Биылғы жылы, бәрімізге белгілі, Қазақстанға тағы да бір үлкен міндет жүктелді. Шынын айтқанда, бұл да Елбасымыздың көреген саясатының арқасы деп білемін. 2010 жылы Қазақстан Республикасы 56 елдің басын біріктіріп отырған беделді халықаралық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Мұның біздің елге көрсетіліп отырған зор құрмет пен сенім екенін әрқайсымыз терең түсінуге міндеттіміз.
Әлемдік қоғамдастықтың болашаққа бет түзеген ұлы көші ХХІ ғасырдың оныншы жылына да қадам басты. Осы көштің құрамында өз алдына дербес жеке керуен ретінде Қазақ елі – Қазақстан Республикасы да бар. Қаншама қиындықтар, қаншама кедергілер, “тар жол, тайғақ кешулер” кездессе де, біздің ұлы көшіміз алған беттен таймай, сенімді түрде жарқын келешегіне келе жатыр. Әлем сан алуан реңкке толы. Қай тұсқа қарасаң да әйтеуір бір қарама-қайшылықтарға көзің түседі. Бір елде төңкеріс болып жатса, енді бір елде қиян-кескі қырғынның кесірінен қарапайым халық қанға боялуда. Енді бір ел аштық құрсауының салдарынан босып кеткен халқының басын біріктіре алмай әлек. Осындай қиғаштықтардың бәрінен Қазақ елі дін аман. Осының бәрі ел Президенті белгілеген халықтар достығы мен бірлігі саясатының арқасы деп ойлаймын.
Қай кезде де елімді қалай алға бастаймын деген Елбасының басты ойын мына сөзінен анық байқауға болады. Н.Назарбаевтың: “Өзім үшін емес, елім үшін толғанамын: бір басыма керекті қай күнде де табармын. Халқыма керекті қалай табамын, қайдан табамын деп қам жеп жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы қажет”, дегені халықтың жүрегінен орын алды.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында Н.Назарбаевпен бірнеше мәрте жүздескен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Алматыға келген сапарында Қазақстан Президентімен өткізген кездесуі жөнінде өз мемуарында былай деп жазады: “Менің Назарбаевпен сұхбат барысында өткізген үш сағатым бұған дейін болған жүздесулерімнің ішіндегі ең бір ерекше есте қалғаны болды. Ол сұхбаттасушысына үлкен әсер қалдыра білетін көшбасшы”, дей келіп, елді басқарудағы, өзге елдермен ынтымақтастық орнатудағы ұстанымдарына соншама таңданыс білдіргенін жасырмады.
Басшылық тізгіндегі тәжірибенің молдығы мен тәуелсіз еліне деген орасан сүйіспеншілік Н.Назарбаевтың бойында алғашқы сәттерден-ақ батыл қадамдар жасауға деген құлшыныс қалыптастырды. Тап сол уақытта дүние сәт сайын өзгерістерге толы болды ғой. Түртіп қалсаң құлағалы тұрған қирандыдай күйге түскен Одақ бір-ақ күнде соғыссыз қаусап түсті. Енді осы үйіндінің бір бүйірінен зәулім сарай тұрғызу айтарға оңай шығар, іс жүзінде қиямет-қайымның нағыз өзі болатұғын. Бұл туралы Президенттің өзі “Ғасырлар тоғысында” атты кітабында былай дейді: “Біз бірнеше проблеманы шешуге тиіс болдық. Біріншіден, біздің мемлекетіміздің шын мәнінде қандай мемлекет екенін көрсету керек еді. Екіншіден, Қазақстанның халықаралық тұрғыда танылуын ғана емес, сонымен қатар оның қауіпсіздігін, территориялық тұтастығын қамтамасыз ету керек болды. Үшіншіден, дүниежүзілік шаруашылық-экономикалық байланыстарға қосылу керек еді”.
Міне, дәл осындай алмағайып тұста біздің Елбасымыз өзі айтқан үш бағытта да еш жаңылған жоқ. Тиісті уақытта тиімді шешімдер қабылдай білді. Қиындықтар мен қарсылықтарды еш шиеленіссіз еңсере білді.
