06 Наурыз, 2015

Сенім күші – қуатты күш

369 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
дулат исабековҚазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысын Парламент Мәжілісі мен Сенаты, басқа да қоғамдық ұйымдар мен жекелеген белгілі қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері бірауыздан қабылдап, баспасөз беттері мен телеэкран арқылы өз пікірлерін қызу білдіруге кірісіп кетті. Мемлекет алдында тұрған аса маңызды ұсыныстарды ой таразысынан өткізіп үлгірмей, салған жерден қолдай кету, ақиқатына жүгінер болсақ, көңілге күдік ұялататыны рас. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» деп Абай айтқандай, қолдаудың да екі түрі бар. Бірі – дүрмекке ілесіп қолдау, екіншісі – ой таразысынан өткізіп барып саналы түрде қолдау. Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жайлы Ассамблеяның ұсынысын өз басым алғашқы кезде екіұдай халде қабылдадым. Өз елінің бүгіні мен ертеңгі болашағын ұдайы ойлап, қуанышы мен уайымы қабат шарпысқан мынадай алмағайып та аласапыран заманда ұлт пен мемлекет тағдырына тікелей қатысы бар ұсыныстарды ә дегеннен қолдай кету ойсыз адамға болмаса, ойлы адамға көп сауал тудыратыны анық қой. Мен көп ойландым. Сондағы қысқаша сезім шежіресі мынаған саяды: «Еліміз тыныш. Әркім күнделікті өз жұмысымен айналысып жатыр. Егінші егіннің қамымен, фермер өз малының жайымен, шахтер мен металлург өзінің үйреншікті кәсібімен, ғалым болса өзінің ғылыми жұмысымен, ақын мен жазушы өз шығармашылығымен айналысып жатып «сайлау қашан болар екен» деп бір де бірі алаңдаған жоқ. Қара орнында, хан тағында, Құдайға шүкір, ел тыныш, жұрт аман. Президентіміз өз міндетін алаңсыз атқарып жатыр. Оның халықаралық беделі күннен-күнге артуда, өз халқының алдында беделі өте жоғары. Бұдан былайғы сайлау қашан өтсе де ол халықтың зор қолдауына ие болатыны анық. Өзге елдің президенттерімен салыстырғанда біздің Президентіміздің ойы да, ісі де, шешендігі мен сан-салалы біліктілігі де өз әріптестерінен оқ бойы озық тұратыны Қазақстан халқының, әсіресе, осындай ұл тудырған қазақ халқының мерейін үстем етіп, әр қазақтың көкірегіне мақтаныш сезімін тудырып, өз елін айдай әлемге танытып қана қоймай, ұстамдылық пен көрегендіктің үлгісін көрсетіп келе жатқан жоқ па еді! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тәжірибе жинақтау үшін мемлекеттігі мыңдаған жыл­дар бұрын қалыптасқан алпауыт елдердің басшыларымен сақ­тықпен пікір алмасып келсе, уақыт өте келе олардың менменсінген көңілдері бірте-бірте басылып, бүгінгі таңда олардың өзі біздің Президентімізден ақыл-кеңес сұрайтындай халге жетті. Бұл мақтаныш па? Әрине, мақтаныш. Құдайға шүкір, Президентіміздің қабағы ашық, жүзінен нұры тайған жоқ, жүрісі ширақ, қажыр-қайраты мол, бес жылдан кейін бе, он жылдан кейін бе, қашан сайлауға түсем десе де халқының зор қолдауына ие болатын әлемдік деңгейдегі аса ірі тұлғалардың біріне айналды. Сөйте тұра, кезектен тыс сайлау өткізудің қажеттілігі неден туындап отыр екен? Әртүрлі саясаткерлер мен экономистердің айтуынша, «алдағы жылдары үлкен қаржылық дағдарыстар мен халықаралық шиеленістер молайғалы тұр, солардың алдын алу үшін кезектен тыс сайлау өткізудің қажеттілігі туып отыр» дегенге құлақ асайын десең, «Біздің Президент қандай саяси дауыл мен даудан қаймығып еді, талай-талай әлемді жайлаған қаржылық дағдарыстардан елін аман алып өтіп, өзгелерді таңғал­дырып келген жоқ па?» деген сауалдар алғашқы кезде көңіл түкпірінен үдере көтеріліп, көпке дейін жауап таба алмағаным рас. Қазір де анық жауабын таптым деп айта алмаймын. Менің тапқан жалғыз-ақ жауабым бар. Ол – Сенім. Мен Президентпен әлденеше рет кездесіп, елдің ертеңі жайлы, халықтың демографиялық хал-ахуалы жайлы, көші-қон мәселесі бойынша, шығармашылық адамдарының проблемалары жайлы әңгімелескен адаммын. Сондай бір ашыла сөйлеген сәтінде Нұрекең бес-алты жасар кезіндегі әжесінің түсін айтып берген тұста, балалық шағы мен әжесін еске алып, көзінің суланғанын жасыра алмай қалып еді. «Бес-алты жастағы кезім болса керек, – деп баяғы кезді бір сәт есіне түсірді. – Әжем мені түн ішінде бас салып құшақтап, «Құдайға шүкір! Қасымда жатыр екенсің ғой! Уф-ф!» деп күрсін­бесі бар