19 Мамыр, 2015

Табыс бастауы – біліктілікте

386 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қай елдің де болмасын экономикалық тұрақтылығы бірінші кезекте ауылша­руа­шылық өндірісіне байланысты деген қағида бұрыннан бар. Демек, бүгінде елі­міз ауыл шаруашылығы саласын өркен­детуде білікті мамандар, ғылыми өнімдер мен жетістіктердің алар орны ерекше болса керек.

Еліміз егемендік алғаннан бері жалпы ғылым, білім салаларында көптеген реформалық іс-шаралар атқарылуда, олардың нарықтық жүйеге сай осы маң­ызды сала тиімділігін арттыруға ба­ғыт­талып отырғандығы да еш күмән кел­тір­месе керек. Дегенмен де, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында мамандар дайындау, ғылыми өнімдер шығару, жетістіктерді игеру жағдайлары көңілге қонымды бола алмай отырғандығы да бүгінде ащы болса да шындық.

Мысалы, жоғары оқу орындары сту­дент­терінің басым бөлігінде оқуға деген ынталылықтың төмендігі анық байқалады, көбісі университет қабырғасынан білікті маман болып шығудан гөрі, әйтеуір дип­лом иеленуді мақсат ететіндіктерін жасырмайды. Бұған кей жағдайларда студенттерді де кінәлауға болмайтын сияқты, яғни менің ойымша басты себеп олардың келешек мамандығына сай жұмысқа орналасуы мен қызмет сатыларына көтерілу мүмкіндіктеріне сенімсіздіктерінде деп ойлаймын. Атап айтқанда, бұрында, жоспарлы экономика жүйесінде жоғары оқу орнын бітірген ауылшаруашылық мамандары түгелдей арнайы жолдамамен мамандығына сай қызметке орналастырылатын, сондай-ақ, қызметтерін төменнен бастап, тәжірибе жинай нәтижелі атқарғандары басшылық лауазымдарға тағайындалып, қызметтері сатылап өсетін.

Елбасымыз, жас мамандардың бірден жоғары лауазымды қызметтерге орналасып алмай, қандай да болмасын мамандық иегерлерінің еңбек жолын төменнен бас­тауы керектігін елді жаңғыртуға бағытталған ұлт жоспарында нақты атап көрсетті, шегелеп айтты. Осыған орай, қандай да болмасын мамандық иегерлерінің қызметтік еңбек жолын мамандық сатысының төменінен бастауға ықпал ететін жүйені қалыптастырудың маңызы жоғары деп айтуға болады.

Екіншіден, жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу жүйесінің де пайдасы мен зияны теңесіп тұрғанға ұқсайды, яғни бір жағынан ата-аналары қалталарынан ақшаларын төлеп оқытқаннан кейін студенттер де сапалы білім алуға құлықты болады. Дегенмен, екінші жағынан, оқу орны басшылығы мен оқытушылар тарапынан ақылы топ оқушыларына деген ерекше көзқарасты сезінген студенттер сабақ үлгерімі жағдайына онша бастарын ауырта қоймайтын сияқты. Осыған орай, ақылы оқу жүйесін тек еліміздегі жоғары рейтингті, ұлттық мәртебелі университеттерде ғана қалдырып, басқа оқу орындарында өндіріс сұраныстарына сай (квота), мамандарды ақысыз оқыту жүйесін қалыптастырса, елімізде тапшы мамандықтар бойынша бәсекелестік деңгейі де біршама артар еді.

Сонымен қатар, нарықтық экономикада біршама ауылшаруашылық мамандықтары тиісті деңгейде сұранысқа ие бола алмай, бұл сала мамандықтары бойынша біршама нақтылау, біріктіру және реттеу іс-шараларын атқару қажет­тілігі туындап отыр. Мысалы, зоотех­ник, агроном мамандықтарын негізгі қызметтері сәйкестілігіне сай, бірікті­ріп, ауылшаруашылық өндірісін ұйымдас­тырушы-менеджер деген мамандықты енгізсе, бұл біріктірілген мамандықтың беделі де, тиімділігі де артар еді.

Үшіншіден, бүгінде, ауыл шаруа­шы­лығы жоғары оқу орындары студенттерінің өндірістік практика өтетін жерлері көп жағдайда талапқа сай келмейді, яғни бұл жағдай өз кезегінде келешек оқу орындарында дайындалған мамандықтар сапалық көрсеткіштеріне айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Осыған орай, бүгінде жекелеген жоғары оқу орындары арнайы тәжірибе шаруашылықтарын ұйымдастыруға талпыныс жасап жатқанға ұқсайды. Бірақ та, бұл іс-шараға шашыранды жағдайда айтарлықтай қаржы жұмсалатындығын айтпағанда, жасақталмақшы шағын шаруашылықтар, келешекте еліміздің өзіндік ерекшеліктері бар түрлі ауылдық аймақтарында қызмет атқаратын бүгінгі студенттерге тиісті деңгейде тәжірибе жинақтайтын орталық бола алмайды.

Сондықтан да, елімізде өңірлік, (об­лыс­тық) ауылшаруашылық ғылыми-өн­дірістік бірлестіктерін құру қажеттілігі туындайды. Атап айтқанда, бұл құрылым, біріншіден, ауылшаруашылық мамандарын дайындауда өңірлік тәжірибе жинақтау базасы болса, екіншіден, ауыл шаруашылығы ғылыми-зерт­теу ұжымдарының да тәжірибе шаруа­шы­лықтары міндеттерін атқарар еді.

Жоғары оқу орындарында мамандар дайындауда көкейкесті мәселенің бірі студенттерге мейлінше қонымды сабақ беру жағдайы болса керек. Бүгінде университеттерде студенттердің оқу барысында алған білім дәрежесін бағалауда әділдікті, жариялылықты қалыптастыру мен бұл бағытта кейбір келеңсіздік жағдайларды болдырмау мақсатында электронды жүйе қызметтері кеңінен қолданыла бастаған, яғни бұл деген заман талабына сай құптарлық жайт. Бірақ осынау шетелдік озық тәжірибенің бүгінгі қолданыстағы жағдайы бұл маңызды іс-шараға оқы­тушылар араларында тең дәрежеде нақты жауапкершілік пен міндеттерінің айқындалмағандығынан, яғни төменгі буын оқытушыларға (ассистент, лаборант) көптеп жүктелуінен, жиі интернет жүйесіне ену қиындықтарынан, формальдылық жағы басым болып, атына сай болмай отыр деп айтуға болады. Әрине, жаңадан енгізілген жүйе кемшіліктерінің болуы заңдылық, бірақ та біз бұл жағдайдың уақыт өткен сайын студенттердің сапалы білім алуына кері әсерінің арта беретіндігін ескеруіміз керек.

Бүгінде ауылшаруашылық өндірісіне білікті мамандар мен қоса ғылыми өнімдер мен жетістіктердің де аса қажеттілігі еш күмән туғызбаса керек. Дегенмен де, соң­ғы кездерде бұл бағытта, әсіресе, мал ша­руашылығы саласында шетелдік өнім­дер мен тәжірибелерге шамадан тыс елік­теу­шіліктің бел алуы, отандық құнды ғылыми жетістіктер мен тәжірибелерді өндірісте пайдалануға қолбайлау болып отырғандығы да жасырын емес. Әлемдік тәжірибеден де белгілі болғандай, әр елдің өзіндік экономикалық дамуы, әдет-ғұрпы, салты (менталитеті), сияқты ерекшеліктері болады. Мысалы, кең-байтақ еліміз ауыл шаруашылығы өңірлері бойынша да ауылшаруашылық өндірісі дамуы жүйелерінде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Осыған орай, біздің елімізде де тамыры тереңде жатқан, жеріміз, табиғатымыз, халқымыз ерекшеліктеріне сай қалыптасқан ауыл шаруашылығы тәжірибесіне сай негізделген өзіндік жүйені нарықтық жағдайда жетілдіре беру басты бағыт деп есептеймін.

Өкінішке қарай, бүгінде ғылыми ортада тиімділігі тәжірибеде дәлелденген отандық ғалымдарымыздың ғылыми еңбектері, шетелдік, оның ішінде, Еуропа елдері ғылыми журналдарында жарияланбаса құнды деп есептелмейді деген пікір қалыптасқан, яғни өздеріне деген осындай ұтымды жағдайды тиімді пайдалана алатын шетелдіктер ғылыми баспаларында біздің ғалымдар еңбектерін жариялау­ды олардың маңыздылығына емес, ол үшін ақы төлеу көлемімен байланыстыра бизнестің бір түріне айналдырғанға ұқсайды.

Сондай-ақ, ғылыми саланы грантты және мақсатты қаржыландыру жүйелерінің де көптеген түйткілдері соңғы кезде жиі айтылып жүр. Атап айтқанда, бұл мәселеде де шетелдік сарапшылар пікірлеріне табынушылық басым, яғни шетелдіктердің өз елдері ғылыми даму деңгейі мен ауылшаруашылық өндірісі жағдайына бейімделген жүйе бізде де қолданыс тауып, атап айтқанда, грантты қаржыландыруда тек қана – 27, ал мақсатты қаржыландыруда 35-тен кем емес балл алған ғылыми жоба ғана келешек қарау сатысына өтеді екен. Демек, яғни бұл баллды кімдер, қай уақытта, қандай тәртіппен анықтайтындығы белгісіз, сөйтіп, алдын ала жеңімпаздар анықталып қоятынға ұқсайды. 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми саланы қаржыландыру жағдайы бойынша бүгінде еліміз ғылыми қызметкерлері арасында туындаған наразылықтың бір себебі де осында ма деп ойлаймын.

Осы мақала авторы да 2015-2017 жылдарға ғылымды гранттық қаржы­лан­дыру конкурсына екі ғылыми жобаны тиісті талаптарын толықтай орындай отырып ұсынған болатын. Қысқаша айт­қанда, бірінің мазмұны бүгінде шетелдерден әкелінген ірі қара мал өнімділігін отандық мал тұқымдарымен салыстырмалы, екіншісі шетелдік жоғары өнімділікті малдардың біздің еліміз жағдайында шаруашылықта пайдалану мерзімін зерт­тей отырып, тиімділіктерін анықтау болатын. Өкінішке қарай, бұл жобалар конкурс­тың бастапқы сатысына да жетпей қалды және себебі де белгісіз.

Менің ойымша, бүгінгі біздегі ауыл­ша­руашылық өндірісі жағдайында ғылыми саланы қаржыландыруда бірінші кезекте қолданбалы ғылыми жобаларға, олардың өндірістегі тиімділік көрсеткіштеріне басымдық беру керек сияқты. Осыған орай, ауыл шаруашылығы ғылыми саласын қаржыландыру тетіктерін түбегейлі жетілдіру қажеттілігі туындайды.

Атап айтқанда, біріншіден, ғылыми жобалар тақырыптары ауылшаруашылық өндірісі сұраныстарына сай мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан алдын ала анықталып отырса, екіншіден, конкурстың басынан бастап ақырына дейін тұрақты салалық, білікті отандық, шетелдік ғалымдар мен еліміздің әр ауылшаруашылық аймақтары бойынша тәжірибелі мамандардан құралған комиссия құрамында конкурс жеңімпаздары жариялылық жағдайда атқарылса, үшіншіден, конкурс жеңімпазы атанбаған жобаларға да негізгі себептері жазбаша түрде жеткізілсе бұл іс-шара тиімділігі еселеп артар еді.

Сонымен қатар, ауылшаруашылық ғылымының дамуында оған бөлінетін қаржы көлемінің де маңызы жоғары. Өкінішке қарай, әлемдік экономикалық дағдарыстың, ауылшаруашылық ғылымына деген бұрыннан қалыптасқан көзқарастың да әсері болса керек, 2015-2017 жылдары бұл салаға деген қаржы көлемінің өткен жылдармен салыстырғанда 40-50%-ға дейін азайтылатындығы жиі айтылып жүр (аталған мерзімге қаржы көлемі әлі толық анықталмаған). Бұл анық болса, онсыз да кенжелеп келе жатқан ауылшаруашылық ғылымына айтарлықтай тежеу салатын жағдай деп есептеймін.

Сондай-ақ, бүгінде отандық ауыл шаруашылығы ғылымы құндылығына кері әсер етіп тұрған мәселенің бірі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу ме­кемелері мен ауылшаруашылық өнім­дерін өндірушілер араларындағы шынайы нарықтық байланыстың толықтай қалып­таспауы болып отыр.

Атап айтқанда, бүгінде түрлі ауылша­руа­шылық өнімдерін өндіретін құрылым­дарда бұрынғыдай ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару мүмкін бола бермейді, сондықтан да, жоғарыда аталған өңірлік ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік бірлестіктерінде ғылыми-зерттеу жұмыс­тарымен қоса оларды өндірістік сынақтан өткізіп ауылшаруашылық құрылымдарына пайдалануға тиімді жағдайда, кепілдемемен екі жақты жауапкершіліктері айқындалған келісімшарт негізінде атқарар болсақ, ауыл шаруашылығы ғылыми тиімділігі мен беделі еселеп артады.

Кәкімжан САРХАНОВ,

Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешені экономика және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты Астана бөлімшесінің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.