Көңіл түкпірінде жылы ұялап жатқанымен әл-әзір қадірлі ұстаз – Мұхаметжан Қожасбайұлы тағдыры жайында жазу ойда жоқ еді. Жедел толғануға бір жай себеп болды. Турасына көшкенде, Алматыдан келген ағайын ғылымға қатысы бар бір қыздың мені жата-жастана сұрағыштағанын айта келді. “Мұхаметжан Қаратаевтың жары – марқұм Мархума шешеміздің ол кісіге аманат етіп қалдырған қолжазбасы бар еді. Қолына тапсырайын десем, кездесе алмай жүргенім…” – дейтін көрінеді әлгі қыз бала.Бейтаныс жанның сәлемін есітіп, біраз ойға баттым. Сонау жетпісінші жылдар. Жоғары курстың студентіміз.
“Қазақ әдебиеті” кафедрасының меңгерушісі, профессор Б.Кенжебайұлының шақыруымен академик Мұхаметжан Қожасбайұлы ҚазМУ-дің филология факультетіне дәріс беретін болыпты. Мұны естігенде біз ерекше қуандық. Қуанбағанда ше?! Ол кезде академик-сыншы Мұхаметжан Қаратаевтың аты аспандап, даңқы дәуірлеп тұрған сәт. Халықаралық сыншылар ассоциациясы мүшесі, Бүкілодақтық сыншылар секциясы бастығының орынбасары, “Қазақ совет энциклопедиясының” бас редакторы, жылына бір кітап беріп тұрған білгір сыншы. Абыройлы жиындардың төрінде отырар ірі тұлға! Сондай адамнан тәлім алу, әрине, үлкен бақыт!
Мұқаң келіп, біздің курсқа лекция оқиды екен дегенді естігенде Алматыға ауылдан оқуға аттанарда ол кісінің “Туған әдебиет туралы ойлар” деп аталатын кітабын бірге ала келгенім есіме түсті. Ауылдық кітапханадан “Эпостан эпопеяға” аталатын қомақты сын кітабын алып оқығаным, Т.Нұртазин және С.Қирабаевпен бірге жоғары оқу орнына арнап жазған оқулығын қарап шыққаным да есте. Әрине, біз ол кісінің кітабын оқығанмен, өзінің үлкен тағдыр кешкенін біле бермейтін бозбаламыз. 1938 жылы “халық жауы” науқанымен ұсталып, ұзақ жыл Сібірдің дәмі бұйырып, “Туған әдебиет туралы ойларға” тұп-тура жиырма жыл кешігіп, зарығып жеткенін ол кезде біз қайдан білейік. “Туған әдебиет туралы ойлары” Мұқаңның 30 және 50 жылдары жазған әдеби сын мақалаларынан бас құрау сырын біз кейін түсіндік.
Сөйтсек, отызыншы жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған, Санкт-Петербургте аспирантурадан өткен, азулы сыншы, эстет әдебиетші Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы қызметін атқарып жүріп, “халық жауы” болып ұсталып кетіпті. Сібірге айдалған жап-жас Мұхаметжан да біраз қағазға қол қойған деседі, атынан бірсыпыра мақала да жазылыпты. Мүмкін. “Мүмкін” деу – көлгірсу, тұп-тура шындық. Өзгені қайдам, архив ақтарған маған аға буында отыз жетінің құйынынан аман адам жоқ сияқты көрінеді. Біреу – аз, біреу – көп, біреу – көрініп, біреу көрінбей істеді. Мен 37-нің кеселінен тысқары тұрған едім деген дәпкештіктің керегі жоқ. Оған ешкім иланбайды. Қалай дегенде бәрі де қоғам дертіне қызмет көрсетпей, “заманға күйлемей” тұра алмаған. Ол бір алмағайып заман еді ғой, ағайын!
