22 Шілде, 2010

МӘЖІЛІС ПЕН БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТТАРЫ КЕЗДЕСІП, ПІКІР АЛМАСТЫ

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұл жүздесу Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың шақыруымен Германия Федеративтік Респуб­ли­касының Канцлері Ангела Мер­кельдің Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келуіне байла­ныс­ты ұйымдастырылды. Германия делегациясы құрамындағы Бун­дестаг мүшелері – Клаудия Винтерштайн, Филипп Миссфель­дер, Франц Т¿ннес, Марилуизе Бекк және Дитмар Барчты Қазақстан тарапынан Мәжіліс депутаттары – Қайрат Сәдуақа­сов, Наталья Геллерт, Егор Каппель, Алдан Смайыл, Айгүл Соловьева мен Серік Темірболатов қарсы алды. Мәжіліс депутаты Қайрат Сә­дуақасов соңғы бір жарым жылдың ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңаша қарқын алғанын айтып өтті. Бұған 2009 жылғы табысты өткен Қазақстанның Германиядағы жылы мен биылғы Германияның Қазақ еліндегі жылы үлкен ықпал етке­нін алға тартты. Осыдан кейін сөз алған Бундестаг депутаты Клау­дия Винтерштайн ханым болса өз сөзінде осы сапардағы уақыттың ты­ғыздығына қарамай көптеген маңызды шараларға қатысқанын, Қа­зақстан туралы мол мағлұмат ал­ға­нын айтты. “Бұл біз үшін маңыз­ды сапар. Астананың аз жылда көркейіп кеткенін бірден байқадық. Елдің экономикалық жағынан өскені де бізді қуантып отыр”, — деді ол. Мейман қазақстандық әріп­тестерін заң шығару ісінде тә­жірибе алмасу мақсатында өз еліне келіп қайтуға шақырды. Германия Қазақстанмен сауда-экономикалық әріптес елдердің ішінде бастапқы ондыққа енеді. Қос мемлекеттің ынтымақтастық, саяси-экономикалық байланысы арта түсуіне өткен жылғы 3 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың аталмыш елге жасаған ресми са­пары, мемлекет басшыларының жоғары деңгейде өткен кездесулері үлкен серпін берді. “Германия Қазақстанның сырт­қы саясаттағы ұстанымдарын қол­дап келеді, ол үшін ризашылы­ғы­мыз­ды білдіреміз. Атап айтқанда, ГФР біздің елдің ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуін және ЕҚЫҰ Саммитін Қа­зақстанда өткізу туралы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасын қол­дады”, – деді депутат Қ.Сәдуақасов. Кездесуде тараптар парламент­аралық байланысты дамыту туралы ойларымен бөлісті. Айта кету ке­рек, Мәжілісте Қазақстан-Герма­ния парламентаралық ынтымақ­тас­тық тобының 24 мүшесі бар. Оған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің төрағасы Әмзебек Жолшы­беков жетекшілік етеді.