Аспаннан түскендей көрінген тәуелсіздігіміздің алғашқы толқынды күндерінде сан алуан пікірлердің бір арнаға тоғыса қоймағаны да рас. Алдымызда сан тарау соқпақтар мен сүрлеулер бар еді. Қай жолды таңдау керек? Бұл тұста да Елбасымыз өзінің сарабдал саясаты мен терең ой, салқын ақылына жүгінді. Сол тұста Жоғарғы Кеңестің таратылуы жығылған үстіне жұдырық болғандай еді. Елбасы тығырыққа тірелген жоқ. Жоғарғы Кеңес таратыла сала ел бағытын белгілейтін сан жүздеген заң күші бар Президент Жарлықтары жарияланды. Әркім әр жаққа тартқан даурықпамен бір күнде бір заң қабылдай алмаған сол Жоғарғы Кеңес сол кездері ел тағдырын шеше алар еді дегенге өз басым сенбеймін. Дәл сол тұста тәуелсіз Қазақстан үлкен жолайрықта тұрған болатын. Есімізге түсіріп көрейікші. “Грузия тек грузиндер үшін” деп әйгілі Гамсахурдия ұрандатқан соң не болды? Оңтүстік Осетиясы бар, Абхазиясы бар, Аджариясы бар – қаншама проблемалар құмырадан босатылған жындай болып, өзінен-өзі шыға келді. Молдовадағы Приднестровье шиеленісі, мына иек астында тұрған шағын Тәжікстандағы жағдай, президенттік таққа таласқан азамат соғысында миллионға жуық тәжік өз елінен тысқары жерлерге босып кетті. Осыған ұқсас сепаратистік қозғалыстар бұрынғы одақтас республикалардың қай-қайсысында да орын алды. Тіпті мына іргеміздегі Қырғыз еліндегі жағдайдың өзін қараңыз. Президенттік билік жүйесін уысында нық ұстаған біздің Елбасымыз Қазақстанда саяси тұрақтылықты сақтауға қол жеткізе алды. Дәл осы тұстағы қалыптасқан күрделі әлеуметтік-саяси ахуал мен елдегі саяси жағдайлар туралы Президентіміз өзінің “Әділеттің ақ жолы” деп аталатын кітабында жан-жақты әрі қызғылықты баяндағаны көпшілікке белгілі шығар деп ойлаймын.
Франциялық ғалым Алекс Москович осыдан он бес жыл уақыт бұрын былай деп пікір білдірген екен. Ол: “Н.Назарбаевтай басшыны қазақ халқына тағдырдың тартқан тамаша сыйы ретінде қабылдау керек. Бұрынғы Одақтың басқа президенттеріне қарағанда, Қазақстанның айы оңынан туған. Өйткені, бұл басшы адамгершілігі ұшан-теңіз кісі болумен қатар, шын мәніндегі мемлекет қайраткеріне қажет: кеңінен ойлайтын терең ақыл, баурап алар бірегей дарын, іс-қимылға бейім қабілет сияқты үш қасиеттің үшеуі де бір бойынан түгел табылатын жан”, деді. Шетелдік ғалым біздің Президентіміздің бірегей, қалыптасқан тұлға екенін тап басып танып отырғанын қалай мойындамасқа! Және еліміз сан түрлі өткелдерден сәтті өткен бүгінгі күні емес, осыдан он бес жыл бұрын айтылған пікірдің құндылығы әлі де сол қалпында.
