05 Наурыз, 2015

Папиллома вирусы қатерлі ісікке әкеледі

1015 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бірақ оның алдын алуға болады Алматыда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері ұлттық орталығының ұйымдастыруымен «Папиллома вирусына қарсы егу: ғаламдық мәселенің қауіпсіз шешімі» атты баспасөз мәслихаты өтіп, онда адам папиллома вирусынан пайда болған қатерлі аурудың алғашқы және екінші қайтара алдын алу шаралары талқыланды, екпе туралы ақпараттар айтылды. Қазіргі кезеңде денсаулық сақтау саласының мамандарын қатерлі ісік аурулары, оның ішінде жатыр мойыны обырының көбеюі аса алаңдатып отыр. Бүгінде Қазақстанда жатыр мойны обырымен 10500 әйел сыр­қаттанады. Дегенмен, жыл сайын елі­мізде 1200-ден аса жатыр мойны обыры тіркелсе, соның жартысы осы аурудан қайтыс болады. Яғни, Қазақ­станда күн сайын жатыр мойыны обырынан 2 әйел көз жұмады екен. АПВ (Адам папиллома вирусы) жыныс қатынастары арқылы таралатын инфекцияның бірі. Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі АПВ-дан аман әйелдермен салыстырғанда, жатыр мойыны обырының 16 типті вирусын жұқ­тырғандарда обыр 400 есе және 18 типті вирусын жұқ­тырғандарда 250 есе асқынып кететінін анықтады. Себебі, 16 және 18 - адам папиллома вирусының ең жиі тараған және қауіпті түрлері. Десек те, заманауи медицинаның адам папиллома вирусынан тарайтын қатерлі ісік ауруының асқынуына тосқауыл қоюға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 120 елінде қолданылады. Жатыр мойыны обырының алдын алудың ұлттық бағдарламасы әлемнің 59 елінде қабылданған, оның ішінде Австралия, АҚШ, Канада және Еуропаның көптеген елдері бар. Мұндай ұлттық бағ­дарламаның негізі жасөспірім қыз­дарға папиллома вирусына қарсы алғашқы екпе жұмыстарын жүргізу болып табылады. Вакцинаның әсер­лілігі мен қауіпсіздігі әлемнің түрлі емханаларында зерттелінген және дәлелденген. Сондықтан, вак­­цинация­ны Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы ұсынып, бала­ларға екпе жүргізудің ұлттық бағ­дарламасына енгізген. Қазақстанда Онкологиялық көмек көрсету мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңір­лерінде АПВ-ға қарсы тегін екпе жасау бағдарламасын кезең-ке­зең­мен енгізу қарастырылуда. Он­дағы мақсат – жатыр мойыны обы­рының алдын алу. ТДМ елдері арасында Қазақстан – жаңа екпені енгізген бірінші ел. Дәл қазіргі уақытта Алматы, Астана, Павлодар және Атырау облыстарында 11-15 жастағы жасөспірім қыздарға екпе егу сәтті жүргізілуде. Бұл шара келесі жылдан бастап барлық өңірде жалғастырылатын болады деп жос­парлануда. Вакцина медициналық ұйымдарда ақпараттандырылған ата-аналардың келісімімен жүргі­зіледі. Халықтың бұл ауру туралы аз хабардар болуы аурудың күн сайын өсуіне әкеледі. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».