«Таза Қазақстан» • 12 Сәуір, 2025

Ақтөбе облысында сенбілік сайыс түрінде өтті

418 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

   «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шалқар ауданының орталығында өткен  сенбілікке  тоғыз мектеп,   көпсалалы колледж, аудандық аурухана жастарынан құрылған еріктілер тобының 150 мүшесі қатысып,  Шалқар көлінің жағалауын түгел тазалап шықты.  Тазалық шарасы жастар арасындағы сайыс түрінде өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысында сенбілік сайыс түрінде өтті

«Көлдің жағасына жиналған жастар бірнеше топқа бөлінген соң біз әр қатысушының қолына бір-бір қапшықтан үлестірдік. Қай топ өздеріне берілген қапшықтарды бірінші болып толтырса, жеңімпаз деп танылатын болды. Мұның тағы бір ерекшелігі, қоқысты көп әрі тез  жинағандарға  сыйлық тағайындалды. Бір жағы жарыс, екінші жағынан  тазалық акциясы ретінде өткізілген сенбілікте  1-орынды Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп жанынан құрылған «Жаңа толқын» волонтерлік тобы  иеленіп, оларға түрлі-түсті принтер табыс етілді.  ІІ-орын алған  аудандық аурухана жанынан құрылған «Саулық» тобының жастарына қысқа толқынды пеш табысталса, ІІІ орынға Шалқар көпсалалы колледжінің «Қамқор» волонтерлік тобы лайық деп танылып,   музыкалық дыбыс зорайтқышты ұтты.  Сенбілікке белсенді қатысқан жастарға аудан әкімі Жанболат Жидехановтың  алғыс хаты табысталды», дейді  Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Ембергенов.

аКелесі аптада аудан орталықтары  мен елді мекендерде  тал отырғызу, саябақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасады. 

вАқтөбе облысы.