05 Наурыз, 2015

Ертегі – тәрбие құралы

1784 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ХХІ ғасыр – жаңалықтар мен технологиясы дамыған жаһандану процесіне ұласты. Әсіресе, бұл бүлдір­шіндеріміздің әрқайсысының қолына бір-бір «айпад» немесе «планшет» деген құралды ұстатып, сол арқылы ғаламтордан кез келген мәліметті алатын болды. Сонымен қатар, кез келген мультфильмді тамашалайды. Жасыратын несі бар, олар сол көгілдір экранның арғы жағындағы вертуалды әлеммен өмір сүріп жатыр. Роботтар арасындағы бітпейтін «жаһандық» соғыстың қимыл-әрекет­терін қызық­тайды. Иә, түрлі-түсті сиқырлы ани­мацияның жемісіне дауым жоқ. Тек кейіпкерлердің бойындағы сезімдер мен қылықтардың адамгершілік құн­дылықтарынан алшақтығы ойлантады. Оның ешқандай тәлім-тәрбиелік маңызының жоқтығы, жақсылық пен мейірімділіктің шуағы сезілмейтіндігі қинайды. Қазіргі таңда әженің тәрбиесін көріп, сол үлгімен өсіп келе жатқан балапандар жоқтың қасы. Өйткені, барлығымыз күнкөріс тіршіліктің соңына түсіп алған кейпіміз бар.   Мультфильмге сіңірілген басты идеология жаппай қырып-жою, адамдар арасындағы теңсіздік пен үстемдік, байлықтың соңына түсу, ойдан «өзгеше бір әлем» жасап шығару. Соны көрген сәбидің санасы ерте бастан-ақ уланып, ақ пен қараның шегін ажырата алмай, отбасылық тәрбиеден ажырап, қоғамдағы шынайылықтан аулақ қала ма деген қауіп бар. Осыдан келіп, ойға қалам. Кеш болса да ата-бабамыздан қалыптасқан ұлттық салт-дәстүріміз бен менталитетімізге сәйкес рухани құндылықтарды еске түсіріп, балаларымызға үйрете бастасақ ұтылмас едік. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі», деп ғұлама ғалым бабамыз Әбу Насыр Әл – Фараби  айтқандай, ертең осы елге ие болып, тізгінін ұстар азаматтар бүгінгі кішкентай бүлдіршіндеріміз ғой. Сол балапандарға тәрбие беру біздің басты мақсатымыз. Ал тәрбие отбасынан бастау алады. Сол бастаудың бір құралы – ертегі. Себебі, ертегідегі таңғажайып оқиғалар мен керемет сиқырға толы кейіпкерлер бала санасына әдемілік пен жақсылықты, қарапайымдылық пен инабаттылықты, еліне деген сүйіспеншілікті, үлкенге құрметті, кішіге ізетті ұялатады. Бала кезімде әже тәрбиесін көрмедім, бірақ ұстаз-анамның  уысынан талай ертегілер естігенмін. Өзімде, балаларымды ертегі кейіпкерлерінің өнегесімен таныстырып, тәрбие берудемін. Бұл үлгіні тек отбасымда ғана емес, ұстаздық жұмысымда да жиі қолданамын. Себебі, қанында қазақы қалып бар бала бойына халықтық құндылық тез қонады, ойында өмір бойы сақталады. Сондықтан, барлық ата-ана қауымына айтарым, батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, бесік тербететін әжелеріміздің үлгісін, яғни бүлдіршіндерімізді тәрбиелеудің бір құралы ретінде ертегі әлеміндегі кейіпкерлермен таныстырсақ екен. Заманға қарай тәрбиелеп, білім берумен бірге, ұл-қыздарымызды қазақ­тың озық салт-санасына бейімдеуді естен шығармасақ есті ұрпақ қалыптас­тырарымыз хақ. Ақгүл ҒАЛЫМОВА, Астана қаласындағы №70 «Құлыншақ» балабақшасының тәрбиешісі.