Жұртты бір айналдырған құйын Мұхаметжан Қаратаев, Өтебай Тұрманжанов, Жүсіпбек Арыстановты екі айналдырған. Сібірде біраз уақыт ағаш кескен, зауыт салған олар аз уақыт ауылға келіп, қайта ұсталып, тағы да бес-алты жылдан азап шеккен. Демек, бұлар жиырма жылын қара орман арасында өткізіп, әупірім тәңірмен аман қалған ауыр тағдыр иелері! Алғаш оралып елге келгенде, Мұқаң Жамбылда педагогикалық орта оқу орнында өзге балалармен бірге Шерхан Мұртазаға сабақ беріпті. Аз уақыт қана. Содан Сібірге қайта кеткен. “Кеткен” емес-ау, қайыра Сібір айдалған. Ол сәт жазушы Шәрбану Бейсенованың “Бір махаббаттың баяны” деп аталатын повесінде психологиялық иіріммен тамаша айтылған.
Кейін, аты аталған азаматтардың қай-қайсысымен де жиі араласуға тура келгенде олардың өмір жасы өксіп кете жаздаған жандар екенін таныған едім. Пенденің басына бермесін!
Мұқаң кешігіп жатты. Біздер оның кешіккенін ғылымға арналған өмірінің дені академияда, энциклопедияда өтіп келе жатқан, жоғары оқу орнында сабақ бермегенінен деп білдік. Бір-бірімізге солай шығар деп кесіп-пішіп асығыс әңгіме айтып үлгердік. Ұзамай қалың шашын артына қайырған қара кісі кіріп келе жатты. Дәріс басталар сәтте Мұқаң “Бір себеппен кешіккенін, әйтпесе тәжірибелі ұстаз” екенін айтып өтті. Академиктің бұл сөзі – бізді тыңдап тұрғандай болып шыққанын қараңыз.
Әдебиеттің эстетикалық мәнін түсіндіріп, лекциясын бастап кетті академик. Обалы не, лекцияны тартымды, жүрдек оқыды. Бәріміз де Мұқаңа шәкірт болсақ деп армандадық. Ол кезде “Социалистік реализм әдісі” туралы ойларын да қапысыз қабылдап жаттық. Студент біз ғана емес, Мұқаңның социалистік реализм туралы еңбегін Б.Сучков, Д.Марков секілді “одақтық” ғалымдар да қапысыз қолдайтын. Бүкілодақтық әдеби процесте мойындалған – М.Қаратаев! Көп ұстазға көрсете бермейтін құрметіміз еді, бір топ студент қоярда-қоймай Мұқаңмен суретке түстік. Сол жылдары “Асулар алда” деген атпен Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген сын кітабына үлкен үміт күтетінін айтып, туған әдебиет жайында міндет артып, қолтаңба жазып сыйлады. Біз ұстазды жақсы көрдік. Ол кісі шәкірт ретінде бізді шеккі көрмеген болса керек. Сөйтіп, әдеби сынға мамандануда осы бір алды кең, кең дүниені тарылтпайтын мейірбан, білімдар адамның әсері көп тиді. Өзгені білмеймін, академик Мұхаметжан Қаратаевтан дәріс алғанымды өз басым мақтаныш көремін…
Оқу бітірген соң Тұрсынбек Кәкішұлының қамқорлығымен Ғылым академиясына қызметке барған мен 1975-76 жылдың аралығында қызметтен қысқарып, жұмыс таппай сандалып далада қалдым. Шыр-пыры шығып Бейсембай Кенжебайұлы қызмет іздеді маған. Өзім де іздеймін табанымнан таусылып. Баспаған табалдырық, ашпаған есік қалмады. Ашқан есігімнің бірі – “Қазақ совет энциклопедиясы” бас редакторының есігі. Мұқаң сондай жылышырайлы қабылдап, ұстаздық сөзін айтты. “Жеткіншек жастарды қысқартқанша, академияға жеміс бермейтіндерді кәрілерді қысқартса-шы, шіркіндер. Келешекті ойлағандарыңа болайын?!” – деді әлдекімдерге ренжи. Ақырында: “Бір ай уақыт бер. Біреуді қысқартсам да сені қызметке қабылдаймын!” – деді жайсаң ұстаз. Маған жаны ашығандықтан сондай бір әрекетке бармақшы болды. Әйтпесе, кісі орны толық қой. Әр қызметкердің арқасында бір-бір шүй желке тұратыны және белгілі.
