Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Баймахановпен әңгіме
– Соңғы уақытта денсаулық сақтау саласында біршама өзгерістер орын алуда. Айталық, “Денсаулық сақтау саласының ұлттық бірыңғай жүйесі” өмірге енсе, бүгінде “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасы талқылануда. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Елбасының келісімімен денсаулық сақтау саласының бірыңғай ұлттық жүйесі мақұлданды. Бұл жүйе туралы ақпарат құралдарында түсіндірме жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзіңіз айтқандай, Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2010-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы жақында ғана жарық көрді. Осыған сәйкес, сәтін салса, денсаулық сақтау саласының жаңа тынысы жаңа жылдан кейін өзгеше бағытта ашылады. Тұрғындарымыз кедергілерге тап болмастан, өзі таңдаған клиникаларында емделе алады. Біздің облысымызда да алғышарттары жасалып жатыр.
– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін құруға байланысты Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен жаңалықтарға ойыссақ.
– Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласы – облыс әкімдігіне тікелей қарайтын мемлекеттік орган. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау саласына қаржы қарастыруда алда келеді. Мәселен, облыстағы денсаулық сақтау саласының биылғы жылғы бюджеті өткен жылға қарағанда 31,2 пайызға артты. Оның үстіне тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі бірнеше есе өсті.
Еліміздегі “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласындағы ауысымына 500 қаралымға арналған емхана мен 200 төсектік орталықтың құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Екі құрылыстың да пайдалану мерзімі 2010 жылға жоспарланған. Байқоңыр қаласындағы 80 төсектік перзентхана, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жанындағы хлоратор корпусының зертханалық ғимаратының құрылыстары қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жол картасына байланысты 11 нысан жөндеуден өткізілуде.
Жергілікті бюджеттен қаралған қаржыға шалғай елді мекендердегі 22 медициналық бекет, 9 дәрігерлік амбулаторияның құрылыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте тағы да 10 медбекеттің құрылысын бастауға қаражат бөлініп отырғандығын айта кеткен жөн болар.
Ал аймақтың емдеу, алдын алу ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға республикалық, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға кардиоорталықтың ашылуына қажетті урология, онкология саласы бойынша ота жасау бөлімінің құрал-жабдықтары, балалар ауруханасы мен босандыру мекемелеріне инкубатор, жасанды демалдыру аппараттары сатып алынды. Емдеу алдын алу мекемелерінің санитарлық автокөліктерін жаңалау мақсатында жергілікті бюджет қаржысы есебінен 42 автокөлік алынды.
– Саланы мамандармен қамтамасыз ету қай деңгейде?
– Салада маманның атқаратын рөлі зор. Әсіресе, тар буында мамандарға сұраныс жоғары, рентгенолог, педиатр, неонатолог, марфологтар мүлде аз. Десек те, облысымызға жас мамандарды тарту мәселесінде облыс басшылығының қолдауымен еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарына сала мамандарының барып, бітіруші түлектерге насихат жұмыстарын жүргізуі нәтижесінде бетбұрыс жасалынуда. Мысалға, 2008 жылы – 57, 2009 жылы – 81, ал биылғы жылы 89 жас маман өңірімізге келіп, қызмет жасауда.
Осы жерде баса көрсетеріміз, облыс әкімінің қолдауымен 2009 жылдың 27 наурызында облыстық мәслихаттың “Қызылорда облысының ауылдық жерлеріне жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің қағидасы” атты шешімі бекітілді. Осы шешімге байланысты жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мақсатында жергілікті бюджеттен 50 млн теңге қаралып, әлеуметтік қолдау көрсетудің белгіленген шарттарына сәйкес ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілген жас мамандарға 1 млн. теңге берілетін болды. Биылғы бітіріп келген 89 жас маманымыздың 43-і ауылдық жерлерге аттанды. Қазіргі кезде олардың есеп-шоттарына қаржысы аударылуда.
Тағы бір айтарымыз, жыл басында республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласына 455,25 штат бірлік беріліп, оның жартысынан көбі аудандар мен ауылдардағы, соның ішінде ана мен бала денсаулығына жауапты мамандардың үлес салмағын көбейтуге мүмкіндік жасалды.
