22 Шілде, 2010

“САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАНҒА” САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ КЕРЕК

799 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Баймахановпен әңгіме – Соңғы уақытта денсаулық сақтау саласында біршама өзгеріс­тер орын алуда. Айталық, “Ден­саулық сақтау саласының ұлттық бірыңғай жүйесі” өмірге енсе, бүгінде “Саламатты Қазақстан” мемле­кеттік бағдар­ламасының жобасы талқылануда. Әңгімемізді осыдан бастасақ. – Елбасының келісімімен ден­саулық сақтау саласының бірыңғай ұлт­тық жүйесі мақұлданды. Бұл жүйе туралы ақпарат құралдарында түсіндірме жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзіңіз айтқандай, Ден­сау­лық сақтау саласын дамытудың 2010-2015 жылдарға арналған “Са­ламатты Қазақстан” мемлекеттік бағ­дарламасы жақында ғана жарық көрді. Осыған сәйкес, сәтін салса, денсаулық сақтау саласының жаңа тынысы жаңа жылдан кейін өзгеше бағытта ашылады. Тұрғындарымыз кедергілерге тап болмастан, өзі таңдаған клиникаларында емделе алады. Біздің облысымызда да алғы­шарттары жасалып жатыр. – Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін құруға байланысты Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен жаңалықтарға ойыссақ. – Қызылорда облысының ден­саулық сақтау саласы – облыс әкім­дігіне тікелей қарайтын мемле­кеттік орган. Облыс әкімдігі ден­саулық сақтау саласына қаржы қарастыруда алда келеді. Мәселен, облыстағы денсаулық сақтау сала­сының биылғы жылғы бюджеті өт­кен жылға қарағанда 31,2 пайызға артты. Оның үстіне тегін медици­налық көмектің кепілдік көлемі бірнеше есе өсті. Еліміздегі “100 мектеп, 100 ау­ру­хана” бағдарламасы бойынша Қы­зылорда қаласындағы ауысы­мы­на 500 қаралымға арналған емхана мен 200 төсектік ор­та­­­лықтың құ­рылыстары қарқынды жүргізілуде. Екі құрылыстың да пай­далану мерзімі 2010 жылға жос­парланған. Байқоңыр қаласындағы 80 төсектік перзентхана, облыстық туберку­лезге қарсы күрес диспан­се­рінің жанындағы хлоратор корпу­сының зертханалық ғимаратының құры­лыстары қараша айында пай­да­лануға беріледі деп жоспарла­нуда. Жол картасына байланысты 11 нысан жөндеуден өткізілуде. Жергілікті бюджеттен қаралған қаржыға шалғай елді мекендердегі 22 медициналық бекет, 9 дәрігерлік ам­бу­­латорияның құрылыстары жүр­гізіліп, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте тағы да 10 медбе­­кеттің құ­ры­­лысын бастауға қаражат бөлініп отыр­ғандығын айта кеткен жөн болар. Ал аймақтың емдеу, алдын алу ұйымдарын материалдық-техни­ка­лық жабдықтауға республикалық, жергілікті бюджеттен бөлінген қар­жыға кардиоорталықтың ашылуына қажетті урология, онкология сала­сы бойынша ота жасау бөлімінің құрал-жабдықтары, балалар ауру­ханасы мен босандыру мекемеле­рі­не инкубатор, жасанды демалдыру аппараттары сатып алынды. Емдеу алдын алу мекемелерінің санитар­­лық автокөліктерін жаңалау мақ­сатында жергілікті бюджет қар­жы­сы есебінен 42 автокөлік алынды. – Саланы мамандармен қамта­масыз ету қай деңгейде? – Салада маманның атқаратын рөлі зор. Әсіресе, тар буында ма­ман­дарға сұраныс жоғары, рентге­но­лог, педиатр, неонатолог, марфо­логтар мүлде аз. Десек те, облы­сымызға жас ма­мандарды тарту мәселесінде облыс басшылығының қолдауымен еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарына сала маманда­ры­ның барып, бітіруші түлектерге на­сихат жұмыстарын жүргізуі нәти­же­сінде бетбұрыс жасалынуда. Мы­сал­ға, 2008 жылы – 57, 2009 жылы – 81, ал биылғы жылы 89 жас ма­ман өңірімізге келіп, қызмет жасауда. Осы жерде баса көрсетеріміз, облыс әкімінің қолдауымен 2009 жылдың 27 наурызында облыстық мәслихаттың “Қызылорда облы­сы­ның ауылдық жерлеріне жіберіл­ген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің қағидасы” атты шешімі бекітілді. Осы шешімге байланысты жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мақсатында