Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше Маңғыстау облысындағы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның орындалу барысымен танысуын жалғастырды.
Қазақстанның батысындағы облыстарды аралау және маңызды нысандардың құрылысымен, олардың жұмыс барысындағы жағдайымен танысу Үкімет басшысына көп мәселені ашып бергендей. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық дамуды интенсивтендіру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы Кәрім Мәсімов кабинеті қызметінің негізі екенін ескерсек, атқаруға тиісті істер де, шешілуі қажет мәселелер де аз емес екендігі анық.
Қазақстанның инновациялық дамуындағы табыстар мен әлемде жалғасып жатқан дағдарыс салдарының күрделі жағдайындағы еліміздегі тұрақтылықтың мәні алға қойылған мақсатты нақты айқындап, олардың орындалуына күш-жігердің шоғырландырылуында болса керек. Адамды және оған жасалатын мүмкіндікті ұдайы басты назарда ұстайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бүкіл күш-жігерін халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмылдырып отырғаны белгілі. Үкіметтен Мемлекет басшысы нақ осыны талап етеді.
Үкімет жұмысының табысты болуы экономиканы дұрыс басқаруға ғана байланысты емес. Халықтың әлеуметтік қорғалу шараларын жетілдіру, жұмыссыздық проблемаларын кешенді шешу, жаңа жұмыс орындарын құру, ертеңгі күнге деген, әсіресе, жастар арасында сенімділік ахуалын қалыптастыру – Президент саясатының шешуші өлшемдері.
Кәрім Мәсімов Үкіметінің жұмыс стиліне әдетте іс-әрекеттің жеделдігі мен тиімділігі тән болып табылады. Сондықтан да жұмыс сапарына шыққан делегацияның құрамына бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары енгізілген. Мұның өзі жағдаймен танысу барысында қажетті ұйымдық және нақты шешімдерді сол орында қабылдауға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысына сапарының екінші күнін Кәрім Мәсімов Боранқұл газ өңдеу зауытының құрылысынан бастады. Зауыттың құрылысы 2005 жылдың наурызында басталса да, оның пайдалануға берілу мерзімі жылжумен келеді. Ал зауыт Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясындағы ең маңызды нысандардың бірі болып табылады. Осыған дейін құрылысты “Толқынмұнайгаз” ЖШС жүргізген еді. 2010 жылдың 1 маусымына дейін 24,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Қаржылық проблемаларға байланысты қазір құрылыс тоқтап тұр.
“Ертеңгі күннен бастап заңнамаға сәйкес “ҚазМұнайГаз” уақытша басқаруға кірісуге тиіс, кәсіпорын жұмыс істеуі керек”, – деп тапсырды Үкімет басшысы. “Бүгін “Толқынмұнайгазбен” келісім-шартты бұзу туралы бұйрыққа қол қойылды. Ертеңнен бастап “ҚазМұнайГаз” ҰК тарапынан уақытша басқару енгізілетін болады”, – деді Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.
Бейнеу – шалғай аудандардың бірі. Шекарада орналасқан ауданның 50 мыңға тарта халқы үшін зауыт – ең алдымен жаңа жұмыс орындары сондықтан да Премьер-Министр Боранқұл зауытының тездетіп іске қосылуын өте жауапты деп атады. “Бұл үлкен кәсіпорын, жұмыс істейтіндер көп болады, сондықтан да мұнда тәртіп орнату керек”, – деді К.Мәсімов.
Уақытша басқаруды енгізудің өзі уақытша шара екені белгілі. Сондықтан да мұндай алып құрылыстарды салуға тендер өткізгенде оны ұтқан заңды немесе жеке тұлғаның адал болатындығы кепілдендірілгені жөн. Ал мәселенің түпкі шешімін үкіметтік деңгейде “Толқынмұнайгаз” және “Қазполмұнай” ЖШС активтерін Боранқұл газ өңдеу зауыты құрылысын аяқтау шартымен мемлекет немесе жеке әлеуетті инвестордың сатып алуы бойынша соңғы шешім қабылдануы керек.
