Оны тәжірибе алаңына айналдыра бермейік
Елбасымыз жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында орта және жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыруға барынша көңіл бөлуді айтып келеді. Саладағы бүгінгі қордаланған кемшіліктерге қарап, Білім және ғылым министрлігі Елбасының тапсырмасына құлықсыздық танытып отыр ма деген ойға қаласың. Себебі, орта мектепте негізгі пәндерден дәріс беретін мұғалімдердің көбісі ЖОО-ларда сырттай оқығандар, оның өзінде де қашықтықтан оқыту әдісімен немесе екінші маман иелері ретінде, яғни жоғары немесе орта арнайы білімі болып, екі жылда педагогтік мамандықты меңгергендер. Жыл сайынғы мұғалімдердің тамыз конференцияларында өндірістік тәжірибесі бар деп, қызметтен қысқарған ауыл мамандарынан (зоотехник, экономист және т.б.) мектеп директорлары мен оқу ісінің меңгерушілерін тағайындау дәстүрге айналғаны да айтылып келеді. Меніңше, осы жағдайлар мектеп басшыларын тағайындау жауапкершілігі аудан мен қала әкімдерінің құзырында болуынан деп есептеймін.
Бүгінде оқу тәжірибесі аздау, төрт жыл оқып «бакалавр» деңгейінде білім алған жастарды «ауылға» деген ұранмен ауыл мектептеріне жіберіп жатырмыз. Ал іс жүзінде оның нақты білімі мен тәжірибесі қандай? Жоғары сынып жастарына тыңғылықты білім беріп, оқу процесін алып кетуге мүмкіншілігі бар ма? Жоғарыда айтқанымыздай, ауыл мектебі мұғалімдерінің басым көпшілігі сырттай немесе қашықтан білім алған екінші мамандық иелері. Әсіресе, мұндай жағдайлар жекеменшік университеттерде кеңінен орын алған, олардың саны мемлекеттік ЖОО-лар санынан әлдеқайда көп екендігі белгілі.
Қашықтан оқыту жүйесі соңғы жылдары жекеменшік университеттерде кең қанат жайды. Осы жүйе арқылы оқыған мамандардың білім сапасы ешбір сын көтермейді. Мәселен, олар интернет арқылы үй тапсырмасын алады да, ол тапсырманы білімді көршілеріне немесе таныс мектеп мұғалімдеріне орындатады, дайын жұмысты университет методисі тексеріп, тиісті бағасын қояды. Сөйтіп, қашықтан оқитындардың «жанын қинамай» курстан курсқа көшіріп отырады.
Мұндай көз алдау, яғни білімі төмен мамандар кімге керек? Өкінішке қарай, «көпірген көкелеріне» көпшік қойған осындайлар қызметте жоғарылап, жақсы жұмыстарға орналасып, тіпті елге ақыл айтып жүргенін көріп те, естіп те жүрміз. Сырттан оқыту, оның ішінде қашықтан білім алу жүйесін көптеген университеттер қолданып немесе қолдануға дайындалып жүргенін білеміз. Бұл әдіс екі жаққа да экономикалық жағынан пайдалы екен, университетте мұғалімдер саны мен оқу жүктемесі төмендейді және оқу қаржысы тұрақты төленеді, ал білімгер болса басын ауыртпай емтихан тапсырмай диплом алады. Сонда шала сауатты мамандар даярлайтын бұл жүйеден қоғамға және республикамызға келетін пайда қандай демекпіз? Қалтасында дипломы бола тұра жаңа техника мен технологияны игере алмайтын маман өскелең өмір сұранымына жауап бере алмайтыны, тіпті ортақ іске кедергі келтіретіні белгілі болып отыр.
Жақында ел Парламентінің шешіміне сай, жақын болашақта 12 жылдық оқу үрдісіне өтпейтін болдық. Бұл өте дұрыс болды. Бүгінгідей жағдайда, яғни мектеп ғимараттары жетпей үш ауысыммен оқытып жатқанда, оған мұғалімдердің жетіспеушілігі қосылып, 12 жылдық оқу жүйесі білім сапасын таза тұқыртатын еді.
