26 Тамыз, 2015

Теңгенің сүт өндірушілерге тиімді тұсы

395 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жаңа экономикалық шаралар – ұлттық мүддені қорғау

Бүгінде әлем экономикасы өте күрделі жағдайды бастап кешіп отыр. Оған белгілі бір дәрежеде шикізат көздерінің құнсыздануы, атап айтқанда, мұнай бағасының құлдырауы да себепкер болуда. Бұл ахуалдың әлемдік рынокқа өз тауарларын шығаратын біздің елімізді де айналып өте алмасы анық. Осыған орай Қазақстан Үкіметі ел экономикасының одан арғы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңге бағамының еркін айналымын қамтамасыз ету сияқты нақты қадамдарға барып отыр. Бұл мәселені қалың жұртшылық қалай қабылдауда? Үкімет не істеуде? Төмендегі материалдарда, міне, осы жөнінде айтылады. [caption id="attachment_74117" align="aligncenter" width="527"]Dairy Plant. Conveyor with milk  bottles. Dairy Plant. Conveyor with milk bottles.[/caption] Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның ет-сүт өнімдері одағының атқарушы директоры Сансызбай Өмірбеков баспасөз мәслихатын өткізді. Ол журналистерге одақтың қазіргі атқарып жатқан жұмыстары жөнінде әңгімеледі. Тілшілер қауымын таңғал­дырған жағымды ақпараттың бірі, спикердің айтуына қара­ғанда, теңгенің еркін бағамы қазақстандық сүт өндірушілерге тиімді болмақ. «Теңгенің еркін бағамы біздің салаға оң әсер етпек. Бұйыртса, еш қоспасыз таза сүт өндірушілерге теңгенің еркін бағамы көмектесетіні анық. Яғни, отандық сүт өнімдері Ресей бағасымен біршама теңеседі. Сөйтіп, бұдан былай импорт соншалықты арзан болмайды деген үміт бар. Шындығын айтқанда, негізінен бізге таза сүт жеткізілмейтін еді. Көршімізден әкелінген сүт өнімдері елімізге ұнтақ күйінде жеткізіліп, осында оны қайта өңдеп, қалалардың сауда орындарына ұсынып отырды», деді директор. Баспасөз мәслихатында мұндай жолмен әкелінген сүттің қандай технология­мен өңделгені және Қазақстанға қалай жеткізілгені белгісіз, сондықтан сапасына күмән көп болғаны да әңгіме арқауына айналды. Кептіріліп, ұнтақталған сүттің биологиялық дәрумендерінің дені өз құнарын жойып, жәй ғана суға шылаған ақ сусын болып шығатынын айтқан одақ өкілі мүмкіндігінің барынша отандық қоспасыз таза сүтті пайдаланған дұрыс екеніне кеңес берді. Десе де, соңғы кез­дері қазақ­стандық сүт шаруашылықтары қиын жағдайға тап келгенін де жасырмады. Оның сөзіне илансақ, 2014 жылы сүттің сатып алу бағасы 115 теңге болса, ресейлік рубльдің бағамы төмендегеннен кейін сүт бағасы 70 теңгеге дейін арзандаған. Яғни, 40 пайызға жуық төмендеген. Оған қоса, ұнтақтан қайта өңделген сүттің литрінің бағасы сүт зауыттарына 50-60 теңгеден болыпты. «Осының салдарынан арзан импорттық сүт­тердің нарыққа келуінің нәтижесінде 1000-1200 сиы­ры бар сүт шаруашылықтарының шығыны күніне миллион теңгеге дейін жетті. Бұл жағдайда көптеген кәсіпорындар тек несиелерін төлеуге ғана мұршасы келіп, шаруашылықтарын кеңейте алмай жүріп қалды», деді С.Өмірбеков. Тілшілердің сұрағына орай ұнтақ­талған сүт мәселесіне қайта оралған спикер еліміздегі супермаркеттердегі сүттердің басым бөлігі табиғи емес, ұнтақтан жасалғанын айтты. «Қазіргі таңда елімізде өз нарығымыз үшін 60 пайыз сүт жəне сүт өнімдері өндіріледі. Бұл өнімнің қалған 40 пайызы импортталады. Ал супермаркеттердегі сүттердің негізгі бөлігінің сақтау мерзімі ұзақ, яғни табиғи емес сүт өнімдері құрайды. Олар ұнтақ сүттен қайта қалпына келтірілген. Негізінде, табиғи сүттің сақ­тау мер­зімі 3-7 күн болса, им­порт­тал­ған сүттердің қаншалықты «пай­далы» екенін білеміз. Мұ­ның бәрі бақылаудың болмауынан, техникалық регламенттің сақталмауынан орын алып жатыр. Қаперге алар мәселе, ЕАЭО-ның техникалық регламенті бойынша сүт өнімдерінің қорабында табиғи сүтке «Ішуге арналған табиғи сүт», ал ұнтақтан жасалған болса «Қалпына келтірілген сүт» деп жазылып тұруы тиіс. Сонда халық өзінің нені тұтынып жатқанын анық біледі. Осы шаралар толық атқарылғанда отандық сүттің тұтынушылары көбейетініне кепілдік мол болады», деді директор. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».