Елбасымыздың астананы Ақмолаға көшіру туралы ойын іс жүзіне асырып, Еуразия төрінде келбеті күн нұрындай жаңа қала тұрғызуы теңдессіз ерлік ретінде бағаланды. Шынында да әуелгіде шенеуніктердің бәрінің де қобалжығаны, жүрексінгені, тіпті кейбіреулерінің іштей қарсы болғандары ақиқат қой, шын мәнінде “көз – қорқақ, қол – батыр” екенін, Елбасымыз іс жүзінде тамаша дәлелдеп шықты. Президентіміздің Астана туралы, көшу үдерістері туралы жазған “Еуразия жүрегінде” кітабын асқан қызығушылықпен оқып шыққандардың бірімін. Сол кітапта мынандай бір жолдар бар: “Иә, суық. Боран да болмай тұрмайды. Бірақ көшіп келу бізді тек аязға шынығуға жұмылдырып қана қойған жоқ, көшіп келу шенеуніктердің көпшілігін әлдеқайда жауапты болуға жұмылдырды. Оларды мемлекеттік басқару мәселелеріне әлдеқайда жауапты қарауға итермеледі. Тура солай”. Алып-қосары жоқ нақты ақиқат, міне, осы емес пе?! Астананың аязы барлығымызды да оятқаны, барлығымызды да ширатқаны, сөйтіп, жауапты істерге жұдырықтай жұмылдырғаны рас қой.
Осындайда ойға көмекей жырау атанған әйгілі Бұқар жырау бабамыздың мына бір жыр жолдары оралады:
Бағаналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт.
Мамырасып ел болып,
Байсалды жайлау табылды,
Көлдей қамқа төсеніп,
Көрікті ханым түскен жұрт.
Иә, бүгін бағаналы орда, басты ордамыз – арайлы Астана қаласы Сарыарқаның төрінде күн сайын жаңарып, сағат сайын құлпырып, жасарып, жайнап өсіп келеді. Бұл – Елбасының да, елдің де қуанышы. Астанамызға қарап асқақ ойымызды, Бәйтерегімізге қарап байтақ мақсатымызды түзесек, бұл да Нұрекеңнің арқасы. Ұлы көштің алғашқы легін бастап Президентіміздің Алматыдан Ақмолаға аттанғаны күні бүгінге дейін көз алдымда. Алматы әуежайына Елбасын шығарып салуға бұрынғы астанадағы игі жақсылардың басым көпшілігі жиналды. Мекеме, кәсіпорын басшылары, аудан әкімдері, белгілі қалам иелері – бәрі осында.
– Құрметті отандастарым, қадірлі жерлестерім! – деп Президент өз сөзін тебіреніп бастады. – Мен де өздеріңіз сияқты мына келбетін күн сүйген Жетісудың түлегімін. Әрине, менің осы әрекетіме кей азаматтардың таңырқай әрі тосырқай қарап отырғанын түсінемін. Сіздер де мені түсініңіздер. Алматыдан ауа көшетіндей менің отырған жерімнен су шыққан жоқ. Бірақ тәуелсіз еліміздің, егемен Қазақстан Республикасының жарқын болашағы үшін осы қадамға баруға тура келді. Бұл біздің ішкі үлкен стратегиялық әрекетіміз екенін ел-жұрт дұрыс ұғынады деп ойлаймын.
Президент бұдан әрі астананы көшіру туралы ойларын тарқата айтып, түбінде өзінің осы шешімінің аса зор тарихи мән-маңызға ие боларына, қазір солқылдақ саясат ұстанып жүргендердің ертең осы тоқтамға риза боларына сенетінін білдірді. Енді бір сәтте, көпшілік байқады ма, байқамады ма білмеймін, Нұрекеңнің дауысына әлдебір діріл енгендей болды. Сөзін аяқтай келе Елбасы назарын әнші Нұрлан Өнербайға аударды да: “Нұрлан, кәне, “Ауылым” әнін шырқашы”, – деп өтінді. Жеңіл қалықтаған әннің әуеніне тебіреніп біраз тұрды да, тез бұрылып, трапқа көтерілуге бет алды. Президент те ет пен сүйектен жаралған адам емес пе, шығарып салып тұрған қауымға, сәл босаңсыған сезімін білдіргісі келмеген шығар деп ойладым. Қоштасудың осы бір сәті әсер етті ме, менің де жүрек тұсым бір шым ете қалды. Қалай күрсініп жібергенімді өзім де аңғармадым-ау деймін.
