14 Қазан, 2015

Мақсат – ұлттық бірлік

1006 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ХалмурадовҚазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Розақұл ХАЛМҰРАДОВПЕН әңгіме – Розақұл Сатыбалдыұлы, Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен атап өтілуде. Оның қазақстандықтар үшін мәні мен маңызы қандай? – Қазақ хандығының 550 жылдығы – халқымыз үшін тарихи маңызы зор іс-шара. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардың ұлағатты ісі ғасырдан-ғасырға жалғасын тауып келеді. Қазақстан бүкіл әлемге кеңінен танылып, халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде айшықты орны бар мемлекетке айналды. Барша қазақ­стандықтар бұл тарихи шараны зор қуанышпен, ынта-ықыласпен атап өтті. Өйткені, әрбір азамат өз Отаны­ның тарихындағы ұлы оқиғаны біліп, дәріптеп жүруі және мақтан тұтуы пат­риоттықтың шынайы белгісі. Осыны­сымен Қазақ хандығының 550 жылдығы қазақстандықтар үшін аса маңызды болып табылады. Осы мерейтойды атап өту арқылы біз халқымыздың тәуелсіз мемлекет құрып, өз даму жолын дербес таңдау құқығына лайықты түрде қол жеткізгендігін паш етіп отырмыз. Бүгінде Қазақстанымыз сүттей ұйы­ған елге айналды. Жаңа Астана, заман талабына сай салынған жолдар, жалақы мен зейнетақының өсуі, адамның орташа өмір сүру жасының ұлғаюы, бала туудың көбеюі елімізді беделді мемлекетке айналдырды. Осының барлығы тәуел­сіздіктің арқасында қол жеткізген жетіс­тіктеріміз. Ынтымағы жарасқан елдің болашағы кемел әрі баянды болады. Ал ол ынтымақ пен бірлік арқылы келеді. Жақсылыққа жаға жыртысып жетпей­ді, жарыса жүріп жетеді. Қазаққа да, қа­зақпен тағдырын қосқан өзге этнос өкіл­деріне де ең алдымен керегі осы бір­лік пен татулық және қоғамдық келісім. – Мемлекет басшысы Қазақ хан­дығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында: «...Біз өз тари­хы­мыздың жаңа шамшырағын жақ­тық. Сондықтан да бүгінде және әр кезеңде де біздің Қазақстан – ол Ұлы Дала елі!», – деп атап өткен еді. – Әлемде көптеген елдер өздерінің тарихи, географиялық және басқа да ерекшеліктеріне сай, қосымша атауларға ие болған. Атап айтсақ, Қытай елін «Аспанасты елі», Жапония «Күншығыс елі», Корея «Таңғы шық елі» деп аталады. Қазақ елі де кешегі ұлы халықтар мемлекеттерінің мұрагері болып табылады. Алтайдан Еділге дейін созылып жатқан Дешті Қыпшақ, Түрік қағанаты, Алтын Орда сияқты алып мемлекеттер билік құрған ұлан-ғайыр аймақтың иесі ретінде Қазақстанды «Ұлы Дала мемлекеті» деп атау өте орынды. Себебі, осы далада орын тепкен мемлекетте өмір сүріп отырмыз, осында өсіп-өніп, ұрпақ өсіріп отырмыз. Еліміздің туын желбіретіп, шаңырағын биіктетіп отырмыз. Сондықтан да Елбасының бұл идеясы ғылыми тұрғыдан негізді, тарихи атау болып табылады. «Ұлы Дала елі» атауы мемлекетіміздің бай тарихынан хабар беретін, ел тұғырының биік болуына рухани серпін қосатын атау болмақ. – «Ұлы Дала елі» экспедициясы ел аралап, түрлі кездесулер өткізді. Енді осыған тоқталып өтсеңіз. – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы еліміздің өңірлерін аралап шықты. Экспедиция барысында аймақтағы халықпен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік Ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында кездесулер, Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» тақырыбы бойынша үнқатысу сұхбаттар, «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» тақырыбы бойынша дәріс-таныстырылымдар, экспедицияның жүру бағытындағы қалаларда, кенттерде және ауылдарда орналасқан кітапханалар мен мұражайларға кітаптарды сыйға тарту көзделген «Теңдессіз сый» акция­лары өткізілді. Экспедицияның басты мақсаты – өңірлердегі тарихи орындарды аралап, ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау. Сол арқылы ел тарихындағы айшықты кезеңді атап өту, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге ықпал ету, сондай-ақ, еліміздегі жалпыұлттық келісім мен татулықты насихаттау сияқты маңызды істерді атқару болды. Экспедиция жұмысы 11 қыркүйекте Астана, Павлодар және Ақтау қала­ларында басталды. Аймақтарда бұл іс-шараларға мемлекеттік мекемелер басшылары, белсенді жастар, этно­мәдени бірлестіктер, БАҚ өкілдері және ЖОО студенттері