Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде еліміздегі ірі сауда желілеріндегі тауарлардың шамамен 60 пайызы – отандық өнім. Кейбір өңірде бұл көрсеткіш бұдан да жоғары. Мәселен, жүргізілген мониторинг нәтижесінде Ақтөбе облысында сүт өнімдерінің 83 пайызы, шұжық өнімдерінің 78 пайызы жергілікті өндірушілердің үлесіне тиесілі екені анықталған. Ал Батыс Қазақстан облысында тауық етінің 90 пайызы отандық өнім болып отыр.
Отандық өндірушілерді қолдау бағытында соңғы жылдары бірқатар шара қабылданды. Ішкі сауда қағидаларына енгізілген талапқа сәйкес, ірі сауда нысандары сауда алаңының кемінде 30 пайызын отандық азық-түлік өнімдеріне беруге тиіс. Бұл талап жергілікті өндірушілердің өнімдерін сауда желілеріне шығаруға мүмкіндік беріп, отандық тауарлардың тұтынушыға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Қазақстан жұмыртқа импортына шектеу қойды: Нарықта отандық өнім үлесі артты
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылы бөлшек сауда көлемі 26,4 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға өскен. Бұл ішкі нарықтағы тұтыну көлемінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Экономист Жадыра Сұңғатқызының пікірінше, соңғы 5-10 жылда отандық өнімнің нарықтағы үлесі біртіндеп ұлғайған.
– Бұрын дүкен сөрелерінде шетелдік сүт өнімдері мен шұжықтар басым болса, бүгінде көптеген сауда желісінде отандық брендтердің қатары артқан. Бұл − өндірістің кеңейгенінің белгісі. Алайда жоғары технологиялы тауарлар бойынша импорттың үлесі әлі де жоғары, − дейді маман.

Оның айтуынша, отандық өнімдердің көбеюіне бірнеше фактор әсер еткен.
– Бұл екі фактордың үйлесуі. Бір жағынан, жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау алды. Екінші жағынан, пандемиядан кейінгі логистикалық қиындықтар мен валюта бағамының өзгеруі импорттық өнімнің қымбаттауына ықпал етті. Соның нәтижесінде сауда орындары жергілікті өнімге көбірек көңіл бөле бастады, − дейді экономист.
Маманның сөзінше, Қазақстан экономикасы импортқа әлі де тәуелді.
– Күнделікті тұтынатын азық-түліктің едәуір бөлігін өзіміз өндіргенімізбен, автокөлік, электроника, өндірістік жабдықтар мен дәрі-дәрмектің басым бөлігі сырттан келеді. Сондықтан жоғары технологиялы өндірістерді дамыту маңызды, − дейді Жадыра Сұңғатқызы.
Экономист отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі баға, сапа және логистикаға байланысты екенін атап өтті.
– Егер өнімнің бағасы қолжетімді, сапасы жоғары әрі дүкен сөрелеріне уақтылы жеткізілсе, тұтынушы оны таңдайды. Қазір халық өнімнің құрамына, сапасына және қауіпсіздігіне бұрынғыдан көбірек мән береді, − дейді ол.
Сауда саласында еңбек етіп жүрген Нұргиза Шынарбектің айтуынша, соңғы жылдары отандық өнімге қызығушылық артқан.
Отандық өнімдер дүкен сөрелерінде қашан төрге озады?
− Әсіресе сүт өнімдері, шұжық және кондитерлік өнімдерге сұраныс жоғары. Көпшілік өнімнің бағасы мен сапасына қарайды. Бұрын шетелдік тауарларды жиі сұрайтындар болса, қазір өзіміздің өнімдерді арнайы іздеп келетіндер көбейді, − дейді сатушы.
Тұтынушылардың таңдауы әртүрлі. Астана қаласының тұрғыны Айнұр ең алдымен бағаға мән беретінін айтады.
– Қай өнім тиімді болса, соны аламын. Кей жағдайда отандық өнімдердің бағасы шетелдік тауарлардан да жоғары болып жатады. Мен үшін бағаның тиімділігі маңызды, − дейді ол.
Ал қала тұрғыны Марат жергілікті өнімдерді жиі тұтынатынын жеткізді.
– Сүт және ет өнімдерін көбіне отандық өндірушілерден аламын. Сапасына сенемін. Оның үстіне жергілікті жерде өндірілген өнім жаңа болады деп есептеймін, − дейді тұтынушы.
Сөредегі әрбір отандық өнім − кәсіпорынның еңбегі мен ел экономикасының нәтижесі. Соңғы жылдары отандық тауарлардың қатары көбейіп, тұтынушы таңдауы да өзгеріп келеді. Дегенмен нарықтағы бәсеке күшейген кезеңде төл өнімге тек сөреден орын тауып беру жеткіліксіз. Оның сапасы мен қолжетімділігі де қатар артуға тиіс. Сонда ғана отандық тауар ішкі нарықта орнығып қана қоймай, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті бола алады.
Жанасыл ЗАЙТИМХАН,
«Egemen Qazaqstan»