Көп ұзамай қызмет табылды да мен қайта Мұқаңды мазалай қойған жоқпын. “С.Мұқанов музей-үйін” экспозициялау барысында арнайы ғылыми кеңес құрып, Мұқаңды төраға етіп бекіттірдік. Ақыл-кеңесін аяған жоқ, жарықтық. Сыйластығы ғой, Сәбит Мұқанов дегенде жоқ уақытты табатын. С. Мұқанов жөнінде телехабарлар сериясын жасадым. Келіп, хабарға қатысып, сөйлеп жүрді. Телеқорда бар болуға тиісті. С.Мұқановтың 16 томдық таңдамалы шығармалар жинағын баспаға дайындап шығардық. Таңдамалыға М.Қаратаевтың соңғы сөзін лайық көрдік. Өтініш айтып едік, сөзге келмей жазып берді. “Таңдамалыны академиялық басылымға жақындатайық, Құлбек, сен толық түсінік жаз!” – деді Мұқаң. Шама-шарқымша түсінік жаздым.
“Жас алаш”, “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті” газеттерінде, “Ақиқат” журналында қызмет істеген жылдарымда тым жиі араласуға мүмкіндік болған жоқ. Ағымдағы баспасөзге мақала ұсынса, жеделдетіп жариялайтынбыз. Академиктің мақала жазуы – ағымдағы баспасөз үшін үлкен абырой саналатын кез. Мақалаларын орынсыз тықпалап, мазаны алатын кісі Мұқаң емес. Кезіндегі тілмен айтқанда, кеңестік, ортаазиялық, республикалық жиындарда өте абыройлы жүрді, өзін білімді адам ретінде көрсете білді, академик деген атына орай өзін асқақ ұстап жүрді.
1984 жылы әкемдей болған әзіз адам – профессор Б.Кенжебайұлының 80 жылдық мерейтойын өткізгенде ерекше ықыласпен қызмет еткен екі адамның бірі – Мұхаметжан Қаратаев, бірі – Әбділда Тәжібаев! Ақылдасып, кеңескен бір оңаша сәттері “Қарағым, Бейсекеңнің батасын ала бер. Бұл кісіге бәріміз де қарыздармыз. Ағалығы, ұстаздығы өз алдына. Сібір айдалып, жау атанып, жаза өтеп келгенде, дұшпан табалап, дос бойтасалап жатқанда, қасқайып алдымыздан шыққан, қорықпай үйіне шақырып, дәм берген, бізге қызмет іздеген, адал да алып Адам. Біз академик болып туды деп отырсың ба? Біз Бейсекеңнің тәрбиесін көріп өстік. Бейсекеңнің еңбегі атақпен өлшенбейтін еңбек. Әлі-ақ, күні туады!” – дейтіні де әлі құлағымда.
Ол кезде ауру-сырқаулы Б.Кенжебайұлын көп кісі көзге іле бермейтін. Тіпті, күні кеше тәлім алып алдынан өрген кейбір “шәкірттерінің” өзі жүре сөйлесіп, төбеден қарап, тасыраң мінез көрсетіп қалған сәт еді. Бар атақ бір өзінде, бірнеше қызмет бір басында дерлік Мұхаметжан Қаратаевтың осы бір кішіпейілдігі менің есімнен кетпейді-ақ. Турасын айтсам, Бейсекеңнің 80 жылдық тойының қара жұмысынан қашпады. Той күні қасқайып төрде отырды.
1990 жылдан Мұқаңмен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызметтес болдық. Сексенге жақындаған қария неге екенін біртүрлі еңсесі түсіп кетіпті. Шамасы, сол кезеңде “қайта құру” дауылымен, жариялылық жауынымен Мұқаңдай әдебиетші үстіне неше түрлі лай, кір су құйылып жатты. Жазушылар одағындағы бір жиналыста бетіне тік келіп, ғайбат сөз айтушылар болды. Ауыр тағдыр кешкен адам еді ғой деген аяушылық болмады. Батырсынған пенделер-ай, шіркін, өздері сүттен ақ, судан тазадайын. Бейнелеп айтсақ, Мұхаметжан аға 1937-38 жылдардың қара құйынын басынан қайыра өткізіп жатқандай болды. Ертеректе “Литературная газета” бетінде “Дала батырлары не деп жылайды?” деп аталатын сын мақаласы жарық көрген Мұқаңның. Ащылау. Сын кімге ұнаған? Сыналған жазушының бірі жиындарда ауызша, баспасөзде жазбаша сынайды Мұқаңды. Көңілде дық қалған. “Академик” райында маған дауыс бермеген” деп тағы бір ағамыз қиқуға-қиқу қосады. “Бұлар неге оқиғаға терең талдау жасамайды, неге мәселенің бетін қарпиды?” – дер еді, ондайда Мұқаң. – Бұлар бізді жеңіл тағдыр кешті деп ойлай ма, сонда? Ол заманды басқа бермесін. Басқа берсе, сатқынның көкесі – осылардан шығар еді?..”