белсенді қа­тысты. Шаралар барысында тарихи жә­ді­герлерді зерттеу, олар туралы кең мағлұматтар жинай отырып, елі­міздің дамуына үлес қосқан ұлы тұл­ғаларға тағзым ету жүзеге асырылды. Жиындар барысында қоғам қайраткерлері, мемлекеттік мекемелер өкілдері сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстарға өз бағаларын берді. Мысалы, Маңғыстау облысында экс­педиция мүшелері Отпантауда орна­­ласқан Адай ата кесенесі мен Ақса­­рай мұражайында болды. Шетпе кен­тінде жергілікті халықпен кездесу өткізді, сондай-ақ, Иса Досан батыр­дың ес­керткіші жанында жиын ұйым­дасты­рылды. Айрақты, Шердала тау­­ларын аралады, ежелгі Қызылқа­ланың орнында жүргізіліп жатқан ар­хео­логиялық жұмыстар барысымен танысты. Қарағанды облысында экпедиция мүшелері Ұлытау мен Қарқаралы аудан­дарын аралады. Мұндағы сирек кез­десетін тарихи орындарда болып, «Мың­бала татулық тірегі» атты респуб­ликалық акциясы аясында мемлекеттік тілді оқыту жұмыстарының барысына назар аударды. Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде Сәкен Сейфуллиннің ескерт­кішіне гүл шоқтары қойылды, аудан тарихымен және ақынның өмірімен танысты. Ал Ақмола өңіріне сапары барысында экспедиция Көкшетауда болып, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің мұражайындағы жәдігерлермен танысып, Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Құрамында қоғам қайраткерлері, тарихшылар, этнографтар мен археологтар және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бар экспедиция екі күн қатарынан Көкшетау қаласының бірқатар жоғары оқу орындарының ұжымымен, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізді. Оңтүстік Қазақстандағы сапарын экспедиция қатысушылары алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастады. Экспедиция бұл өңірде төрт күндей аялдады. Делегация Қазақ хандығының құрылуы, нығаюы және өркендеуі тарихымен танысу мақсатында облыстың тарихи-мәдени орындарында және Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарында болып, ғылыми-танымдық шаралардың өтуіне ұйытқы болды. – Елбасымыз Қазақ хандығының мерейтойлық жиынында сөйлеген сөзінде: «Біз елімізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкіл­дерін Көк тудың астына жинап, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақ­та­дық», – деген еді. – Біз бұл жетістікке халқы­мыз­дың ықылас-пейілінің, бауырмал достығының арқасында және Елба­сы­мыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал сая­сатының нәтижесінде қол жеткіздік. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігін алған кезеңде көптеген саяси сарапшылар елімізде этносаралық қақтығыстар орын алуы мүмкіндігін, оның мемлекеттің қалыптасуына теріс ықпал ететіндігін айтқан еді. Алайда, қоғамда демократиялық құндылықтар орнату және азаматтық қоғам құру бағытында батыл іс-қимылға көшкен Қазақстан бейбіт өмір, келісімді қоғам, ынтымақтастық пен бірігу сияқты құндылықтарды алдына негізгі мақсат етіп қойды. Бұл бағытта Елбасының басты саясаты – қоғамдағы барлық этностардың толықтай құқығы мен бостандығын сақтай отырып, жергілікті, байырғы ұлтқа негізделген жоғары әлеуетті қоғам құру болды. Осы мақсатты көздеп, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативтік-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол жылы-ақ Ассамблея этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырушы маңызды институт ретінде бағаланып, елімізді мекендейтін барлық этностардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етуде тиімді құралға айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімді әрі жемісті іс-әрекетінің арқасында еліміздегі этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бейбітшілік пен келісім үлгісі сақталды. Ассамблеяның тікелей күш салуымен этносаралық қатынастар саласын саясаттан тыс сақтап, азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында жұмыс жүргізіліп келеді. Қанатының астына 130-дан астам этностың жиналуы аталған ұйымның «Кіші Біріккен Ұлттар Ұйымы» деп аталуына себеп болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз сөзінде осылайша айрықша атап өтуі осының айғағы. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».