25 Тамыз, 2015

Татуласу арқылы жазадан жалтаруға тыйым салынады

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстанда жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған адамдардың татуласу арқылы жазадан жалтаруына тыйым салу мәселесі мамандар арасында қызу талқылану үстінде. Қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан бұл мәселеге қатысты мұндай пікірді Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Мейрам Жанғұттинов мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтетін дәстүрлі баспасөз мәслихаты «Ювеналдық соттардың 2015 жылдың I жартыжылдығындағы қызметінің негізгі қорытындылары және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ағымдағы сот практикасы» тақырыбында өтті.   – Жоғарғы Сот балаларға жыныстық қылмыс жасаған адам­дардың жазаны өтеуде оларды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға, шартты түрде соттауға және адамдардың татуласуына байланысты қылмыстық жауап­тылықтан босатуға тыйым салуды енгізу бастамасын ұсынған болатын. Мұндай ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдар қолдады және қазіргі таңда ол іс жүзінде пысықталу үстінде, – деді Мейрам Құрмашұлы. Мамандар келтірген деректерге көз жүгіртсек, ағымдағы жылдың 6 айында соттардың жас ба­лаларға жыныстық зорлық жаса­ғандардың азғындық ісі туралы қылмыстарды қарауы өскені байқалған. Сонымен қатар, мамандар сандық мәліметтерді талдап, таразылауы нәтижесінде, осы аралықта сотталған кәмелетке толмағандардың саны 26 пайызға дейін азайғанына көз жеткізіпті. Мәселен, өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 379 кәмелетке толмаған сотталса, ағымдағы жылдың бұл көрсеткіші – 281 адамды құраған. Сол сияқты бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандардың үлесі 14,2 пайызға дейін кеміген. Бұл ретте соттардың мұндай қылмыстар бойынша жазалау практикасының басым жазасы қылмыскерді бас бостандығынан айыру ғана  болып тұрған көрінеді. Ал осы брифингке қатыс­қан тағы бір спикер – Астана қаласының кәмелетке толмаған­дардың істері жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық сотының төрайымы Нәзиля Раз­зақ елордадағы ювеналдық сот қызметінің қорытындысы туралы баяндады. Оның келтірген деректері бойынша, бірінші жартыжылдықта қала бойынша 266 талап арыз түсіпті. Осыған орай, жалпы 214 азаматтық іс қаралған болса, оның 102-і бала асырап алу, 72-і ата-ана құқығынан айыру туралы және қалғандары баланың тұратын жерін анықтау, ата-ана құқығын шектеу жайында тіркелген. – Қылмыстық істер бойынша Астана қаласында 67 адамға қатысты 34 іс аяқталды. Ол 2014 жылға қарағанда 17 іске аз болғанымен, меншікке қарсы қылмыстар (ұрлық, тонау) үшін сотталғандардың саны жоғары – 78,2 пайызға тең болып тұр, – деді Нәзиля Раззаққызы. Осылайша, жүргізілген тал­дау­ға сүйенер болсақ, кәме­летке тол­мағандардың қыл­мыстылығы бұ­рынғы жылдар­дағыдай олар­дың бақылаусыз жүргендігіне бай­ла­ныс­­ты екендігі тағы бір айғақ­талған. – Мәселен, кәмелетке толма­ғандардың 15%-ы жұмыс мүлдем істемеген әрі оқымаған болса, 14 %-ы отбасыдан тыс тұрып, 51%-ы – толық емес отбасында тәр­биеленгендер. Ал 20%-ы қыл­мысты алкогольдік немесе есірткілік зат қабылдап, масаң күйде жасаған. Сол секілді меншікке қарсы қыл­мыс өсуінің негізгі себептері де ше­шілмеген әлеуметтік проб­лемалардан туындайтындығын көрсетті. Сонымен қатар, қыл­мыс­тардың алдын алу бойынша міндеттемелерді өзіне алатын ар­найы қызметтердің болмауы да осы тақылеттес мәселелер түйі­нінің тарқамауына септігін тигі­зуде, – дейді ол. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, журналист.