Күні кеше ғана шәкірт болып бауырына кірген, академиктің “шарын” сайлауда қалай аламыз деп жүгіріп жүрген жағымпаздың көбісі көзге шұқығандай еткенін қайтерсің. Кезінде дауысыңды бермеген едің, енді не болдың дер еді олар. Бейне өздері қартаймайтындай, бейне өздері ақ киіп, өмірі ақ жайнамаз үстінде өтіп келе жатқандай, бейне өздерінің өкшесі қисаймайтындай...
Алпыс, жетпіс жылдық мерейтойы шалқып өткен Мұхаметжан Қаратаев өзінің 80 жылдық тойына әбіржіп, жердің үстімен емес, астымен келгендей боп жетті. Жайшылықта “баяндаманы мен жасайын, мен-мен” деп таласар жандар бұғып-бұғып қалыпты. Енді, Мұқаңның 80 жылдық тойына баяндаманы кім жасайды? – деген сұрақ туды. Адам дегенің айнымалы тал күбі. Саусақ көтерер кім бар?
Мұқаңның 80 жылдық тойында Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Б.Ыбырайымов және осы жолдардың авторы баяндама жасады. Құрманғазы және Қонаев көшелерінің қиылысындағы “Достық үйінде” дастарқан жайылды. Ресми жиын аяқталып, бәріміз киімілгішке келсек, Мұқаң тұр абдырап. Тойына киіп келген сусар бөркін біреу ұрлап кетіпті.
“Әй, мұнысы несі-ай, – дейді Мұқаң, не ренжірін, не ренжімесін білмей, – алпыс жылдық тойымда да осындай бір сусар бөрік жоғалтқанмын. Жетпіс жылдық тойымда да осындай бір сусар бөрік жоғалттым. Енді, міне, тағы да бір сусар бөрік…”
Шынында тосын жағдай. Бір кісінің өміріндегі үлкен-үлкен үш той. Үш тойда үш бөрік жоғалған. Бір кісінің әрекеті-ау. Ол ғалымның алпыс жасынан бермен қарай ізін аңдып бірге келе жатқан адам-ау шамасы. Демек, Мұқаңның ұрысы қасында. Бірақ, көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң кімді ұры тұтарсың?!
Күлерімізді де, бөркін ұрлатқан ұстазға не айтарымызды да білмей далмыз. “Сасқан үйрек артымен сүңгиді” дегендей, Мұқа, ұрыңыз өзіңізбен бірге жасасып келе жатқан секілді. Мына бөрік те сол ұрыға бұйырсын. Бірақ, сіздің тоқсан жасыңызға бірге бармасын – деп тілейік. Тоқсан жасқа келген тойыңызда бөрік ұрлау дәстүрі үзіліп қалады десеңіз, тәбәрік тұтып, өзіміз-ақ ұрлайық – дедім мен. Қарадай қолайсызданып тұрған жастар ду күлді.
– Тоқсанға келер болсам, бір бөрікті өзім-ақ сыйлайын саған – дейді Мұқаң маған қарап.
Осы сөзге бәтуаласып, Мұқаңның басына тарлау соққан, тойға түскен бөріктің бірін кигізіп, тойханаға кеттік.
Қызықты, думанды той өтті. Мұхаң көңілді отырды. Алайда көңілділік ұзаққа бармады. Көңілдің жыртығына той жамау бола алмады. Мұқаң көз алдымызда шөжіп те, шөгіп те бара жатты. Тіпті жүрісі кібіртік тартатынды шығарды. Ғылыми кеңестің мәжілістерінде де сөйлемеуге айналды Мұқаң. Сөйлей қалса, кеше бір ауыз бағасына зәру азаматтар жұрт көзінше бетінен ала түсіп, берекесін кетіретін мінез тапты. Ондайда Мұқаң үндемей құтылады.