2071_oko_2

Жастар түсіністікпен қабылдауда

  Тянь-Шань тауының етегіндегі «Бәйшешек» спорт-сауықтыру орталығында облыс жастарының қатысуымен «Бірлігіміз жарасқан» «Достық» лагері үш күндік семинар өткізді. Алуан тақырыптарда тренингтер ұйымдастырылып, оған арнайы жаттықтырушылар шақырылды. «Достық лагеріндегі алқа-қотан жүздесуге облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов та келген. Халықаралық Қазақ-түрік университетінің студенті Рахым Азамат Әуесханұлы облыс әкімінің орынбасарына жастардың шешімін табуға тиісті мәселелерді айта келе, әлемдегі бүгінгі дағдарыстың негізгі себептерін таратып беруді сұраған. Ерлан Қуанышұлы бүкіл әлемді қамтыған дағдарыстың екі бағытта, яғни шикізат пен қаржы нарығында қат-қабат келгендігін жастарға ұғынықты оймен баяндап берді. Мұнай бағасы былтырғы барреліне 115 доллардан қазір қырық долларға дейін төмендеп барады. Металл бағасы да құлдырап кетті. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры да дағдарыс жағдайында дәрменсіздік танытып отыр. Жақын, қуатты көршілер Ресей мен Қытай тығырықтан шығу үшін қайта-қайта ақша бағамын еркіне жіберіп қояды. Олардың арзан тауарлары Қазақстан кәсіпкерлерінің өнімдерін нарықтан тықсырып жатыр. Мұндай жағдайда долларға қатысты бағамды Ұлттық қор есебінен төлеп, тежей беру мемлекетімізді дефолтқа ұшыратуы мүмкін. Үкіметтің долларды еркін айналымға жіберуі­нің себебі осы. Елбасы мұнай мен металл бағасының төмендеуі бес жылға дейін сақталуы мүмкін екендігін айтты, дейді Ерлан Айтаханов. – Ел басына қым-қуыт жағдай төніп тұрғанда елге жаны ашығансымақтардың валюта бағамын ұстап тұруды үсынғаны мемлекетімізді түпсіз тұңғиыққа итерумен бірдей. Негізгі әріптестеріміз Ресей мен Қытай тарапынан Қазақстанның экспорттық тауарларына сұранысты азайтқаны кәсіпорындарымыздың тоқырауына алып келеді. Сіздер, жастар, мұның бәрін жақсы түсініп әсіреойбайшыларға тосқауыл болуларыңыз керек. Жастар бұл мәселеде түсіністік танытатындықтарын білдірді. Созақ аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері Мархабат Бейсенова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті Есжан Талғат, Шымкент студенттер альян­сының атқарушы директоры Мағжан Исаков, Назерке Асқарова сияқты жастар жаңа экономикалық саясаттың дер кезінде қолға алынғанын, Елбасының шешімдерін қолдайтындықтарын айтты. «Достық» лагеріндегі жастар жүздесуін ұйым­дастырушылардың бірі Анар Исмаилов соғыстан қалжыраған, экономикасы әлсіреген, мемлекет есебінде құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған корей мемлекетінің сонау кездегі жағдайын еске салды. Бүкіл халық болып жиналып, бар байлығы асыл бұйымдарын түгелдей мемлекет қазанына салып, Отанын сақтап қана қоймай, әлемдегі озық елдердің қатарына көтергендігін айтты. Біздің халықтың мойнына ондай күндер түсірмей-ақ қойсын, деді А.Исмаилов. Қазақстан – арманы асқақ, қуатты мемлекет. Осындай сын сағатта Елбасының қасында болсақ дағдарысты әлі-ақ еңсереміз. Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов жастарға рахмет айта келіп, осындай жүздесулерге уақыт табатынын айтты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы.

