22 Шілде, 2010

ТАҢДАҒАН ДӘРІГЕРІМІЗ СЕНІМДІ АҚТАДЫ – дейді Шыңғырлау ауданының тұрғыны Сәтбай Қалабаев

584 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгінгі ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістер мен жаңа талаптарға сәйкес кез-келген республика азаматы өзі қалаған, өзі таңдаған дәрігерге қаралып емделе алады. Оған ешқандай шек қойылмайды. Об­лыс­тың солтүстік жақ бө­лігінде ор­наласқан Шың­ғырлау ауда­ны­ның тұрғыны Сәтбай Қала­баев­тың “Егемен Қазақ­стан­ның” Орал қаласындағы тілшілер қосы­нына келгендегі басты айтайын деген ойы осы екен. Ол кісі аман­­дық-саулық сұрасқаннан кейін сөз желісін былайша сабақтады: – Баламызға шұғыл аяқ астынан ота жасату керек болды. Содан соң үй ішімізбен оның тағ­дырын қай ауруханаға, қай хирургке сеніп тапсыруға болады деген мәселені талқыға салдық. Ел ішінен сұрай келе, іздестіре келе Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылдық ауру­ха­насында талай адамды ажалдан арашалап, дерттеріне дауа тауып бер­ген Есенгелді Рабаев деген хирургтың бар екенін естідік. Шыңғырлау облыстың сол­түстігінде қоныс тепсе, Жалпақтал оңтүстігінде орналасқан. Оған бару үшін ең алдымен 250 киллометр қашық­тықтағы облыс орталығы Оралға келіп, содан соң тағы да 300 киллометр жол жүру қажет болды. Осындай жол азабын кешіп жер түбіндегі Жалпақталға да жеттік-ау, ақы­ры. Біздің алыстан келгенімізден хабардар болып қалса керек, Есенгелді тез, әрі кезексіз қабылдады. Көп ке­шік­тірмей отаны да өзі жасап тастады. Қателеспеген екенбіз. Ойға алған мақсатымыз орындалып, ота өте сәтті шықты. Мұны біз біріншіден Есенгелдінің шипалы қолы мен кәсіби шеберлігінің арқасы деп білеміз. Ол баламызды операциялық блоктан палатаға ауыстырғаннан кейін де, тікелей өз бақылауына алды. Көп кешікпей баламыз шалғайдағы ауылдық ауруханадан құлан-таза жазылып шықты. Сондай-ақ медбикелер Г.Махметова мен Ж.Садықоваға да ризашылығымыз шексіз. Әлбетте адамды сенім алдамайды ғой. Бізді де шалғай ауылдағы қарапайым хирург Есен­гел­ді Рабаевқа деген сеніміміз ал­дамағанына өте қуаныштымыз. Оның талай адамды дертінен құлан-таза айықтырып жүрген білікті маман-хирург екеніне көзіміз одан сайын жете түсті. Міне, осы қуанышымызды еліміздің бас газеті “Егеменге” хабарлағанды жөн көріп өзіңізге келіп отырмыз,– деп аяқтады өз әңгімесін Сәтбай Қалабаев. Темір ҚҰСАЙЫН.