Албырт шақта, ұйытқи соққан қара құйын кезінде қателік кетпеді дей алмаспыз. Алайда, сол қателікті “қайта құру” тұсында үрмелеп өсіріп, өшкен отты үрлеп жағып дегендей, азаматтар науқанға айналдырды. Әуел баста 1937-38 жылдары ұсталып кеткен, екінші толқында – соғысқа кетіп опат болған азаматтардың босап, қаңырап қалған қызмет орындарына жастай отыра-отыра кетіп, Кеңес өкіметінен жайшылықта түсіне кірмес жақсылықтар көрген азаматтар жәбір көрген болып мүсәпірси қалып, келмеске кеткен өкіметті де, Мұқаңдай ұстаздарын да күстаналай бастады. Көбі соның дәлелсіз, дәйексіз күстаналаулар, дәлелсіз кіржағулар. Олар өздерінің осындай пендешілігімен кейінгі буын көз алдында пендешілік батпағына батып бара жатқанын білді ме екен, сонда?!
Ұстаз ақталар ма еді, мән-жайды түсіндірер ме еді, бірақ саясат желі, уақыт желі аға буын жағынан емес, оларға қарсы беттен соғып тұрды. Тағдыр!
Дегенде, ұстазға жанымыздың ашуы шығар, әйтпесе інілерінің көрер көзге орынсыз ұрынуын көргендіктен бе, әйтеуір “Мұқа-ау, сіз бастан кешкенді – бұлар бастан кешкен жоқ. Сіз көрген көресіні бұлар көрген жоқ. Айтыңыз. Жазыңыз. Тіпті мемуар жазсаңызшы дейтінмін әрдайым. Бүгін басылмаса, ертең басылады.” Күш-қуатыңыз барда жаза беріңіз. Ондай жанашыр пікір айтушы шәкірті жалғыз мен болмауым керек. Бірді-екілі кісі теріс айналды екен деп, Мұқаңнан жұрттың бәрі безінген жоқ. Әсіресе, шәкірттері жау жоқта батырсып, бұлт жоқта найзағай отын жарқылдатып жүрген айғайшыларға тіпті де ден қойған жоқ. Ұстаз – ұстаз қалпында, шәкірт – шәкірт орнында!
Дәл жылы, айы-күнін түстеп айту қиын, Абай атындағы опера және балет театрында түрік ақындары мүшәйрасы өтті. М.Қаратаевты Тұмағаң қолтықтап келе жатты. Тұмағаңның бұл кісілігіне қатты сүйсіндік. Жүгіріп барып, Мұқаңа сәлем бердік бәріміз.
– Тұмаш рахмет, мені енді Құлбекке тапсыр, – деді Мұқаң.
Жақсы екі құлақты сөмке таратылған екен. Тұмағаңның көзінше сөмкені “мә, тәбәрік!” – деп маған сыйлады. Тұмағаң да, өзгелер де күліп, кәукілдесіп жатты. “Ақын бізге бермей, тәбәрікті сыншы Құлбекке бересіз, ә”, – деп қояды Тұмағаң риясыз көңілден.
Мұқаң үйінен шыға алмайтын, қызметке келе алмайтын халге душар болды. Ұмытпасам, аталмыш институт директоры Серік Қирабайұлы кеңесшілік қызметтегі Мұқаңа тіпті еркіндік берді. Күнұзын үйінде болады. Кейде біз барып сәлем беріп, Мархума шешейдің шәйін ішеміз. Күнұзын үйде отырудан жалыға ма, кейде бір азаматқа сүйеніп, институтқа келіп қайтады.
Осындай күннің бірінде институт директоры қабылдау бөлмесінен хабар түсті. “Сізге Мұқаң келіп кетсе дейді.” Іле-шала Мұқаң үйіне бардым. Ол кісінің үйі институт іргесінде болатын.
Ұстаз жүдеу. Мұқаң Мархума шешемізге қарады. Біртүрлі бала секілденіп жәутеңдей қарағаны.
– Айта берейін бе? – дейді жарықтық бәйбішесіне қарап.
– Айта берсейші, Мұқа. Өзіміздің бала ғой.
