Өмірде шүбәсіз бір-ақ бақыт бар,
ол – өзгелер үшін өміріңді арнау.
Лев Толстой.
Осы күндері редакция поштасына түсіп жатқан хат-хабарларда еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының алғашқы жарты жылдығында атқарған жұмыстары туралы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзіндегі ой-тұжырымдары мен Ұйым Саммитін осы жылдың аяғына қарай Астанада өткізу туралы Қазақстан ұсынысының кездесуге келген сыртқы істер министрлері мен олардың мәртебелі өкілдері тарапынан қолдау тапқаны жөнінде кеңінен сөз болады. Дүниежүзілік мәдениетке “Махабхарата” мен Тәджмаһал сынды мәңгі өлмес асыл қазына қосқан Үнді елінде “Мына жарық дүниеде әрекетсіз өмір сүруге болмайды” дейтін қасиетті қағида бар. Қоғамды алға сүйрейтін де, тұлғаны өсіретін де, адамды қуаныш, бақытқа бөлейтін де әрекет, яғни еңбек. Тарихи қысқа мерзімде ғасырға жүк болар табыстарға жеткен еліміздің іргесін бекітіп, еңсесін тіктеткен де – еңбек. Еңбектің ұлысы – ұлыс үшін, ұлт үшін, ел үшін істеген еңбек! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қарап, алысқа самғайтын кемел ойлы, кең тынысты көрегендігі мен ел үшін жасаған көл-көсір еңбегі халқымыздың бағын ашып, Қазақстанның бақытын жандырды. Жыл сайын, ай сайын ғана емес, апта сайын әлем назарын өзіне аударған жасампаз жаңа идеяларды да Нұрсұлтан Әбішұлы айтып жүр. Айтып қана қоймай, сол рухы биік ұлы идеяларды өзіне тән табандылық, ерік-жігермен, ақыл-парасатпен жүзеге асырып келеді. Соның күні кешегі айқын дәлелі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып төрге озып, халықаралық деңгейде төбе би болуы десек, тағы бір мықты мысалы, төрағалықтың тамаша табысы, тарихи жеңісі – ЕҚЫҰ саммитінің Қазақстанда өтетіні. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде ұйымның заман талабына сай болуы аса маңызды екенін атап айтты. Елбасының: “Мен Еуразия субконтинентінде терең де дәйекті интеграциялық үрдістердің сенімді жақтасымын және Еуразиялық интеграцияның негізгі қағидаттары мен бағыттарын бейнелейтін біртұтас құжат әзірлеу қажет деп санаймын” деген сөзі әлемнің елу алты елінің сыртқы істер министрлері мен саясаттың сорпасында қайнап піскен қайраткерлердің көңіліне алшы түсер сақаға құйылған қорғасындай қона кетті. Қазақстан Президенті Ақбұлақта сөйлеген тарихи сөзін: “Бұл саммитті өткізу ядролық полигонды бірінші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тартқан біздің халқымызға деген құрметтің көрінісі болар еді. Сонымен қатар бұл ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру факторына айналар еді”, деп аяқтады. Жақсы сөйлесе аузынан нұр төгіледі деген. Нұрекемнің дуалы аузымен айтылған дау туғызбас даналық ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы алғашқы саммитін Қазақстанда өткізуге жасыл жарық жағып, жол ашып берді. Еңселі еліміздің Еуропадағы төбе билігін таңдай қаққызар тамаша табысқа жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлының ерлігі мен кемел ойлы кемеңгерлігін, ерік-жігері мен көл-көсір еңбегін, Ақбұлақтағы тарихи сөзін келер ұрпақ аңыз қып айтары анық. Аспанасты елінің ұлы ойшылы Конфуций бүй депті: “Дегдар адам үш нәрседен қаймығады: көктің құдіретінен, ұлылардың болмысынан, даналардың сөзінен”. Осы сөздерді оқығанда біздің ойымызға тағы да Нұрекеңнің Ақбұлақта сөйлеген тарихи сөзі оралды. Себебі, Нұрекеңнің болмысы мен даусыз даналық сөзі әлемнің ең беделді саясаткерлерін сүттей ұйытты. Өңірлік қана емес, өмірлік шиеленістерді де шешуге бір адым батыл қадам