– Мамандармен қамтуда игілікті істер жасалып жатқан көрінеді, ал дәрігерлердің біліктіліктері қандай дәрежеде?
– Облысымызда 2 мыңға жуық дәрігер, 7 мыңға тарта орта буын қызметкерлер бар. Олардың біліктілігін көтеру мақсатында барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Салада соңғы 3 жыл көлемінде республикалық бюджеттен мақсатты трансфертпен бөлінген қаражаттан, облыстың денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары, қаржы мамандары мен статиктері “менеджмент” тақырыбында және бастапқы медициналық көмек көрсету жүйесінің жалпы тәжірибелік дәрігер мамандары қайта даярлаудан өтті. Жаңағы айтқан дәрігерлеріміздің 90 пайызы – елді мекендерде орналасқан емдеу-алдын алу ұйымдарының мамандары.
Оның сыртында жұмыс орнынан алшақтамай оқыту әдісін қолдандық. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен екі жылға 15 млн теңге қаралып, ана мен бала денсаулығын қорғаушы акушер-гинеколог, балалар дәрігерлері, кардиологтар мен оташылар, тар буынды мамандарымызды, жаңа туған балалардың жансақтау бөліміндегі дәрігерлерімізді мастер-кластар есебінен оқытып жатырмыз. Мемлекетіміз ана мен бала денсаулығына айрықша мән беріп отырғандығы белгілі. Биыл ана мен бала денсаулығын қорғаушы дәрігерлерімізді оқытуға халықаралық ЮСАИД мамандарын екі рет шақырдық. Өз еліміздің жоғары мамандандырылған орталықтарының мамандары келіп, оқытып, тәжірибе алмасты.
Және бір айтарымыз, биыл облыстық медицина орталығы жанынан заманауи оқу құралдарымен жабдықталған оқу тренинг орталығын аштық. Орталық қашанда мамандардың оқуына, тәжірибе алмасуына жол ашады. Сонымен қатар, “Жол картасы” бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлаудан өткізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, қазіргі таңда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 10 жас маман қайта даярлаудан өтіп жатыр.
– Болатбек Бимендіұлы, елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында кардиоорталықтар ашылуда. Осыған байланысты не айтасыз?
– Жүрек қан тамырлары ауруларынан қайтыс болушылардың саны артып отырғандығы жасырын емес. Әсіресе, жүрек ақаулығымен туатын сәбилер көбейіп барады. Оларға дер кезінде ота жасалса, сауығып кетулеріне әбден болады. Үкіметіміз “ҚР 2007-2009 жылдарға арналған кардиохирургиялық және кардиологияны дамыту бағдарламасын бекіту” туралы жарлығын шығарды. Осы жарлыққа байланысты жүрек қан тамырлары ауруларының алдын алу және өлім көрсеткіштерін төмендету мақсатында барлық өңірде кардиоорталықтар ашылу көзделген. Біздің облысымызда жақында облыстық медицина орталығы жанынан 20 төсектік кардиоорталық ашылды. Кардиохирургиялық орталықты жабдықтауға республикалық бюджеттен 481,5 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 150,3 млн. теңге бөлінді. Қаралған қаржыға керекті медициналық құрал-жабдықтарымызды алдық. Өкініштісі, мамандар тапшылығынан кідіріс те болып тұр. Ұлттық кардиология және ішкі ағзаларды зерттеу институтының мамандары жыл басында облысымызға келіп, жалпы емдеу мекемелері мен жедел-жәрдем көмегіндегі терапевт-дәрігерлерімізге мастер-класс өткізді. Және аймағымыздың 20 кардиологын “клиникалық кардиология” бойынша қайта даярлау мақсатында көшпелі цикл өтті. Орталық болған соң оталар жасалынуы қажет. Бұл істі жыл басында екшелеп, мамандарымызды алыс-жақын шет елдерге білімін көтеруге жібердік. Ресейдің, Балтық жағалаулары елдері мен Еуропаның, Азияның мықты институттарында дәрігерлеріміз білімін жетілдіріп, жүрекке ота жасаудың тәсілдерімен айналысуда.