– Айтсам, Құлбек былай.
Ол әңгімесін сабақтады.
– Менен күш-қайрат кетіп барады. Аяғым жүрмейді. Құлай беремін. Сібірде ағаш кесіп, сумен ағызудан тапқан пайдам шығар. Замана алай-түлей болып кетті. Енді ұзақ жасамаспын.
Сенің Бейсекеңе жасаған қызметіңе дән ризамын. Ардақты ағамыз жайында естелік мақала жаздым. Саған ризашылығымды айттым. Мен де сені шәкіртім деп жақсы көремін.
Өздерің: “Сібірдегі өміріңіз жайында мемуар жазсаңызшы”, деп қолқалайтын едіңдер. Мен соны біраздан бері жазып, аяқтадым. Оңай болған жоқ. Жылап отырып жаздым. Жасымда бастан кешкен қасіретті қартайғанда қайтадан көз алдыңа елестету қиын-ақ екен.
Мұқаң ентіге сөйлеп, біраз демалды. Қазір жариялаудың қажеті жоқ-ау. Мен осы қолжазбаны саған аманат етемін. Жарық дүниеден өтермін, жағдай түзелер. Сол кезде артық, кемін өзің қарап, таразылап жариялатарсың.
Міне, Мұхаметжан Қаратаевтың маған айтқан сөзі. Өз ретімде мен де “өте дұрыс болған” деп, Г.И.Серебрякованың мемуарын, Өзбекстан Республикасының бірінші хатшысы болған Акмал Икрамовтың баласы жазған кітапты, аудармашы Анна Борзер, Семен Липкин жазып, жариялаған кітаптарды мысалға ала отырып, біткен іске бітімші, тілекшінің сөзін айттым. Шамамның келгенінше, шәкірттік бейілден жігерлендірдім, қимас ұстазды.
Бірсыпыра әңгімелестік. Ұстаз ризашылығымен қоштасып, ол қолжазбаны қарағыштайтын болып, мен тағы оралып келетінімді айтып, қара шаңырақтан шығып, үйге қайттым. Көңілім қабарып, мұң шайнап жеттім үйге!
1992 жылдың жазынан Түркістан қаласына қызметке ауыстым. Алматыға келіп, кетіп жүремін. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – жаңа оқу орны.
Бірде Әбіраш Жәмішев телефондап, ұстаз Мұхаметжан Қаратаевтың қайтыс болғанын, Мархума шешейдің атымызды атап: “Сол бала естімей қалмасыншы”, деген тілегін жеткізді.
Жедел жолға шығып, Алматыға жетіп, Академияның бас ғимаратындағы қоштасуға үлгердім. Апамызға көңіл айттым. Ұстаз қабіріне қайғыра тұрып, топырақ салдық. Дастарқаннан дәм таттық.
Алматыға келесі бір келгенде, Мархума шешейдің қоныс аударып кеткенін естідім. Әне-міне іздеп барамын деп жүргенде газеттен Мархума шешеміздің де о дүниелік болғанын оқып білдім... О, жалған дүние!
“Дүние шіркін, Дүркін-дүркін, Өтеді бір күн” дегендей, дүние дөңгеленіп кетті. Қазақ әдебиетінің бір іргелі қарашаңырағына айналған М.Қаратаевтардан хабар-ошарсыз қалғаныма біраз уақыт.
Енді, міне, бір бейтаныс қыздың сыртымнан сұрау салып, Мұқаң аманатын айтқан, сәлемі жетіп отыр. Тым белгісіз кісі емеспіз. Іздесе табады. Хабарын берсе, іздеп тауып аламын. Бар мән-жай – осы!
Ұстаз рухы саламаттықта болсын! Шәкірт көңілі бәз-баяғы. Мұқаң үшін біз қызметке дәйім дайынбыз…
Биыл ұстаздың туғанына жүз жыл!
Отызыншы жылдарғы “құйында” қате-кемшілік жіберіп алғаны айдай – ақиқат. Әйтсе де сын сардары бола білген М.Қаратаевты әдебиет тарихынан сызып тастай алмаймыз. Жылай отырып қорғап, сынай отырып ақтағымыз келеді.
Құлбек ЕРГӨБЕК. ТҮРКІСТАН.