жасаған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуінің сәтті өтуі ең алдымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара да дана саясатының, оның халықаралық биік беделінің жемісі. Ал енді Нұрсұлтан Назарбаев тәрбиелеп, шыңдаған ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев халықаралық Ұйымдағы алты айлық қызметінде жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, жемісті еңбек етіп келеді. Талай сыннан сүрінбей өтіп жүрген осы әккі саясаткер жайлы ойлағанда, менің ойыма Эммануил Канттың: “Ойлы сұрақтар қоя білудің өзі ақыл мен көрегендіктің белгісі” деген сөзі оралды. Халықаралық биік деңгейдегі кездесулерде күн тәртібіне келелі мәселелерді қоюмен бірге оның ойдағыдай шешілуіне әсер ете алатын ықпалды да алымды қайраткер екендігін Қанат Бекмырзаұлы осы Ақбұлақтағы бейресми кездесуде тағы да дәлелдеді. Бұған Францияның Сыртқы істер министрі Бернар Кушнердің, Литва Сыртқы істер министрі Аудрониус Ажубалистің, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Дунья Миятовичтің, Ресей Мемлекеттік Думасы Халықаралық комитетінің төрағасы Константин Косачевтің, ЕҚЫҰ-ның қақтығыстардың алдын алу орталығының директоры Херберт Зальбердің, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның және тағы басқа да аса көрнекті саясатшылардың Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы жарты жылдағы жемісті де жеңісті жұмысын жоғары бағалаумен бірге “...біздердің Қазақстаннан үйренеріміз көп” деп атап айтуы еліміздің сарабдал сыртқы саясатына берілген лайықты баға. Ел газеті “Егемен Қазақстаннан” “Сүйінші! Еліміздің Еуропадағы төбе билігі тамаша табысқа жеткізді: ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті Қазақстан төрағалығы тұсында өтетін болып шешілді” деген жолдарды оқығанда, санамызды өз еліміз бен Елбасымызға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі биледі. Қиялдан озған шындық қой бұл! Аңыздың ақиқатқа айналуы, арманның орындалуы деген осы емес пе?! Елбасының сөзімен айтсақ: “Бүгінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде және серіктерінің белсенді қолдауымен құрлықтар мен өркениеттер арасындағы дәнекерлік дәстүрлерін қайта жаңғыртуда. Біздің Ұйымымыз құрылған 1975 жылы, сол тұста әлі әлемнің саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрізді мемлекеттің 35 жылдан кейін оны басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған шығар”. Иә, Нұрекең тарих тамырын тап басып тамаша айтып отыр. Ол ол ма? Патшалық Ресейдің отары болған тұста да, қызыл империяның қылышынан қан тамған кеңестік кеңістікте де төраға болып, төрге озбақ тұрмақ, дамыған елдердің босағасынан сығалауға да шамамыз келген жоқ. Енді, міне, қиялға да келмеген биікке самғадық. Мұның өзі түнді қуған таңдай ғажайып қой. Қазақстан кеше қандай еді, бүгін қандай?! Осы бақытымызды бағалай білейік! “Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады”, деп Елбасы тегін айтты дейсің бе. Аспандағы Ай мен Күндей айналасына сәуле шашқан Елбасының ерлігі мен көрегендігін бағалай білейік! Сәбит ДОСАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей әдебиет академиясының академигі. МЕТАЛЛУРГТЕР ТОЛЫҚ ҚОЛДАЙДЫ ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев бүкіл әлем халықтарының көкейінде жүрген бейбітшілік мәселелері жөнінде құнды ойлар мен пікірлерін ортаға салғаны белгілі. “Казцинк” ЖШС металлургтері конференция шешімдерін және үстіміздегі жылдың аяғында Астанада ЕҚЫҰ-ның үлкен Саммитін өткізу туралы шешімді қуана қарсы алды. Себебі, қазір Қазақстанды, оның жүрегі – Астананы бүкіл әлем жұртшылығы біледі десек қателеспейміз. Бүгіндері төрткүл дүние мемлекеттері экономикасы қарыштап дамыған, сарабдал саясаты қай жерде де жемісін беріп жатқан Қазақстанды, оның басшысы Н.