жергілікті бюд­жеттен 50 млн теңге қаралып, әлеу­меттік қолдау көрсетудің белгі­лен­ген шарттарына сәйкес ауылдық жерлер­ге жұмысқа жіберілген жас маман­дарға 1 млн. теңге берілетін болды. Биылғы бі­тіріп келген 89 жас мама­нымыздың 43-і ауыл­дық жерлерге аттанды. Қазіргі кез­де олардың есеп-шотта­рына қар­жы­сы аударылуда. Тағы бір айтарымыз, жыл басында республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласына 455,25 штат бірлік беріліп, оның жарты­сы­нан көбі аудандар мен ауылдар­дағы, соның ішінде ана мен бала ден­сау­лығына жауапты маманда­р­дың үлес салмағын көбейтуге мүмкіндік жасалды. – Мамандармен қамтуда игілік­ті істер жасалып жатқан көрінеді, ал дәрігерлердің біліктіліктері қан­дай дәрежеде? – Облысымызда 2 мыңға жуық дәрігер, 7 мыңға тарта ор­­та буын қызметкерлер бар. Олар­дың білік­тілігін көтеру мақсатында барлық мүмкіндіктер қарас­ты­рыл­ған. Са­лада соңғы 3 жыл көлемінде рес­публикалық бюджет­тен мақсат­ты трансфертпен бөлін­ген қара­жаттан, облыстың денсау­лық сақтау са­ла­сының ұйымдас­ты­рушылары, қар­жы мамандары мен статиктері “менеджмент” тақыры­бында және бастапқы медицина­лық көмек көрсету жүйесінің жал­пы тәжі­ри­белік дәрігер мамандары қайта даяр­лаудан өтті. Жаңағы айтқан дә­рігерлеріміздің 90 пайызы – елді ме­кендерде орналасқан емдеу-ал­дын алу ұйымдарының маман­­­дары. Оның сыртында жұмыс орны­нан алшақтамай оқыту әдісін қол­дан­дық. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен екі жылға 15 млн теңге қаралып, ана мен бала денсау­лы­ғын қорғаушы акушер-гинеколог, балалар дәрігерлері, кардиологтар мен оташылар, тар буынды маман­дарымызды, жаңа туған балалардың жансақтау бөліміндегі дәрігерлері­мізді мастер-кластар есебінен оқы­тып жатырмыз. Мемлекетіміз ана мен бала денсаулығына айрықша мән беріп отырғандығы белгілі. Биыл ана мен бала денсаулығын қорғаушы дәрігерлерімізді оқытуға халықаралық ЮСАИД маманда­рын екі рет шақырдық. Өз еліміздің жоғары мамандандырылған орта­лық­тарының мамандары келіп, оқы­тып, тәжірибе алмасты. Және бір айтарымыз, биыл об­лыстық медицина орталығы жаны­нан заманауи оқу құралдарымен жаб­дықталған оқу тренинг орта­лы­ғын аштық. Орталық қашанда ма­мандардың оқуына, тәжірибе алма­суына жол ашады. Сонымен қатар, “Жол картасы” бойынша маман­дарды даярлау және қайта даярлау­дан өткізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, қазіргі таңда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универ­­си­тетінде 10 жас маман қайта даяр­лаудан өтіп жатыр. – Болатбек Бимендіұлы, елі­міз­де жүрек-қан тамырлары аурула­ры­ның алдын алу мақсатында кардио­­орталықтар ашылуда. Осыған байланысты не айтасыз? – Жүрек қан тамырлары ауру­ла­рынан қайтыс болушылардың саны артып отырғандығы жасырын емес. Әсіресе, жүрек ақаулығымен туатын сәбилер көбейіп барады. Оларға дер кезінде ота жасалса, сауығып кетулеріне әбден болады. Үкіме­тіміз “ҚР 2007-2009 жылдарға ар­налған кардиохирургиялық және кар­диологияны дамыту бағ­дар­ламасын бекіту” туралы жарлығын шығарды. Осы жарлыққа байла­нысты жүрек қан тамырлары ауру­ларының алдын алу және өлім көр­сеткіштерін төмендету мақсатында барлық өңірде кардиоорталықтар ашылу көзделген. Біздің облысы­мызда жақында облыстық меди­ци­на орталы­ғы жанынан 20 төсектік кардиоор­та­лық ашылды. Кардио­хи­рургиялық орталықты жабдық­тауға республикалық бюджеттен 481,5 млн. теңге, жергілікті бюд­жет­тен 150,3 млн. теңге бөлінді. Қарал­ған қаржыға керекті медициналық құрал-жабдықтарымызды алдық. Өкініштісі, мамандар тапшылы­ғынан кідіріс те болып тұр. Ұлттық кардиология және ішкі ағзаларды зерттеу институтының мамандары жыл басында облысымызға келіп, жалпы емдеу мекемелері мен же­дел-жәрдем көмегіндегі терапевт-дәрігерлерімізге мастер-класс өт­кізді. Және аймағымыздың 20 кардиологын “клиникалық кардио­логия” бойынша қайта даярлау мақсатында көшпелі цикл өтті. Ор­талық болған соң оталар жасалы­нуы қажет. Бұл істі жыл басында екшелеп, мамандарымызды алыс-жақын шет елдерге білімін көтеруге жібердік. Ресейдің, Балтық жаға­лаулары елдері мен Еуропаның, Азияның мықты институттарында дәрігерлеріміз білімін жетілдіріп, жүрекке ота жасаудың тәсілдерімен айналысуда. – Менің пайымдауымша, Сыр аймағы ерекшелігінің бірі –демо­графияға баса назар аударуы. Ен­деше, ана мен бала денсаулығы қандай деңгейде? – Аймақта демографиялық жағ­дай жақсарып, туу көрсеткіші 2004 жылмен салыстырғанда қазір өсіп отыр. Халықтың өлім-жітімі республикалық көрсет­кіштен 1,5 есе төмен. Сәбилер өлі­мі көрсет­кіші 7 пайызға, аналар өлі­мі екі есе төмендеді. Бір айта кететін жәйт, Қызыл­орда облысының әлеуметтік жағ­дай­ын қамтамасыз ету және мо­дер­низациялаудың 2009-2011 жылдарға арналған ана мен сәби­лер өлімін төмендету жөніндегі жос­пары жа­салды. 18 жасқа толған азаматтарды скринингтік тексеріс, 35-60 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойнының, 50-60 жас аралы­ғын­дағылардың сүт безі қатерлі ісігін ерте сатысында анық­тау жөнінде жұмыс жүргізілуде. Сол сияқты, ана мен бала ден­саулығын қорғау және қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жергі­лікті бюджеттен бөлінген қаржыға перенатальды ор­талық пен қалалық перзентханадан 6, аудандардағы босандыру меке­ме­лері жанынан жаңа туған нәрес­те­лер үшін 3 жансақтау төсектері ашы­лып, олар тиесілі штаттық бір­лік­т­ер мен заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтан­ды­рылды. Жас босанған аналардың денсау­лы­ғын нығайтуға және шала туылған нәрестелерді аман алып қалу үшін қымбат тұратын дәрі-дәрмекке қажетті қаражат көлемі өсіп, көп­теген мүмкіншілік жаса­лынды. Шалғай елді мекендердегі әйел­дер мен балаларға дер кезінде шұ­ғыл медициналық көмек көрсету мақсатында санитарлық авиация қызметі қалыпқа келтірілді. – Тұрғындар денсаулығының тағы бір көрсеткіші өңірдегі әлеу­меттік науқастардың көрсеткіш­те­рі­мен өлшенеді десек, облысымыз­да туберкулез, қатерлі ісіктермен аурушаңдық өршіп тұрған жоқ па? – Жақында облыс әкімдігін­де туберкулезге қарсы жұмыстарды ұйымдастыру және оның мәселе­лері төңірегінде ашық әңгіме өрбі­ді. Неге десеңіз, облыстағы індеттік ахуал жақсарғанмен, туберкулездің мультирезистентті түріне шалдығу артып барады. Туберкулездің белсенді түрін емдеу үшін 18-24 ай қажет етілсе, 6 айында ауруханада жа­туы тиіс. Біздегі мұндай науқас­тар­ды емдейтін 40 төсек орын бол­са, олар қала ішінде. Соған орай қаланың шетінде ор­на­ласқан ба­ла­лар мен жасөсп­і­рімдер шипажайын Сырдарияға көшіріп, орнына муль­тирезистентті науқастарды емдейтін диспансерді 120 төсекке кеңейту жоспарлануда. Сол кезде облыстық туберкулезге қарсы күрес диспан­сері мен 120 төсектік мультире­зис­тентті науқас­тарды емдейтін дис­пан­серіміз бір орталыққа шоғыр­ла­нады. Сондай-ақ осы аймақтан аурудың аса меңдеген және дәрі әсер етпейтін түріне арналған 40 төсектік хоспис ашу қажеттігі ту­ын­дап отыр. Туберкулезден толық емделіп шығу үшін үзбей дәрі ішіп, 2-3 жылға дейін күтініп жүру қажет. Науқастарымыздың ауруханадан шыққаннан кейін өзіне салғырт қарайтыны белгілі. Сондықтан да Шалқия санаторийін 80 төсектен 200 төсекке кеңейту қолға алынды. Қатерлі ісіктерге келсек, індет­тік шарықтау төмен түскен. Кезінде Алматы, Астана қалаларына жі­беретін ішкі ағзалық оталар бүгінде өзімізде жасалуда. Сөз соңында Елбасымызға “Са­ламатты Қазақстан” мемлекеттік бағ­дарламасының әзірленуіне ба­тыл бастама жасағаны үшін шын жү­ректен алғыс сезімімді білдіре­мін. Бұл бағдарлама денсау­лық сақтау саласының өркен жая бе­руіне бір­ден-бір ықпал етпек. “Са­ламатты Қа­зақстанға” – са­ла­уатты ұрпақ ке­рек. Ал оларды са­лауатты да са­уат­ты етіп тәрбиелеу – біздің парызымыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.