16-17 шілдеде Алматы қаласында және Алматы облысының Талғар ауданындағы Ақбұлақ сауықтыру-спорт кешенінде өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінен кейін газет тілшілері оған қатысқан шетелдік дипломаттардан Қазақстан төрағалығының бірінші жарты жылдықтағы атқарған шаралары мен осы бейресми кездесуде ЕҚЫҰ саммитін биылғы жылдың аяғында Астанада өткізу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысына қатысты пікірлерін білдіруді өтінген еді. Төменде сол лебіздердің бірқатары жарияланып отыр.
Австрия Сыртқы істер министрі Михаэль ШПИНДЕЛЕГГЕР:
– Австрия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының алғашқы жарты жылдығын оң бағалайды. Біздің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен қызықты кездесуіміз болды. Мен оны ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретіндегі Қазақстанның табыстарымен құттықтадым.
Биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның күн тәртібінде, жалпы біздің алдымызда тұрған басты сынақ – Қырғызстан. Ол ЕҚЫҰ-ның сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуінде талқылаудың басты бір тақырыбы болды.
Австрия Қазақстанмен екі жақты қатынастарды, соның ішінде экономика саласындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі. Мұны Австрия сауда-өнеркәсіп палатасы өкілінің Астанада болуы да дәлелдейді. Біздің қазіргіден де көбірек нақты жобаларымыз болатынына сенімдіміз.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос ЭФТИМИУ:
– ЕҚЫҰ Саммитін үстіміздегі жылы өткізу Ұйымның саяси рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. Егер ЕҚЫҰ Саммиті осы жылы өтсе, пайдалы болады. Мұның өзі біздің Қанат Саудабаевпен келіссөздеріміздің негізгі тақырыбы болды. Ол бүгінде біздің алдымызда тұрған сынақтар жағдайында ЕҚЫҰ тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға арналды. ЕҚЫҰ кейде өте маңызды рөл атқарады. Кейде ол шетқақпай қалып жатады. Сондықтан біз оның рөлін арттыруға тиіспіз.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасары, Еуропа істері жөніндегі министрі
Дэвид ЛИДИНГТОН:
– Біз үшін пікірталастарға толы осы екі күн өте маңызды оқиға болып, онда Қазақстан Президентінің Ұйым Саммитін Астанада өткізу жөніндегі бастамасын іске асыру бойынша шешім қабылданды. Мен Саммит қорытындылары бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Ұлыбританияда Қазақстанды ЕҚЫҰ төрағасының рөлінде және көрші елдегі саяси және экономикалық дағдарысты реттеуде ізгі көрші рөлінде де көргеніне қанағат сезімін білдіреді.
Португалия Сыртқы істер министрі Луиш АМАДУ:
– Бұл – менің Қазақстанға тұңғыш ресми сапарым, сондықтан мен осынау қонақжай елде болғаныма қуаныштымын.
Бізде саяси және экономикалық салада ғана емес, сонымен бірге, мәдени-гуманитарлық салада да берік әріптестік қатынастарды жолға қоюға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Португалияның африкалық және латынамерикалық мемлекеттермен, соның ішінде Бразилиямен, ал Қазақстанның Ресеймен және Орталық Азия республикаларымен жақсы байланыстары бар. Сондықтан да біздің ынтымақтастық әлеуеттеріміз өте кең.
Біз ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы Қазақстанның бастамасына қолдау білдіреміз. Саммит нақ осы Қазақстанның төрағалығы кезінде болады деген сенімдеміз.
Македония Сыртқы істер министрі Антонио МИЛОШОСКИЙ:
– Біз Қазақстанның Алматыда немесе Астанада Саммит өткізу жөніндегі идеясына қолдау білдіреміз. Мұның өзі ЕҚЫҰ-ның ғана емес, сонымен бірге, Қазақстанның да тарихында басты және негізгі оқиға болмақ. ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті бұдан 11 жыл бұрын, 1999 жылы Түркияда өткізілген екен. Сондықтан да 56 мемлекеттің басшылары бірге жиналып, бәріміз мүдделілік танытатын ортақ мәселелерді талқылайтын уақыт жетті.