Сенім сынақтан алып шығады

АЖ– Төл валюта теңгеміздің АҚШ долларына қатысты бағамына түзету енгізу еліміз экономикасының дамуына кедергі келтіретін ауыр сынақтың бірі болды. Жасыратыны жоқ, бұл жағдайдың қарапайым халыққа да ауыр тиетіні белгілі. Девальвацияның соңы бағаның шарықтауына әкеліп соғатыны айдан анық деген халықтың бұл күндегі күдігін әбден түсінуге болады. Дегенмен, мәселеге зер сала бір қарайықшы. Қазіргі таңда біз мың құбылған геосаяси кеңістік пен бәсекелестігі өршіген заманда өмір сүріп жатырмыз. АҚШ және Батыс елдерінің солтүстіктегі көршімізге салған санкциясының салқынын сезіп отырғанымыз да ащы шындық. Ал Ресеймен жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстардан бас тарту – бүгінгі өмір шындығымен қабыспайтын тірлік. Сондықтан да, «Көппен көрген ұлы той» демекші, басқа түскен бұл қиыншылықтың ауыр жүгіне біздің де иық тоспастан басқа амалымыз жоқ. Әрине, қиыншылықтың аты – қиыншылық. Дегенмен, біз мұнан да ауыр сынақтардан өткен елміз. Сондықтан да, бүгінгі күнде Қазақстан халқы бір жұдырық болып жұмылып, төтеден тап берген дағдарысқа қарсы тұра білуіміз керек. Ең бірінші кезекте байбаламға бой бермеген жөн. Болар іс болды, бояуы сіңді. Тәуелсіз еліміздің болашағына, оның төл валютасы теңгенің күш аларына деген сенім біздерді алға жетелеуі тиіс деп ойлаймын. Жуырда өткен Қауіпсіздік Ке­ңе­­сінің шұғыл отырысында Елбасы орын алған мәселе бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар беріп, жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанына куә болдық. Бұл – біздің болашаққа деген сенімімізді нығайта түседі. Елбасының орын алған жағдайға байланысты жергілікті жерлерде бағаның шарықтап өсуіне жол бермеу керектігін әкім-қараларға шегелеп тапсырғаны қарапайым халықтың көңілінен шықты деп сеніммен айтуға болады. Мемлекет басшысының жағ­дай барысын назарда ұстап отыр­ғаны әлеуметтік мәселелердің ушы­ғуына жол бермейді деп сенемін. Сенімнің күші сол – ол қандай да болсын сынақтан аман-есен алып шығады!  Аман ЖАНҒОЖИН, саясаттанушы. ҚАРАҒАНДЫ.

Бәсекеге қабілеттілік әркімнен басталады

Тайынша. М. АзбаевБіз сияқты ауыл адамдары да дүниенің түндігін желбіретіп, шаңырағын шайқалтқан дағдарыс экономикасы мықты талай елдерді емендей иілтіп, сындыра жаздағанын жете сезініп отыр. Әлемдік экономикадағы үлес мөлшері 20-ға жуық пайызды құрайтын алып держава Қытай юаны құнсызданғаннан кейін не айтуға болады? Алдағы кезеңде дағдарыстың одан әрі жалғасып, мұнай баррелінің 30-40 долларға дейін құлдырайтынын ескерсек, теңгенің еркін айырбас бағамын енгізуін жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы дер кезінде бағытталған бірден-бір шара ретінде қабылдаған жөн. Меніңше қобалжитындай, даурығатындай ештеңе жоқ. Өз басым бұл сыннан да мүдірмей өтетінімізге сенімдімін. Өйткені, сыртқы нарықта доллар нығайса да, ішкі сауда айналымында ұлттық валюта негізгі басымдыққа ие. Оның үстіне Үкімет әлеуметтік көңіл-күйдің нашарлауына жол бермеу үшін азық-түлік өнімдерінің негізсіз қымбаттамауына толық кепілдік беріп отыр. Жергілікті жерлерде шұғыл түрде баға және тариф өсуін тұрақтандыру бағытында құрылған штабтар ахуалдың бақылауда тұрғанын аңғартады. Ең бастысы, жаңа экономикалық саясат сыртқы нарықтағы бәсекелестікті арттыруға зор мүмкіндіктер береді. Түпкі мақсатымыз айқын, ол – бұрынғыша жол тауып, дағдарысты еңсеру, сөйтіп, озық елдердің қатарына қосылу. Бүгінде нақты жағдайға байланысты туындаған мәжбүрлі шараға еңсемізді түсірмей, әрқайсымыз өз саламызда, жұмыс орнымызда бәсекеге қабілеттілік қасиетін көрсете білсек, сапалы тауарды да, азық-түлік түрлерін де молынан өндіреріміз, сыртқы импортқа телмірмесіміз анық. Өйткені, қазіргі уақыт белсенді іс-қимылды, шұғыл шешімді қажет етеді. Жайбарақаттықты, найқалуды көтермейді. Мен бұл сөзді өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Ауылда тұрғандықтан, түліктің төресі – жылқыны үйірлеп өсіріп келемін. Бастапқыда қиын тигені рас. Алайда, тынымсыз еңбектің, адал маңдайтердің арқасында өрісім кеңейді, жағдайым жақсарды. «Құлан» бағдарламасы аясында 24 Қамбар ата түлігін сатып алып, 33-ке жеткіздім. Сапалы әрі қолжетімді ет өнімдерін Астана, Көкшетау қалаларына жөнелтемін. Бұдан тысқары желмен жарысқан сәйгүліктер баптаймын. Тазы иттер асыраймын. Осылайша, ұлттық спорт пен ата дәстүрді жандандыруға да қал-қадерімше үлес қосып келемін. Еңсемізді тік ұстайық! Бәсе­ке­лікке қабі­леттілікті өзімізден бастайық дегім келеді, ағайын. Мақсат АЗБАЕВ, Аққұдық ауылының тұрғыны. Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы.