Бүгінгінің студенті сабақтан тыс немен айналысады? Бос уақытын қалай өткізеді? Жалпы, оларды не қызықтырады? Технологияңыз көз ілеспес жылдамдықпен дамып, әлеуметтің өміріне әлеуметтік желілер араласқан мына заманда мұндай сұрақтарды қоюдың өзі әбестіктей көрінер. «ВКонтактеде» ән тыңдап, «Фейсбукте» пікірталас ұйымдастырып, «Твиттерде» әр нәрсені түрткілеп, «Инстаграмда» суреттерімен бөлісіп отыратын студенттер жеткілікті. Олардың бос уақыты осылай өтіп жатқаны да жасырын емес. Ал осыдан пайда бар ма? Бар шығар. Бірақ аз. Енді жастардың бойына жөні түзу, ұлттық болмыстағы тәлім-тәрбие беріп, адамгершілік қасиеттерге қалай баулуға болады? Ол үшін не істеу керек?
Жастар тәрбиесіне қатысты сан-қилы сұрақтың жауабын Қызылордадағы «Болашақ» университеті тауып отыр. Асыра айтқандық емес, бұл. Университеттің ғылыми жетекшісі Бақберген Досмамбетов осыдан бір жыл бұрын оқу орнынан студенттік театр ашты. Мақсат – жастарды өнерге тәрбиелеу. Өнер дегеніңіз тәрбиенің төресі емес пе?! Солайша, студенттер труппасы жасақталды. Ең бірінші қойылымына Исрайыл Сапарбайдың «Ауылдан келген ару» пьесасын таңдап алыпты. Тұсаукесердің алдында ақынмен «Мәртебелі мейман» атты жобаның шеңберінде кездесу өткізді. Оған ең алғаш ақын рөлін сомдаған Байғали Есенәлиев те қатысты. Қысқасы, әдемі бір рухани кеш болды. Студенттер театрының тұңғыш премьерасы да керемет өтті. Жастар залдан зор әсермен шықты.
Одан кейін Лидия Егембердиеваның «Қалталы күйеу, қайдасың?» атты пьесасын сахналады. Бұл да бүгінгі өмірді сомдайтын, жастарға ой салатын, кері әдеттерден аулақ жүруге шақыратын, тәлім-тәрбиесі зор қойылым еді. Жастар сол үдеден шықты. Ал театрдың үшінші қойылымы ретінде Жұмагүл Солтиеваның «Адамды шайтан азғырса...» атты мистикалық спектаклі таңдалды. Бір жылда үш бірдей спектакль қою дегеніңіз – үлкен жетістік. Оның үстіне Жұмагүл Солтиеваның мистикалық бағытта жазылған пьесасын сахналаудың өзі ерлік. Өйткені, бұл жанрға кәсіби театрлардың өзі аяғын аңдап басып барады.
«Болашақтың» жастары «Адамды шайтан азғырса...» атты қойылымымен Павлодарда өткен студенттік театр ұжымдарының халықаралық фестиваліне барды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында өткен фестивальға Қазақстан, Ресей, Украина секілді елдерден 11 жоғары оқу орындарының ұжымдары қатысты. Осындай аламан жарыста құрылғанына бір жыл енді болған, ешқандай актерлік білімі жоқ «Болашақ» университетінің студенттері екінші орынды жеңіп алды. Азғантай ғана уақыттың ішінде осындай жетістікке жеткен студенттердің талабы зор. Театрдың режиссерлері, Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрының әртістері Қанат Архабаев пен Әсел Баймұханова фестивальдан зор әсер алып қайтқандарын айтады. Ал студенттер театрының әртістері үлкен тәжірибе жинап, қанаттанып, келер жолы бас жүлдемен оралуға уәде етіп отыр. Бұл тарапта университет басшылығы да жан-жақты қолдау көрсететіндерін мәлім етті. «Алдағы уақытта студенттерімізді тек Қазақстанның шеңберіндегі ғана емес, шетелдерде өтетін халықаралық фестивальдарға де жібереміз», – дейді университет ректоры Ғалымжан Каленов.
Қазір Қазақстанда жекеменшік жоғары оқу орындары көп. Онда қаншама жас білім алып жатыр. «Болашақ» университетінің мына бастамасы соларға үлгі болса екен дейміз. Студенттерін белгілі бір мамандық бойынша оқытып қоймай, өнерге тәрбиелеп, бойларына адамгершілік, иба, иман, инабаттылық қасиеттерді сіңірсе деген тілек бар.
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.