Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатына еліміздің Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты. Брифинг барысында ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі төңірегіндегі бірқатар маңызды мәселелер жайында айтып берді.
Энергетика вице-министрі Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болудың мұнай-газ және машина жасау салаларындағы отандық кәсіпорындарға тигізетін әсері мен Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдауларға тоқталды.
«Өздеріңіз білетіндей, ДСҰ-ға мүше болу үдерісінің Қазақстанның экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызы зор. Бірақ кез келген үдерістің екі жағы қатар жүретінін барлығымыз жақсы білеміз. Осы орайда ұйымға мүше болу бір жағынан, отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін арттырса, екінші жағынан, сынақ болып есептелінеді», деді М.Мырзағалиев.
Вице-министрдің атап өтуінше, бұл ұйымның ережесі жергілікті қамту мәселесінде мемлекеттік қолдаудың механизмдерін пайдалануға айтарлықтай шектеулер қояды. Дегенмен, Қазақстан жер қойнауын пайдалану мәселесінде 2021 жылдың 1 қаңтарына дейінгі өтпелі кезеңнің шарттарын пайдалана отырып, қолданыстағы келісімшарттардағы жергілікті қамту бойынша міндеттемелерді сақтап қала алды. Аталған шарт 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін немесе аяқталу уақытының бастапқы мерзіміне дейін жасалған келісімшарттарға қатысты қолданылмақ. Алайда, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін де қызметтерді сатып алу нарығында жер қойнауын пайдалануға қатысты келісімшарттарда жергілікті қамту жөніндегі талаптарды белгілеу құқығын жоғалтқан жоқ.
«Ол 50 пайыздық деңгейді құрайды. Осы орайда бүгінгі күнге дейін мұнай-газ компанияларының сатып алуларындағы қазақстандық жұмыстар мен қызметтердің өндірушілеріне қатысты қолданылып келген 20 пайыздық шартты жеңілдік сақталып қалғанын атап өткен жөн», деді М.Мырзағалиев.
Сонымен қатар, ол «қазақстандық жұмыстар мен қызметтерді өндірушілер» термині өзгеріске ұшырайтындығын атап өтті. «Яғни, өтпелі кезеңде жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы 20 пайыздық шартты жеңілдік үлесінде 75 пайызы Қазақстан азаматтары жұмыс істейтін компанияларға берілсе, өтпелі кезең аяқталғаннан соң үлесінде шамамен 50 пайызы білікті Қазақстан азаматтары жұмыс істейтін компанияларға беріледі», деді вице-министр.
Соңғы бірнеше жыл бойы, атап айтқанда, 2010 жылдан бері елімізде мұнай-газ саласында қазақстандық қамтуды арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нақты деректерге жүгінер болсақ, бүгінгі күні 2014 жылдың қорытындысына сәйкес 3,1 трлн. теңге көлемінде сатып алулардың ішіндегі қазақстандық қамту деңгейі 1,7 трлн. теңгені құраған. Вице-министрдің атап өтуінше, 2010 жылы бұл көрсеткіш небәрі 680 млрд. теңгені құраған еді.
«Яғни, өсім 2,5 есе болып отыр. Бұл өте қарқынды динамика екендігі түсінікті. Жалпы, біз осы динамиканы одан әрі қолдай бергіміз келеді», деді М.Мырзағалиев.
Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру барысында отандық кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау тетігінің бірі «ерте тендер» болмақ. «Оған сәйкес тауар жеткізуге немесе қызмет көрсетуге қатысты жасалған келісімшарттардың мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін береді. Мерзімді кейінгі қалдыру Қазақстан аумағында өндірісті жолға қою үшін беріледі. Қазіргі таңда «ерте тендер» механизмі арқылы жүзеге асырылатын Қарашығанақ жобасын кеңейту аясында 15 тауар және қызмет түрлері таңдалды. Оның ішінде 6 түрі бойынша жұмыстарды ағымдағы жылы бастауға шешім қабылданды», деді М.Мырзағалиев.
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты туындайтын бірқатар тәуекелдер бар екені анық. Сондықтан, еліміз оның алдын алу үшін бірлескен кәсіпорындар құру ісіне кірісіп кеткен. Бұл шаралар туындайтын қауіптердің әсерін өтпелі кезең барысында тартылатын заманауи технологиялар мен бәсекеге қабілетті тауарлар және қызметтер шығару өндірісін игеру арқасында жеңілдетеді. Осы орайда вице-министр елімізде мұнай-газ компаниялары сатып алатын тауарларға күрделі сараптама жасалып, Қазақстанда өндіру тиімді, ұзақ мерзімді сұранысқа ие және жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайтын өнімдердің тізімі жасалғанын атап өтті. Аталған тізімге электр құралдары, құбыр өнімдері, фитингтер, бақылаушы-есептеуші құралдар сынды өнімдер енген.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».