Біз ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстанның нақты қадамдарын көріп отырмыз. Өршіл бағдарлама әзірленіп, Еуропаны дамыту мәселелері талқылануда. Қырғызстанға келетін болсақ, бізді онда болып жатқан оқиғалар мазалайды. Біздің бәрімізге онда болып жатқан қақтығыстың өсуіне жол бермеу үшін күш-жігерімізді үйлестіру қажет.
Израиль Вице-премьері – Сыртқы істер министрі Авигдор ЛИБЕРМАН:
– ЕҚЫҰ-дағы ең ықпалды төрағалық – бұл Қазақстанның төрағалығы. Саммитті өткізу ЕҚЫҰ тарихындағы айрықша кезең болып табылады. Біздің Қазақстанмен жоғары деңгейдегі тең әрі жақсы қатынастарымыз қалыптасқан. Сондықтан да біз Қазақстан үшін де, сол секілді ЕҚЫҰ үшін де мұндай маңызды оқиға лайықты деңгейде өтеді деген сенімдеміз.
Германия Сыртқы істер министрі Гвидо ВЕСТЕРВЕЛЛЕ:
– Біз Саммитті Қазақстанда осы жылдың аяғында өткізу туралы ұсынысқа қолдау білдіреміз. Алайда бұл барлық мемлекеттердің мазмұнды күн тәртібі болуы тиістігін білдіреді. Саммитте мынадай мәселелер қаралуы тиіс деп білемін: бірінші кезекте адами өлшемдер аясында міндеттемелердің кепілдендірілуі, Еуропада қарапайым қару-жараққа бақылау құралдарын нығайту, сондай-ақ әскери-саяси саладағы қазіргі бар ахуалға бейімделу және сенім шаралары мен қауіпсіздік. Үшінші – трансұлттық сынақтар. ЕҚЫҰ есірткі трафигімен, ұйымдасқан қылмыспен және адам саудасымен күреске сүбелі үлес қоса алады.
Украина Сыртқы істер министрі Константин ГРИЩЕНКО:
– Біз Астанада Саммит өткізу идеясына қолдау білдіреміз және бұл туралы барлық деңгейде айтып жүрміз. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі белгілі бір қорытындылар шығарып, одан әрі дамуға елеулі серпін беруі үшін биылғы жылы өтуі қажет. Мұның өзі жаңа мыңжылдықтың жаңа жағдайында қызметтің басты бағыттарын белгілеу үшін де керек. Бұл ЕҚЫҰ-ға жуырда қосылған мемлекеттер үшін де өте маңызды. Ал күн тәртібіне келетін болсақ, ол аз ғана мемлекеттердің арасында емес, үдеріске қатысушы барлық мемлекеттердің арасында талқылануы тиіс.
Астана ұсынып отырғандай, ЕҚЫҰ саммитін Ұйымның болашақ даму бағыттарын анықтау үшін өткізу керек. Мұндай форумды ЕҚЫҰ-ға жуырда қабылданған елдердің бірінде өткізген орынды болады. Бұл Ұйымның даму бағыттарының саясатын анықтауда тепе-теңдік сақтауға мүмкіндік береді.