Биылғы жылы, бәрімізге белгілі, Қазақстанға тағы да бір үлкен міндет жүктелді. Шынын айтқанда, бұл да Елбасымыздың көреген саясатының арқасы деп білемін. 2010 жылы Қазақстан Республикасы 56 елдің басын біріктіріп отырған беделді халықаралық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Мұның біздің елге көрсетіліп отырған зор құрмет пен сенім екенін әрқайсымыз терең түсінуге міндеттіміз.
Көпшілікке белгілі, жыл басында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Известия” газетінде мақаласы жарияланды. Осы мақаласында Елбасы: “Егемен мемлекеттің басшысы ретінде мен Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жай стратегиялық ұлттық жоба және елдің халықаралық беделі өскендігінің дәлелі деп қана емес, сонымен бірге Ұйымға жаңа тыныс, жаңа серпін берудің мүмкіндігі деп бағалаймын”, – деді. Яғни, Қазақ елі аса беделді Ұйымға төрағалық ету арқылы бедел ғана жинап отырған жоқ, дүниежүзілік өркениеттің дамуына жаңа тыныс беруге талпыныс жасауда.
Мұның айқын айғағы және еліміз бен Елбасыға деген зор құрметтің көрінісі күні кеше ғана 56 елден келген министрлер мен мәртебелі өкілдердің биылғы жылы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы Қазақстан ұсынысын түгелдей қолдауы болды.
Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысының ықпалынан аман-есен шығып келеді. Елде экономикалық тұрақтылық орнату жолында негізгі іс-шаралар жүзеге асты. Жеңістің бәрі бірлікпен келетінін білетін Н.Назарбаев туған халқына: “Тарихтың барлық кезеңінде даудан да, жаудан да қазақ ұтылса, тек бірлік пен татулықтың аздығынан ұтылды”, деген ой тастайды. Біздің қол жеткізген барлық табысымыздың негізі – бірлік пен ынтымақ. Алдағы уақытта да елге керегі осы – бірлік. Елбасы да әрбір сөйлеген сайын бірлігі жарасқан елдің айы оңынан туатынын, ісі алға басатынын айтып келеді.
Биыл Қазақстан Республикасына сапары барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун былай деді: “Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдауымды білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлем құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын”. БҰҰ Бас хатшысының бұл айтқаны бүкіл әлем елдері басшыларының құлағына жеткені айдан анық.
Үстіміздегі жылы сәуірдің 12-13-і күндері Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің бірінші сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы ядролық сынақтардың сорақы сұмдығын барынша көріп білген, Семей ядролық полигонын жапқан және әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстан МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта ядролық қатерді таратпау және азайтудың жаһандық үдерісінің табанды жақтаушысы екенін айтты.
“Біз жаңа ядролық қарусыз аймақтар қалыптастыруды, соның ішінде Таяу Шығыста қалыптастыруды жақтаймыз. Орталық Азия аймағы аясында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық материалдардың таралуына жол бермеу және ядролық лаңкестікпен күрес жөнінде өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бастамашы болды. Осы тәжірибені әлемнің басқа өңірлеріне де тарату орынды болар еді”, – деді Н.Назарбаев. Президентіміз осы алқалы басқосуда дүние жүзіне атом қаруынан бас тарту жөніндегі өз үндеуін жария етті.
Күні кешегі тарихқа көз салсақ, ұлы Бұқар жырау өле-өлгенше хан Абылайдың тілеуін тілеумен өткенін көреміз. Бірде кемшілігін бетіне басса, бірде асқақтата мерейін үстем етеді. Соның бәрі ханның емес, елдің ертеңін ойлаудан туған мүдде. Сол Бұқар бабамыз “Тілек” атты толғауында былай деп көсіледі:
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа!
Данышпан баба алысты көздеп, төресінің тақтан таймауын тілейді. Дәл бүгінгі алмағайып кезеңде қазақстандықтардың да бірден-бір тілегі әлем таныған Елбасымыздың ел тізгінін өз қолында ұстай беруі болса керек.
Тұрарбек АСАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.