Назарбаевты жақсы біліп қана қоймай, сол ерлігі үшін құрмет тұтады. Бір ғана мысал. Сонау нарықтың өтпелі кезінде Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты жабылудың сәл алдында тұрды. Себебі, Одақ тарап, бұрынғы дамыған мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас үзіліп қалды. Сапасы жөнінен алдына жан салмайтын Өскеменнің қорғасыны мен мырышы, басқа да полиметалл шикізаты ешкімге керек болмай қалды. Оның себебі де жоқ емес, сол қиын-қыстау кезде алып комбинаттың екінші “тынысын” ашу ауадай қажет болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендігі нәтижесінде шетелдерден инвестиция тартылды, шетелдік белді де беделді компания біздің комбинатты қанатының астына алды. Сөйтіп, өмірге “Казцинк” ЖШС келді. Соңғы он жылдан сәл астам уақытта аталмыш кәсіпорын қанатын кеңейтіп, сапалы металдарды шығара бастады. Бұл күндері 750 миллион АҚШ долларына екі бірдей ірі қуаттар салынып жатыр. Ол ол ма, кәсіпорын өз қаржысына 250 орындық балабақша, алты теннис кортын салып, оны қала тұрғындары игілігіне бермек. Ең бастысы, металлургтер демалысы мен денсаулығына көңіл бөлінеді. Кәсіпорынның демалыс базалары мен емдеу орталықтарында мыңдаған жұмысшы денсаулықтарын түзеп қайтады. Міне, мұның барлығы еліне етене Елбасының біздің кәсіпорынға деген құрметінің жемісі емес деп кім айтады. Елбасы Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде бүкіл әлем жұртшылығын толғандырып отырған мәселелерді ортаға салды. Бейбітшілік пен татулық, ынтымақ болған жерде табыс та болады. Тіпті Ауғанстан проблемасы да назардан тыс қалған жоқ. ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясының қажет екеніне күмән жоқ дей келіп, Қырғызстандағы жағдайды реттеуде батыл қадамдар жасап отырғанына да Елбасы кеңінен тоқталды. Елбасының айтқан құнды пікірлерін әрбір мемлекеттен жиналғандар қызу қолдады. Демек, Қазақстан сияқты мемлекет, оның басшысы Елбасы саясаты жемісін береді деген ойдамыз. Тоқтарбек МЕЙІРМАНОВ, “Казцинк” ЖШС металлургі. ӨСКЕМЕН. ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТАМЫРЫ – ТАТУЛЫҚТА Тәуелсіздік алғанына жиырма жылдың да жүзі болып үлгермеген егеменді еліміздің әлемдік деңгейдегі қол жеткізген биіктері көңілге қуаныш сыйлайды. Жүзден астам этнос пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанның экономикалық дамудағы ғана емес, қоғамдық-саяси ықпалдасудағы сәтті қадамдарына дамыған елдердің өзі сүйсініп отырғаны шындық. Әртүрлі саяси мәселелерге өзіндік ұстанымын білдіріп, керек жерінде түйінді жәйттерді тарқатуға атсалысып жүрген Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған сарабдал саясаттың нәтижесі және елімізге көрсетілген үлкен сенім мен керемет құрмет дер едім. Бұл жалғыз менің ғана пікірім емес, көптің көкейіндегі ортақ ой екені сөзсіз. Қазақстан осы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен азғана уақыт ішінде татулығы мен бірлігі мықты, елдіктің сара жолына түскен, бағыты айқын мемлекет екенін көрсете білді. Соның бір дәлелі ретінде Ұйымның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы Саммитінің Астанада өтетіндігі. Бұл жөнінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде мәміле жасалуының өзі еліміздің әлем алдындағы беделін тағы бір көтеріп тастады десем артық