Соңғы жылдары 10-11сынып-
тарда қалыптасқан оқу үрдісінің барысы бізді алаңдатып отыр, оған мектеп пен аудан (қала) оқу ісінің көрсеткіштерін көтеру мәселесі себеп болуда. Сол үшін негізгі тест сұрақтарына дайындалып, басқа пәндерді оқытуды біраз шегеруде. Өйткені, мектептің негізгі көрсеткіші оқушылардың қаншасы университетке түскені және «Алтын белгі» алғаны арқылы бағаланбақ. Сонымен қоса, мұғалімдер жағынан университетке түсуге оңайлау тарих, әдебиет, биология сияқты пәндер таңдап алынып, ал негізгі пәндер болып табылатын физика мен химия шеттетіліп қалуда. Оқушылар арасында «ең негізгісі университетке түсу, ал ұнаған мамандықтарыңа бірінші семестр немесе бірінші курстан кейін ауысып аласыңдар», деген ақыл-кеңес кең орын алған. Бұл әдіс қайдан келді десек, бұрындары Қазақстанда ашылған Қазақ-түрік лицейлері арқылы тараған екен. Олар басында қала мен ауылдан білімге құмар жастарды іріктеп жинаса, кейінгі сыныптарда бір пәнге тереңдей ден қойып, шәкірттерді университетке тестілеу арқылы әзірлеу әдісін қолданған. Бүгінде барлық мектептеріміз осы әдіспенен қаруланып, яғни тест сұрақтарын жаттаумен шұғылдануда, мағынасын түсінбей жаттаған материалдар негізгі білім көзі бола алмайды әрі тез ұмытылады. Сөйтіп, біз елімізде жылдар бойы қалыптасқан оқу үрдісін құрдымға жібердік.
Саны көп және сапасы жоқ жекеменшік университеттер іс жүзінде диплом сататын орындарға айналған. Лекцияға қатыспай және лабораториялық жұмыстарды орындамай, тапсырманы қашықтан орындап және таныс-тамырларының қолдауымен аттестациядан өтіп «бакалавр» деген атаққа ие болады. Өкінішке қарай, олар сол алған мамандығымен жұмыс орнына тұрудан да қорқады. Білімі де біліктілігі де жоқ осындай кадрлар барлық саланы жайлап барады.
Енді төрт жылдық оқу жоспарына келейік. Мен өзім иститутты бітіргеннен кейін 10 жыл өндірісте, техникумда мұғалім болып еңбек еттім. Содан кейін ғана ЖОО-ға келіп, міне, 40 жылдан астам дәріс беремін. Техникумда студенттер өз мамандығын екінші семестрден бастап оқи бастайды, сонда төрт жыл арасында үш рет өндірістік практикадан өтетін, ал соңғысы диплом алдындағы практика болатын. Осы практика кезінде студенттер жұмыс орындарында істеп өз мамандығы бойынша көптеген тәжірибе жинайтын. Ол кездері сырттай оқитындар негізінен өндірісте жұмыс істейтін, нақты еңбек тәжірибесі бар ауылшаруашылық мамандары еді.
Мен сонау 1970-80 жылдары Жамбыл су шаруашылығы институтында қызмет атқарып, аға оқытушыдан профессор дәрежесіне жеткен едім. Сол жылдары ЖГМСИ одақ бойынша төртінші су шаруашылығы институты болып, көптеген мамандарды жоспар бойынша даярладық. Облыс пен су шаруашылығы басқармасының тапсырмасы бойынша диплом жобасы орындалып, кейін ол өндірісте қорғалып және сол өндіріске енгізілетін еді. Техникумды бітіріп, өз мамандығымен жұмыс істейтін жастар сырттай оқитын, көбінесе шаруашылық жолдамасы бойынша оқитын жастар басым болатын.
Сол жылдары (1970-80) одақтық су шаруашылығы министрлігінің қамқорлығымен жаңа оқу корпусы мен лабораториялық зертханалар салынып, студенттерді Мәскеу, Ленинград университеттерінің аспирантура мен докторантурасында оқытып, олардың біліктілік дәрежесін 17 пайыздан 60 пайызға жеткізген едік. Бүгінде сол ЖГМСИ Тараз мемлекеттік университетіне қосылып, су шаруашылық мамандығын дайындауға тапсырыстар болмауына байланысты бір-екі-ақ кафедра ғана жұмысын жалғастыруда. Институттың білікті мамандары Қазақстанның университеттеріне тарап кетті. Осыған байланысты оқу корпусында басқа мамандар дайындалып, өте үлкен және жабдықталған лабораториялық-зертханалар бос қалды. Мамандықты жауып, оқу орнын талан-таражға түсіру оңай, ал оны сақтап және жетілдіру көп уақытты, қаржыны талап ететіні белгілі.
Соңғы жылдары қажетті мамандарды даярлау үшін мемлекеттік гранттар беріледі. Гранттардың көпшілігі техникалық мамандықтарға бөлінуде. Сонда да заңгер, экономист, халықаралық қатынастар және кеден мамандығын алатындар өте көп. Біздің университеттегі студенттердің 60-70 пайызы да осы мамандықтар бойынша дәріс алады. Олар университетті бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Жыл сайын осы мамандықтар бойынша абитуриенттер легі көбейіп келеді, әсіресе сырттай оқып, екінші мамандық алатындар арасынан да олардың саны басым. Осы жөнінде бір оқырман «Егемен Қазақстан» газетінде өз ойымен бөліскен екен. Ол заңгер мамандығын алып, екі жыл мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, кейін көлік жүргізушісі курсын бітіріп, Астанада автобус шопыры болып отбасын асырап жүргенін жазған еді. Газет көтерген мәселе де өзекті, ағынан жарылған азаматтың айтқандары да көпшілікке сабақ. Осыған байланысты республикаға керекті мамандарды алдын ала жоспарлап, тиесілі университеттерге бөліп, өңірлердегі университеттер 2-3-4 мамандықтарды тереңдете даярлайтын етіп бейімдеу дұрыс болар еді. Меніңше, қаптаған жекеменшік университеттердің орнына бір-екі мамандық бойынша даярлайтын институттар мен академиялар құрылып, тіпті сол өңірлердегі ғылыми-зерттеу институттарымен біріктіріп, сапалы мамандарды және ғылыми қызметкерлерді даярлаған өте тиімді болмақ.
