06 Наурыз, 2015

Съезд – халықаралық күш-жігердің маңызды саласы

205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DAA_8506 Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары аяқталды 4 наурызда Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс бабындағы сапары аяқталды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен келіссөз жүргізді және оған 2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада болатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке шақыруын табыс етті. «Сіздің V Съезге қатысуыңыз прогресс жолында одан әрі ілгерілеу үшін діни иерархтар мен саясаткерлер тарапынан келісілген іс-қимыл мен өзара қолдау барда адамзат қазіргі кездегі жаһандық әлемнің қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатынына халықаралық қоғамдастыққа нақты белгі боларына сенімдімін», – деді Сенат Төрағасы. БҰҰ Бас хатшысы ұлтаралық және конфессияаралық бей­біт­шілік пен келісімнің қазақ­стандық үлгісін жоғары бағалап, Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бой­ынша шақырылған діни форум маңызды әрі тиімді үнқатысу алаңы екенін атап өтті. Пан Ги Мунның айтуынша, БҰҰ Съезді қол­дайды және форумның мақ­саты мен міндеттерін әлемдік қоғам­дастықта ілгерілетуде Қазақ­станмен ынтымақтасатын болады. БҰҰ-да өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің таныстырылымында сөз сөйлеген Қ.Тоқаев Нью-Йорк – ұлттар қауымдастығында, ең алдымен, БҰҰ және оның қазіргі за­мандағы өзекті мәселелерді ше­шудегі адамзат үміт еткен маң­ызды жаһандық форумдарымен астарласа еске түсетінін атап өтті. Сенат Төрағасы БҰҰ-ның өркениетаралық үнқатысуды ілгерілету жөніндегі БҰҰ-ның көп салалы қызметін Қазақстан жоғары бағалайтынын айтты: «Біз дінаралық және конфессияаралық келісім – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін маңызды шарт болып табылатынына нық сенеміз. Және ұлтаралық, сондай-ақ, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің ерекше үлгісін қалыптастыра алдық». Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі туралы айтқанда, Қ.Тоқаев «Діни форум – дінаралық үнқатысу, әлем құрылысы, діни тұрғыдағы шиеленістерді болдырмау, халықаралық ынтамақтастықтың жаңа түрлерін әзірлеуді ілгерілету үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіруге арналған», – деп атап өтті. Ол өткен төрт форумның нә­тижелері Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшылары съезі бел­гілі саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйымдардың жетек­шілерімен бірге қазіргі замандағы ең өзекті мәселелерді талқылайтын діни көшбасшылардың тұрақты жұмыс істейтін форумы ретінде қалыптасқаны туралы хабардар етті. «Астана форумы діндер мен мәдениеттер арасындағы пікір қайшылықтарын тек түрлі халықтар арасындағы бейбітшілікті, өзара түсіністікті және әріптестікті орнықтыру арқылы ғана еңсеру мүмкін екендігін паш еткен мысал болды». Сенат Төрағасы Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰДБ Әкімшісі Хелен Кларкпен, сондай-ақ, БҰҰ-ның бірқатар жоғары лауазымды адамдарымен, ірі қорлардың басшылары – Азия қоғамының президенті Дж.Ширанмен, «Еуразия» тобының президенті Я.Бреммермен, Өркениеттер альянсының Жоға­ры өкілі Н.Ан-Насермен, «Бейбіт­шілік жолындағы дін» конфе­ренциясының Бас хатшысы У.Вендлимен және Нью-Йорк діни қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының Басшысы Қ.Тоқаев жүздесушілерді Астана форумына әзірлік туралы хабардар етті: «Съезд діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуына арналады. Тараптардың бір-бірін естуге және тыңдауға үйренгені маңызды болып отыр». Форум аясында жалпы отырыс және секциялық төрт отырыс өтеді. Діни форумдағы пікірсайыстар: діни және саяси қайраткерлердің адамзат алдындағы жауапкершілігі; діннің жастарға ықпалы; дін мен саясаттың өзара іс-қимылындағы жаңа үрдістер мен перспективалар; бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесімділік жолында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының арасындағы өзара құрмет пен түсіністік негізінде үнқатысуы секілді маңызды тақырыптар болады. Қ.Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне әзірліктің маңызды бөлігі болды. Бұл форум – осынау дүрбелеңге толы дүниедегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды халықаралық күш-жігердің маңызды саласы.