айтқандық емес. Бұл, әрине, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында да елімізді экономикалық даму мен саяси тұрақтылыққа жеткізіп отырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендік саясатының жемісі екені сөзсіз. Алматы облысы, Талғар ауданындағы “Ақбұлақ” спорттық-сауықтыру кешенінде өткен осы форумға ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 елдің сыртқы істер министрлері мен мәртебелі өкілдерінің және халықаралық ұйымдар басшыларының келуі де біздің егеменді еліміздің әлемдік беделінің күн санап биіктей түскенін көрсетсе керек. Мұндай беделге ие болу бір күннің шаруасы емес. Еліміздің және оның тізгінін ұстап отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық және саяси бағыттарының, сарабдал саясатының ұтқырлығы осындай мүмкіндік беріп отыр. Олай дейтінім, күні кеше көршілес Қырғызстандағы саяси оқиғаға сабырлы да салмақты араағайындық сөзін айтып, келісімге шақырған да біздің Елбасымыз. Көрші елге материалдық көмек көрсетуді бастап кеткен біздің ел. Сондай-ақ Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеннен бастап “созылмалы” қақтығыстарды реттеуге үлкен мән беріп келеді. “Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады” дегендей, бейбітшілікке шақырған келіссөздердің қайтарымы көп болатынына сенім мол. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: “Біз ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы “созылмалы” қақтығыстарды реттеу жөніндегі форматтарын дәйектілікпен ілгерілетудеміз. Созылмалы қақтығыстар жөніндегі Арнаулы өкіл жұмыс істеуде. Әзірбайжанның, Арменияның президенттерімен Таулы Қарабақ проблемалары бойынша бірқатар кездесулер өткізілді”, – деп атап өте келіп, форум аясында осы мәселе бойынша өтетін Минск тобы тең төрағаларының отырысына табыс тіледі. Бұл – барлық халықтарға бейбіт өмір тілейтін Қазақстанның қашаннан бергі ұстанымы. Мен елден жырақ жүрсем де атажұрттағы бауырларымның біздің Қазақстандағыдай бейбіт өмір сүріп, бақуатты тұрмыс құруын қалаймын. Оған өзім ауасын жұтып, суын ішіп, жерінде тұрып жатқан Қазақстанның ұйытқы болып отырғанына көңілім марқаяды. ЕҚЫҰ-ның Саммитін Астанада өткізу туралы шешім өте дұрыс болды. Бұл Саммитте де әлемдік қоғамдастықтың өзекті мәселелері шешімін табады деп сенемін. Қазақстанда бұл бағытта өнеге боларлық істер баршылық. Елбасы сөзімен айтсақ, Астанада өтетін Саммит ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру факторына айналуы тиіс. Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекет ретіндегі ұстанған сара бағыты екені осыған дейінгі іс-қимылдарынан айқын аңғарылады. Саяси тұрақтылық пен экономикалық дамудың тамыры өзара түсіністік пен татулыққа тәуелді екені дәлелдеуді қажет етпейтінін әлемдік қоғамдастық түсініп болды. Лайым да осы бағыт баянды болғай. Шахбаз ЖАМАЛОВ, “Әзірбайжандар Ассоциациясы” республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы. БӘРІМІЗ ҮШІН МӘРТЕБЕ ЕҚЫҰ Саммитінің 11 жылдық үзілістен кейінгі Қазақстанда өтетінін естіп, еңсеміз көтеріліп, көңіліміз марқайып қалды. Ол идеяны тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғаны белгілі. Мұның өзі ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Мемлекет басшысының әлемдік қауымдастық алдындағы зор беделін айғақтаса керек. Иә, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлері Ұйым Саммитін үстіміздегі жылдың аяғында Астанада өткізу жөнінде айрықша маңызды шешім қабылдауы кездейсоқтық емес. Оның себептерін Елбасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде айтып берді. ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төрағалық еткелі өз құзырының аясында нәтижелі жұмыстар атқарды. Әсіресе, жаһандық қауіпсіздікті нығайту, ұлтаралық, дінаралық қарым-қатынастарды жаңарту, әлемдік дағдарыстың алдын алу, геосаяси ахуалды жақсарту бағыттарында өзара сенімділікті қамтамасыз ете білді. Дәйекті де сындарлы көзқарасын бекем ұстап, өзара бейбіт ықпалдастықты арттырудың, жанжалдарды тиімді де ілкімді реттеудің жолдарын талмастан көрсетіп, әркез әріптестік пиғыл танытып отырды. Десек те, мәртебелі Ұйымның заман талабына сай болуына бәріміз де мүдделіміз. Өйткені, уақыттың өзі кез келген проблеманы халықтардың мүддесі тұрғысынан шешуді қажет етіп отыр. “Кеңесіп пішкен тон келте болмас” дегендей, күрмеуі қиын жаһандық мәселелерді бірлесіп қолға алсақ, бір-бірімізге деген шынайы құрмет пен сенімділік тіпті арта түсер еді. Міне, Елбасы өз сөзін осы тұрғыдан қозғап, жаңа Саммитті өткізу жөніндегі өз көзқарастарын ұсынды. Ол тың ұсыныстармен ерекшеленіп, ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Шынында да, дағдарыстан кейінгі әлемнің қандай бағытта дами алатыны әлі беймәлім. Экологиялық, климаттық, азық-түлік қауіпсіздігі сейілген жоқ. Этностық және діни төзімділік саласында да проблемалар жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда, күн тәртібінен орын алып отырған өткір мәселелер бірлесе шешуді талап ететіні айтпаса да түсінікті. Елбасының халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарысты атап көрсетуі тегін емес. Одан шығудың екі жолын ұсынып, жаңасын саналы түрде қалыптастыруға ерекше назар аударды. Осылайша, Саммиттің ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру факторына айналу мүмкіндіктерін атап көрсетіп, ортақ құндылықтар мен қағидаттар жолында қызметін белсене пайдалануға шақырды. Сонымен Ұйым Саммиті елорда төрінде өтетін болды. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі осылай шешті. Еліміздің Еуропадағы төбебилігі тағы бір қырынан жарқырай көрініп, әлем алдындағы бедел-абыройы асқақтай түсті. Зиядден МОЛДАҒАНАПОВ, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары. Солтүстік Қазақстан облысы. ТӨБЕБИЛІКТЕГІ СӘТТІ ТӨРЕЛІК Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жарты жыл ішінде тамаша табысқа жеткенін ұйымға қатысушы елдердің сыртқы істер министрлері орынды бағалап жатыр. Өйткені, жыл басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның төрағалығы ұйымның үш өлшеміне сәйкес төрт “Т”-дан тұратын ұран рухында атқарылатынын айтқан болатын. Төрағалық тұсында өзге елдер тағылым аларлық сенім мен дәстүр, ашықтық пен төзімділік қағидаттары басты назарда ұсталды. Бұл әсіресе, Қырғызстандағы саяси-әлеуметтік ахуалды ушықтырмау бағытындағы қадамда айқын байқалды. Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы тұрақсыздық басталған сәтте алдымен көмек қолын созып, ағайын елдің алдағы күндердің жақсы боларына сенімін қалыптастыруды ойлады. Рас, Қырғызстандағы жағдайдың бірден жақсаруы мүмкін емес-ті. Дегенмен, екі рет басшысын биліктен қуып шыққан сол елдің экономикасын түзету, тұрақтылықты сақтау үшін ұлттық дәстүрге сай ұлттың болмысын танытатын төзімділіктің қажеттігін білдірді. Демократия жолында түрлі арандатуларға бой алдырмай, ашықтықтың да қажет боларына, сөйтіп, төрт “Т”-дан тұратын қағидаттар сақталғанда ғана Қырғызстанның қиындықтан арылатынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеді. Мұндай биік мақсаттарды көздеген