Фото: depositphotos.com
Істің мән-жайын Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Облыстық ауруханалардың бірінің есепшісі 1С Бухгалтерлік бағдарламасындағы деректерді өзгертіп, аурухана қызметкерлерінің жалақысы мен басқа да төлемдерін жоғарылатып жіберген. Аурухананың бас есепшісі мен бас дәрігері электрондық цифрлық қолтаңба кілттері бар құжаттарға тексерусіз қол қойған.
«Осылайша, Д. қызмет бабын пайдаланып, өзінің және басқа адамдардың шоттарына сомаларды заңсыз есептеп, кейіннен оларды аударым арқылы немесе қолма-қол ақшамен өзіне қайтаруды талап етіп отырған (Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы). 2020-2022 жылдары аралығында Д.-нің қылмыстық әрекеттерімен Денсаулық сақтау басқармасына 10 млн теңгеге жуық материалдық залал келтірілді», делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі аудиторлық есеппен, куәгерлер мен аурухана қызметкерлерінің айғақтарымен, олардың шоттарына түскен артық төлемдермен дәлелденген. Жаза тағайындауда сот Д.-да кішкентай баланың болуын жеңілдететін мән-жай ретінде, ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерген.
Алқаның қаулысымен Д.-ға қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылған.
«Сот үкімімен Д.-нің мүлкі (ұрлық жасау кезеңінде сатып алынған автокөлік) тәркіленіп, 3 жыл 8 айға бас бостандығынан және материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.Бас бостандығынан айыру бөлігіндегі жазаның орындалуы Д.-нің баласы 14 жасқа толғанға дейін 4 жылға кейінге қалдырылды», делінген сот хабарламасында.