– Менің пайымдауымша, Сыр аймағы ерекшелігінің бірі –демографияға баса назар аударуы. Ендеше, ана мен бала денсаулығы қандай деңгейде?
– Аймақта демографиялық жағдай жақсарып, туу көрсеткіші 2004 жылмен салыстырғанда қазір өсіп отыр. Халықтың өлім-жітімі республикалық көрсеткіштен 1,5 есе төмен. Сәбилер өлімі көрсеткіші 7 пайызға, аналар өлімі екі есе төмендеді.
Бір айта кететін жәйт, Қызылорда облысының әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету және модернизациялаудың 2009-2011 жылдарға арналған ана мен сәбилер өлімін төмендету жөніндегі жоспары жасалды. 18 жасқа толған азаматтарды скринингтік тексеріс, 35-60 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойнының, 50-60 жас аралығындағылардың сүт безі қатерлі ісігін ерте сатысында анықтау жөнінде жұмыс жүргізілуде. Сол сияқты, ана мен бала денсаулығын қорғау және қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға перенатальды орталық пен қалалық перзентханадан 6, аудандардағы босандыру мекемелері жанынан жаңа туған нәрестелер үшін 3 жансақтау төсектері ашылып, олар тиесілі штаттық бірліктер мен заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Жас босанған аналардың денсаулығын нығайтуға және шала туылған нәрестелерді аман алып қалу үшін қымбат тұратын дәрі-дәрмекке қажетті қаражат көлемі өсіп, көптеген мүмкіншілік жасалынды.
Шалғай елді мекендердегі әйелдер мен балаларға дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында санитарлық авиация қызметі қалыпқа келтірілді.
– Тұрғындар денсаулығының тағы бір көрсеткіші өңірдегі әлеуметтік науқастардың көрсеткіштерімен өлшенеді десек, облысымызда туберкулез, қатерлі ісіктермен аурушаңдық өршіп тұрған жоқ па?
– Жақында облыс әкімдігінде туберкулезге қарсы жұмыстарды ұйымдастыру және оның мәселелері төңірегінде ашық әңгіме өрбіді. Неге десеңіз, облыстағы індеттік ахуал жақсарғанмен, туберкулездің мультирезистентті түріне шалдығу артып барады. Туберкулездің белсенді түрін емдеу үшін 18-24 ай қажет етілсе, 6 айында ауруханада жатуы тиіс. Біздегі мұндай науқастарды емдейтін 40 төсек орын болса, олар қала ішінде. Соған орай қаланың шетінде орналасқан балалар мен жасөспірімдер шипажайын Сырдарияға көшіріп, орнына мультирезистентті науқастарды емдейтін диспансерді 120 төсекке кеңейту жоспарлануда. Сол кезде облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері мен 120 төсектік мультирезистентті науқастарды емдейтін диспансеріміз бір орталыққа шоғырланады. Сондай-ақ осы аймақтан аурудың аса меңдеген және дәрі әсер етпейтін түріне арналған 40 төсектік хоспис ашу қажеттігі туындап отыр.
Туберкулезден толық емделіп шығу үшін үзбей дәрі ішіп, 2-3 жылға дейін күтініп жүру қажет. Науқастарымыздың ауруханадан шыққаннан кейін өзіне салғырт қарайтыны белгілі. Сондықтан да Шалқия санаторийін 80 төсектен 200 төсекке кеңейту қолға алынды.
Қатерлі ісіктерге келсек, індеттік шарықтау төмен түскен. Кезінде Алматы, Астана қалаларына жіберетін ішкі ағзалық оталар бүгінде өзімізде жасалуда.
Сөз соңында Елбасымызға “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының әзірленуіне батыл бастама жасағаны үшін шын жүректен алғыс сезімімді білдіремін. Бұл бағдарлама денсаулық сақтау саласының өркен жая беруіне бірден-бір ықпал етпек. “Саламатты Қазақстанға” – салауатты ұрпақ керек. Ал оларды салауатты да сауатты етіп тәрбиелеу – біздің парызымыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.