мұраттар Ауғанстандағы ахуалды реттеу, Таулы Қарабақтағы проблемалық жағдайды шиеленістірмеу орайындағы жауапты міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда да аңғарылып отыр. Қазақстанның төрағалығы тұсында осынау шешімі қиын түйткілдер біртіндеп реттеле бастағаны алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының жемісі деу керек. Мұны Алматыда Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитіне қатысқан саясаткерлер де орынды бағалады. Елбасының ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы алғашқы саммитін Астананың төрінде биыл өткізу ұсынысының қолдау табуы Қазақстанның, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы беделі мен абыройын көтерді. Осының өзінен Нұрсұлтан Назарбаевты әлем елдері тек Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатын орынды жүргізуші басшы ғана емес, әлемдік ауқымда ең қиын жанжалдарды реттей, бір-бірімен дүрдараз елдерді татуластыра білетін көшбасшы саясаткер ретінде мойындағанын пайымдаймыз. Демек, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етумен шектелмей, төбебилік төрінде ақылман қариядай төрелік айтуы өте сәтті өтіп жатыр деп айтуымызға толықтай негіз бар. Шойынбай ӨТЕНӘЛИЕВ, КСРО қаржы қызметінің үздігі. Атырау облысы, Индер ауданы. САЯСАТТЫҢ ШЫҢЫ – БЕЙБІТШІЛІК Анасының құрсағынан уысына қан шеңгелдеп туған біреулер болмаса, барлық адамзат баласына бейбітшілік ыстық. Әлем татулықты қалайды. Біздің мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Ұйым Саммитін Астанада өткізуге қол жеткізгендігі осы шетін мәселелерді шешуге үлкен үлесін қосады деп ойлаймыз. Телеарналардан Қырғызстандағы Ош оқиғасынан кейінгі жағдайды көрдік. Өзбек махалласында өзбек пен қырғыз тату тұрып келген. Қырғызстанда жаппай берекесіздік орын алып, елді береке-бірлікке ұйыстыратын бидің дуалы сөзінің орнына автоматтар сөйлегенде халық қырғынға ұшырады. Екі жақ та оңбай қалды. Бүгінде сол өзбек сол көрші қырғыз отбасымен әлі де қоңсы тұрып жатыр. “Біз Оштағы қырғыз ағайындарды білеміз, олар бізге азар берген жоқ. Арандатушылар сырттан келді”, дейді өзбектер. Солай дегенімен қираған үй, жылдар бойы жинаған материалдық игіліктерден айырылумен қатар, жүректе шемен болып қатқан жара қалды. Туып-өскен жері осы жер болғанымен, көңілдерінде әлі де қорқынышы бар. Арандатушылар жаққан от әлі де бықсып жатыр. Қарапайым халықты үлкен саясат үшін отқа салу кім үшін тиімді? Осындай халықаралық мәселелерді шешу – Саммит үшін үлкен сабақ болары сөзсіз. Елбасымыздың “Қазірдің өзінде Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүлдем басқасын әзірлеу мүмкін еместігін мойындау қажет. Ұзақ мерзімді жоспарда бұл кеңістіктегі тұрақтылықты трансеуразиялық қауіпсіздік жүйесін құру жолымен нығайтуға болады” деген пікірі миллиондаған адамдардың жүрегіне жылы тиеді. Қауіпсіздік саласында саясат біреу болуы керек. Ол – елдің тыныштығы. Үлкен Саммиттің Астанада өткізілуінен осындай жақсылықтар күтеміз. Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, “Береке” корпорациясының президенті, ОҚО мәслихатының депутаты. ШЫМКЕНТ. ЕГЕМЕНДІКТІҢ АРҚАСЫНДА ҚОЛ ЖЕТТІ Біздің халқымызда “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген сөздер бар ғой. Қазақ жерінде болып өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы 56 елдің министрлері мен мәртебелі өкілдері бас қосқан халықаралық форумның да Алматы, Ақбұлақ деген қазаққа ыстық, әдемі сөздермен байланысты жерде өтіп жатқаны да ақ пейіл мен ниеттің дұрыс екендігінде. Осы форумда