияқты пирсингтің әсерінен, нақтырақ айтсақ, никель мен кобальттан жасалған әшекейлер де аллергия беруі ықтимал. Пирсингтің құрбанына айнал­ғандардың ішінде ең кең тараған проб­лема – жараның іріңдеуі десек, оның аяғы қатерлі ісікке апарып соғатынын да ұмытпаған жөн. Татуажды да өмір бойы күн сәулесінен қорғау керек. Қарап отырсаңыз, қызығынан шыжы­ғы көп пирсинг пен татуаждың адам ағза­сына тигізер зияны орасан зор. Алайда біз сол жағын ескере бермейміз. Өзге ел­дің әйтеуір бір нәрсесін талғамай қа­былдап аламыз. Ұлттық менталитетімізге жат әдеттер мен қылықтарға бой алды­рып, соңынан кесірін тартып жатамыз. Құлақты бірнеше жерден тесіп, денемізге  әлеміштеп сурет салып, кіндігіне сырға таққандарды көргенде осының несі әдемі екен деген ой келеді? Шынында, бүкіл денеңді әлем-жәлем етіп, неше түрлі құбыжықтардың суретін салып алғанның несі сән?! Осыны түсінер жастар болса шіркін! Әспет ӘБДІРЕШОВА, СҚМУ студенті.