Еліміздегі “Дипломмен – ауылға” жобасы аясында жас мамандар ауылдарға бет бұра бастады. Осыған сәйкес оларға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу, не салу үшін берілетін несиенің мөлшері, олардың орындалу тәртібі ағымдағы жылдан бастап, жүйелі жүргізіліп келеді.
Сыр елінде осы мақсатқа өткен жылы 53,6 млн. теңге қаржы бөлініп, оның 44,3 млн. теңгесі игерілген. Егер нақтылай айтар болсақ, Сыр аймағында ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған 487 маманға көтерме жәрдемақы төленіп, олардың қызмет етуіне барынша жағдай жасалған. Ал, ағымдағы жылы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетті бітірушілердің 200-і ауылдық жерлерге барып, қызмет етуге тілек білдіріп отыр. Бүгінгі күнге осылардың 43-і бос жұмыс орындарына, яғни шалғай елді мекендерге бет бұрды.
Жас мамандарды ауылдарға аттандырар алдында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедовтің төрағалығымен жастарды әлеуметтік қолдауға арналған мәжіліс өтіп, онда ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін қолдау және ынталандыру мәселелері бойынша заң актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы жан-жақты әңгіме өрбіді.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.