Үкімет басшысы сондай-ақ Атырау мен Маңғыстау облысы арасындағы көлік қатынасын түбегейлі жақсарту, Ресей Федерациясы мен Еуропадан келетін жүктер жеткізілетін, Орта Азияның көліктік дәлізі қызметін атқаратын аса маңызды “Атырау – Ақтау” автомагистралының “Бейнеу – Ақтау” жолын қайта жаңарту жобасымен танысып, оның үстіміздегі жылы пайдалануға берілуге тиіс 40 шақырымдық “Бейнеу – Манашы бекеті” телімі құрылысының басталуына қатысты. Премьер-Министр бұл жерде де өзін ыстық ықыласпен қарсы алған жұртшылықпен жарқын амандасып, аудан халқына Елбасының сәлемін жеткізді.
Облыстағы елді-мекендердің бір-бірінен және облыс орталығынан шалғай орналасқандығы бұл өңірде қатынас жолдарын жақсартуды талап етеді. Қазіргі кезде аталған “Бейнеу – Ақтау” автомобиль жолын жөндеумен бірге “Бейнеу – Жезқазған” жаңа темір жол желісін салу жоспарланған. Бұл жоба іске асатын болса, жолаушы және жүк тасымалы әлдеқайда жақсармақ. Сол секілді “Бейнеу – Бозоай – Шымкент” магистралдық газ құбыры салынады. Оның бірінші кезегі 2013 жылы, екінші кезегі 2019 жылы салынып бітпек. 1487 шақырымға созылатын құбырдың жобалық қысымы газды қашықтыққа жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір бұл жобалардың әзірлік жұмыстарын жүргізу шарттары жасалған.
Одан соң Үкімет басшысы Бейнеу ауылындағы жаңадан салынып біткен Күйкен орта мектебінде болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысып, жұртшылықпен әңгімелесті. Ауыл ақсақалдары Үкімет басшысына сәт сапар тілеп, бата берді.
Облыс орталығында Кәрім Мәсімов “Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңейту” жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысына сәйкес 2006 жылы жүзеге асырыла бастаған жобаның құны 41 млрд. 680 млн. теңге. Аталмыш жоба аясында жағалау сызығын қорғау және толқын құлатуға арналған гидротехникалық құрылғылар құрылысы, жаңа акватория мен су асты арналарын қалыптастыру жөніндегі теңіз табанын тереңдету жұмыстары, қосалқы инфрақұрылымы бар төрт мұнай құю және үш құрғақ жүкке арналған айлақтар салу жобалары қаралған.
Бұл ауқымды жұмыстар “Қазақстан Даму Банкі” акционерлік қоғамының займдары есебінен қаржыландырылды.
Өңірдің экономикалық даму жағдайын оң бағалаған Премьер-Министр өркендеп жатқан өндіріс орындарында маңғыстаулықтар еңбек етіп, игілігін көруі керектігін атап айтты.
Премьер-Министр облыстық аурухананың былтыр күрделі жөндеуден өткен блогында болып, бөлімшелерді аралады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы С.Мусинов Маңғыстаудың денсаулық сақтау саласының жай-жапсарымен таныстырды. Облыстық аурухана 460 төсектік. 700-ден астам медициналық қызметкер мұнда түскен сырқаттарға қызмет көрсетеді. Жылына 14 мың адам емделіп шығуына болады.
Облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен министрлік комитеттерінің аумақтық департаменттері арасындағы тығыз қарым-қатынас арқасында Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін енгізуге қол жетті. Жаңа жүйенің енгізілуімен облыстың денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер байқалуда.
Биылғы алты айда ана өлімі тіркелген жоқ. Ал нәресте шетінеуі 18,6 көрсеткішіне төмендеді. Өткен жылғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 21,0 болатын. Сондай-ақ, туберкулезбен аурушылық та едәуір азайған. Яғни, өткен жылғы жарты жылда 100 мың адамға шаққанда 81,8 болса, биылғы алты айда 58,1 болып, 29%-ды көрсетіп отыр. Облыста дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де жақсы жолға қойылған. Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылында 146 дәрігер, 29 орта медициналық қызметкер қайта даярлық курсынан өтті.
Ұлттық бірыңғай жүйенің енгізілуімен тұрғындарға облыс тарихында тұңғыш рет медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлері көрсетіле бастады. Жыл басынан бері ересектерге кардиохирургиялық оталар жасалып келе жатса, сәуір айында балаларға да осындай ота жасалды. Сондай-ақ буындарды эндопротездеу, түрлі офтальмологиялық, урологиялық, нейрохирургиялық оталар да жасалды. Бұл мақсаттарға қажетті құрал-жабдықтар облыстық бюджет есебінен сатып алынды. Осындай оң өзгерістерге орай салаішілік бәсеке даму үстінде. Жаңа жүйеде көзделген мақсат та осы.
Облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек сапасын жақсарта түсу үшін облыс орталығы мен аудан, қалаларда жаңа медициналық нысандар құрылыстары қарқынды жүріп жатыр.
Денсаулық сақтау саласындағы жағымды жаңалықтармен танысқаннан кейін Кәрім Мәсімов емдеу мекемелері басшыларымен дөңгелек үстел басында кездесті. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын талқылауға арналған басқосуда Серікбол Мусинов аталмыш бағдарламаның жарты жылдан бері облыс емдеу мекемелерінде талқыланып келе жатқанын және дәрігерлердің жаңа бағдарламаны қолдайтынын айтты. Сондай-ақ ол бағдарламаның салаға жаңалық енгізген кейбір тұстарын ерекше атап өтті.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген дәрігерлер бағдарламаны қолдайтындықтарын білдіріп, өз ойлары мен ұсыныстарын да жасырмай айтып, сұрақтар қойды. Премьер-Министр олардың сауалдарына жауап берді.
Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның еліміздің барлық медициналық ұжымдарында талқыланып, бүгінгі күні денсаулық сақшыларынан келіп түскен ұсыныстардың ұзын саны 600-ге жетіп, бұлардың барлығы жан-жақты талдануда. Медицина қызметкерлерімен қатар қарапайым халық арасында да қолдау тапқан “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын талқылау қазір өз мәресіне жетті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев дәрігерлердің қоғам өмірінде зор орын алатынын атап өтіп, олардың қоғамдағы әлеуметтік орнын қайта қарастырып, еңбекке деген ынтасын арттыру қажет деген ойын айтты.
Күннен-күнге әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсару үстіндегі қазыналы түбекте Үкімет басшысына ауыз толтырып айтар жаңалықтар, мақтанышпен көрсетер сәулеті мен ажары айшықты нысандар жеткілікті. Солардың бірі әрі бірегейі – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті. Елбасының тікелей қолдауымен тұтастай қайта салынып, заманауи озық технологиялармен толықтай жабдықталып жатқан білім ордасы болашақта әлемнің айтулы оқу орындарымен иық тіресуді мақсат тұтуда.
Университетке ат басын бұрған Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті оқу орнының ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров университет қалашығының даму жоспарымен, оқу орнының білім беру жайымен таныстырды. Мұнда қазір күндізгі бөлімде 2628, ал сырттай оқу бөлімінде 4000 студент білім алады. Оқу орны Каспий маңы мемлекеттері университеттер ассоциациясының мүшесі. Қазіргі кезде университет алыс және жақын шетелдермен 54 меморандум мен келісім-шарттарға қол қойған.
Содан кейін Үкімет басшысы облыс білім беру саласы басшыларының қатысуымен “Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының” жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелді қысқаша кіріспе сөзбен ашқан К.Мәсімов бұл күндері бүкіл еліміздегі барлық педагогикалық ұжымдарда кеңінен талқыланып жатқан Бағдарламаның болашақта республикамыздағы білім беру жүйесін әлемдік талапқа сай дамытудағы маңызына тоқталып, дөңгелек үстел басына жиналған педагогтардың ұсыныс-пікірлерін өз құлағымен естігісі келетінін айтты.
Дөңгелек үстелде алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев білім беру жүйесінің қазіргі жай-күйі мен болашақтағы жұмыс жоспарлары жөнінде қысқаша баяндады. Ол талқыланып отырған Бағдарламаның ертеңін “Келешекке – кемел біліммен” деген Елбасы сөзін көкіректеріне құйып, мақсатының Темірқазығы еткен білімпаз ұрпақпен тығыз байланыстырып отырған елімізде білім беру жүйесін дамытуға зор септігі тиетін құжат екеніне қосыла келе, қазіргі күнгі аса зәру жұмысшы мамандықтарына оқытатын инженер-педагогтарды даярлауға зор көңіл бөлу қажет деген ұсынысын білдірді.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Ә.Әбжаппаров білім беруде мемлекеттік бюджетпен қатар несиелік жүйеге көшкен жоғары оқу орындарында педагогтардың еңбекақысының шетелдік әріптестерінен едәуір аздығы, орыс тілінде оқытатын мектептерде мемлекеттік тілді оқыту деңгейінің төмендігі жөнінде ойларын бөлісе келе Бағдарламаны қабылдағанда осы мәселелерге көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Дөңгелек үстелді қорытқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы жылдары облысымызда білім беру саласына зор көңіл бөлініп отырғанын, соның арқасында білім беру деңгейінің жыл санап арта түскенін, оған биылғы ҰБТ-да облысымыздың республика бойынша жоғары көрсеткішке жеткені дәлел екендігін айтты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында Үкіметке балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырғаны мәлім. Осыған орай облыста да аталған бағдарлама негізінде іс-шаралар жоспары жасақталып, жүзеге асырылуда. Аталған жоспар бойынша 2014 жылға дейін 7101 орындық 55 нысанды іске қосу көзделуде. Бұл күндері облыста жұмыс жасайтын 95 мектепке дейінгі мекеменің 24-і үстіміздегі жылы ашылған.
