Қытай елін танып-білуге бүгінде әлемнің әр мемлекеті өзінше күш салуда. Ал Қытай Халық Республикасы болса өз елінің халықаралық аренадағы бедел-абыройын арттыруда, өсіп-өркендеу жолындағы жаңа серпілістерін паш етуде әлем халықтарының алдарына жаңаша бейнемен, жаңаша қырларымен көрініп келеді.
Жуырда, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Леоу Нин университетінің профессоры Су Шу Янның “Қытайтану” кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл іс-шараға қазақстандық қытайтанушы ғалымдар, тарихшылар, әдебиет пен өнер саласындағы зиялы қауым, қытай мәдениетіне қызығушы оқырмандар мен ҚХР Ақпарат министрлігінің жанындағы баспа ісі және басылымдар жөніндегі Бас басқарманың бастығы, ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжоу Ли және Қытайдан келген бірқатар мемлекеттік баспасының басшылары қатысты.
Кітап авторы Қытай қандай ел, қандай ерекшеліктерге ие, адамзат тарихының дамуына қандай үлестер қосты деген сынды сұрақтарға жауап іздеген. Елдің тарихи даму жолдары, ежелгі мәдениеті сан мың соқпақты асулары мен бүгінгі жетістіктері жайлы сыр шертеді.
Кітапты қытай тілінен қазақ тіліне Дулат Мәлікұлы, Бек Дөкейұлы, Серік Кененбай сынды кәсіби аудармашылар тәржімалапты.
Тұсаукесер рәсімде сөз сөйлеген ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжоу Ли бұл кітаптың қазақ тілінен басқа ағылшын, француз, испан, түрік, неміс тілдеріне аударылып, 10 мыңдаған данамен таралып отырғанын тілге тиек етті. “Кітап қазақ жұртының Қытай мемлекетімен жіті танысуына мол мүмкіндік жасайды. Екі халық арасындағы достық байланысты одан әрмен бекемдей түсетініне сенімдімін”, – деді сөз соңында елші.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.