ма. – Әже, не болды?» дедім шошып кетіп. «Ұйықта, ботам! Ертең айтам» деді. Ертесіне: «Түсімде сен көйлекшең тауға өрмелеп барады екенсің. Қайтатын шығар десем, қайтпайсың. Алды-артыңа қарамай кетіп барасың. Мен соңыңнан айғайлаймын. «Әй, Сұлтан, қайт, қайт бері. Тау суық, боран, қасқырлар көп. Қайт деймін!» деп айғайлаймын. Ал сенің қарайлайтын түрің жоқ, кетіп барасың, кетіп барасың. Мен тағы айғайлап, соңыңнан жүгіріп келем. Сен жеткізер емессің. Әлден соң маған күлімсіреп бір қарадың да, тауға өрмелеп кете бардың. Мен артыңнан жүгіріп келем, жүгіріп келем. Сен жеткізер емессің. «Сұлтан, Сұлтанжан, қайт кейін!» деп айғайлап жатып оянып кетсем, қасымда пырылдап ұйықтап жатыр екенсің. Қуанғанымнан ұйықтап жатқан сені құшақтай алыппын ғой. Түбі жақсылық болар, жаным!» – деп әжем мені аймалап құшақтай берді. – Әңгіменің осы тұсына жеткенде Нұрекең көзінің жасаурап кеткенін өзі де байқамай қалды. Менің жүрегім елжіреп кеткендей болды. Өйтпегенде ше! Қарсы алдыңда отырған адам жай адам емес, әлемдік деңгейдегі ірі қайраткерлердің бірі. Дүниежүзі мойындаған тұлға! Бұрынғыша айтқанда әлем тағдырын шешуге араласа алатын Патша! Сол патша бір сәтке қарапайым адамның күйіне түсіп, көзі жасаурап отыр! Жай адам болса, әрі қарай әңгіме өрбітіп, сыр сандықтың аузын айқара ашатын-ақ тұс! Бірақ, оған уақыт қайда! Әйтсе де, дәл осы қас қағым бір сәт оның жүрегі нәзік, керек кезінде биік тұғырдан түсіп, өзіңмен терезесі тең адамша сыр шерте білетін, ішкі сарайында талай-талай өмір өткелдері қиюластыра қалап кеткен қаталдық пен нәзіктіктің қатпарлары қат-қабат болып қатарласып жатқанын дәлелдеп өткендей болды. Онымен ұзақ-ұзақ сырласып, ішкі қатпарларына үңіле түскің, жаңа бір әлемді аша түскің, тани түскің келеді. Бірақ, оған мүмкіндік қайдан болсын! Дегенмен, өткен жылы Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткелі жатқан «Өкпек жолаушы» атты пьесам бойынша қойылған спектакльдің премьерасына барар алдында ол кісі мені тағы бір қабылдап, үлкен сапарыма жол болсын айтып еді. Ол кезде Украина мәселесі мейлінше ушығып тұрған сәт еді. Президент ол оқиға жөнінде қатты ой үстінде жүргенін байқадым. Біз, Украина оқиғасын мысалға ала отырып, өзіміздің елдің де ертеңі туралы көп сөз қозғап едік. Оның бәрін жария етіп айтудың қажеті де болмас. Менің көкейімде жатқан көп сауалдарды осы кездесу біршама сейілтіп кетіп еді. Одан түйген қорытындым – еркін сөйлесе білсең еркін ойдың да құлпы ашылады екен. Ол үшін сіресіп қалмай, бір-біріңе деген ілтипат пен сенім терезесін аша білуің керек. Оның алдынан көкейімдегі күдіктерім сейіліп, елдің ертеңіне деген нық сеніммен шыққан едім. «Ханда қырық адамның ақылы бар» депті ғой бұрынғылар. Ол – бұрын! Қазір заман да басқа, ел де басқа, дүние де басқа. Демек, хан да басқа! Оның ақыл-ойының қатпары да, алысты болжауы да басқа. Жариялылық заманның өзінде ол ішкі мақсаттарын жария ғып айта бермейді. Бәрін жайып салмадың деп ел де оны кінәламауға тиіс. Егер өз халқы осыған дейін өз Көшбасшысына сеніп келген болса, бүгінгі таңда ол сенім бұрынғысынан да нығая түсті. Оған себеп – шиеленіскен мына әлемнің шешімін табуда біздің Президентіміздің атқарып келе жатқан орасан зор еңбегі, елінің тыныштығын қамтамасыз етудегі тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Демек, өз елінің сеніміне толық ие болған Елбасы алдағы кезде де сол сенімді ақтай білуге бар күш-жігерін аямай жұмсары хақ. Халқының сол сенімін Президентіміз де сезетін болуы керек. Алда қиын-қысталаң күндер көбеймесе азаймайтын сияқты. Сол күндерді елдің сенімімен қарсы алып, әлем алдында «Мәңгі Ел – мәңгі Сенім» деген жаңа айбармен қарсы алып жатсақ, бұдан асқан абырой бола ма? Сол абыройға біз бүгінгі Президенттің сайлауға түсіп, барша халықтың ақ тілегі мен ақ батасының жеңісі мен жемісін көру арқылы жетіп жатсақ нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Ел үшін мәселе сайлаудың қашан өтетіні емес, оған кандидат болып кімнің түскелі жатқандығы. Егер бүгінгі Президент халық тілегін ескеретін болса, меніңше, барша халық өз тағдырын сол адамға тағы да тапсыруға дайын. Саналы сезімнен туған сенім күші – ең қуатты күш болмақ! Дулат ИСАБЕКОВ. АЛМАТЫ.