Қазіргі жаңа технология заманында жаңа техника мен технологияны игерген жұмысшы мамандығы өте керек. Оларды осы техника мен технология жұмыс істеп тұрған өндірістерде даярласа, жаңа қондырғыларды пайдалана отырып, соңында жұмысқа орналасуға жағдай туар еді. Мысалы, ірі автобус паркі мен автобазаларда жүргізушілерді, жөндеу зауыты мен ірі СТО-ларда диагностика слесарьларын даярлау керек. Еуропаның дамыған елдерінде бұл әдіс (Германия, Голландия және т.б.) көптен бері қолданылады.
Ал біздің колледждерімізде оқу базасы деген жоқтың қасы. Мұнда білім алған мамандарды өндірісте қайта оқыту қажет болады. Себебі, мұғалімдерінің көпшілігі кешегі бакалавр білімді жас қыздар. Орта мектептен еш айырмасы жоқ десе де болады. Сонымен қатар, колледждер мен лицейлер аудан мен қаланың оқу басқармаларына қарайды, солар басқарады және қаржыландырады. Сондықтан олардың өндіріспен, яғни зауыт, фабрикамен және көлік кәсіпорындарымен ешбір байланысы жоқ. Шындығына келсек, кейбір аудан орталықтары мен кішігірім қалалардағы колледждер мен лицейлер формальды жұмыс істейді, материалдық жағдайы өте нашар, жастардың сабаққа қатысуы ойдағыдай емес. Тәжірибеден өтетін өндірісі шектелген, тіпті, жоқ деуге де болады. Міне, осыдан барып колледж бітірушілердің жұмысқа орналасу мәселесі шешілмеген проблема болып қалуда. Менің ойымша, қазіргі нарық заманының сұранысына сай мектеп бітірушілердің 20-30 пайызы ғана ЖОО-ға түсуге, ал қалған 70-80 пайызы жұмысшы мамандығын алып ата-анасын және өзінің отбасын асырауы тиіс. Яғни, жекеменшік университеттерге 5-10 мың доллар қаржы төлеп, кейін ата-анасының және мемлекеттің масылы болмауы керек.
Соңғы жылдары Минск мен Ташкенттегі институттарда тәжірибе алмасудан өтіп, ондағы оқу үрдісімен танысу мүмкіншілігіне ие болдым. Минск қаласындағы политехникалық институттарда мамандарды тиісті министрліктің тапсырысы бойынша оқытады, оқу үрдісі өндіріспен тығыз байланысқа қойылған. Трактор мен автокөлік факультеттері үшінші курстан бастап оқу үрдісін зауыттарда өткізеді екен. Трактор мен автокөлік зауыттарында лабораториялық корпустар тұрғызылған және практикалық, зертханалық сабақтарды зауыттың конструкторлары, технологтары мен инженерлері зауыттың цехтарында жүргізеді. Ал Беларусь мемлекеттік ауыл шаруашылық институтында мамандар ауылшаруашылығы министрлігінің жоспарына сай дайындалып, студенттер ауылшаруашылық ұйымдарымен келісімшартқа отырып, тәжірибеден өтуіне жағдайлар жасалған. Бұрынғы колхоздар мен совхоздардың аты ғана өзгерген, заты сол күйінде сақталып қалған. Біздің еліміздегі сияқты ауылшаруашылық құрылымдары зорлап жекешелендірілмеген. Институтты бітіргеннен кейін жас мамандар түгелдей дерлік жоспар бойынша жұмысқа орналасады. Өйткені, оқу үрдісі толық мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Олар «Балон» оқу жүйесін қабылдамаған және «бакалавр» деңгейін колледж деңгейі деп есептейді. Кеңестік оқу жүйесінің артықшылықтарын берік сақтап қалған Беларусьте мамандар даярлау сапасы бізден жоғары.
Осы орайда, еліміздің білім саласын тәжірибе алаңына айналдыра беруді доғарып, оқыту мен мамандар даярлау сапасын өмір талабымен ұштастыру мақсатында нақты да тиімді шараларды іс жүзіне асыратын уақыт жетті.
ТАРАЗ.