Үкімет басшысы солардың бірі – Ақтау қаласындағы “Балдәурен” балалар бақшасында болып, жұмысымен танысты. 188 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткен балалар мекемесі 280 балдырғанды тәрбиелеуге арналған.
Құрметті қонақ алдымен “Өзін өзі тану” бағдарламасы бойынша тәрбиеленетін топқа кіріп, бүлдіршіндермен амандасты. Топ тәрбиешісі балаларды адамгершілікке, жігерлілікке, өзгені сыйлай отырып, өзін де басқаға сыйлата білуге тәрбиелейтін бағдарлама жөнінде әңгімелегеннен кейін балалар қонақтарға өнерлерін көрсетті.
Облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Есболат Өмірзақ мектепке дейінгі білім беру мекемелері желісін кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша ақпарат берді. Нақтылай айтқанда, жыл соңына дейін балдырғандарды мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтамасыз етуді жетпіс пайызға жеткізуге берік негіз бар.
Кәрім Мәсімов Ақтауда соңғы кезде ашылған “Ақтау” ойын-сауық кешені мен “Олжа” сауда орталығында болды. Үкімет басшысы бұлардағы бағалармен, халыққа көрсетіліп жатқан қызмет түрлерімен танысты.
“Ақтауда” тұрғындардың спортпен айналысып, көңіл көтерулеріне, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне өте жақсы жағдай жасалған, балаларға арналған бассейн, сырғанақ секілді ойын алаңдарында көрсетілетін қызмет сапасы жоғары.
“Олжадан” ақтаулықтар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жанындағы “Берекет” МКК басқа аймақтардан сатып алып, халыққа ең арзан бағамен ұсынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып ала алады. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға тиімді болып тұрған бұл мекемеге тұрғындар қажетін өтеуі үшін жергілікті бюджеттен мол қаржы бөлінуде.
“Берекет” жұмысына ризашылық білдірген К.Мәсімов сауда орындарында нан, ет, сүт, май, қант сияқты бірінші қажетті азық-түлік бағалары тұрақтылығының қамтамасыз етілуіне назар аударды.
Мұнан соң Үкімет басшысы облыстың ішкі істер департаментіне соғып, қоғамдық тәртіп сақшыларының заманауи техникалармен жарақтандырылуымен танысты.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімдігінің кіші залында өткен қорытынды мәжілісті Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ашып, жүргізіп отырды.
Онда Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев еліміздің оңтүстігінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылатын “Бейнеу-Бозой” құбыры құрылысының жай-жапсары, “Толқын”, “Шағырлы-Шөмішті” кен орындарының игерілуіне қатысты мәселелер жайында баяндады. Көлік министрі Әбілғазы Құсайынов, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, тағы басқалар шығып сөйледі.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде “Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу жөніндегі кешенді жоспардың” орындалу барысы және облыстың Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айта келіп, аймақтың экологиялық проблемалары мен облысты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталып өтті.
Премьер-Министр К.Мәсімов облыста болған екі күндік жұмыс сапарын қорытындылай келе, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты даму үстінде екенін атап өтті және “Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара” темір жолы үшін жергілікті кадрларды даярлау, ауыз сумен қамту, экология, мұнай-газ секторын дамыту мәселесіне тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.
“Егемен Қазақстан” газетінің ұжымдық тілшісі – “Маңғыстау” облыстық газеті.
Суретті түсірген Серік Майемеров.