Ирландияның Еуропа істері жөніндегі министрі Дик РОШ:
– Қазақстан төрағалығы бастамашысы болған Астанада өтетін саммит ЕҚЫҰ-ның Еуропаның болашақ қауіпсіздігі туралы, көпшілікке Корфу үдерісі ретінде таныс мәселе бойынша үнқатысуды одан әрі жалғастыру жөніндегі жұмысты өрістетуге мүмкіндік береді. Біз қазіргі кезге дейінгі қол жеткізілген үдерісті жоғары бағалаймыз. Ирландия бұл үдеріс құрылымдалған практикалық негіз болады деген сенімде. Басты назарда нақты нәтижелерге қол жеткізу қағидаты және Еуроодақ ұсынған 4 басымдыққа нық қолдау білдіру тұрғаны жөн. Атап айтқанда ЕҚЫҰ-ның жанжалдардың ерте бастан алдын алу, жол бермеу және реттеу, дағдарыстарды және жанжалдардан кейін қалпына келтіруді реттеу; ЕҚЫҰ қабылдаған нормаларды, қағидаттар мен міндеттемелерді адами өлшем мәселелеріне айрықша басымдық бере отырып, орындауды күшейту; сенім шаралары мен қауіпсіздікті, сондай-ақ трансұлттық қатерлерге назарды арттыруды қоса алғанда қару-жараққа бақылау желісін нығайту үшін барлық үш өлшемдегі мүмкіндіктерді нығайту керек. Сондай-ақ ЕҚЫҰ бетпе-бет келетін сынақтар алға қоятын талаптарға сай болуы керек. Екінші жағынан, біз ұйымға жаңа бағыт бере аламыз. ЕҚЫҰ-ның өзектілігін азайту дұрыс болмайды. Біз қазақстандық төрағалық бойынша аса маңызды аралық баяндаманы көрдік. Және талдау мен үнқатысу өсе түскенін байқадық. Мұның өзі біздің қызметіміздің маңызды сәті болып табылады. Бізде бірден барлық проблемаларды шешу мүмкіндігі жоқ, сондықтан да аз болса да басым міндеттерге назар аударуға тиіспіз деп ойлаймын.
ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де БРИШАМБО:
– Ұйымның Саммитін Қазақстан бастамасы бойынша өткізу қауіпсіздіктің ортақ кеңістігін құру жөніндегі жұмысты жеделдете алады. Нақты іс-әрекетке көшетін және оның қарқынын жеделдететін уақыт болды. Алматыдағы кездесуді және Саммит өткізу жөніндегі ұсынысты ЕҚЫҰ жауапкершілігін арттырудың, ортақ қауіпсіздіктің біртұтас кеңістігін құрудың Еуратлантикалық және Еуразиялық өңірлердің тұтас бойында ажырағысыз кеңістік құрудың мүмкіндігі ретінде қарастыру керек.
ЕҚЫҰ негізінде құрылған ортақ қағидаттарды, нормалар мен міндеттемелерді еске ала отырып, мүше мемлекеттердің алдында тұрған проблемаларды, олармен бірге созылмалы жанжалдарды және қару-жараққа бақылауды қарастырғанда ортақ проблемаларды еңсеру жөніндегі ұжымдық ықпалды шаралар әзірлеу керек. Қазіргі ең елеулі міндет Ауғанстан проблемасы болып табылады.
Егер Саммит туралы шешім қабылданатын болса, ұйымға қатысушы мемлекеттердің ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшеміне шолу жөнінде баршаны қамтитын конференция өткізу талап етіледі.
Сондай-ақ Саммитке ұсынылуы мүмкін Еуратлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі жоспарды анықтау жұмысын бастау қажет болады. Корфу үдерісі – бұл үшін жақсы негіз.
Сонымен бірге мәселені консенсусқа жеткізу үшін міндеттердің нақты кезектілігін анықтау қажет. Консультативтік полиция топтарын Қырғызстанға орналастыру жөніндегі уағдаластықты аяқтау керек. Грузиядағы және Молдовадағы ахуалды реттеуді жеделдетіп, Таулы Қарабақта оң ілгерілетуге қол жеткізген жөн. Бұл міндеттерді шешу үшін негіз Қырғызстандағы ахуалды реттеу кезінде пайдаланылған ресурстар бола алар еді.
Біздің ұйым Қырғызстанда қалыптасқан ахуалда тиімділікпен әрекет етуге өзінің қабілетті екенін көрсетіп берді. ЕҚЫҰ-ның барлық компоненттері бірдей әрекет етті. Олардың бәрі бірлесіп құралдарды үйлесімді пайдалану нәтижеге жеткізетінін көрсетті. Аталған миссияларда да Саммиттің байыпты күн тәртібін әзірлеу үшін осындай тұрғыда әрекет ету қажет.