сөйлеген сөзінде Елбасы “бір кездері осы Іле Алатауының әсем баурайы арқылы Ұлы Жібек жолы өтетін, осы жолды жалғаған керуендер Еуразия кеңістігіндегі түрлі елдерді бір-бірімен өзара байланыстыратын” деп атап өткені де сондықтан. Астана мен Алматы қазір тынымсыз, күн сайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің еліміздің болашағы мен елдігі, егемендігі жолындағы үлкен қыруар шаруалар деңгейі, міне, осылай жалғасуда. Беделді, белді Ұйымның Саммитін Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Қасиетті Ақбұлақ жерінің, Қазақ елінің тілегі қабыл болып, үлкен дәрежедегі бас қосар жиылысты еліміздің төрінде өткізудің тарихи таңдауына қол жеткізді. Бұл – әлемнің мүддесін көздеген игілікті іс. Әрі біздің еліміз үшін үлкен жауапкершілік болып саналады. Тәуелсіздік алғанымызға алдағы жылы 20 жыл уақыт болады. Еліміз өзінің тәуелсіздік алғанын, елдікке қол жеткізген мұрат-мақсаттарын әлемдік деңгейде қолға алынған осындай мәртебелі, мүддесі зор айқын шараларымен дәлелдей алды. Қазақстан сияқты елдің осы Ұйымды басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған шығар деп Елбасы айтқандай, бүгінгі күні бұл биікке де қол жеткіздік, ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа қол жеткізіп қана қоймай, енді осы Ұйымның Саммитін де өткізу мәресіне жеттік. Бұл алдағы кезде бүкіл әлем Астанаға, қазақ жеріне көз тігеді деген сөз. Елбасы өз сөзінде айтқандай, еліміз Ұйымға төрағалық жасау арқылы ЕҚЫҰ-ның БҰҰ және Еуропа Одағымен қажетті өзара ықпалдастығын қамтамасыз ете алды. Осы бір мақсат-мүдде арқылы қазақ жерінің Талғар ауданындағы Ақбұлақ ауылы әлемге еліміздің атын танытты. Айзада ҚҰРМАНОВА, Павлодар облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы. КЕЛЕЛІ КЕҢЕСТЕН ҮМІТ ЗОР Егемен еліміздің ЕҚЫҰ сынды мәртебелі Ұйымның тізгінін қолына алғанына жарты жылдай уақыт болды. Мемлекетіміздің сол аралықтағы төрағалық қызметіне лайықты баға беріліп жатыр. Енді, міне, биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның Саммитін Астанада өткізу жөнінде осы Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері бірауызды шешімге келіп отыр. Ал бұл да әлемдік қауымдастықтың біздің елге деген құрметін аңғартса керек. Елбасымыз өткен жұманың соңында өткен бейресми кездесуде сөйлеген сындарлы сөзінде көптеген келелі мәселелерге тоқталды. Соның ішінде әлемдегі қауіпсіздік мәселесі де тілге тиек, ойға өзек болды. Бұл енді заңдылық деп білеміз. Өйткені, күн өткен сайын айтулы оқиға – Семей атом полигоны жабылуының жиырма жылдығы жақындай түсіп келеді. Бүгінде бұл тұрғыдағы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы қайратын әлем жұртшылығы мойындап отырғандығы да көңілге зор қуаныш ұялатады. Ал биылғы жылы Астанада өтетін алқалы жиында әлемде атом аждаһасын ауыздықтау мәселесі кеңінен талқыланатындығына еш күмән жоқ. Соның бәріне біздің еліміз бастамашы болып отырғаны және көңіл сүйсінтеді. Осы орайда біз өз жұмысымызды ширата түсуді ойластырып отырмыз. Шындығында, мемлекет тарапынан қолға алынып отырған осындай тың бастамаларға жан-жақты қолдау білдіру барша қоғамдық ұйымдардың абзал міндеті болуы тиіс. Өйткені, барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы емес пе? 1989 жылы қозғалысымыз енді құрылған шақта мұндай атаулы күн түсімізге кіріп пе еді? Сондықтан осындай ел мерейін көтеретін маңызы зор шаралардың кезінде ауызбірлікке не жетсін! Сұлтан КАРТОЕВ, халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының вице-президенті. СЕМЕЙ.